Тәуелсіз елімнің ерлік жолы

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 319
  • Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар
  • 18/Май/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22840


Астана қаласы
№69 Мектеп-гимназиясы
Бастауыш сынып мұғалімі
Ибраимова Күнқияш Қабылқызы

Тақырыбы: Тәуелсіз елімнің ерлік жолы

Мақсаты: Тәуелсіздік –арынды, асау өр намыстардың жеңісі, қасиетті ұғым екеніне
көз жеткізу, жас ұрпақты отаншылдыққа, адамгершілікке, Отанына адал
қызмет етуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Тәуелсіз ел тарихы, Президентіміз жайлы көріністер, карта, Еліміздің
рәміздері, Отан, туған жер туралы мақал-мәтелдер.(қылыш, найза, қалқан,
айбалта)
Барысы:

1-жүргізуші: Құрметті оқушылар, қонақтар!
Тәуелсіздік. Қандай қасиетті, қастерлі ұғым. Ата-бабамыз ғасырлар бойы
аңсаған тәуелсіздікті алғанымызға міне, биыл тура 25 жыл толады.
Баршаңызды осы айтулы мейраммен құттықтаймыз!

2-жүргізуші: Тәрбие сағатымызды Елбасының еліне, халқына арнаған жүрек жарды
сөзімен бастаймыз.
«Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойда қуат,
ойда нәр- бәрін аянбай сарп етуге пейілмін, қандай да қасіретке қабырғасы
қайысса да қаймықпай төзе білген, қажырлы да қайсар қазақ халқының
алдында мен басымды иемін... Мен де қазақтың елдігін, Қазақстан
Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа мақсат та,
арман да жоқ...
Осы елдің Президенті ретінде де, осы ұлттың бір перзенті ретінде де
үнемі көңілімнің төрінде тұратын – туған халқым».

1-жүргізуші: Қазақ өткен күндерінде көптеген қиындықты, аяусыз шабуылды
қырғыннан-қырғын, босқыннан-босқын секілді талай азапты көрді.
Әрқашан азаттыққа қол жеткізу үшін шайқасты. Қаншама батырлар мен ұлт
қайраткерлері бостандық жолында жан пида етті. Қазақ «мың өліп, мың
тірілсе де» қазақ болып қала берді. Ұрпақтан – ұрпаққа тәуелсіздік арманын
ұлттық мақсат ретінде аманат етті.
2-жүргізуші: 1-бөлім «Бабалар аңсаған тәуелсіздік»

№ 1- көрініс: «Мұратымыз – мәңгілік ел»

1-жүргізуші: Дала. Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан.Өтіп жатқан адамдар.

Жәнібек сұлтан. Әне, кетіп барады. Жаңа көш, тосын тілекпен, үлбіреген үмітпен.

Керей сұлтан. Соңғы қарағандарыңда қанша адам? Анығына жеттіңдер ме?

Жәнібек сұлтан. Екі жүз мың адам.

Керей сұлтан. Екі жүз мың жүрек бір арнаға құйылсақ деп барады.

Жәнібек сұлтан. Бір ел болсам дейді.Әне. Ақ жол бидің, Арғынның ақ туының ашылмай
құлаған, жанбай сөнген шырағының сүйегін әкетіп барады.
Керей сұлтан. Қадірлі қартым, Дотаным, бүлінген беліңді, сынған қабырғаңды емдер
сөз таба аламыз ба, мынау қазақы елдің аты – Қазақ, ұраны – Ақжол, ру
ағалары Арғын болсын!

Жәнібек сұлтан. Жақсы аға!

Керей сұлтан. Қанша ел еңіреп қалды. Бәрі есте. Тоқтамыс пен Едіге егесінен
Алтын орда құлады. Біз Дешті-Қыпшақ шаңырағынан шайқап бөлек
отау тігіп барамыз. Ақтай аламыз ба ел үмітін, Жәнібек!
Жәнібек сұлтан. Ақтаймыз аға!

Керей сұлтан. Дотан қарт арғы аталарың Орысханның атынан қорқам деп еді?!
Не айтқысы келді екен?
Жәнібек сұлтан. Білмеймін аға!

