Әлихан Бөкейхан - Ұлт көсемі өмірбаяны

Жарияланған материалдың жеке номері: 85


Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы
№72 жалпы орта мектеп
Автор: Максутова Алтынай Бектасовна
пәні: Қазақстан тарихы
Бағыты: Ә.Бөкейханның 150 жылдығына орай өтетін сырттай шығармалар байқауы
"Қазақ халқының тарихындағы Әлихан Бөкейханның ролі
Тақырыбы: Әлихан Бөкейхан өмірбаяны


Қазақ халқының тарихындағы Әлихан Бөкейханның ролі
Әлихан Бөкейхан-Ұлт көсемі


2016 жылы «бүкіләлемдік дара тұлға» деп танылған Әлихан Бөкейхановтың (1866-1937жж.)150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өтеді. Халықаралық ұйымның 38-сессиясында осындай қаулы қабылданған. ЮНЕСКО Бас конференциясының 2015 жылы 2-18 қараша аралығында өткен 38-сессиясы «Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысу туралы» Атқарушы кеңестің ұсынысын бекіткен.

ЮНЕСКО аясында «Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп танылған Әлихан Бөкейханов кім?

1.Әлихан Бөкейхан қазақ зиялылары арасында ірі тұлға

Әлихан Бөкейхан – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамында белгілі болған зиялы тұлғалардың көш басшысы, жетекшісі. Мен мектепте 9-сынып оқушыларына «Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов» тақырыбы бойынша коучинк –сабақ жобасына дайындықты бастағанда Сұлтанхан Аққұлұлы, Тұрсын Жұртбай, Мәмбет Қойгелдиев, Айгүл Ісмақова, Бейбіт Қойшыбаев сынды алаштану саласына зерттеу жүргізіп, құнды мұраларды халыққа таныстыруға еңбек сіңіріп жүрген ғалымдардың шығармаларын оқыдым. Ұлт көсемі туралы мәліметтер өз замандастарының жазбаларында да кездеседі. Әлихан Бөкейханның тұлғалық қасиеттерін өзінің замандастары жазған естеліктер мен қазіргі әлихантанушы зерттеушілердің пікірлерінен таныдым. Алаш қозғалысының белсенді өкілі, заңгер Әлімхан Ермековтің «Ол кiсi Петроград университетiнiң орман-ағаш факультетiн тәмамдаған. Заң факультетiне Ленинмен бiрге экстернат болып емтихан тапсырған. Терең дария мұхиттай бiлiмдi ғалым болатын. Тоғыз тiлде еркiн сөйлеп, жаза бiлетiн. Бiздiң ақыл-ойымыз Тоқырауын өзенiндей болса, Әлихан Бөкейханов Балқаш көлiндей дария едi ғой!»- деген сөзінен өз заманының өте қабілетті, асқан білімді, сыйлы, беделді азаматы болғанын аңғарамыз.

Биыл 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Ә. Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бұл қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылы. Өмірдеректеріне көз салсақ жастайынан зерек өскен Ә.Бөкейхан заманына лайық білім алып, сан түрлі өнерді бойына жыйған дарын иесі. Осы сан қырлы ғылыми және публицистік қызметін қоғамдық-саяси күресімен қат-қабат атқаруға мәжбүр болды. ХІХ ғасырда Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алған төре әулеттерінің бірінен болғанына қарамастан бойындағы бар білімін, өнерін қазақ халқының, елдің жарқын өміріне арнады. Қазақ хандығының өткенін зерделей келе 1914 жылы жазған мақалаларының бірінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар: қалай да қазақтың бір қызметіне жарамай қоймаймын!» деп жазады. Іс-әрекеттерінен, шығармаларынан саналы ғұмырының соңғы демі қалғанша осы сертіне адал болғаны анық байқалады. Әлиханды түсіну үшін алаш қозғалысынының тарихын білу керек. Ұлт зиялылары бас болған азаматтық қарсыласу кезеңінің мақсат-мүддесін түсіну үшін қазақты сүйетұғын жүрек керек-ау.

