Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
«Жеті –қасиетті сан»
  • 28.01.2017
  • 67 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 21380

«Жеті –қасиетті сан»
Мақсаты:балалардың этностық өзіндік санасының оянуына аңыз-ертегі арқылы ықпал етеотырып, ұлттық психологиясын қалыптастыру. Қасиетті –жеті саны туралы түсінік беру. Көріп, естіп, қабылдауларын, есте сақтау үрдістерін дамыту.
Әдіс-тәсілдері: ертегітерапия, әнтерапия, ойынтерапия, психожаттығу.
Психолог: -Сәлеметсіңдер ме, балалар? Мен сендермен кездескеніме өте қуаныштымын. Ал, қәне, бәріміз дөңгелене шаттық шеңберін құрайық. Бүгінгі күнмен және қонақтармен сәлемдесіп алайық.
-Сәлеметсіздер ме?
-Армысың шапағатты Күн-Ана!
-Армысың қайырымды Аспан-Ата!
-Армысың мейірімді Жер- Ана!
ҚҰт дарыт,
Бар әлемді жарылқа!
-Күндей жадырап, айдай арайлап,
Жұлдыздай жарқырап, судай таза көңілмен бүгінгі оқу іс-әрекетімізді бастайық.
Психолог: - Балалар. Денелеріңді бос ұстап, «бір,екі, үш» деп санағаннан кейін көздеріңді жұмыңдар. Біз қазір көңіл-күй әлеміне сапар шегеміз. (көздерін жұмып,баяу, жағымды әуенмен көңіл-күй әлеміне сапар шегеді)
І. Психологиялық жаттығу.
- Күн-Ана жер әлемге шуағын шашып, жылуын беріп тұр. Құстар ән салып, көбелектер мен шегірткелер көңілденіп ұшып жүр. Сендер өздеріңді жап-жасыл алқапта жүрміз деп сезініңдер. Алқапта әдемі гүлдер, өсімдіктер жайқалып тұр. Тып-тыныш. Кенет... жазғы жаңбырдың жылы тамшылары денемізді сипағандай болды. Өздеріңді жалаң аяқ жасыл, жұмсақ шөптің үстінде жүгіріп жүрміз деп ойлаңдар. Қандай керемет.! Тамаша! Біздің көңіл-күйіміз көтеріңкі. Бір уақытта жаңбыр толастап, күннің көзі күлімдеп, аспан әлемінде доға тәрізді түрлі-түсті кемпірқосақ пайда болды. (балалар көздерін ашып,терең тыныс алады. Залда кемпірқосақтың пайда болғанын көріп, таңданады, қызықтайды.)
ІІ. Сұрақ-жауап:
- Балалар, көңіл-күйлерің қалай, не сезіндіңдер? Қараңдаршы, қандай өзгеріс байқадыңдар? Ия, кемпірқосақ пайда болыпты. Ол қашан, қайда пайда болады? (балалар кемпірқосақ туралы білгендерін айтып береді.)
- Балалар, олай болса, кемпірқосақтағы түстің саны нешеу екенін санап көрелік?
- Жетеу.
- Жеті санына байланысты тағы да не білесіңдер, не естіп жүрсіңдер?
- Балалар білгендерін айтады.
- Біздің қазақ халқында , жалпы мұсылман қауымында жеті cанын қасиетті санаған.
- Аптаның жеті күні, жеті ата, кемпірқосақтың жеті түсі, наурыз көжеге қосылатын жеті түрлі тағам, жеті қазына, жеті шелпек дегенді естігендерің бар ма?
- Бар.
- Олай болса, аптаның жеті күні туралы не білесіңдер?
- Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.
- Олай болса, бір апта туралы төмендегідей тақпақ айтайық.
Дүйсенбіде доп ойнадық далада,
Сейсенбіде серуен құрдық қалада,
Сәрсенбіде сурет салдық сәнді етіп,
Бейсенбіде би биледік әндетіп.
Жұма күні жидек тердік қыратта,
Сенбі күні кино көрдік клубта.
Жексенбіде бір жиналып дем алдық,
Осылайша өте шықты бір апта.
С. Мұхамедиев.
- Наурыз көжеге қосылатын жеті түрлі тағамдарды атап көрелік.
- Сүр ет, сәбіз, өрік-мейіз, сүт, күріш,
Наурыз көже
Наурыз тойын әдемі,
Әжем еске түсірді.
Біздерге арнап әдейі,
Наурыз көже пісірді.
- Жеті атаны білесіңдер ме?
- Бала. Әке. Немере. Шөбере. Шөпшек. Немене. Туажат.
- Жеті шелпекті қазақ халқы көбінесе жұма күндері пісіреді, ауыз тиіп, құран оқылады.
- Кемпірқосақтың суретінен түсін санату.
Балалар, сендер кемпірқосақты білесіңдер ме?
ІІІ. Ертегітерапия:
Өсімдіктер мен кемпірқосақ.
Баяғы заманда жер бетіндегі өсімдіктердің барлығы жасыл түсті болыпты. Бір күні қатты жаңбыр жауып, олар қуанып, асыр салады. Жаңбырдың қалай басылғанын да байқамайды. Жапырақтардың бетінде жаңбыр тамшылары қалады. Тамшылар да өсімдіктермен бірге ойнағысы келгендей түрлі-түсті түске енеді. Дүние әдемі болып кетеді. Кенет өсімдіктер жаңбыр тамшыларының біреуінің өздерімен бірге күліп, ойнап, қуанғанын көреді. Оның сұлулығына таң қалады.
-Сен кімсің?- деп сұрайды одан алма.
-Менің атым –Кемпірқосақ,-дейді ол көзін қысып.
-Сен жаңбыр cуының ішіне қалай кіріп кеткенсің?-дейді алма таңданысын жасыра алмай.
-Мен жаңбыр cуының ішінде емеспін, мен аспандамын,-дейді Кемпірқосақ.
Аспанға қараған Алма тіпті таңгалады.
-О,о,-о, сен неткен сұлусың! Кемпірқосақ, мен де сіз секілді сұлу болсам ғой, шіркін,-дейді қызығып.
Алма мен Кемпірқосақтың әңгімесін естіген қызанақ:
-Мен де сұлу болсам ғой,-дейді.
-Менің де сұлу болғым келеді,-дейді Бақлажан қалыспай.
Сонда Кемпірқосақ:
-Менің қай түсім ерекше ұнады саған?-деп сұрады Алмадан.
-Қызыл түсің,-дейді Алма.
-Онда мен саған қызыл түсімнен берейін,-дейді де Кемпірқосақ Алмаға қызыл түсінен сәуле шашады. Алма қып-қызыл нарттай боп кетеді. Ол қатты қуанады. Оны көрген Қызанақ:
-Менің де қызыл болғым келеді,-дейді тағатсыздана.
-Онда сенде қызыл бол,-деп Кемпірқосақ Қызанаққа да қызыл түсінен сәуле жібереді. Лезде Қызанақта қып-қызыл боп қуанышқа бөленеді. Сол сәт Баклажан:
-Менің де қызыл болғым келеді,-дейді.
-Онда сен де қызыл бол, Баклажан,-деп Кемпірқосақ оған да қызыл түсінен бөліп береді. Бірақ Баклажанға қызыл түс ұнамай қалады. Ол:
-Жоқ, менің қызыл түсті болғым келмейді. Маған көк түсің ұнап тұр,-дейді Кемпірқосаққа.
Баклажанның мінезін ұнатпаған Кемпірқосақ:
-Мен берген түсімді қайта ала алмаймын. Мә, саған көк түс ,-деп қызыл түстің үстіне көк түсін шашып жібереді.Баклажан қою көк түсті болып шыға келеді.
-Қалай түсің енді ұнады ма?-дейді оған Кемпірқосақ. Кемпірқосаққа ренжіген Баклажан басын төмен қаратып, бұртиып оған сөйлемей қояды.
Жеміс-жидектер мен көкөністердің бірінен кейін бірі әдемі түске еніп жатқанын көрген Қияр жапырақтарының арасынан шыға алмай біраз әуреге түседі.Дәу Асқабақ маңғаз қалпы асықпай:
-Менің сары болғым келеді,-дейді.
-Сен сары бола ғой, Асқабағым,- деген Кемпірқосақ ооған сары түсінен шашып жібереді.
Сол сәт секіремін деп жапырақтың арасынан сәл басы қылтиып көрініп қалған Қиярға сары түстің бір тамшысы тамып кетеді. Лезде –ақ Қиярдың басындағы жап-жасыл гүлі сап-сары боп шыға келеді . Қуаныштан беті балбұл жанған Қияр отыра қалып басындағы сары гүлін тамашалауға кіріседі.
Ал Асқабаққа сары түс түгел жетпей, оның денесінде жасыл жолақтар қалып қояды. Бірақ асқабаққа мына түсі де қатты ұнайды. Ол Кемпірқосаққа
-Рахмет саған, Кемпірқосақ! Менің түсімдей түс ешбір өсімдікте жоқ-ау деймін. Мен осы түсіммен қаламын,-дейді жадырап.
Бағанадан бері айналасындағы болып жатқан оқиғаға ұйқылы ояу қарап жатқан Қарбызға Асқабақтың түсі ұнап кетіп, ұйқысы шайдай ашылады. Ол да қалыспай, Кемпірқосақтан әдемі бір түсті сұрап алайын деп ұмтыла бергенде, Кемпірқосақ жоқ болып кетеді. Қарбыз жасыл күйінде қалып қояды. Содан бері ол Кемпірқосақтың шығуын күтіп, үнемі аспанға қарап жататын болыпты.
ІV. Өзіндік жұмыс.
1. Ермексаздан жеті шелпек жасату.
2. Дайын пішіндерден кемпірқосақты құрастыру.(үлкен ,кіші ұғымдарын пайдалану.)
VІ. Қорытындылау.
- Жеті саны қандай сан?
- Жеті санына байланысты қазақта қандай ұғымдар бар екен?
- Кемпірқосақта неше түс бар?

VІІ. Өзін-өзі бағалау.
Геометриялық пішіндерді таңдату арқылы көңіл күйлерін бағалау, мінездеріне сипаттама беру. Тәрбие.орг сайтынан «Жеті –қасиетті сан» Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қалдымұратова Ақмарал

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Бастауыш сыныпқа арналған ашық сабақтар | Логин: Публикатор | Ілмек сөздер: сан», –қасиетті, Бастауыш сыныпқа арналған ашық саба, «Жеті
Көрсетілім: 67 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar