Күз аруы - 2015

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 957
  • Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар
  • 19/Апр/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 18731


Қарағанды облысы
Шахтинск қаласы
Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-лицей
Бастауыш сыныптар мұғалімі
Каржасова Айман Сериккызы

Тақырыбы: Күз аруы - 2015
Мақсаты:
1.Жас ұрпақты қоршаған ортадағы түрлі құбылыстарды және күз мезгілінің кереметтілігін нақты айқындап ашуға, табиғатты сүюге, әдемілікке үйрету;
2.Оқушылардың әртістік қабілеттерін,өзгешеліктерін дамыту, инабатты, иманды, іскер, мәдениетті, жеке тұлғаны қалыптастыру.
3.Ұқыптылыққа, шапшаң ой жүйріктілігіне, талғампаздыққа, әдемі, таза болуға тәрбиелеу;
Көрнекілік:сахнада күз көріністері, күздік дастархан мәзірі,нақыл сөздер, шарлар.
Кеш барысы:
1-жүргізуші: Армысыздар, ардақты ата-ана, ұлағатты ұстаздар!
2-жүргізуші: Бармысыздар, балдырған балалар!
Бірге: Берекелі, мерекелі Алтын күз құтты болсын!
1-жүргізуші: Жиын-терін болатын
Қамбаға астық құятын
Қызыл қырман ойнайтын
Қай мезгіл деп ойлайсың?
Балалар: Күз
2-жүргізуші: Дұрыс таптындар, жарайсындар!
Береке бақ дарыған,
Жомарт көңіл жарқын жүз.
Сары алтынға малынған,
Келді міне Алтын күз!
1-жүргізуші: Шоғы толған гүлдей жайнап
Шақырады жарқын жүз
Сайрандаған күліп-ойнап,
Келді міне Алтын күз!
2-жүргізуші: Сары алтындай сары күз
Бірге шырқар әніміз
Жаздай күткен бәріміз
Келді міне алтын күз!
1-жүргізуші: Қамбаға астық толатын,
Күз дегенің – береке.
Қыркүйектің бірінен
Басталады мереке.
1-жүргізуші:
Мерекені жалғамақ,
Күз әнімен, сәнімен.
«Күз аруы» байқауы
Өтсінші өз мәнімен.
2-жүргізуші: Өнерпаздар жарысып сан-салалы,
Жиын десе, той десе жан салады.
Кешіміздің ашылу құрметіне,
Әуелеген әсем ән жолданады.
Ән: Көңілді күн
Орындайтын: 7А сыныбының оқушысы – Жапарова Алуа
Қабыл алыңыздар!
1-жүргізуші: Сары пүліш көйлегі,
Алтын күзді шынында,
Ару дерсің бейнелі.
Келістіріп бар сәнін,
Берген өзі табиғат.
«Күз аруын» қол соғып,
Қарсы алайық, жамағат!
2-жүргізуші: Әр таңды бақытпенен атырамыз,
Өнерді ой көгінде бақылаңыз,
Сайысқа қатысуға келіп тұрған
Аруларды ортамызға шақырамыз
(Арулар ортаға шығады)
1. 4В сыныбы - Зейнулғабидинова Әмина
2. 3Б сыныбы - Бағдат Бану
3. 4Б сыныбы - Фазыл Жазира
4. 4Г сыныбы – Сансызбаева Аружан
5. 3А сыныбы – Қадырова Аружан
6. 3Г сыныбы - Рысбай Балауса
7. 3В сыныбы – Бейсенбаева Нұрайлым
8. 3Д сыныбы - Мұратбекқызы Фатима
9. 3Г сыныбы – Әбдікәрім Радия
10. 4А сыныбы – Құрман Алтынай


