«Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым!»

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 366
  • Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар
  • 09/Апр/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22553


ОҚО
Шардара ауданы
«Жаушықұм» мектеп-лицейі

Тақырыбы:

3 «А» сынып жетекшісі:
Тургумбаева Айгерим

«Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым!»
І жүргізуші:
- Армысыздар құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар! Бүгінгі тәуелсиздігіміздің 25-жылдығына арналған «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!

ІІ жүргізуші:
Сіздерді 16-Желтоқсан тәуелсіз Қазақстанымызға 25 жыл толу мерекесімен құттықтаймыз. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, еңбекте жеміс, оқуда озат болуларыңызға тілектеспіз.

І жүргізуші:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік – ел бақыты, ертеңі,
О, халайық, құтты болсын қуаныш!

ІІ жүргізуші:
Шарықта, шарла көкті көк байрағым,
Арманым, Азаттығым, көпке айғағым.
Мен сенің салтанатты сағатыңа
Өлеңмен алтын шашақ шоқ байладым.
Ал самға, әлем кезіп, Әнұраным
Қалықта Елтаңбасы- шаңырағым.
«Әнұран» орындалады.

І жүргізуші:
Бостандық! –деп аталатын асқақ арман жолында қаншама қан төгілді,
қаншама батыр мерт болды. Бұл арпалыс бір күн, бір жыл, бір мезет емес, талай ғасырларға созылған. Осы арпалысты жай тілмен тарих дейді. Ендеше тарих беттеріне тағы бір зер салайық.

IІ жүргізуші:
Қазақ халқы азаттық үшін талай қиындықты бастан кешірді. Бірақ ешқашан мойымады, күресе білді. Азаттық таңы туатынына кәміл сенді. Енді осы кейбір тарихи оқиғаларды еске түсіріп өтейік.

І жүргізуші:
Осы тарихи оқиғаларды слайд арқылы тамашалаңыздар!

Тақпақтар:
Диана, Гүлназ, Балнұр, Диас, Айгерім

ІІ жүргізуші:
Бүгін Тәуелсіз ел деп Отанымыздың жасампаз болуын, ана тіліміздің киелі болуын, тарихымыздың жүйелі болуын ұлықтаймыз. Біз бүгін тәуелсіз ел деп ұлының ұлағатты, қызының инабатты, халқының салауатты болуына барлық мүмкіндіктерді жолдайтын мемлекетімізді мақтан етеміз. Ендеше, Тәуелсіздік – біздің бас ұранымыз, көгілдір Туымыз – біздің болашақ бағымыз, нұрлы таңымыз.

Тақпақтар:
Камшат, Дамира, Мая, Бексұлтан, Бағжан, Динара, Мейіржан, Бекарыстан, Алихан.
І жүргізуші:
Біз Қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз.

Көрініс: «Егемендік деген не?»
(Әжесі мен немересі ақырын басып қарт шығады. Орындыққа келіп дем алып отырады. Осы кезде жүгіріп немересі келеді.)
Немересі: - Әже, не ойлап отырсыз?
Әжесі: - Ә, балам, атаң не ойлайды дейсің! Сенің болашағыңды ойлаймын, еліміздің болашағы жайлы, өткен өмір жайлы ойлаймын.
Немересі: - Әже, өткен өмір деген не?
Әжесі: - Ә, балам, «Өткен өмір» сонау ежелгі ата-бабаларымыздың ерте кезден белгілі өткен өмір жолы, тарихы емес пе?
Немересі: - Ал, ол қандай болған?
Әжесі: - Ендеше, тыңда балам, атаң бір сөйлесін.
Болмаса да оқыған тарихшы атам,
Жинады ескілерден тарих хатын.
Мақсатым, кейінгі ұрпақ ұмытпаса,
Айтылған аталардың аманатын.
Сондықтан балам, сен де өз тарихыңды білуге тиістісің, сонау ерте кезде біздің ата-бабаларымыз Қазақ руларының басын қосып, халық болып қалыптасуынан басталады бұл тарих. Ал, балам, тарихты тыңдайық.

Слайдпен жұмыс

Әжесі: - Бұған да тәубә. Егемендік алып, әлем таныды ғой елімізді.
Немересі: - Әже, «Егемендік» деген не?
Әжесі: - Егемендік – «иесә мен» деген сөз,
Көптен бері естілмеген ерен сөз,
Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған,
Көркем жігіт болып өссе көген көз.
Егемендік ел болудың белгісі.
Басқа жұртпен тең жұлдызы,тең күні,
Егеменді деген сөзден естілер,
Ата жұрттың арғысы мен бергісі –
Міне «Егемендік» деген осы.
Енді міне, желбіреген көк байрағымыз, айбынды ән ұранымыз, жарқыраған елтаңбамыз төрімізде ілулі тұр. Егемендік Еліміздің келешегін өзің сияқты ұрпақтарыма тарих етіп баяндап тұрмын. Ұмытпаңдар айналайын ұрпақтарым!