Керей сұлтан. Өз ұлтына аш қасқырдай шабатын елді өзгеге телитін, түркі тілін
менсінбейтін Әбіл-Хайыр секілді, бізден де Әбіл-Хайыр шығар ма
екен?
Жәнібек сұлтан. Білмеймін аға! Білерім, жаңа жол басталды. Жаңа жол. Нұрлы жол.
Мұратымыз – мәңгілік ел, аға!
Жәнібек: Кереке, ұзақ жолға шыққалы тұрмыз. Өзіңіз бір бата беріңіз.

Керей: Жолыңды алла қолдасын,
Жаманшылық болмасын.
Кетілмесін тұлпарыңның тұяғы,
Қайырылмасын сұңқарыңның қияғы.
Барған жерде құшақ жая қарсы алсын,
Жақсы адамдар, жайсаң жандар зиялы.
Жалпақ емес, жақсы жермен танысқан,
Алла жебеп ұшқан құспен жарысқан.
Көңілің шат, ат- көлігің арымай,
Отбасыңмен аман – есен табысқын.

Әумин!

2-жүргізуші: №2-көрініс «Қазыбек бидің елшілігі»
Жоңғар ханының ордасы.

Жоңғар ханы Қалдан – Серен қазақ елшілеріне:
-Иә, қазақтар, неменеге келдіңдер, айтатындарыңды айтыңдар да, елдеріңе
қайтыңдар.

Босаға жақта жайғасқан жас Қазыбек лып ете көтеріліп кеп, қонтайшыға:

Қазыбек – Дат, тақсыр, -дейді

Жоңғар ханы – Датың болса айт!

Қазыбек: -Біз қазақ деген мал баққан елміз,
бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт береке қашпасын деп,
жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
басымыздан сөзді асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
дәм – тұзды ақтай білген елміз,
асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,
анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ та, біз¬¬ – қазақ, қарпысқалы келгенбіз.
Қазақ, қалмақ баласы, табысқалы келгенбіз.
Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз.
Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан да, біз арыстан, алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желімбіз, жабысқалы келгенбіз.
Сен темір де, біз – көмір, ерткелі келгенбіз.
Екі еліктің лағын теліткелі келгенбіз,
егесетін ер шықса иліткелі келгенбіз.
Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт.

Қалдан – Серен – Балам, атың кім?

Қазыбек: – Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек би. Ұлтым – қазақ, руым – қаракесек.

Қалдан – Серен: – Ендеше, даусың қаздың даусындай қаңқылдап шығады екен, есімің
Қаз дауысты Қазыбек боп қайта жаңғырсын.
1-жүргізуші: Қазыбек тапқырлығының арқасында қазақ елшілерінің жолы болып,
атамекеніне қанаттанып қайтады.

2-жүргізуші: № 3-көрініс Абылай туы астына бірігу

Хан ордасы. Хан тағында Абылай жанында Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр қолбасшылар отыр.

1–батыр: Бұқар жырау келді!

2–батыр: Арқаның ардагерін қарсы алайық!
(Ордаға бір топ адаммен Бұқар жырау кіреді, хан түрегеліп амандасып
оң жағынан орын береді.)

Бұқар жырау: Армысың, Абылай?!

Абылай хан: Армысыз, Бұқар баба?!

Бұқар жырау: Армысыздар, жарқындарым?!

Батырлар: Армысыз, Бұқар баба?!

Бұқар жырау: Біз бармыз–ау, хан ием. Қазақтың халын айтсаңшы, мендегі зар, мендегі
запыран–сол. Қандыауыз жоңғар қазағымды құл, қызымды күң, ұлымды
мұрны тесілген құл қылғысы келеді. Қайран қазақтың халі нашар, Абылай.
«Берекесі жоқ елдің бірлігі жоқ». Не қылмақ ойың бар, а, Абылай?
(Ордада үнсіздік)

Бұқар жырау: (Абылайға түйіліп) Бар сенгеніміз сенсің, Абылай! Баста мына еліңді!

Бөгенбай батыр: Қарт баба дұрыс айтады. Үш жүздің қазағының басын қос, баста
мына еліңді.
Бұқар жырау: Сайдың тасындай даңқты батырларың мен қалың қазақ сені қолдамаса,
маған кел.
Абылай хан: (Ойға беріліп) Ақиқатты ғана айтасың–ау, жырауым! Ақтабан
шұбырындының кегі үшін ғана емес, қазақтың бостандығы үшін
жиналып, ақыл қосып отырмыз.

Бөгенбай батыр: (картаны көрсетіп) Уа, хан ием! Міне мына жерден біз жоңғар әскеріне
соққы береміз. Бүкіл үш жүздің әскері осы тұстан қоршайды.

Қабанбай батыр: Қалың шүршіт осы қақпаннан құтыла алмас!

Наурызбай батыр: Осы жолы біз олардың көк желкесін қиярмыз!

Қабанбай батыр: (Оң қолын кеудесіне қойып сөз сұрайды); Хан ием, қазақтың шүршітте
кеткен қанды кегі бар. Құдай қаласа, қазақ жері азат болады!

Наурызбай батыр: Хан ием, аттанайық жорыққа!

Барлығы: Аттанайық, аттанайық!

Бұқар жырау: Бұдан былай исі қазақ Абылайдың туы астына жиналуы керек!
Қазақтың халі қыл үстінде ағайын!

Барлығы: – Иә, жырау!
–Табанды боламыз!
–Жауға құл болғанша, өлгеніміз жақсы!
–Аттан, аттан!
(Көрініс бітеді)

2–жүргізуші: –Бұл Тәуелсіздік – ақын өлеңіндегі терең мұң, күйші домбырасының
қос ішегінен ағылған кек, суретші бояуындағы шерлі сыр болып,
ұрпақтар санасында насихатталып келген еді.
Ән: атамекен жайлы.

1–жүргізуші: 1986жылы желтоқсанда отты оқиға болды. Қазақ жастары өз Отанын,
жерін, ар–намысын қорғай алатындығын көрсетті. Қайрат Рысқұлбеков,
Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова сияқты жастар өз ғұмырларын сарп
етті. Олардың есімдері халық жүрегінде мәңгі сақталады.
Желтоқсан құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялауға
рұқсат етіңіздер...

2-жүргізуші: Жас арудың жанарында-Желтоқсан
Қанды Ғасыр табанында –Желтоқсан
Қаралы өмір қайыстырған халқымның
Қара тұман қабағында-Желтоқсан

1-жүргізуші: Жауыздықты жастаған да-Желтоқсан
Жаңа ғұмыр бастаған да-Желтоқсан
Жазықсыздың көз жасына жуылып,
Абақтыға тастаған да-Желтоқсан

2-жүргізуші: көрініс: Желтоқсан көтерілісінің басталуы
1986жыл 16 желтоқсанда астанамыз Алматы қаласында мыңдаған
қазақ жастары наразылық білдіріп шеруге шығады.

-Біз билікке қарсымыз!
-Бізге бостандық қажет!
-Тәуелсіздік керек!
-Билікке қазақ елінің көсемі сайлансын!

Қайрат: -Оу, адамдар, мен жазықсызбын!
Атымды адам қойған соң
Қайтіп надан болайын,
Ортам надан болған соң
Қайда барып оңайын.
Қасқалдақтай қаным бар
Жиырма бірде жасым бар
Атам десең атыңдар

(Қайратты ұрып, соғып сүйрей бастайды)
Қайрат: Апа, естимісің? Мен жазықсызбын, Апа!

Апасы: Қарағым, қайран, балам-ай,
Құлыншағым жаным-ай, құлағыма келеді,
Алыстан айтқан зарың-ай!


1–жүргізуші: 2-бөлім «Орындалған аманат, ол – Тәуелсіз Қазақстан»

1-оқушы Азаттық үшін туылған ақтық бұлқыныс желтоқсан жаңғырығына
айналды. Бұл азаттық күрес 1991 жылы Тәуелсіздік болып салтанат
құрды. Бұл қазақ халқы үшін–зор қуаныш. Біздің бір ғана Отанымыз
бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан!

2–оқушы: Тәуелсіз елдің тілегі – бейбітшілік, тыныштық, келешегі – білімді
ұрпақ.

3–оқушы: 1990жылы 24сәуір күні Республиканың жоғарғы кеңесі Қазақстанның
Президентін сайлады.

Президент суреті.

4-оқушы: 25жыл ішінде Тәуелсіздіктің бізге бергені ұшан – теңіз, әлі де берері
тіпті мол. Оның қадір–қасиетін қастерлеп жүруді ешқашан ойымыздан
шығармауымыз керек. Бұл жетістіктердің бәрі Елбасымыздың есімімен
тығыз байланысты.

5–оқушы: Мен қазақтың ұлымын.
Мен қазақпын, ұланымын елімнің,
Мен қазақпын, тірегімін жерімнің.
Ұланымын туын көкке көтерген,
Болашаққа алға бастап жетелер,
Қиындығын қазағымның әрқашан
Қайыспайтын қара нардай көтерер.

Көз тойғысыз қазағымның жері бар,
Ну орманы, тауы, өзені, көлі бар,
Қазағымның жерін, елін қорғайтын
Жас жеткіншек, ұланы бар, ері бар.

Міне осындай егеменді еліміз,
Кең жазира ұлан байтақ жеріміз.
Туған елін, туған жерін сүйетін
Біз қазақтың ұланымыз, еріміз.

6–оқушы: Ертеңгі күннің, бүгіннен де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын
алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Еліміздің келешегі біздер
болғандықтан алдымызда үлкен жауапкершілік тұр. Ұлтымыздың өткенін кең
көзбен түсініп, салт – дәстүрін, мәдениетін үйрену – міндетіміз.

7–оқушы: Жаңа дәуір көшін жалғастыруға, еліміздің көркейіп нығаюына үлес
қосу–біздің де басты борышымыз.

8–оқушы: Тәуелсіздік таңы тілімізді, ділімізді, дінімізді жаңғыртты. Қасиетті Ата
Заңым қабылданды, егемендігімнің айғағы аспан түстес азат байрағым,
елтаңбам, әнұраным.

9–оқушы: Біз қазақпыз – елі үшін атқа мінген,
Жанып жатқан лапылдап отқа кірген.
Бойтұмар ғып ар–ождан қазынасын,
Ерлеріміз ел намысын сақтап жүрген.

Біз қазақпыз–қастерлеген баба салтын,
Аман бол, айналайын дана халқым!
Амал туса атқа қонам бір сен үшін,
Міне жаным, міне қаным, міне антым!

10–оқушы: Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім
Кей–кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
«Кім мықты?» десе біреу, «Отан» дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай–ақ кел–дағы от ал менен.

11–оқушы: Мемлекетті аяққа тұрғызу қай кезеңде болса да оңай шаруа болмағаны анық.
Сонау тоқсаныншы жылдары халық тұтастығын сақтап, әлеуметтік
қиыншылықтарды шешу үлкен сын болғаны белгілі. Осы кезде Елбасы талай
сынақтан сүрінбей өтіп, еліміздің келешегін келісті ету жолында тынбай
еңбек етіп, толағай табысқа қол жеткізді.

12–оқушы: Ата–бабаларымыз талай ғасырлар бойы армандап келген Тәуелсіздікке
қолымыз жеткеніне биыл жиырма бес жыл болды. Еліміздің ұлы көшін
халқымыздың ардақты перзенті, әлемге әйгілі саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев жарқын болашаққа, кемел–келешекке бастап келеді.

13–оқушы: Асқақтаған Астанасы бар қарыштаған Қазақстан қазіргі кезеңде тек бірлікпен
болашаққа сенімді қадамдармен адымдап барады. Бар жарқын жетістіктермен
жақсылықтарды Алла ұзағынан сүйіндірсін!

14-оқушы: Тәуелсіздік алған күн
Он алтыншы желтоқсан Аралаймын алаңды
Тәуелсіздік алған күн. Тәуелсіздік алған күн.
Мерекеге ел тосқан Батыр Қайрат ағамның
Атамменен барғанмын. Суретіне үңілем

Мерекеге шығады Он алтыншы желтоқсан
Бүкіл халық, біліп қой. Тәуелсіздік алған күн.
Отандастар ұғады Мереке де ел тосқан
Тәуелсіздік – ұлық той. Шырқатып ән салған күн.
Бәрі бірге: Тәуелсіздігің тұғырлы болсын – Туған елім! Тәрбие.орг сайтынан Тәуелсіз елімнің ерлік жолы Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Ибраимова Күнқияш Қабылқызы

Пікірлер: 0

avatar