1-жүргізуші:
Ендеше осы сайысымызды саралап, даралап, әділ баға беретін әділ қазылармен таныстырып өтсек. Әділ қазылар алқасы:
1_________________________________________________________________
2_________________________________________________________________
3_________________________________________________________________
2-жүргізуші: Сайысымыздың кезеңдерімен таныстырып өтсек:
1. Таныстыру
2. Өлең - сөздің патшасы (мәнерлеп өлең оқу)
3. Білімдіге дүние жарық (сұрақ –жауап)
4. Күз тартуы (дәм)
5. Өнерлі өрге жүзер (өнер сайысы)
6. Күз келбеті (сән)
1-кезең «Таныстыру»
1-жүргізуші: Өнер қуып жастарымыз өтер дейміз,
Бір басына өнері жетер дейміз.
Күз бейнелі арулар кезегімен
Таныстырып өздерін өтер дейміз, - дей келе, арулардың өздерін таныстыруына кезек берейік. Таныстыру формасы еркін.
2-кезең «Өлең – сөздің патшасы»
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Сайысымыздың келесі кезеңінде аруларымыз мәнерлеп өлең оқудан сынға түспек.
3-кезең «Білімдіге дүние жарық»
2-жүргізуші: «Білгенге-маржан»
Білім аққан селдей-ді,
Бірақ оңай келмейді.
Ала білсең білім көп,
Ақыл-ойға кел дейді.
Білім ой мен арымыз,
Рухани ол нәріміз.
Сайыскерлер сіздерге,
Қол соғамыз бәріміз!
Бұл бөлімде сайыскерлер сұрақтарға жауап береді.
Себеттен қалаған жемісін алу арқылы сұрақ таңдалады.
Сұрақтар:
1 - сұрақ: Күз мезгілінде табиғат қандай өзгерістерге ұшырайды? - Күн суытады, жаңбыр жауады, жапырақтар сарғайып жерге түседі, құстар жылы жаққа ұшады. Адамдар, балалар жылы киінеді.
2 - сұрақ: Күз мезгілі нешеге бөлінеді? - Ерте күз, алтын күз, қара күз.
3 - сұрақ: Күз айларын атаңыз. - Қыркүйек, қазан, қараша.
4 - сұрақ: Күзде қандай мерекелер тойланады? – 1 қыркүйек – Білім күні, ұстаздар мерекесі, тілдер мерекесі, алтын күз мерекесі
5 - сұрақ: Сабан той дегеніміз не? Ол қай мезгілде тойланады? ұлттық салт — дәстүр ішінде жомарттық пен қайырымдылықтың ынтымақтық, еңбексүйгіш елдің тағы бір қырын көрсететін еңбек мерекесі, әрі той.Мұны егінші ел жасайды. Егін бітік шығып, қырманын қызылдап, оны төкпей — шашпай, суыққа ұрындармай мезгілінде жинап алған ел күзде «Сабан той» өткізеді.
6 - сұрақ: Дәнді дақылдарды атаңыз – бидай, күріш, арпа, сұлы, жүгері, қарақұмық
7 - сұрақ: Шырынды жемістерді атаңыз - жүзім, мандарин, апельсин, өрік, шие, шабдалы т.б.
8-сұрақ: Күзді неліктен молшылық, байлық дейді? – қамбалар дәнге толып, жемістер мен көкөністер піседі
9-сұрақ: «Күздің бір күні қыстың бір айын асырайды»дегенді қалай түсінесің
10-сұрақ: Нанды құрметтеу ережелерін атаңыз – Нанды бір қолыңмен үзбе, нан қоқымын шашпа, наннан аттама
11-сұрақ: Қазан айын тағы қалай атайды? - Бұл айды бозқырау деп те айтады. Ол осы айдағы ауа райына қатысты.
12-сұрақ: Сүмбіленің туғаны ненің белгісі ? – Қоңыр күздің белгісі
1-жүргізуші: Ертеректе егін жинайтын қыркүйек айында Күн айналасына жиналған топ жұлдыздарды жұлдыз картасына түсіріп, оны бау бидайды құшқан бойжеткен (Бикеш) бейнесімен таңбалаған. Осы лек жұлдыздар парсы тілінде Сүмбіл деп аталған, ал орыс тілінде Дева деп қолданылған.

4-кезең «Күз тартуы» (күзгі дәм)
1-жүргізуші: Сары ала тон жамылған
Күз атамыз секілді
Қойны толы дәмді нан
Тәттісі көп не түрлі.
Кезек «Күз тартуы» кезеңіне де келіп жетті. Ендеше аруларымыз әзірлеген ас мәзіріне кезек берейік.
Көрерменмен ойын «Жұмбақ шешу»
1. Іші жұмсақ, сырты қатты
Еті қызыл, сүті тәтті /Қарбыз/
2. Дөп-дөнгелек доптай
Іші қызыл шоқтай
Дәмін татып корсем
Одан дәмді жоқтай. (алма)
3. Тәңертең де,түсте де
Күнге бетін бұрады
Тостағанын кішкене
Тосадыда тұрады, (күнбағыс)
4. Көктемде көктеп масағы ,
Шілдеде жайнап шашағы
Тамызда толық толықсып
Қауызын күзде ашады (бидай)
5. Тамырдан нәр тарады
Жазда жайқалады,
Күзде сап-сары боп
Жерден жай табады (жапырақ)
6. Беті де қызыл
Еті де қызыл
Дәмдері жақсы
Дәндері тапшы (қызанақ)
7. Жерге қазық қақтым
Басына айдар тақтым (сәбіз)
8. Асы көп,
Халық оны айтады,
Дәм басы деп (нан)
9. Басым дене-денем бас
Мойным қысқа бұрылмас (орамжапырақ)
10. Болған соң түсі қызыл, әрі шұбар,
Адамзат жеп көруге оны құмар.
Тегінде өне бойы болып тұрмас,
Біраз ғана боп тұрар уақытысы бар (бүлдірген)
11. Бақтарда балбырап, тұрады албырап.
Уылжыған уыздай, алма емес ол бірақ. (шабдалы)
12. Ортасында қазығы, бұтасында азығы (алма)
13. Күн нұрымен піседі, уылжып қолға түседі. (жеміс)

5-кезең «Өнерлі өрге жүзер»
1-жүргізуші: Асыл тастан, өнер жастан,
Шығады деп дарынды.
Халық айтса, қалт айтпас,
Әрқашанда нанымды
Сол шындықты күнделікті,
Көріп жүрміз өмірден.
Өнерімен танысайық,
Тілекші боп көңілден. Өнер сайысына кезек берсек.
Көрерменмен ойын «Мақалдың жалғасын тап»

1. Ексең егін, ішерсің тегін
2. Берген алар, еккен орар.
3. Диқан адам дән шашар,
ел-жұртына нан шашар.
4. Диқан бабаның кетпенінен
Шопан атаның таяғынан.
5. Диқан еккенін жейді,
Жылқы тепкенін жейді.
6. Егіннің жайын еккен білер,
Арбаның жайын жеккен білер.

6-кезең «Күз келбет» (сән үлгісі)
Ал, халайық, ықыласпен демелік,
Арулардың сән үлгісін көрелік.
Сырыменен сымбатына қарап біз,
Әділдікпен бағаларын берелік.
«Күз келбеті» сайысының шарты киім үлгісі күз мезгіліне сай тігілген болуы және қолдан жасалуы қажет.

1-жүргізуші: Сайыстың барлық кезеңдерін аяқтадық. Әділқазылар өз шешімін шығарғанша,
Шалқытып әуелете ән салайық,
Өнерпаз, өрендерге тамсанайық,
Ән-шашуын біздерге алып келген,
Еркемайды қошеметтеп қарсы алайық!
Ән: Дружба – это не работа
Орындайтын: 5А сыныбы Наукенова Еркемай

2-жүргізуші: Сөз кезегі әділ қазылар алқасына беріледі.
1-жүргізуші: Білім-теңіз, мектепті кеме дейміз,
Білім мен тәрбие егіз неге дейміз,
Әдебі мен тәлімі үндесетін,
Жастарды болашаққа жетелейміз.
Жеңістер мен жеңілістен тұратын,
Өмір күрес,жеткізе ме мұратын.
Жеңбедім деп, жеңілдім деп ренжімегін,
Қатысу да бір жеңіс, жан болсаң сен ұғатын.
Қош демейміз, әлі талай сайыстар бар,
Өнерлерің өрлей берсін, қайыспаңдар,
Ойлы орта кеңейсін күннен-күнге,
Өскен елдің жұртынан қалыспаңдар,- дей отырып, бүгінгі "Күз аруы - 2015" байқауын тәмәмдаймыз. Жеңісті күндерде кездескенше, достар!



Қорытынды: Қорыта келгенде, 3, 4-сынып қыз балалары арасында ұйымдастырылған «Күз аруы – 2015» байқауы өз деңгейінде өтті. Нәтижесінде:
Бас жүлде – Рысбай Балауса 3Г сыныбы
І орын – Бағдат Бану 3Б сыныбы
ІІ орын – Бейсенбаева Нұрайлы 3В сыныбы
ІІІ орын – Мұратбекқызы Фатима 3Д сыныбы
Құрмаш Алтынай 4 А сыныбы иеленсе. Қалған оқушылар көрсеткен өнерлеріне қарай сараланып түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Сайысқа қатысқан оқушылар түрлі сындардан өте отырып, көпшілік алдында өздерін ұстау, жүріп-тұру, яғни сахна мәдениетін үйренді.
Сайысты тамашалауға келген ата-аналар әділ қазылар алқасының әділдігіне, арулардың өнерлеріне разы болып, алғыстарын айтып тарқасты.
Келешекте осындай сайыстарды көптеп өткізу арқылы өскелең ұрпақты ізденімпаздыққа, ізеттілік пен алғырлыққа баулуға болатындығына көз жетті. Тәрбие.орг сайтынан Күз аруы - 2015 Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Каржасова Айман Сериккызы

Пікірлер: 0

avatar