Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!

  • Жүктеулер: 1
  • Көрсетілім: 488
  • Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар
  • 25/Июн/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 19250


Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!
Күй ойнап тұрады. Қонақтарды оқушылар қарсы алады.
(Екі жүргізуші өздерін таныстырады)
Күн: Сәулесі мол күнмін.
Түн: Жұлдызы көп түнмін.
Екеуі: Бірдей болып біздер
Теңелеміз бүгін.
Түн: Ал ертең күн ұзақ,
Күн: Түн қысқарар бірақ.
Екеуі: Ұйқы қанбай қалып
Жүрмеңдер тек жылап.
1 Жүргізуші
Ассалаумағалейкум халқым менің,
Алдымен амандасу салтым менің демекші
Армысыздар қадірменді қонақтар, ұстаздар және құрметті оқушылар!
2 Жүргізуші
Құрметті қонақтар!
Үлкен-кіші, ағалар!
Әпкелер! Ақ жаулықты аналар!
Қош келдіңіздер!
Ендігі кезекте Наурыз туралы бүлдіршіндеріміздің жүрекжарды өлеңдерін қабыл алыңыздар!
1 Жүргізуші
Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңеліп, жер арқасы кеңіп, жан-жануарлар, өсімдіктер, күллі тіршілік әлемі жаңарып, қайта түлейтін табиғат мерекесі!
2 Жүргізуші
Наурыз – жеті дәмнен Наурыз көже жасап, адамдардың бәріне дәм татқызып, дастархан басына біріктіретін ынтымақ-бірлік мерекесі!
Наурыз – жыл бойы өткен-кеткен ренішті кедергісіз кешіріп, ән мен күймен, ойын-сауықпен жанды жадыратып, сананы серпілтетін көңіл мерекесі!
1-жүргізуші:
Уа, халайық, халайық!
Ақ сандықты ашайық,
Бұл мереке, бұл тойдың
Шашуларын шашайық! (Шашу шашылады).
Музыка ойнап, «Наурыз думан» әні айтылады. (Асель, Гүлмира)
-Рахмет, қыздар!
1-жүргізуші: Уа, ағайын! «Наурызым – бабамның сөзі, Наурызым – анамның сөзі, Ғасырдан ғасырға жеткен Даламның сөзі» демекші, тойды бастамас бұрын үш биімізден бата алайық:
Төле би рөлінде: (Бекжан)
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің!
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын! Әумин!
Қазыбек би рөлінде:(Айбек)
Жаманшылық болмасын
Ардақ біткен жар болып
Ару ана қолдасын!
Отбасының ордасын
Періштелер қорғасын
Тіккен әрбір отауға
Тәңірім, жақсылық жолдасын!
Бақыт – ашып қақпасын
Мәңгі – бақи жаппасын
Бәле – жала отбасын
Іздесе де таппасын! Әумин!
Әйтеке би рөлінде:(Нұржан)
Жарылқа, Алла, қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет!
Ізет, абырой, бақ-дәулет,
Қызыр қарап бақ қонып,
Жақсылық үшін қызмет ет! Әумин!
2-жүргізуші: Баталарыңыз қабыл болсын дейміз!
1-жүрг. Ал төрге шығыңыздар! Біздің қонақжай қазақ халқының дастарханы кең, сол дастарханнан дәм алып отырыңыздар!
2-жүрг.«Әжемнің шайы» әнін қабыл алыңыздар!
Екі ұлттың қыздары кіреді:
-О, мына жерде той болып жатыр. Мен түрік қызымын. Атым-Зулейха. Мен Түркиядан келдім.
-Мен өзбек қызымын. Мен Өзбекстаннан келдім. Атым-Дильноза.
-Бұл қандай той?
1-жүрг. Бұл - Наурыз мерекесі.
Ұйғыр қызы: Мен мұндай мерекені білмейді екенмін.
2-жүрг. Онда әр ауыл Наурыз мерекесінің қалай тойланатыны туралы айтып өтсін.
