«Діншіл» жастар нені білуі керек?

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 426
  • Авторлық бағдарлама
  • 09/Июн/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22952


XXI ғасыр күллі әлем халықтарын діни экстремизм мен терроризмнің алға шығуымен басталды деуге болады. Тіпті, елімізде де жиі қылаң беріп жатқан террористік әрекеттердің салдарынан дінімізге үреймен қарайтындар да шығып жатыр. Ал бірақ мұндай дүмпудің шын мәніндегі мақсаты мен айласы қайда жатыр? Ғасыр басындағы қарулы қақтығыстар жиі орын алған Ауғанстан, Ирак, Израиль-Палестинадағы террактілік актілер мен қазіргі Египет аймақтарындағы ислам атын жамылған радикалды топтардың өз мойындарына алуы ориенталистік бағыт ұстанушылардың әрекеті екендігі баршаға мәлім бола тұрса да, «ислам терроризмдері» деген ұғым көптеген еуропа елдерінің санасына сіңіп бара жатқан сыңайлы. Сондықтан болар, бүгінгі ақпараттар әлемінде дүниежүзінде болып жатқан үлкен террорлық жарылыстарды не ұшақ апаттарын алдымен өздері атағандай «ислам терроризмінен» іздейтін болған.
Бір өкініштілігі - қазірде діни экстремизм мен терроризм ұғымы ислам дініне таңылған қауіпті қосымша негізсіз фактілер болып тұр. Ал бүгінгі біздің егеменді еліміздің жастары мұндай көріністерді қалай қабылдап отыр?

Біздің еліміздегі жастардың дін ұстану әрекетіндегі бір таң қаларлығы - ислам дінін тануды қолға алған жастарымыз – дінді қадірлеу үшін белгілі бір діни ағымда жүруді өздеріне міндет деп санайды. Тіпті, өздері жүрген ағымның дұрыс не бұрыстығына көз жеткізе алмаса да, әркімнің айтуымен жол тапқан олардың көбісі адасып жүргендіктерін сезіне де бермейді. Себебі, қарапайым, олар – ағым жетекшілерінің насихаттауымен, жарнамасымен ғана дінге келгендер.
Бұл секілді жағдайлар Қазақстандағы діндарлардың табиғатының қандайлығын айқындай түседі. Өйткені, кеңестік кезеңдегі діни мамандар дайындаудың тоқтатылуы, дінді жастарға «апиын» деп танытуы бүгінгі күнде - ұлты, ұстанымы басқа шет елдік ислам мамандары мен уағызшыларының елге ағылуының басты себептерінің бірі болды. Сөйтіп, діни сауатсыздық жайлаған еліміздің жастарын өздеріне оп-оңай бұрып алған уағызшылардың арасында радикалды бағыттағы, экстремистік типтегі - «Хизбут Тахрир», «Таблиғи жамағат», уахаббилер, салафиттер сияқты топтардың өкілдері өздерінің тобырын кеңейтуді көксейді.
Кейде діни экстремизмді - «басқа дін ұстанушылар мен дінді ұстанбайтындарға төзімсіздікті уағыздау, өзге діндерге нақты бір діни ілім шеңберінде қарау, бағалау. Басым жағдайларда діни экстремизм дінге қатысты болмай, саяси немесе өзге де мақсаттарға қол жеткізу үшін, нақты бір дін қағидаларын жамылғы ете отырып зиянды әрекет ету» деп көрсетіледі.
Алайда, еліміздегі көптеген жастар және орта жастағы дін ұстанушылар осындай дәлелдерге қарамастан, діннен дұрыс білім мен бағыт ала алмағандықтан тағдырдың талайына түсіп жүргендері де шындық және өкінерлік жағдайларға ұрынып отыр. Жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкелді. Бұл орта буын өкілдерінде де осы көріністер. Мұндай соқыр сенім діни фанатизмнің алғышарттары болып саналады. Фундаменталистік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремистік ұғымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза, мөлдір деп түсіндіріледі. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең таратуға, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды. Ал біздің еліміздегі жастардың дінді дұрыс ұстанбауы – тек діни сауатсыздықтан деп білер едік. Өйткені, кейбір діни кітаптарды оқып жүрген жастар, өздері оқыған сүрелер мен хадистердің мағынасына түсініп те, үңіліп те отырған жоқ. Өз бетінше діни кітап оқығандардың түсінігінде, кейде әдеби кітаптарды оқып жүрген сияқты сезінетіндерін байқау қиын емес. Өйткені, олардың «шариғаттың заңдарын орындап жүрміз» деген ниеттерінен шынайылықты емес, бейне бір образдарды байқағандай боласың. Мәселен, шариғаттың ережелерін бас пайдасына пайдалану, мұның бір айғағы - кейінгі уақта көбейіп бара жатқан «талақ» берушілердің әйел тағдырын талқыға салып, Алланың алдында қиған некеге жауапсыздықпен қарауы, немесе, Сириядағы оппозициялық қозғалыстардың мәнісіне бармай, тек үгіттеуге ерген «жихадқа аттанушылардың» тағдыры, сонау Х ғасырдың басынан бері исламды қабылдаған қазақты екіге бөліп, оның ішінде намаз оқитындарды ғана «мұсылман» деп мойындау, сосын ислам діні мен ата дәстүрін жікке бөлу соқыр сенімнің нақ өзі деуге келіп отыр. Мәселен, Сириядағы «жихадтың» тұтануына христиандардың саясатының қатысы бар болуы мүмкін деген жорамалдың кейінгі кезде ақпарат құралдарында желдей есіп тұрғанына да мән берер емес. Себебі, олар ақпараттар тыңдамайды, газеттер оқымайды.
Мәселен, Испания полициясы Мадридте еріктілерді Ирак пен Сириядағы жиһадшылар қатарына қосылуға үгіттеді деген күдікпен 8 адамды тұтқындағаны жөнінде фактілер бар. Сонда олардың ішінде Аргентиналық, Испаниялық азаматтар барлығы анықталған. Соңғы екі жылда Испанияда адамдарды қақтығыс ошақтарында соғысуға үгіттеп, жаттықтырды деген күдікпен ондаған кісінің қамалғанын айтады. Ал діні өзге ұлттар Сирияның қақтығысына неліктен үгіт жүргізуі мүмкін? Осы сияқты ақпараттарға мән бермеген біздің елдің жастарының «жихадшыларының» қауіпті аймаққа еш ойланбастан бет алуы ойлантарлық жағдайлар.
Дінге толық таныммен келмеу - діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып саналады. Бұл жерде Абайдың имандылықты - «якини» және «тақлиди» деп бөліп қарастырғандығын еске алайық. Мұның алғашқысы танымнан, ақылдылықтан туындайтын шынайы иман, ал екіншісі, «өзі ештемені білмей, еш нәрсе туралы ойламай, дін иелерінің сөзіне еріп, «ел қалай көшсе, мен де солай көштім» деген надандықтан шыққан соқыр сезім, үстірт наным» деп атап айтқаны бүгінгі біздің қоғамның жағдайына дөп келіп отыр. Сондықтан да діни сауатсыздықтың өріс алып, оның соңы діни радикалданудың күшеюіне әкелері хақ.
Үгіттеушілер өз ойын сайтта берілетін жихадқа шығу, шахид болу туралы хадистер мен аяттар арқылы нығайтып, өзгермес ұстанымға, өздерінің өмірлік мақсатына айналдырады. Тіпті, о дүниеге де шахид болып баруды армандайды. Осындай санадағы діншілдер өмірде шынында өз рөлдерін дұрыс атқарып жүр ме? Бірақ, біздің діншілдер шариғаттың өте күрделі де нәзік ережелерін өмірде қолданудың өте жауапты екендігін ұғына бермейді. Әйтсе де, бұған тек сыртқы көріністерімен ғана жауап бере алатын тәрізді. Мәселен, қара киіммен бүркемеленген қыз-келіншектер және сақал қойған ер азаматтар.
Бұл қазақ жерінде таралған дәстүрлі Ханафи мазхабына қайшы, мұнда ораза ұстамағанды ешқашан кәпір деп санаған емес. Сол секілді, қазақтың той дәстүрлері мен сыйластыққа құрылған салттарын «Құдайға серік қосу» деген пәтуа беретін сайттар діни ортадағы жікке бөлінушіліктерді туындатты. Бұл нағыз діни фундаментализм болып есептеледі.
Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағыздарында да шынайы исламды көру қиын. Өйткені олардың уағызын тыңдаушылардың көпшілігі өздерінің азан шақырып қойған есімдерін өзгертіп, мәселен, Зулейха, Сәбия, Абдулла, Асадулла, деген сияқты шұбырған есімдермен ауыстырып алған.
Тіпті дін жолындағы туыстық атауларды да қазақшадан алып тастап «ахи» мен «ухти» деп атап жүр. Бірақ, санасында дінге деген фанаттығы басым болғанымен, әлі де орысқа табыну психологиясындағылар мұның өзін «браттар» мен «сестралар» деп атайтынына құлағымыз да, санамыз да үйреніп келеді. Қазақша әпке, апа, аға, көке деген атаулар тек ауылдықтар үшін ғана берілгендей. Аталмыш топтардың да басты мақсаты – болашақта келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып өсуін дәріптейді және ол ұрпақтардың дәстүрден, ділден сусындамай өсуіне ықпал жасауды ойластырған. Бұл не сонда? Бұл ұлтымыздың жай ғана еліктеуі мен әлдебіреулердің пиғылында қазақ ұлтын жою мақсаты бар ма?
Сол себепті, мұндай мәселені тек ертерек шешуді қолға алсақ қана ұлттың келбетін сақтай аламыз. Бір ұлттың діни ұстанымдар негізінде бөлінуі салдарынан тұтас мемлекеттердің тұрақтылығы шайқалғандығы тарихтан белгілі. Аталмыш мәселенің алдын алу кезек күттірмейтін амал болып есептеледі. Тәрбие.орг сайтынан «Діншіл» жастар нені білуі керек? Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Шара Құрбанова

Пікірлер: 0

avatar