Жазушы, әлихантанушы-ғылым Тұрсын Жұртбай: «Әлихан Бөкейхановтың үш түрлі мінезін ерекше атап өтуге болады. Біріншісі, әрі ең бастысы-ол кісінің турашылдығы. Пікірін айтуда ешкімнен жасқанып, тайсалмайтын батылдығы... Екіншісі, Бөкейханов болмысының салауатты, алдына келген жанның мысын басатын өзгеше жаратылыс иесі екендігі. Бұл жайлы Әлкей Марғұлан, Қалижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова естеліктерінде ашық жазған... Үшінші қасиетін айтар болсақ, сондай ұлы тұлға нәзік жанды, адамдарға бауырмал, жаны ашығыш, сезімтал болған. Осы үш мінез Әлихан Бөкейхановтың күрескерлік тұлғасынан бөлек, адами болмысын тереңірек танытады.» Інісі Сламхан төре Бөкейханның жазбаларында: «Әлекеңнің мінезі, еш қазақпен аразбын демейтін, қастық қылмайтын, жек көретін адамымен амандаспайтын, сөйлеспейтін. Қазақтың ешнәрсесін алмайтын. Өлгенде 2,5 кез жер керек дейтін» деген жолдар бар. Ал, Әлихан Бөкейханның өзінің сөзі: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Осы қасиеттерінің арқасында Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақ зиялыларының басын бір арнаға қосып, ұлттық сана мен ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы үшін аянбай тер төкті. ХХ ғасырдың басында айналасына интеллектуалды элитаны жинап, елдікке ұмтылған Ә .Бөкейхан тарихшы Мәмбет Қойгелдиев айтқандай «Егер Латын Америкасы үшін Симон Боливар қандай болса, Әлихан Бөкейхан қазақ үшін сондай тұлға. Егер Ататүрік қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай. Егер Махатма Ганди Үндістан үшін қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай тұлға».

2. Әлихан Бөкейхан –қоғам және мемлекет қайраткері

ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың бас кезіндегі казақ қоғамының тарихын зерттеген Оксфорд және Сорбонна университеттерінің профессорлары қазақ зиялыларының азшылық тобы бастаған алаш қозғалысына «мәдени-ренессанс дәуірі» деп баға берген. Алып Ресей империясының дағдарысы тереңдеген кезеңге сәйкес келген осы топтың азаттық үшін жүргізген азаматтық қарсыласу күресі қазақ халқының ұлттық санасын қалыптастыруда, асты мен үсті табиғи байлыққа толы кең байтақ атамекенді сақтап қалуда еңбегі ерен. Ресейдің демократиялық қозғалысының көрнекті өкілдерімен пікірлес болған, саны жағынан азшылық осы топ оптимизмге сүйене отырып, ұлт болашағы үшін қайрат-жігер таныта алатын әлеуметтік күшке айналды. Біліммен қаруланған зиялылар тобы өздерінің ағартушылық қызметі арқылы халықты соңына ертіп, ел өміріне өзгеріс енгізуді ойлады. Міржақып Дулатов осы топтың басында тұрған көшбасшыны «Заманымызға қазақ үшін өмірін, білімін жұмсап, ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына бірінші дерлік жан басшымыз –Әлихан Бөкейханов»- деп бағалаған.
Қазақ халқының ұлттық тарихындағы ірі тұлғалардың бірі - Әлихан Бөкейханда «Біз істемегенде кім істейді?» деген қағида болған. Өзіде, пікірлес серіктеріде қазақ қоғамының қай тұсы кенже қалып, ақсап жатса сол бағытта жұмыс атқарған. ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың бас кезінде орыс тілінде білім алып қалыптасқан қазақ зиялы қауымы ғалым Ш.Уалиханов, педогог Ы.Алтинсарин, ақын А.Құнанбаев бастаған ағартушылық миссиясын жалғастыруда көп еңбек етті. Қазақ тілінде кітаптар шығарды, газет- журналдар баспаханаларын ашты. Олардан шығып жатқан өнімдерді сын елегінен өткізіп,оқырманға бағыт-бағдар беріп отырды. ХХ ғасыр басындағы көрнекті қоғам қайраткері, жазушы-драматург, Қошмұхаммед (Қошке) Кемеңгерұлы өзінің «Қазақ тарихынан» атты тарихи очеркінде Ә.Бөкейхан туралы былай деп жазды: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды, бұл топты баулыған – Әлихан. Оның қазаққа істеген тарихи қызметі әдеби тіл тууына себеп болды. Өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды».

Әлихан Бөкейханның қоғамдық қызметі Омбыда оқыған 1886-1890 жылдары басталған. Қазақ халқының тарихын, мәдениетін, көшпелі мал шаруашылығын, кәсібін зерттеуді бастап, отарлық империяның езгісінде отырған елдің тұрмыс-тіршілігіне сыни пікірін газет беттеріне жаза бастайды. 1896-1903 жылдары Дала және Түркістан өлкелеріне бөлінген Қазақ елінің жерін, әлеуметтік-экономикалық ахуалын, халық шаруашылығын, төрт түлік малы мен санын, табиғаты мен ауа райын зерттеген Щербинаның 4 ғылыми экспедициясына қатыса жүріп қазақ даласының жағдайын барынша жан-жақты білді. Осы жылдары жазған туған елі мен халқының тарихы, экономикасы, мәдениеті, шаруашылығы, оның ішінде дәстүрлі мал шаруашылығы және жері туралы бірнеше іргелі ғылыми монографиялары, ондаған очерктері, мыңнан аса мақалалары мен еңбектері арқылы империяға өзіде танылған, Қазақстанды да танытты.