IІ жүргізуші:
Бақтың құсы әр адамға қонып бір
О, Тәңірім бізді баққа жолықтыр!
Бүгін міне, тәуелсіздік ағайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр!...
Арайлап атқан бейбіт таңы бар, асу бермес асқар - асқар тауы бар, кең жазиралы мекенді, қонақжай, жомарт халқы бар еліміз – Қазақстан. Біз 25 - жылда үнемі даму үстіндеміз.
- Енді 3 «А» сынып оқушыларының «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым» атты әдеби музыкалық концерттерін көріп тамашалаңыздар.

І жүргізуші:
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе - тең деп тереземді.
Қазақпын, қойнауы - құт, жері - дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам. - Пердебай Маяның «Қазақтай ел қайда?» әнін тамашалаңыздар!

IІ жүргізуші:
Би дегенің адамға көрік берер,
Тамашалап халықтың сәні кірер.
Мың бұралып билесе бишілерің,
Әрбір жанға шымырлап шабыт келер. - сыныбымыздың биші қыздарын «Аққу» биімен қарсы алайық.

ІІ жүргізуші:
Әрқашан да мақтанамын жеріме,
Қазыналы, дархан, байтақ еліме.
Ешбір қала тең келе алмас өзіңе,
Тілеймін мен бейбітшілік еліме – Ният Алиханның «Жаса қазағым» әнін қабыл алыңыздар.

І жүргізуші:
Өнерлі өрге жүзер талаптанып,
Қыран биік самғайды қанат қағып.
Адам үшін парыз ғой өнер іздеу,
Жүрген соң адам деген атақты алып, - дей отырып Диана, Гүлназ, Айгерімдей қыздарымызды «Бейбіт елдің ұланы» атты әндерімен ортаға шақырамыз.

І жүргізуші:
Тауелсіздік тұғыры ғой бұл елдің,
25 жасың құтты болсын нұр елім.
25 жылда шықтың талай белеске,
Қазақстан жасай берші гүл елім – Нұрлыбек Оразалы мен Қадырбек Айиданың орындауында «Қазақстан» әні.

ІІ жүргізуші:
Өлеңім сен болмасаң қайтер едім,
Құлатпай келем тірлік бәйтерегін.
Пайғамбар жасқанатын шындықты да,
Жасқанбай жер жаһанға айт, өлеңім! - сыныбымыздың әнші қызы Тойшыбай Диананың «Әдемай» әнін тыңдаңыздар.

І жүргізуші:
Әрқашан да мақтанамын жеріме,
Қазыналы, дархан, байтақ еліме.
Ешбір қала тең келе алмас өзіңе,
Тілеймін мен бейбітшілік еліме - Тулеген Дианараның «Арманыма сенемін»
әнін қабыл алыңыздар.

ІІ жүргізуші:
Тәуелсіздік – баға жетпес бағымыз,
Қымбаттан да, ең қымбатты барымыз.
Тәуелсіздік – білектегі әліміз,
Тәуелсіздік – жүректегі әніміз – «Жұлдызым» әні Тойшыбай Диана және қыздар қауымы.

І жүргізуші:
Ту тігілді халқымның бүгін бағына
Жас өрендер желбіретіп нық ұста
Ғасырларға жалғастырып елдікті
Дақ түсірме ата баба рухына
Үлгі бізге аталардың ерлігі
Ұлағаты өнегесі еңбегі
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі - дей келе Құлмағанбет Камшаттың «Көк тудың желбірегені» әнін тамашалаңыздар.

І жүргізуші:
Бүгінгі тәуелсіздігіміздің 25 - жылдығына арналған «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым» атты мерекелік кешіміз өз мәресіне де келіп жетті.

ІІ жүргізуші:
Қазақ елім! Туды жастық дәуірің.
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік, ағайын. Келесі кездескенше сау саламатта болыңыздар!

І жүргізуші:
Тәрбие сағатымызды тамашалап отырған мектебіміздің ардагер ұстазы және алғашқы ұстазымыз Айбек Шара апайымызға және мектебіміздің мақтанышы болып жүрген абыройлы да,беделді ұстаздарымызға сөз кезегін береміз. Тәрбие.орг сайтынан «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым!» Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Тургумбаева Айгерим

Пікірлер: 0

avatar