«6 саны мен цифры»

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 677
  • Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар
  • 15/Мар/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 17944


«Ынтымақ» жалпы орта мектебі
мемлекеттік мекемесі
Бастауыш сынып мұғалімі: Қожахметова Әлия
Математика
Сабақтың тақырыбы: «6 саны мен цифры».
Сабақтың мақсаты:
1. 6 санының пайда болуы, 6 цифрын жазуды үйрету, алты бұрыш туралы түсінік беру.
2. Салыстыра білуге, таза, әдемі жазуға дағдыландыру. Оқушылардың есте сақтау, ойлау қабілеттерін арттыру.
3. Тазалыққа, ұқыптылыққа, білімсүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың әдісі: Түсіндіру, сұрақ – жауап, көрнекілік, ойын, т.б.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ
Көрнекілігі: Суреттер, кеспе сандар, қима қағаздар, үлестірмелі материалдар т.б.
Сабақ барысы.
I. Ұйымдастыру кезеңі.
- Сабаққа назарларын аудару;
- Тренинг өткізу «Жылулық сыйлау».
II.Үй тапсырмасын тексеру.
Берілген есептерді шығарып, сандар қатарын жазып келгендерін тексеру;
1-ден 5-ке дейін тура және кері санап, өткен сабақтарды еске түсіру.
III.Жаңа сабақ.
1. Кестені пайдаланып 6 санының шығару 5+1=6 болатынын түсіндіру, 6-5=1 теңдігін оқушыларға тапқызу. Сандар қатарында 5-тен кейін 6 саны болатынын, оның 6 цифрымен белгіленетінін көрсету. Ұзындығы 6 см болатын кесіндінің ұзындығын өлшеу нәтижесі де 6 санын беретінін, оның 5 см-ден артық екеніне көздерін жеткізу. Есікке салар іліп,
Мынау деген құлып.
Аузы ашылмаған қалпы
Айнылмаған «6»
2. Оқулықпен жұмыс.
№1 Көйлектерді, тігіншілерді санау арқылы теңдік құру
5+1=6 6-5=1
Кесіндінің ұзындығын өлшеу 6см 6см > 5см, 4см, 3см, 2см, 1см т.б.
№2 Алты бұрыштарды санау, түрлерін салыстыру арқылы теңдік құру, оларды оқу
+1=6 -1=5 +5=6 -5=1 кері амалдар құрастыру.
№3 6 цифрының кітапта және дәптерде жазылу үлгісін көрсету. Суретке қарап 5-пен 6-ны салыстырып, >,< таңбалары арқылы жазып, оқу керек.
3. Дәптермен жұмыс.
Әрбір оқушы өз бітімен орындау. Доптардың суретін пайдалану арқылы қосындылар мен айырманың мәндерін дұрыс табу, 6-ны басқа сандармен, 6 см-ді басқа ұзындықтармен салыстыру. 6 цифрын жазып жаттығу.
4. Сергіту жаттығулары.
№4. Өздік жұмыс. әйнекшелердің орнына теңдік немесе теңсіздік дұрыс болатындай етіп сандарды тауып қою. Үшбұрыштарды санау, салыстыру
IV.Қорытынды.
«Балапандарды құтқару» ойыны арқылы жұмбақ есептерді шешу
Тал басында тізіліп
6 жапырақ тұр еді.
Жел соқты да үзіліп,
Ұшып түсті үшеуі.
V.Бағалау.
VI..Үйге тапсырма беру.
6 санын жазып жаттығу, есептер шығару