Әлихан Бөкейханның саяси қызметі 1905-1907 жылдардағы Ресейдегі бірінші буржуазиялық- демократия револоция кезінде басталған. «Әлихан Бөкейханов — XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы. Ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тұлғасы. Ол — қозғалыстың міндетін, мақсатын, стратегиялық, тактикалық күрес құралдарын анықтаған адам»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді. 1905 жылғы тамызда II Николай патша Ресейдегі революциялық күштердің қысымымен бапасөз еркіндігі, империяның заң шығарушы және өкілетті органы ретінде Мемлекеттік Дума құру туралы манифестке қол қойды.

Бірақ ол манифест бойынша Ресей империясының бірқатар халықтарының, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының да сайлауға және сайлануға құқығы жоқ болып шықты. Жергілікті билік органдарына сайлау науқанының алғашқы күнінен бастап-ақ қазақтарды «көшпелі және қаңғыбас бұратана халық» ретінде сайлауға үзілді-кесілді қатыстырмауға айрықша нұсқау берілді. Мұның өзі қазақтардың арасында бұрқ ете қалған наразылық пен ашу-ыза тудырды. Жергілікті халық өздерінің өкілдерін Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатыстыруды батыл талап етті. Осы манифесттен кейін қазақ халқының өз құқықтарын қорғау үшін жазылған «Қарқаралы петициясын» ұйымдастырушылар қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсын, Ж. Ақбаев, Т. Нүрекенов, М.Дулатов, т.б. белсене атсалысқан. 1902-1907 жылдары патша үкіметінің атына жазылған талап-арыздар ішінде «Қарқаралы петицасының» маңызы ерекше. Петицалық қозғалыстар қазақ халының саяси сана-сезімінің күшейгенін, ұйымшылдықтың артқанын, батылдығын көрсетеді. Патша үкіметі петицалық талап-тілектерді орындауға құлық таныта қойған жоқ, дегенмен қазақтар арасынан Ресейдің 1906 жылғы бірінші, 1907 жылғы екінші Мемлекеттік Думаларына депутаттар сайланды. Әлихан Бөкейхан бірінші Думаға Семей өлкесінен депутат болып сайланады. Зиялы қауым Дума мінбесінен қазақ өлкесіндегі жағдайларды мәлім етті.

Қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан саяси ұста-нымын ұлттың мүддесіне негіз¬деп отырды. 1913 жылы жазып, «Қазақ» газетіне жариялаған «Қазақтың тарихы» деп аталатын мақаласында «Алаш» атауына тереңірек тоқталып, «Алаш» атауының астарында «жетекші» деген мағына жатқанын айтады. «Жошы ханды халық «Алаша» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді» деп жазады. Профессор Айгүл Ісмақова «Алаш» сөзінің қалмақтыкі емес, қазақтыкі екенін алғаш дәлелдеп шыққан Әлихан Бөкейханов екенін айтады. Әлихан Бөкейханның саяси өмірбаянында 1916-жылдың дүрбелеңі және майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жастарына көрсеткен азаматтық қызметі ерекше орын алады. 1916 жылғы қарулы көтеріліске Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары «Қазақ» газеті арқылы үзілді-кесілді қарсы шыға отырып, ұлтты жаппай қырғыннан аман алып қалудың саяси бейбіт жолын ұсынды.

Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған бір топ қайраткерлердің ұсынысымен Ақпан революциясынан кейінгі дүрбелеңде қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. 1917 жылы 21-28 шілдеде Орынборда өткен Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» атты партия құрылып, бұл съезде 14 мәселе қаралды. 1917 жылдың 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қараған Екінші Жалпықазақ съезі болып өтті. Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе – кеңестік билікке қатынас жөнінде баяндаманы Ә.Бөкейханов жасады. Съезде қазақ болыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша «Ұлт Кеңесі» құрылып, оны «Алашорда» деп атауға шешім қабылданып, бұл үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Бөкейханов сайланған. Өздері кеңес үкіметінің саясатына қарсы бола тұра, Ленинмен кездесіп, 1919-1920 жылдары қазақ шекерасын қалыптастыруда көп еңбек сіңірген. Бұл мәселе айтуға оңай болғанмен шешімі қиын күрделі іс еді. .

3. Әлихан Бөкейхан - журналист, аудармашы, статист –ғалым

Көзі тірісінде-ақ қазақтың саяси да рухани көсемі ретінде танылған Әлихан Бөкейханның кейінгі ұрпаққа қалдырған бай да мол мұрасы – қазақ және орыс тілдерінде жазылған қазақ қоғамы туралы статистикалық мақала-очерктері, ғылыми-публицистикалық туындылары. Алаш қозғалысы мен қазақтың тұңғыш «Алаш» саяси партиясы көсемінің журналистік және ғылыми бай мұрасы бүгінгі Қазақстан Республикасының ұлттық интеллектуалдық меншігінің құн жетпес игілігі болып табылады.

1889 жылы «Дала уалаятының газеті» баспасында мақалаларын шығара бастаған. Мақалаларында қазақ қоғамының жағымсыз жақтары мен қара халықты қатыгездікпен қанап жүрген надан молда, болыс пен старшынды, тойымсыз байдың сойылын соғып жүрген екіжүзді ақындар мен оқыған қазақтарды аяусыз сынға алған Әлихан Бөкейхановтың мұрасын зерттеушілер әр жылдарда баспасөз бетіндегі еңбектеріне «Қыр баласы», «Сын степей», «V», «Киргиз-Степняк», «К.Степняк», «Туземец», «Арысұлы», «А.Б.», «Қ.Б.», «Ғ.Б.» деп қол қойылғанын айтады.

«Егер әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол – қазақ даласының асқан білгірі, қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны ауыстыра алмайды»-деп баға берген Қазақ АССР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы В.А. Радус-Зенкович. Алашорда автономиялы үкіметінің тұңғыш төрағасы сол кездегі Алаш зиялылары сияқты әр саланың білгірі. Ресми түрде атайтын болсақ - ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.

Алаш алыптары саясаттың сахнасында сақырлап қайнап жүргеніне қарамастан ұлт дамуының қай саласын да қамтуға тырысты. Сондықтанда, өздері арнайы маманы болмаса да, ғылымның әр саласы бойынша кітаптар жазып, халықтың ой-санасын жетілдіруге тырысты. 1905 жылғы баспасөз еркіндігі туралы манифест шыққаннан кейін қазақ даласында газет-журналдар көбейді. Солардың арасында жалпы қазаққа танымал болғаны 1913-1918 жылдары Орынборда шығып тұрған «Қазақ» газеті. 1920 жылғы «алашордашыларды» мемлекеттік саяси қызметтен шеттеткенде халықтың сауатын ашуға бағытталған оқулықтар жазу ісін қолға алды. Мәселен, Ж.Аймауытұлы «Психология», М.Жұмабайұлы «Педагогика», Ә.Бөкейханұлы «География», А. Байтұрсынұлы «Қазақ тілі», Қ.Сәтбаев «Алгебра», М.Дулатұлы «Есеп кітабы» т. б. оқу құралдарын дүниеге әкелді. Осы басылымдардың басында Әлихан Бөкейхан тұрды.

4. Әлихан Бөкейхан – азамат, ақылшы, ел қамқоршысы.

Әлихан Бөкейхан туралы жазбаларды оқыған сайын оның жаңа бір қырынан тани түсесің... Әлихан –ел мүддесін биікке көтерген азамат. Әлихан - ініге қамқор, замандасқа ақылшы. Әлихан - халық құқығын талап еткен ел қамқоршысы. Ел азаматтары да Әлихан Бөкейханды құрмет тұтқан.
Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан «Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін 1908 жылы Семей түрмесінде 8 ай қамауда жатады. Абақтыда отырғанда ауырды деп естіп, «Әлекеңдер қазаққа керек адам» деп тобықты руының дәулетті байы Оразбай баласы Медеу он құлынды биені Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз апарып, бір бағлан сойып, мәжіліс құрып, 8 айын 8 күндей өткізіпті.

Қорытынды: Ә.Н.Бөкейханов 1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Бірақ КГБ осы жаңалықты халықтан 34 жыл бойы жасырып келді. 1989 жылы қайта отырыс өтіп, ақталады. Шығармаларын зерттеу қолға алынды. Өйткені ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейінгі Қазақстан тарихын жазу ісінде Алаш қозғалысы мен Ә.Бөкейхан қызметін айтпай кету мүмкін емес. Ұлт көсемі деген атақты зерттеушілер емес өз замандастары берді.
Алашорда мемлекетінің 100 жылдығы 2017 жылы аталып өтілуі керек.

Дереккөздер:
1. Бейсен Сұлтан: «Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын». 2015 ж. қараша
2. Сұлтанхан Аққұлұлы: «Әлихан Бөкейханов» 2015 ж. қараша «Егемен Қазақстан» газеті
3. Бейбіт Қойшыбаев: Қазақ ұлттық мемлекетінің тұңғыш басшысы. 2016 ж. қаңтар
4. Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Алматы, «Жалын баспасы», 2004
5. Ұстаздар сайты Tarbie.org

Максутова Алтынай Бектасовна

Шымкент қаласы, №72 жалпы орта мектеп

Ұстаздарға арналған сертификаттар
18
Декабрь
0
5290

Пікірлер: 0

avatar