Ақмейір: Бізде көрісу амалы бар. Жігіттер төңіректегі бұлақтардың көзін ашып, бұлақ басына тал еккен. Жаңа шыққан күнге иіліп сәлем берген. Ренжіскен ағайындар татуласқан. (Көрісу дәстүрі сахналанады)
Жазира: Ел арасында 21 наурыз түні даланы Қызыр баба аралайды деген аңыз бар. Осыған сенген халық дәулет дарып, бақ қонсын деген мақсатпен есіктерін ашып қояды.
Санжар: Ұлыстың ұлы күнінде қазақ халқы дастарханына ұлттық тағамдарын қойып, бір-бірін сыйлап, қонақ күткен. Қазақтың ұлттық тағамдарына ет, қазы-қарта, жал-жая, қымыз, айран, шұбат, құрт, қатық және т.б.
1-жүрг.Бізде амандасудың да өз салты бар. Кәне, соны айтып жіберейікші.
Олжас: Ау, жараңдар, келіңдер!
Той қызығын көріңдер!
Наурыз айға бас иіп,
Күнге сәлем беріңдер!
Бекзат:Амансыз ба, Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда болса, жол болсын!
Саят: Ұлыс бақты болсын!
Әр күніміз жақсы болсын!
Достығымыз берік болсын,
Білім-өнер серік болсын!
-Қандай керемет!
-Ой, Рахмет! Тойларыңыз тойға ұлассын!
Ауыл адамдары: Ал, жүріңіздер! Наурыз тойын тойлайық!(Бәрі шығып кетеді)
2-жүрг. Ал енді «Бипыл» биін қарсы алыңыздар! Сіздер де көңілді әуенмен астан алып отырыңыздар.
1-жүрг.«Жау-жау, жаңбыр!» әнін қабыл алыңыздар!
2-жүрг. Өлшеулі ар-намыспен нарқымыздың
Қорғаны адамдықпен салтымыздың
Сенері сіздерсіздер халқымыздың
Қош келдің, айналайын ақындарым,- демекші айтыс тамашалайық. Кім бар екен айтысатын? ( Айбек « Мен айтысамын!» деп ортаға шығады)
1. Айтыс
Айбек:
Меніменен айтысар
Қыз-құрбылар қайсың бар:
Қолдан келсе әзілдеп
Маған сынды айтыңдар.
Дильназ:
Айтысуға өзіңмен
Шығып тұрмын алдыңа.
Күн аттарын білмеуші ең
Жаттап оны алдың ба?
Айбек:
Құрбым, кімге күлесің
Өзің нені білесің?
Онға дейін қиналып
Санай да алмай жүресің.
Дильназ:
Бәтеңкеңнің бауын да
Байлай алмай жүруші ең
Үйрендің бе, жейдеңді
Теріс қарай киюші ең?
Айбек:
Олпы-солпы кигенің,
Ойыңда не түйгенің,
Намысыма құрбыжан,
Наурыз күні тимегің.
Екеуі:
Ұлы Наурыз бәріңді
Татулыққа шақырған,
Тоқтатпасақ айтысты
Сөз қалған ба ақыннан.
2-жүрг.-Ой, рахмет!
1-жүргізуші:
Шыға келді сыланып сылаң келер,
Қияңдағы қиылды қыранға ерлер.
Қызғалдақты кешіп жүр қыр астында
Мың бұрала жүгірген бұраң белдер.
2-жүргізуші:
Арда өсіп, адал емген ақ уызың,
Қалдырған ғасырларға нәрлі ізін.
Көк бөрілі байрағын желбіретіп,
Көк түріктер тойлаған Наурызым!
1-жүрг. Ендігі кезекте «Қазақтың дастарханы» әнін қабыл алыңыздар!
2-жүргізуші: Наурыз мерекесі құтты болсын! Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы – Наурыз көже. Осымен тәрбие сағатымызды аяқтай отырып, наурыз көжеден дәм татуға шақырамыз!
1-жүрг. Келесі жылы амандықта жүздескенше!
Екеуі: Қош сау болыңыздар!

[color=blue][size=12] Тәрбие.орг сайтынан Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні! Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Джунсбаева Жазира Амангельдиевна

"Сарыбұлақ ауылы №8 орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығымен" МКМ Бастауыш сынып мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar