Қуат Арабданұлының әдеби мұрасы

  • Жүктеулер: 3
  • Көрсетілім: 523
  • Авторлық бағдарлама
  • 02/Июн/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22936


қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Шарипов Қ.Ж.

Тарихтың сан ғасырлық сүрлеуінен өтіп, бүгінгі әлемдік деңгейде дербес мемлекеттік тұлғасымен танылып отырған қазақ елінің әдеби, мәдени құндылықтары – уақыт өткен сайын рухани әлемде із қалдырған айтулы мұралармен толыға түсетін халықтық қазына. Соның ішінде, халық ақындарының поэзиясы, әдеби мұрасы – түпкі тамырын фольклордан тартып, нәрін жазба әдебиетімізге құйған арналы сала.

Әдеби мұрасы бүгінгі тәуелсіз таным тұрғысынан сараланып, талдап, әдебиеттану ғылымында жүйелеуді қажетсініп тұрған халық поэзиясы өкілдерінің бірі – Сілетілік ақын Қуат Арабданұлының әдеби мұрасы болып отыр. Дегенмен Арқа бойында ақындық өнерімен танылған, поэзиясының өзіндік бағыт-бағдары бар, есімдері аталмай, шығармашылығы зерттелмей жүрген ақындар да баршылық.

Ақының шығармашылық өмірбаяны әлі ғылыми айналысқа түскен жоқ. Ол туралы зерттеушілер С.Негимов, І.Қарағозин баспасөз беттерінде және шығармалар жинағында біраз мәліметтер берді. Қуат ақын шығармашылығы жайында зерттеу обьектісі ретінде қаралу керектігі 1990 жылдардың өзіңде-ақ айтылған болатын. Ақын жайында алғаш танымдық мақала жазған КСРО журналистер одағының мүшесі, журналист Ілияс Қарағозинның «Арқа ажары» газетінде «Сілетілік ақын Қуат Арабданұлы туралы» деп аталатын мақала жариялайды. Мақалада ақынның шығармашылығы, аңыз әңгімелер және де шыққан тегі, туған жері жөнінде мәліметтер кездеседі. Қуат ақын ғылыми ортаға белгісіз болғандықтан оның өмір деректеріне, тегіне тоқталып өтсек, ақын 1802 жылы Ақмола уезіне қарасты Сілеті болысында дүниеге келген. Сілеті болысының бүгінгі орыны Солтүстік Қазақстан облысына қарасты (Қызылжар қаласы), Уәлиханов ауданы, Қулыкөл (Чапай) ауылы. Ақынының руы Орта жүз ішіндегі Арғын тайпасының Қанжығалы руынан болады.

Кейінгі жылдары ақын шығармашылығы С.Ғылмани, Ж.Әбілшеұлы, Ғ.Мұқатов, Ғ.Омаров, Қ.Мүтәліпұлы сынды т.б. елге белгілі адамдардың жинақ кітаптарында жарық көрді. Қуат Арабданұлының өмірі мен әдеби ортасы Ілияс Қарағозин мақаласында айтылады. Бұған бірден бір себеп болатын Қанжығалы Бөгенбай батырдың ұрпағы, арғынның ақсақалы атанған Саққұлақ шешеннің замандасы деп келтіреді.

Ақынның өмір тарихында Саққұлақ би бір жиында ақынды сынау үшін «Қуат, сенің ақындығынды мына жұрт бағаласын, екі адал, екі арамды бір ауыз сөзге сыйғызып айтып берші деген уақытта Қуат ақын тайсалмастан:

Ит бауда,

Теке тауда.

Құлан қырда,

Құндыз суда» – [1,9] деп табан астын жауап берген. Саққұлақ би ақындығына тәнті қалып, өзінің қамқорлығына алып, қандай да бір жиын бола қалса Қуат ақынды жаныан бір елі тастамайтын деген ел аузында аңыз-әңгімелер сақтаулы.

1878 жылы Ерейментауда керей Сағынайдың асында Ақан серінің Құлагері жөнінде:

Салғанда Құлагерлеп Ақан бай-бай,

Момындап біздің сақаң салды айғай.

Жиналып қарауылға қанжығалы,

Болғанда басқасының жері шалғай[1,14], - деп басталатын ұзақ жырынан бірер шумағы ғана бар деп І.Қарағозин осылай түйіндейді. Бұл тұрғыдан саралап келгенде ақынның алдағы мұраларын зерттеу барысында Құлагердің өлімі жөнінде біраз сырдың беті ашылар еді.

2014 жылы ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы деректерді, ел аузынан, көнекөз қариялардың, ақынның туған-туыс, ұрпақтарынан жинастырып, игі істің бастамашысы болған Қулыкөл ауылының тұрғыны Ерден Сағындықұлы есімді азаматтың бастамасымен ақын мұрасын жинастыруыма себепкер болды.

2015 жылы «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты Садуақас Ғылманидың шығармалары басылым беттерінен жарық көрді. Кітапта «Боранбайдан Қуат Тәңірбергенұлы ақынның сөздері» деп келеді. Қуат ақынның тегін жоғарыда айтып өттім, осыған қарағанда ақынның тегі жөнінде жаңылыс кеткен. Аталмыш еңбекте ақынның сөз саптауы, шешендігі, тапқырлығы жөнінде жәдігерліктер көптеп кездеседі.

Өз елінде Бердібек деген бір баймен бір тойда қатар отырады. Отырған бай Қуат ақыннан жиіркеніп, әрі отыр деп – жекіреді. Сонда ақын «сенің байлығың маған жұқсың, менің майлығым саған жұқсың» [2.47 б] - депті.

Тағы бірде Қуат ақын Атбасарлық нағашыларына жол жүріп, амандық білісіп барғанда, ақынның қолына су құйып әзірленген жиен қарындасы Қанжығалы ақын Қуат па, сол аттас басқа біреу ме? – деп «аға қолыңызға су тұрмай кетті ғой», - дейді. Сонда Қуат ақын бірден:

Аған жасы алпыстан асып қалды,

Тісі мұқап, тілдігің басып қалды.

Кәріліктен шаш-сақалға нысан кіріп,

Басыма ақ көбігін шашып қалды.

Қайтпаған қара тастан алмас денем,

Босаңдап, суы қайтып, жасып қалды.

Талғамай алабұртқан ұшар жүрек.

Аптығып о да қажып, басып қалды,

Торғындай үлбірген ақ денемді,

Бұл күнде кемпір сипап, басып қалды.

Қолға су құйғанменен қайда тұрсын,

Қан кеміп, денеден ет қашып қалды.

Қарағым, назар көзің маған салма,

Артымда жиырма бес қашық қалды.

Жақсыға жар табылу қиын емес,

Сынауың жолсыз, шырақ, кәрі шалды [2.56 б], - депті. Ақынның суырып салма таланты, ойға жүйрік, сөзге шешендігі, сүбелі, дуалы сөздерінен өткір тілді құдыретті сөз иесі екендігі көрініп тұр. Қай заманда, қай дәуірде болсын қазақ ақындары сөз құдыретін құрмейттей білгендіктен ақын Қуаттың бойында «ақындық» мәртебе бой алған, ой алған.

Бай, кедей деп бөлінген заманда ақын сөздері, өлеңдері тақырыптық жағынан қанатты, нақыл сөз болып келеді. Соған бірер дәлел өз заманында бай мен атқамінерді мақтап, жағынып, кедейді келемеждеп жүрген біреуге айтқаны:

Әрбіреу өлең айтып ақын болған,

Жағынып жақсылармен жақын болған.

Мадақтап бай мен сұмды атқамінер,

Кедейді келекелеп, күні солған.

Нашарды келемеждеп жағынса да,

Олжасы шамалы ғой мұнан алған.

Әркімнің қорлауында мазақ болып,

Қор қылып, аласың-ау мына жалған, - депті. Заманында Сүйінбай, Жамбыл, Шал ақын, Біржан сал т.б. қазақ ақындары, сал-серілер әр уақытта халық жадында, халықтың сөзің сөйлегендіктен халық ақындары деп әдебиетімізде орын алды, сөзі өткір тұлғалармен замандас – ақын Қуат Арабданұлыда дара қасиетімен белгілі болған ақындардың бірі.

Академик С.Қасқабасов: «жыршы – елдің тәуелсіздігін негізгі тақырыпқа айналдырады, ал ақын – адамның тіршілігі мен сезімін суреттейді» [3.116 б]. Ақындық поэзия ауызша және жазбаша дәстүрде желісі үзілмеген мәселе. Қуат ақын жырларыда, өлеңдеріде адам тіршілігін, адам құбылысын, адам бойындағы рухани имандылықты, имани қасиеттілікті, ар-ұжданды насихаттайды. Ақындық поэзия дәстүрі ежелгі түркі және ислам өркениеті қалыптасып, ХV-ХХ ғғ қазақ поэзиясында тұрақты сақталған игі үрдіс. Яғни қай ғасырда болмасын ақын, жыршы, жырауларда ислам мәдениетінен хабардар болып өлеңмен кестелеп, өрнектеп отырды. Ақын өлеңдеріде күні бүгінге дейін ауызша таратылып ел аузында сақталып жетті.

М.Әуезов: «Қазақ халқының ақындық-қабілет дарыны өмірде ақындардың ерекше типін туғызады. Бұл біздің заманымызға дейін жеткен бұрынғы ақындық қазыналарды сақтап қалған әрі жыршы, әрі импровизатор ақындар» [4.35 б] – дейді. Тума талант, өзіне тән сөз саптасы, айту нақышымен ерекшеленетін, заманында төкпе жырдың төрінен көрінген Қуат Арабаднұлы ақындық қазынаны, жыршылықты, ақындық типті, импровизаторлық үрдісті сақтаған ақындардың бірі.

Қорытындылай келгенде Қуат Арабданұлының мұраларын зерттеу барысында бірен-саран жинақталған ой-пікірлер жүйеленіп, әдеби мұрасына біраз да болса ғылыми тұжырым жасалды. Қуат Арабданұлы – қазақ әдебиетінің тарихында өнерпаздық қасиеттерімен, ақындық қуатымен, айтыскерлігімен, халқымыздың белгілі бір кезеңдегі рухани өміріне өз тарапынан игілікті ықпал жасай алған, соңында сыр сырлы сөздері мен ұтымды ойларын қалдырған халық ақыны.

Әдебиеттер тізімі

Ілияс Қарағозин шығармалар жинағы. Астана. «Елорда», 2010 – 408 б.

Садуақас Ғылмани. Заманымызда болған ғұламалар тарихы. Астана. «Дайк-Пресс», 2015 ж.

Қасқабасов С. Алтын жылға. Зерттеулер мен мақалалары. – Алматы: «Жібек жолы». – 2013 – 520 б.

Әуезов М. Уақыт және әдебиет. – Алматы: ҚМКӘБ, 1962 – 428 б.

Тәрбие.орг сайтынан Қуат Арабданұлының әдеби мұрасы Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Шарипов Қуанышбек Жеңісұлы

Павлодар облысы, Железин ауданы Новомир жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar