Ойнайық та, ойлайық!

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 255
  • Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар
  • 18/Апр/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22623


Алматы қаласы Наурызбай ауданы
«№ 188 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бастауыш сынып мұғалімі Адилбекова Шырай Тастемировна
Ойнайық та, ойлайық!
Сыныптан тыс сабақ 2 «А» сынып
Сабақтың тақырыбы. Ойнайық та, ойлайық!
Сабақтың мақсаты. 1. Ойын арқылы оқушының ой-өрісін кеңейту. Пәндерге деген ынтасын, зейінін арттыру, алған білімдерін тереңдету.
2. Тез ойлауға, шапшаң есептеуге баулу, оқығанын есте сақтай білуге, тиімді тәсілдерді тез таңдай білуге дағдыландыру. Логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.
3. Топтасып жұмыс жасай білуге дағдыландыру.
Сыйластыққа, ұйымшылдыққа, алдарына қойған мақсаттарына жетуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: нақыл сөздер, үлестірме материалдар, логикалық тапсырмалар.

Сабақтың барысы.
1. Ұйымдастыру
Психологиялық дайындық
2. Топқа бөліну
3. Топ басшыларын сайлау
Мұғалім сөзі: қайырлы күн қымбатты қонақтар, ойынға қатысушы оқушылар! Бүгінгі сабағымыз сайыс түрінде өтеді. Сендерге сәттілік тілеймін.
1-жүргізуші
Қадірлі ұстаздар, оқушылар!
2 «А» сыныбы оқушылары арасында өткелі отырған «Ойнайық та, ойлайық!»
атты интеллектуалды сайысымызға хош келдіңіздер!

2-жүргізуші
Сәлемдесу игі - дәстүр киелі,
Сөзбен қарап, кейде шешер шиені.
Жақсы сөзге жан семірер қашанда,
Жолданады сайыскерлер сәлемі.

3-жүргізуші
Уа, халайық, халайық!
Бәріне жар салайық.
Бүгінгі кеш төрінде,
Математика елінде.
Есеп шешіп жарысып,
Жұмбақ шешіп аңдысып.
Шабыт тасып, шалқысын,
Көңілді кеш жасайық!

4-жүргізуші
Көңілді кеш жасайық,
Жұмбақ шеру жасайық.
Мұнда қызық табылар,
Жұмбақ есеп бәрі бар.
Ал, сайыскер балалар,
Біліміңді саралар.
Ойнайық та, ойлайық,
Кеште қарап қалмайық.

1-жүргізуші
Ендеше өткізгелі отырған «Ойнайық та, ойлайық!» атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер. Мен бүгінгі сайысқа қатысқалы отырған топтармен таныстырып өтейін.
1-топ. «Тапқырлар» тобы
2-топ. «Ойшылдар» тобы
3-топ. «Білгірлер» тобы
4-топ. «Алғырлар»

2-жүргізуші
«Біреу озса сайыста, біреу артта қалады,
Ренжімей тараса, озбағандар жарады.
Жарыс заңы ежелден- жеңімпазды анықтау,
Озат болу шарты сол- еңбектену, жалықпау» дей келе сайысымыздың кезеңдерімен таныстырып өтейік.

3-жүргізуші
Бүгінгі сайысымыз төрт кезеңнен тұрады.
І. Бәйге
ІІ. Дода
ІІІ. Кім тапқыр?
ІV.Ойлан, тап

І кезең «Бәйге»
4-жүргізуші
«Бәйгеге түсіп жарыспай,
Жүйріктің бағы жанар ма?
Білім мен өнер жарысып,
Тәрбие, білім табар мән.
Бұл бәйге ойдың бәйгесі,
Кім жүйрік ойға, сол алда» -деп
Бәйге кезеңін бастаймыз.

«Тапқырлар» тобына
1.Еліміз қашан тәуелсіздік алды? (1991ж 16 желтоқсан)
2.Мемлекеттік тудың авторы кім? (Шәкен Ниязбеков)
3.Сөздің түбірге жалғанған бөлігі (қосымша)
4. «Қабуснама» деген қандай кітап? ( Ертеде жазылған үгіт -насихатқа толы кітап)
5.Жеті атаңды білу қажеттілігі туралы қай шығармада айтылған?
(Б. Момышұлы. Ұшқан ұя)
6.40 пен 20-ның қосындысынан 30-ды азайт. (30)
7.Дауысты дыбыстар нешеге бөлінеді? (2-ге)
8.Тұңғыш Президент күні қашан? (1-желтоқсан)

«Ойшылдар» тобына
1.Елтаңбаның авторлары кімдер? (Жандарбек Мәлібеков,
Шот-Аман Уәлиханов)
2.Шаршының қабырғасы 4 см, Периметрі қанша? (16см)
3.Зат есім дегеніміз не?
4. Түбір дегеніміз не?
5.5 онд.6 бірл.тұратын сан
6.Аңыз дегеніміз не? (Аңызда өмірде болған адамдар жөнінде әңгімеленеді. )
7. «Қарт» сөзіне мәндес сөздерді тап.
8.Астана қаласының симолы-.... (Бәйтерек).

«Білгірлер» тобына
1.Гимннің авторлары кімдер? (Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, Шәмші Қалдаяқов)
2. Қосышаның түрлері
3. Заттың қимылын білдіретін сөздер дегеніміз не?
4. Барлығы -50тоқаш
Желінгені-20 тоқаш
Қалғаны-? тоқаш
5.Диалог сөз дегеніміз не? (Шығармада екі немесе бірнеше адамның сөйлесуі диалог деп аталады.)
6.Жалғаудың түрлерін айт.
7.Ата-ана туралы қандай мақал-мәтел білесің?
8. Ы. Алтынсарин кім?

«Алғырлар» тобына
1.Сөйлем дегеніміз не?
2.Қандай сөйлемді хабарлы сөйлем дейміз?
3.Қазақстанда Универсиада қашан өтті?
4. Жұрнақ қандай қызмет атқарады?
5.Тік төртбұрыштың ұзындығы 5см, ені 2см. Р-?см
6. Мемлекеттік Рәміздер қашан бекітілді? (1992ж. 4-маусымда.)
7. «Үлгілі бала» деген шығармасы бар балалар жазушысы кім?
8.Туған жер, Отан туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер?

1-жүргізуші
Енді «Дода» кезеңін бастаймыз. Әр топтың 4 ұяшық таңдау мүмкіндігі бар.

ІІ кезең. «Дода» Тақырып таңдау
Тәуелсіз Қазақстан 20, 30, 40, 50
Әдебиттік оқу 20, 30, 40,50
Қазақ тілі 20, 30, 40, 50
Қызықты математика 20, 30, 40, 50

1.Тәуелсіз Қазақстан
20 ұпай. Еліміздің астанасы
30 ұпай. Желтоқсан оқиғасы құрбандарын ата. (Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сабира Мұхаметжанова, Ләззат Асанова)
40 ұпай. М. Мақатаевтың «Отан туралы» шығармасын жатқа айт

2.Әдебиеттік оқу
20 ұпай. Ертегілердің түрлері
30 ұпай. Жасында Төле бидің түйесін баққан хан кім?
40 ұпай. Қазақша жыл санауда жыл басы неден басталады?
50 ұпай. Б. Соқпақбаев кім? Қандай шығармасын оқыдың?

3.Қазақ тілі
20 ұпай. Сұраулы сөйлем дегеніміз не?
30 ұпай. Жұрнақ деген не?
40 ұпай. Құрылысшы, құрылыста сөздерін сөз құрамына талда
50 ұпай. Мақалды аяқта. Зат есімді тап.
Шешен сөз бастар,
...............................
4.Қызықты математика
20 ұпай. Төртбұрышты үстелдің бір бұрышын кесіп тастағанда неше бұрышы қалады?
30ұпай. Периметрі 24 см-ге тең шаршының қабырғасы неше см болады?
40 ұпай. Екі қолда қанша саусақ бар? Ал он қолда ше?
50 ұпай. Дорбадағы 10 асықты 10 бала алды. Сонда дорбада 1 асық қалды. Ол қалай?

ІІІ кезең. Кім тапқыр?
Жүргізуші
Келді кезек жұмбақтарды шешуге,
Жауаптарын беру керек үш тілде.
Қазақ, орыс, ағылшынды білсеңіз,
Жақсы баға шәкірт саған несібе.

Жүргізуші
Ана тілің-арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!- келесі сайысымыз – «Кім тапқыр?» деп аталады.
Бұл кезеңде берілген тапсырмадағы көп нүктенің орнындағы сөзді тауып, оны екі тілге
аударамыз. Орысша, ағылшынша. Жауабын дұрыс тапса 10 ұпай, орыс тілдегі аудармасы дұрыс болса 20 ұпай, ағылщын тіліндегі аудармасы дұрыс болса, 30 ұпай беріледі.

«Тапқырлар» тобына
1.Жұт .... ағайынды. (жеті- семь- seven)
2.Өзі сөйлей білмейді, салған ізі сөйлейді. (қалам- ручка –pen)
«Ойшылдар» тобына
1. Екі қолға ... күрек. ( бір – один - one)
2. ....баласы болма,
Адамның баласы бол. (атаның – дедушка - grandfather-grandpa)
«Білгірлер» тобына
1. Өнер алды ..... тіл. (қызыл- красный- red)
2. Мысыққа ойын керек,
.... өлім керек. (тышқан- мышь- mouse)
«Алғырлар» тобына
1. Тілі бар, үні жоқ,
Өзін адам түсінген.
Жүрегі бар да, қаны жоқ,
Сөйлеп тұрған ішінен. (кітап- книга- book)
2.Туған жердің ... де ыстық, түні де ыстық. ( күн-солнце- sun)
ІV кезең . «Ойлан, тап!»
Жүргізуші
«Көңілді, тапқырлар, білгіштер
Бар өнерін алдарыңа салады.
Кім білімді, көп оқыған болса, егер
Бүгінгі күн жеңімпазы болады» деп келесі кезеңді бастаймыз.
Бұл кезеңде топ басшылары сайысқа түседі
Тәуелсіздік сөзінен жаңа сөздер жасау керек. Әр топтың жетекшілері кезекпен оқиды. Кім көп сөз құраса, сол оқушының тобына 10 ұпай қосылады.
Топ жетекшілері тапсырмаларын орындағанша әр топқа ертегі беріледі, соның мазмұнына сәйкес келетін мақал-мәтел тауып айту керек.

І топ.«Тапқырлар тобына»
Ертеде алты түлкі дос болыпты. Біреуінің құйрығы шолақ екен. Құйрығы ұзын бес түлкі: «сенің құйрығың жоқ» -деп келеке қылып күле беріпті. Сол уақытта шолақ түлкі «осы бес түлкінің де құйрығын шолақ қылып қояйын» деп ойлап, бес түлкіге айтыпты.
-«Біз бір жақсы ойын ойнайық»- деп түлкілерді алып келіп, қарағайға байлап қойып, өзі бір талдың басына шығып, түлкілерге:
-«Мына жақта бүркіттер келе жатыр» дейді. Де, өзі қаша жөнеледі. Сонда бес түлкі қашамын деп құйрықтарын үзіп, бәрі шолақ болып қалады. Бесеуі бірдей шолақ болғаннан кейін мазақ етіп, күлмейтін болыпты. (Күлме досқа келер басқа)
ІІтоп. «Ойшылдар» тобына
Атасы мен немересі
Ата қартайып күші кеміді, нашар көретін, нашар еститін болды, ішкен тамағын алдына төгетін болды. Не үшін десеңіз оның аяқ қолы кәріліктен қалтыраушы еді. Шалдың бұл ісі баласы мен келініне ұнамады. Олар шалға алдына жаман дастарқан жайып, тамақты жаман ыдысқа құйып, бөлек беретін болды.
Немересі өзінің әкесіне атамды бөлек отырғызба деуге бата алмайды. Бір күні ол ағаш жонып отырады. Әкесі көріп: «Шырағым не істеп жатырсың?»- дейді. Сонда баласы: «Аяқ істеп жатырмын, шешем мен екеуің атам құсап қартайғанда, сендерге тамақты осы аяққа құйып беремін» дейді.
Бұл сөзді естіп, шалдың баласы ұялып, әкесін бөлек отырғызып тамақ беруді қояды. (Әкеңе не қылсаң, алдыңа сол келер)
ІІІ топ. «Білгірлер» тобына
Шибұт, Қылмойын, Қарынбас
Қарынбас, Қылмойын, Шибұт үшеуі жолдас екен.Бір күні бұлар бір тоқты ұрлап сойыпты. Тоқтыны бұзып, етін қазанға салайын деп жатады. Қарынбасқа жынын төгіп кел,- деп қарынды беріпті.
Қарынбас қарынды тысқа алып шығады. Сол кезде қара шыбындар қарынға да, Қарынбастың басына да үймелепті. Басындағы шыбынды қағамын деп, Қарынбасбасын ұрып алыпты. Жұмыртқадай жұқа басы жарылып, жан тапсырыпты.
Қарынбас қалайша кешікті деп, Шибұт далаға шығады. Өліп жатқан Қарынбасты көре салып:
Әй, Әттеген-ай!- деп екі қолымен санын соғып қалады. Сол кезде ши бұты шырт етіп, ол да мүрдем кетіпті. Шибұттың даусын естіп, Қылмойын жүгіріп шығады. Өліп жатқан екі жолдасын көреді де:
-Ойбай! Бауырым –ай! –деп дауыстай бергенде қыл кеңірдегі үзіліп кетіпті.(Ұрлық түбі – қорлық)

ІV. «Алғырлар» тобына
(Ақырын басып қарт шығады. Орындыққа келіп отырады. Осы кезде немересі шығады.)
Немересі: ата, не ойлап отырсың?
Атасы: ә, балам, атаң не ойламайды дейсің? Сенің болашағыңды ойлаймын, еліміздің болашағы жайлы ойлаймын, қуанамын.
Немересі:ата, «ата, өткен өмір деген не?»
Атасы: ә, балам,ата, өткен өмір» деген сонау ата-бабаларымыздың ерте кезден бері өткен өмір жолы, тарихы.
Немересі:ал, ол қандай болады?
Атасы:ендеше тыңда балам, атаң бір сөйлесін. Сонау ерте кезде біздің ата-бабаларымыз 29 қазақ руының басын қосып, Жәңгірді хан сайлапты. Сөйтіп олар өлер шағында ұрпақтарына мынадай аманат қалдырған екен.
Жәңгір хан: әй, балам, бері кел! Анау тұрған жебені әперші.
Мә, сындыр! (бала біреуін сындырады. Екіншісін береді, сындырады. Үшеуін сындырады, төртеуін зорға сындырады, бесеу бергенде сындыра алмайды.)
Жәңгір хан:не ұқтың, балам?- дейді?
(Бірлік түбі – береке,
Береке түбі - мереке)

Жүргізуші
Болашақтың іргесін қалайтын,
Қазақстанның мере»ін көтеретін сендерсіңдер. Еліміз сендердің болашақтарыңнан зор үміт күтеді. Тек биіктен көрініңдер.

Жүргізуші
Білімділік пен ізгілікті бойымызға дарыта берейік!
Сендерге әрдайым биік белестер тілейміз!
Қорытынды
-Бүгінгі сабақтан не білдік?
-Не үйрендік?
Жеңімпаз топтарды марапаттау. (Әділқазыларға сөз беріледі.) Тәрбие.орг сайтынан Ойнайық та, ойлайық! Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Адилбекова Шырай Тастемировна

Пікірлер: 0

avatar