Пәні: Сауат ашу
Сабақтың тақырыбы: «Г дыбысы мен әрпі»
Сабақтың мақсаты
1. Білімділік: Оқушыларға Г дыбысы мен әрпін таныту, сөздегі орны туралы түсінік беру. Ол берілген сөздерді оқу және жазуға үйрету.
2. Дамытушылық: Балалардың сөйлеу мәнерін, байланыстыра сөйлеу дағдыларын, сөздік қорларын, жұмбақ
шешу, сөз ойлау арқылы тіл байлықтарын дамыту.
3. Тәрбиелік: Балаларды ұйымшылдыққа, ұқыптылыққа баулу, таза, сауатты жазуға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ жауап.
Сабақтың көрнекілігі: суреттер кеспе әріп.
Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі.
1. Оқушылармен амандасу, түгендеу
2. Топқа бөліну
3. Психологиялық дайындық.
Сыныбымыз тап - таза
Борда дайын тақтада
Денемізді жинақтап
Отырайық партаға
ІІ. Өткен сабақты қайталау
Мұғалім: - балалар біз сауат ашудан нені үйрендік?
Оқушылар: - оқуды жазуды.
Мұғалім: - дыбыс дегеніміз не?
Оқушы: дыбысты естиміз, бірақ көрмейміз.
Мұғалім: - әріп дегеніміз не?
Оқушы: әріпті жазамыз, көреміз, оқимыз.
Мұғалім: - дыбыстар нешеге бөлінеді?
Оқушы: дыбыстар екіге бөлінеді, дауысты және дауыссыз дыбыс.
Мұғалім: - әріптерден не құралады?
Оқушы: - сөз.
Мұғалім: - сөзден не құралады?
Оқушы: - Сөйлем.
Мұғалім: - сөйлем қандай әріппен жазылады?
Оқушы: - бас әріппен.
Мұғалім: - сөйлемдерден не құралады.
Оқушы: - мәтін. Өте жақсы.
Мұғалім: - өткен сабағымызда қандай дыбыспен таныстық? Оқушы: Ү дыбысы. Мұғалім: Ү дыбысы қандай дыбыс? Оқушы: дауысты жіңішке. Үкі, Үйрек суреттерін іліп, дыбыстық талдау жасау.
Ә. Табылдиевтің «Кім кінәлі?» диалогын мәнерлеп оқыту, жатқа сұрау, рольге бөліп оқыту.
- Кім сызды мына партаны?- деп ұстаз бізден сұрады. Үсенбек айтты: - Мен емес. Үміт айтты: - Мен емес. Күміс айтты: - Мен емес. Бұған жалғыз кінәлі - Елемес үнсіз тұр әлі.
III Жаңа сабақ
Мұғалім: Аналарға сыйлайтын,
Аралар бал жинайтын.
Бұл немене балалар,
Үзуге адам қимайтын.
(Гүл)
Мұғалім: балалар гүл дегенде қандай дыбыс естіліп тұр. Оқушылар Гг дыбысы. Мұғалім олай болса, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы Гг дыбысы және әрпімен танысамыз.
Г - электронный түрінде айту. Мұғалім: Гг дыбысы, дауыссыз дыбыс, ұяң дыбыс, сөздердің басында ортасында кездеседі.
Гүлдің суреті. ГҮЛ - гүлді мерекеде, тойда, қуанышта, туған күнде, бір - бірімізге сыйлаймыз.
Оқулық пен жұмыс:
Е -гін – егіс алқабы, бидай егетін алқабы.
Е- геу - үйге қажетті қолданылатын құрал.
Е -гіз - бірге туған екі адам.
Се- гіз - сан: жетіден кейін келетін, (математикадан алдыңғы уақытта өтеміз).
Ке- ре- ге - киіз үйдің бөлігі «шаңырақ, уық кереге»
Бе- те- ге «шөптесін өсімдік қазақта «бетегеден биік, жусаннан аласа» деген мақал бар.
Ше -ге - күнделікті тұрмыста қолданылады, ағашты бір - біріне біріктіру үшін шеге қағады.
Не -ге - сұрақ.
Шең- гел - тікенді өсімдік.
Мез -гіл - уақыт, жылдың төрт мезгілі бар.
Мұғалім: Н. Баймұхамедовтің «Ақ көгершін» өлеңін мәнерлеп оқу.
Ақ көгершін, көгершін,
Қолғанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт ел үшін,
Кең дүниенің көлемін.
Әділеттің құсы деп,
Көз алмастан жолыңнан,
Бақыт құсы болсын деп,
Ұшырамын қолымнан.
Оқушыларды - тізбектеп оқыту.
IV. Сергіту сәті.
Шаршағанда ырғалып
Гүлге ұқсап дем алам
Қолымызды қозғалтып
Гүлдей болып жайқалам.
Дәптермен жұмыс.
Ауада жазу, тақтада көрсету.
Бас әріп, кіші әрпін жазу.
V. Шығармашылық тапсырма.
Ақ көгершін сөзінен сөздер құрау
VI. Жаңа сабақты бекіту.
Дидактикалық ойын « Кім шапшаң» ойыны.
Шарты: Гг дыбысы бар сөздерді ойлап тауып буынға бөлу.
VII. Жаңа сабақты қорытындылау.
Мұғалім: қандай дыбыспен таныстық, Гг дыбысы қандай сөздерде кездеседі екен?
«Ақ көгершін» өлеңін жатқа айту. Сабаққа жақсы қатысқан балаларды мадақтау. Тәрбие.орг сайтынан «6 саны мен цифры» Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қожахметова Әлия

Пікірлер: 0

avatar