Республика рәміздері

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 328
  • Әдебиеттен ашық сабақтар
  • 21/Дек/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 20613


Күні: Сынып: Пәні:
Сабақтың тақырыбы Республика рәміздері. Т. Модағалиев
Сабақтың мақсаты:
Білімділігі: Оқушылардың тәуелсіздік туралы түсініктерін кеңейте түсу. Мемлекеттік рәміздерін құндылықтары мен оған деген құрмет Отан алдындағы тарих алдындағы, болашақ алдындағы ақтар борышы мен міндеті екенін ұғынуына жол сілтеу.
Дамытушылығы: Ақынның жан дүниесі мен туған еліне деген мақтаныш сезімдерін көркем сөзбен жеткізу тілін ұғынулары арқылы қазақ тіліне деген қызығушылықтарын, сөздік қорларын дамыту.
Тәрбиелігі: Отанды сүюге, тілді құрметтеуге тәрбиелеу. Елін – жерін қорғаушы, болашақ ұрпаққа жол салушы, сақтаушы екенін сезіндіру арқылы оқушылар бойында жауапкершілік сезімдерінің оянуына жағдай жасау.
Сабақтың түрі: Аралас сабақ.
Сабақтың әдіс- тәсілдері: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, түсіндіру, баяндау, сұрақ-жауап, талдау-жинақтау, ой қозғау, топтық жұмыс.
Көрнекілігі: Қазақстан Республикасының картасы, Мемлекеттік рәміздер суреті, «Менің Қазақстаным» атты слайд – шоу.
Техникалық құрал–жабдықтар: Интерактивті тақта, электронды оқулықтар және т.б.
Пәнаралық байланыс: Әдебиеттік оқу, математика, еңбекке баулу.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі: Психологиялық дайындық жүргізу.
1. Сәлемдесу.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындау.
3. Оқушыларды тексеру, сабаққа келмеу себебін анықтау. Жұмыстың жүргізілу түріне қарай топтастырып отырғызу.
4. Оқушылардың көңілін, назарын, сабаққа бейімдеу, ыңғайлау.
5. Ойға шақыру.
ІІ. Өткен материалды еске түсіру/ Жалпылау:
1. Үй тапсырмасын сұрау, тексеру.
2. Оқушылардың өткен сабақты қаншалықты меңгергенін, түсінгенін байқау, анықтау.
3. Оқушының сөйлеу қабілетін, сөйлеу тілін сөздік қорын байқау.
4. Неге көңіл аудару қажеттілігін анықтау, ескеру. Жан-жақты тексеру.
ІІІ Жаңа сабақ: Сабақтың тақырыбы: Республика рәміздері. Т. Молдағалиев

- Балалар, біз қайда өмір сүріп жатырмыз?
- Қазақстан қайда орналасқан?
- Еліміздің астанасы қай қала?
- Біз қандай мемлекетпіз?
- Біздің мемлекетіміздің егеменді, тәуелсіз екендігін айқындайтын не бар?
Жер бетіндегі барлық дерлік мемлекет атауларының бәрінде мемлекеттігінің белгілері, мемлекеттік рәміздері бар.
- Рәміз деп нені айтамыз?
- Рәміз не үшін қажет? (Оқушылардың жауабы)
Рәміз дегеніміз - белгілі бір нәрсені сипаттап көрсетуден туатын сыр – таңба, шартты белгі. Қазақстан Республикасы – тәуелсіз егеменді мемлекет. Қазақстан Республикасының тәуелсіз ел, мемлекет екенін білдіретін ең басты үш белгі бар. Олар: Елтаңбасы, Туы және Әнұраны.
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін ата?
2. Қазақстанның туының түсі қандай? Авторын ата? Онда қандай суреттер бейнеленген?
3. Елтаңбаның авторы кім? Елтаңбада қандай белгілерді көрдің? Олар саған таныс па?
4. Қазақстан Республикасының Әнұранының сөзін және әнін жазғандар кімдер? Өлеңнің мағынасын білесіңдер ме? Әнұран қандай кезде айтылады?
Әрбір егеменді елдің өзіне тән мемлекеттік рәміздері болады. Оған: Ту, Елтаңба, Әнұран жататынын білеміз. Сондай-ақ, елімізде тұрып жатқан кез-келген азамат Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті.
Ту Президент сарайымен Үкімет орналасқан үйден бастап, барлық мемлекеттік орындарда ілулі тұрады. Мәселен, өзіміз оқып жүрген мектептерде, шетелдердегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көк аспан аясында желбірейді. Сондай-ақ, Мемлекеттік Әнұранның да маңызы орасан. Олай деуімнің де, өзіндік себебі бар, мәселен, Республикалық, мемлекетаралық ірі бас қосулар мен халықаралық спорт жарыстары ашыларда міндетті түрде қатысушы елдердің Мемлекеттік Әнұрандары ойналады. Әнұранды жиылған жұрт орнынан тұрып, жүрегін қолына қойып, дауыстап айтады. Әнұран сөздері мен әні әрбір адамды, яғни айтушыны жігерлендіріп, оз Отанына деген мақтаныштыққа, махаббат сезіміне бөлейді. Мектеп қабырғасында оқылатын кітаптардың барлығы Мемлекеттік Әнұраннан басталаны айдан – анық. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін дайындауға, талқылауға мыңдаған адам қатысты. Өйткені, бұл мемлекеттік белгілерде Республикамыздағы ел –жұрттың алдымен тұрғын тарихының ұшқындары бейнеленуі керек еді. Оған қоса мемлекеттің, қазақ халқының мүддесіне сай келетін бейбітшілікке деген ұмтылысын өрнектеуі тиіс еді. Әлемдік өркениетке қол созған қазақ халқының ақ пейілі де аңғарылуы тиіс еді. Мемлекеттік белгілердің бәрінің үлгісін жасауға бәйге жарияланып, озық шыққандарға мемлекеттік сыйлықтар берілді. Елтаңбаға 245 жұмыс түскен. Бәйге комиссиясының шешімі бойынша Жандарбек Мәлібекұлы жасаған Елтаңба бірінші орын алды. Елтаңба авторлары: Жандарбек Мәлібекұлы және Уәлихан Шот-Аман Ыдырысұлы.
Елтаңба - бүкіл әлем мойындаған мемлекеттің ерекше маңызды нышаны. «Герб» сөзі- неміс сөзінен аударғанда,«мұра» немесе «енші» деген мағынаны білдіреді. Мемлекеттік Елтаңбаны Туға, мөрге, металл ақшаға, мемлекеттік ғимараттарға, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының азаматы екендігін айқындайтын төлқұжаттарда да салынады. Тұрақты орнатылатын жері: Республика Президенті жұмыс бөлмесінде, Парламент мәжілістері өтетін залда, мемлекеттік мекемелер басшысының бөлмелерінде орнатылады.

Елтаңба Отанымыздың тәуелсіз, егеменді, дербес ел екендігін айқындайды. Елтаңба - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шашылған, оны аңыздардағы пырақтар қанаты көмперіп тұр. Елтаңбаның жоғарғы жағында бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының негізгі түсі – алтын және көгілдір түсті. Рәміздік тұрғыдан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының негізі – шаңырақ. Ол –елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ – мемлекеттің түп –негізі, отбасының негізі, күн шеңбері. Айналған күн шеңберінің қозғалыстағы суреті іспетті, шаңырақ – киіз үйдің күмбезі, көшпелі түркілер үшін үйдің, ошақтың, отбасының бейнесі. Шаңырақ бейнесі - бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны. Қазақта «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген тілек сөз бар. Елтаңбаның екі жағында қанатты пырақ бейнеленген немесе алтын пырақты ай мүйізді арғымақ десек те болады. Қанатты пырақ – мәңгіліктің белгісі, ал қыран қанаты, мүйізді пырақ – бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін, рухани байлығын, өсіп –өркендеуінің өмір шеңдігін көрсетеді. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңістіктің өлшеміндей. Елтаңбаның маңдайшасында бес бұрышты жұлдыз салынған. Жұлдыз еліміздің жұлдызы маңдайы әрдайым ашық, жарқын, жарық болсын деген мағынаны білдіреді.
Қосымша мәлімет: Қазақстан Елтаңбасы 1992 жылы қабылданды. Авторы: Жандарбек Мәлібекұлы, Шот-Аман Уәлиханов.

Жандарбек Мәлібекұлы 1924 жылы 24 наурызда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында дүниеге келген. Шот-Аман Уәлиханов 1932 жылы 26 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Сырымбет ауылында дүниеге келген. Бұлар - атақты сәулетшілер. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – негізгі рәміздердің бірі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы: суретші Ниязбеков Шәкен Оңласынұлы.

Ол 1938 жылы 12 қарашада Тараз қаласында дүниеге келген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Мемлекеттік ту – көгілдір түсті көк тік бұрышты кездеме. Оның ортасында шұғылалы күн, күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекітілген тұста қазақ халқының ұлттық оюларымен кестеленген тік жолақ өрнектелген. Тудың көгілдір түсі- адалдық , кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны. Ежелгі түркі тілінде «көк» сөзі – «аспан» деген ұғымды білдіреді. Бұлтсыз аспан барлық халықтарда әрқашанда бейбітшіліктің, тыныштықтың нышаны. Күн бейнесі - байлық пен берекенің белгісі. Өрнек – қазақ халқының негізгі нақыштары, яғни қазақ халқының дәстүрлі сәндік өнері, мәдениеті. Қанатын жайып көгілдір аспанда қалықтап ұшқан қыран құс- әдетте билік, көрегендік пен кеңдік, күш-қайрат ұғымдары арқылы айқындалады. Мемлекеттік Ту- Республика Президенті сарайында, Парламеттің, Үкіметтің, Министрлердің ғимараттарында және мемлекеттік мекемелерде орнатылады.

Тудың алдында әскер адамдары Отанға адал қызмет етуге ант қабылдайды. Әнұран мәтінін жаттап алып,салтанатты жағдайларда қосылып айту әрбір адамның парызы.
Біз күн сайын Қазақстан телеарнасының бағдарламасы басталғанда, аяқталғанда мемлекеттік Әнұранды естиміз. Әуені көңілді толқытады,жаныңды шаттыққа бөлейді, елімізге деген қуаныш сезіді толтырады. Әнұран салтанатты жиналыстарда, мәжілістерде, шет елдің мемлекет басшыларын қарсы алғанда және шығарып салғанда орындалады. Әнұран орындалғанда орнымыздан тұрып, оң қолымызды көкірегімізге қойып тыңдаймыз. Бұл деген елімізге деген зор құрмет.

Әнұранның сөзің жазған Нұрсұлтан Назарбаев, әні: Шәмші Қалдаяқов.
IV. Топтық жұмыс: Сыныпты 5 топқа бөлу.
І топ: Алғырлыр. ІІ топ: Білгірлер. ІІІ топ: Жүйріктер. IV топ: Тапқырлар. V топ: Сұңқарлар.
Әнұран мәтінін жаттап алып, салтанатты жағдайларда қосылып айту - әрбір азаматтың парызы. Тапсырма:
1. Қазақстан Республикасы туралы жалпы мәліметтер.
2. Мемлекеттік рәміздерді неліктен құрметтейміз?
3. Ту, Елтаңба қай жерлерде орнатылады?
4. Әнұранды естігенде қандай күйде боласыңдар?
Сабақты қорытындылау: «Менің Отаным- Қазақстан» атты тақырыпта шағын эссе жаздырту.
- Балалар Қазақстан туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты.
Олай болса еліміздің болашағы сендерсіңдер!
V. Сабаққа қатысқан оқушыларды деңгейіне қарай бағалау.
VІ. Үйге тапсырма: Елтаңба , Тудың суретін салу. Тәрбие.орг сайтынан Республика рәміздері Әдебиеттен ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Бактыбаева Айзат Өмірзаққызы

№35 бастауыш мектебі бастауыш сынып мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar