Қалдықсыз технология

  • Жүктеулер: 5
  • Көрсетілім: 370
  • Авторлық бағдарлама
  • 21/Июл/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23015


Қалдықсыз технология

Егер мамандардың мәліметтеріне сүйенсек, даламызда бірнеше тонна тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар жинақталады екен. Бұл дегеніміз қоршаған орта мен адам ағзасына өте қауіпті. Сол қоқыс жиналған жерден көптеген іс жаратуға болатын пайдалы заттарды да табуға болады екен. Әлемдегі дамыған және қарқынды дамуға бет алған мемлекеттердің барлығы қоқыстан да пайда табудың тың жолдарын іздестіруде және оны қайта өңдеуге бет бұруда. Қоршаған ортаны сақтау, пайдаланудан шыққан қалдық заттарға екінші өмір сыйлау мақсатында оқушыларға ай бетінде жүретін ай машинасын жасатуды ұйымдастырдым. Осы негізде икемі бар оқушымен бірлесіп, алдыңғы жұмыстарға жоспар құрдық.

Жоспардың реттілігі:

1. Тақырып бойынша мәліметтер іздеу;

2. Тақырыпқа сәйкес керексіз заттарды анықтау, жинақтау;

3. Табылған бөлшектердің өлшемдеріне сәйкес эскизін, технологиялық картаны дайындау;

4. Сарамандық жұмысты орындау;

5. Материал шығындарын есептеу;

6. Қорытынды немесе нәтижеге жету.

Таңдаған тақырыпқа байланысты ақпараттық баспа құралдары, ғаламтор желілері арқылы ай машинасының негізгі құрылысымен таныстық. Соған сәйкес қолданыстан шыққан жарамсыз қалдық заттарды, балалардың ойыншық машиналарын жинастырдық. Жинастырылған заттарға байланысты болашақ ай машинасының эскизін сызып, өлшемдерін және қосымша қажетті материалдарды анықтап, талқыладық.

  • құралдар: электр дәнекер, сызғыш, қылара, ұсақ жүзді егеулер, қарындаш, құм қағаз, темір кесетін қайшы, біз, бұрғы, шапқы, балға, бұрауыштар.

Сарамандық жұмыс кезіндегі қауіпсіздік ережесі:

1. Қайшымен жұмыс кезінде;

2. Қаңылтырмен жұмыс кезінде;

3. Электр дәнекермен жұмыс кезінде;

4. Бояумен жұмыс кезінде.

 

Сарамандық жұмыстың барысы

Ай машинасы корпусының үстінгі бөлігін өлшемі 220Х130 болатындай, қалыңдығы 4 мм фанерден дайындалды. Жақтауларына енінің жалпақтығы 35 мм шамасында ПВХ тақтайшасынан кесіп,жапсырылды. Басқа бөлшектерді орнату үшін корпусқа белгілер дайындалды. Төрт доңғалағын диаметрі 72 мм болатын консервленген (бұқтырылған) салаттан босаған металл қалбырды пайдаландық. Қалбыр ыдыстың ернеуін кесіп, ортасын бізбен тесіп, білікке дайындалды. Доңғалақ қышырын қатырма қағаздан қиылып, қара түске боялып, доңғалаққа желімделеді.

Ай машинасының кабинасы екі бөліктен тұрады. Астыңғы бөлігіне түпкі диаметрі 100 мм, ал аузының диаметрі 110 мм болатын ас салатын пластмасса ыдыстың ішіне жарық беретін лампаны орнатып, лампы сымдары корпус ішіндегі ток көздеріне жалғанады. Кабинаның үстіңгі бөлігі жартылай шар тәрізді металдан жасалған шыны шәйнектің қырсауын пайдаландық. Қырсаудың ауызғы бөлігінің диаметрі 120 мм ал, түбінде диаметрі 70 мм өткерме тесіктері бар. Түбіндегі дөңгелек тесікке пайдаланудан қалған рентген пленкасын қайшымен домалақтап кесіп, шәйнек түбіндегі тесіктің ішкі жағынан желімдеп жапсырылып, терезе жасалды. Терезе түсі қара, ернеулері көк түсті болады. Құрсаудағы тұтқаны алып тастап, оның орнына түрлі пішіндегі антенналар орнатылады. Кабинасын құрастыру барысында бұл терезеге астыңғы бөлігінде орнатылған лампа тура келуі керек. Кабинаның астыңғы бөлігі ыдыстың өз түсі қызылмен, үстіңгі бөлігі сұр түспен боялады. Дайын болған кабинаны корпустың үстіне алдыңғы жағына қарай бұрандалы шегелердің көмегімен орнатылды.

Ал, артқы бөлігіне корпустың ішкі жағынан үстіне қарай пайдаланудан қалған оттықтың жарық беру екі лампасы бекітіліп, негізгі ток көзіне жалғанды. Лампалардың үстін жауып тұратын қақпақты бейне камера штекерінің түссіз материалдан жасалған сыртқы қабын пайдаландық. Қақпақ төртбұрышынан корпусқа бұрандалы шегемен бекітілді. Лампалар тұратын жерлері қызыл, қалған бөліктері сұр түспен боялды.

Доңғалақ білігін диаметрі 3 мм болатын болат стерженнен жасап, білікке сынған ойыншық машинаның редукторы мен микроматорын орнатып, корпусқа бекітілді. Біліктері орнатылғаннан кейін доңғалақтары кигізіледі.

Басқару құрылғысының сыртқы корпусын фанер материалынан жасалды. Ішіне үш гальваникалық элемент орнатылу керек. «Алға» және «Артқа» жүргізу тетігімен контактілер арқылы ай машинасын қозғалысқа келтіруге болады. Микроматор мен басқару құрылғысы бір метрге жуық ток өткізгіш сым арқылы жалғанды.

Жалпы құрастыру жұмыстары біткен соң сынақ жаттығуларын жүргіздік. Қозғалысқа келтіріп, лампаларының жанып тұрғанын бақыладық. Сынақ жұмыстарынан соң қосымша әрлеу жұмыстары жүргізілді.Негізінен ғарышқа тән сұр түсті пайдаландық.

Жасалған бұйымның экономикалық есебі

р/с

Материалдар

Дана

Бағасы

Барлық суммасы

1

Фанер

37х28

 

220 тг

2

Аэрозоль бояуы

2

380 тг

760 тг

3

Бұрандалы шеге

8

8 тг

64 тг

4

ПВХ тақтайшасы

74х4

 

90 тг

5

«Мастер» желімі

0,2 л

280 тг

280 тг

6

1,5 в элемент

3

80

240 тг

 

Қорытынды баға

 

1654 тг

 

 

Қорытындылау.

Ай машинасын жасау барысында негізінен 90 пайыздан астамы қоқыс материалын пайдаландық және өңдеу жұмыстары аз болғандықтан уақытты үнемдедік. Қорыта келгенде бұрын қолданыста болған тұрмыстық және құрылыс қалдық заттарды қайта өңдеп, оларға екінші өмір сыйлау арқылы ысырапшылықтың алдын алуға, қоршаған ортаны ластанудан қорғауға септігін тигізу арқылы әр нәрсенің соңын ойлап, керексіз заттарды іске жаратуға болатынын білдік. Ысырапшылдық қазақ еліне жат қылық. Ежелден ата-бабаларымыз үнемшіл болып қолдағы темір, сүйек, ағаш, тері тәрізді заттардың да кесінділерін қажетіне ұқсатып, аяқ асты тастамаған. Сол бабалар ізімен қоршаған орта тазалығына көңіл бөліп табиғатымызды аялап, сақтайық.

7 сынып оқушысы Кокенов Ерлаттың жасаған бұл шығармашылық жұмысы аудандық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялар көрмесінде «Ғарыш» бөлімі бойынша І орын, «Be Clever» Халықаралық дамыту орталығы ұйымдастырған «Моя любимая игрушка» байқауында «Қолөнер» бөлімі бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы нәтиже арқылы оқушының өзіне деген сенімділігі артып, ой-қиялы қалыптасады, қалдық заттар арқылы шығармашылықпен жұмыс жасауға және жоғары нәтижеге жетуге ұмтылады.

Тәрбие.орг сайтынан Қалдықсыз технология Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Ергазы Калигожин

Күршім балалар шығармашылық үйі, «Жас техник» үйірме жетекшісі

Пікірлер: 0

avatar