Мен-Қазақпын

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 230
  • Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар
  • 27/Дек/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23620


4- сыныпқа арналған ашық тәрбие сағатының жоспары
Тақырыбы: Мен- Қазақпын.
Мақсаты: Оқушыларға қазақ ұлтының рухы мықты ұлт екендігін түсіндіру және осы қазақы рухты болашаққа жеткізер қазақтың білімпаз, өнерпаз, ұлтына адал ұрпағы – өздері екендігін айқындау, патриоттық тәрбие беру.
Көрнекілігі: Тақырып, Т. Молдағалиевтің «Мен- қазақпын» өлеңінің үзіндісі
Ресурстар: Компьютер, проектор,слайд, видеокөрсетілім, А-3, А-4 парақтары, маркер, кеспе қағаздар,стикер
Сабақ барысы.
I. Психологиялық дайындық. \10 мин\
«Жүректен-жүрекке», жүрек түстеріне қарай топтасады және бір-біріне жылы лебіздерін жолдайды.

II. Видеокөрсетілім. Рахымовтың «Мен қазақ» әнін тыңдау
III. Сабақ тақырыбы мен мақсатын ашу
Сұрақ: Бұл ән не туралы?

IV. Ой шақыру. Асоциация құру
Сұрақ: «Мен қазақпын» деп өздеріңді бойыңдағы қандай қасиеттер арқылы айта аласыңдар?\ яғни, нағыз қазақ азаматына тән қандай қасиеттерді атар едіңдер?\
\ тақтаға қазақы киім үлгісіндегі баланың суретін қойып, балалар кеспе қағаздардан қазаққа тән қасиеттерді таңдап, жапсырады\

Қасиеттер: ана тілінде таза сөйлейді, еліне адал қызмет етеді, туған жерін сүйеді, салт-дәстүрін біледі, ар-намысты биік қояды, ұлтжанды, Отан қорғауға әзір, рухы мықты
V. «Қосжазба күнделік».- Ұлттық рухы биік, ел намысын. Ұлттық сананы жоғары қойып, халқына қалтқысыз қызмет еткен қандай қазақ зиялыларын білеміз?\ есімдерін атайды\
1- Топ «Үш би»
2- Топ «Үш алып»
3- Топ « Бес арыс»
Неге?
Үш би Өз заманында халық арасындағы даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешіп, ел іргесінің тыныш болуына ықпал етіп, халықты бірлікте болуға шақырған
Үш алып Абай , Ыбырай, Шоқан өздерінің білгірліктері мен көрегендігі, дарындылығы арқасында қазақ жастарына даналық пен даралықтың үлгісі бола білді.
Бес арыс Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С. Торайғыровтар қазақ елінің тәуелсіздігін аңсаған, қазақтың өзге елдің езгісінде жүруіне қарсы шығып, ұлт мүддесін қорғаған Алаш азаматтары.

\Әр топ өздері мысалға алған тұлғаларды неге нағыз қазақ деп айта алатындықтарына төмендегідей дәлеледер келтіреді, яғни олардың жырлары мен нақыл сөздерін, өлеңдерінен үзінділер оқиды\
1-топтан оқушы. Қазыбек бидің толғауын оқиды:
Қазыбек би:
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізде құт береке қашпасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басынан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз
Дәм тұзді ақтай білген елміз.
Төле би:
Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек,
Бірлікті ойлаған соң тірлік керек.
Ағайынға ала көз бола қалсаң,
Аузыңнан несібеңді біреу жемек,
Әйтеке би:
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария
Алдын тоссаң тоқырар.
Аяулы , ұрпақтарымыз!
Елді, жерді қорғаңдар!
Досқа мейірімді болыңдар!
2- топ. Абайдың «Адам болам десеңіз» өлеңін оқиды.
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
- Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой
- Бес асыл іс, көнсеңіз.


3-топ оқушысы: С. Торайғыровтың «Мен қазақ» өлеңін оқиды.
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!

Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
Ер жеттім кеңшілікті сүтін ішіп.
... Алтай, Ертіс Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып.
Мұғалім: Дұрыс айтасындар балалар, бұларды нағыз қазақ деп айта аламыз. Өздерің айтқандай бұл адамдар өз ұлты үшін аянбай еңбек еткен, бізге және бізден кейінгі ұрпаққа да нағыз қазақтың шынайы үлгісі болар азаматтар деп ойлаймын.

Сұрақ : –Қазіргі кезде де қазағым деп ұлты үшін аянбай еңбек етіп, ұлттық рухты жалау еткен кімдерді білесіңдер?
- Тоқтар Әубәкіровты неге нағыз қазақ дер едіңдер?
- - Себебі, ол қазақтан шыққан ең алғашқы ғарышкер.Қазақ азаматтары да ғарышты игере алатынын әлемге әйгіледі.

- М. Шахановты неге атадыңыздар?
- 1986 –жылғы желтоқсан көтерілісі кезіндегі қазақ жастарына «нашақор, ұлтшыл»деп таңылған жаланың шындыққа жанаспайтындығын , қазақ жастарының алаңға өз намысын қорғап, ел келешегі үшін шыққандығын дәлелдеп, сол кезде жазықсыз жапа шеккен қазақ жастарының ақталып шығуына қолұшын берген азамат. Қазақты "мен-қазақпын" дер азамат қана түсінетіні осының дәлелі емес пе?!
- М.Шахановтың «Төрт ана» өлеңін оқиды.
- Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРІ - түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТІЛI - мәңгі өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЬІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ -тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және ТУҒАН ТАРИХЫ.
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана-тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес - күрестердің ұлысы.
----------------------------------------------
- Н.Назарбаев ше?
- Ол еліміздің Ең алғашқы президенті. Ел тізгінін нық ұстап отырған нағыз қазақ азаматы.
Қазақ халқының болашағы жарқын, өзге елдермен терезесі тең болуы үшін аянбай еңбек етіп келеді.
Ол өзінің Болашаққа бағдар Рухани жаңғыру атты жолдауында былай дейді: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек»- дейді.
VI. Ой қорыту. Коллаж жасау. Берілген суреттер арқылы оқушылар «Кешегі қазақ, бүгінгі қазақ, ертеңгі қазақ» моделін жасап, топ алдында қорғайды. Топаралық бағалау.
VII. Кері байланыс: «Өрмекші торы» әдісі арқылы «Мен қазақ! Қазақпын деп мақтанамын! Неге?» деген сұрақ төңірегінде сабақтан түйген ойларымен бөліседі.
IX. Ән «Мен қазақтың баласымын» Манарбекқызы Нұрай. Тәрбие.орг сайтынан Мен-Қазақпын Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Тогызбаева Айжангул Хамзановна

ШҚО, Тарбағатай ауданы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп Бастауыш сынып мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar