Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
МҰҒАЛІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР
  • 18.10.2016
  • 558 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 19723

МҰҒАЛІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАРДЫҢ ЖОСПАРЫ
Мектеп: Б.Бегалиев атындағы жалпы орта мектебі Семинарды тыңдаушылардың саны: 10 Мерзімі: 28.09.2016 Мұғалім: Аягөз Ануарқызы Мұғалімдерге арналған әдістемелік семинардың тақырыбы: Жалпыадамзаттық құндылықтар – мектептің біртұтас педагогикалық үдерісінің негізі
Мақсаты: Қазіргі білім беруді ізгілендірудің негізі ретінде жалпыадамзаттық ақиқат, дұрыс әрекет, сүйіспеншілік, тыныштық, қиянат жасамау құндылықтарының мәнін ашу;
Міндеттері:
1. Оқушылардың бойындағы рухани құндылықтарды дамыту мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделуі керектігін түсіндіру;
2. Мұғалімдердің педагогикадағы іс – тәжірибесін жалпыадамзаттық рухани құндылықтармен байыта білуге баулу;
3. Мұғалімнің оқушымен адамгершілік қарым – қатынас жасау, олардың талап – тілегімен санасу, мейірімділік, кішіпейілділік, қайырымдылық, жанашырлық сезімін дамытуына бағыт – бағдар беру; Ресурстары (материалдары, көздері)
Жоспар:
1. Рухани – адамгершілік білім беруді ізгілендірудің жаңа бағыттары, Өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының педагогикалық-психологиялық негіздері
2. Рухани-адамгершілік білімнің қазіргі әлемдегі басымдылығы, мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар
3. Жалпыадамзаттық құндылықтарды дамытудағы мұғалімнің ролі, жалпыадамзаттық құндылықтарды басқа пәндермен интеграциялаудың тиімділігі.
Жүру барысы:
1. Ұйымдастыру
2. Тыныштық сәті: Нұрға бөлену: баяу музыка
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтуда. Нұр сәулесін құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Нұр сәулесі жүйке жүйеңізге жетіп, жүйке жүйесінің әрбір талшығы нұр сәулесімен қуаттанды. Сіздің жүйкеңіз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, балаларыңызға, мұғалімдерге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады.
Не сезіндіңіз? Ойыңызбен бөлісіңіз.
Ойын: «Кесемен жұмыс
Ойынның мақсаты: Адамдардың өз-өзіне деген сенімділігін арттыру
- Қандай күйде болдың? /ой бөлісу/
(Сенім болмаса жұмыс нәтижелі болмайды)
3. Презентациялау
1.Рухани – адамгершілік білім беру – бұл білім мазмұнына оқушылардың жоғары рухани – адамгершілік болмысын ашуға және толық адам болып қалыптасуына ықпал ететін жалпыадамзаттық құндылықтарды енгізу арқылы оларды белсенді оқу – танымдық әрекетке ынталандыруды және оны ұйымдастыруды, ойы, сөзі және ісі бір жерден шығатын кемел мінезді адам тәрбиелеуді мақсат ететін педагогикалық үдеріс. Рухани-адамгершілік-адамдарға деген ізгі ниеттілік, құрмет, жанашырлық пен сенім, кеңпейілділік, басқалардың мүддесі үшін жан аямаушылық сияқты жеке қасиеттерді қамтиды.
К.Д.Ушинский: «Білімін үздіксіз жетілдіруден жалықпаған ұстаз ғана мұғалім болуға жарайды, ал біліктілігін шыңдаудан қалған күні мұғалім болудан да қалады».
В.А.Сухомлинскийдің сөзі: «Мұғалім жақсы сабаққа өмір бойы дайындалады. Біздің мамандығымыздың рухани және философиялық негізі осында: оқушыларға білім ұшқынын шашу үшін мұғалім өз бойына телегей-теңіз нұр жинауы керек»,-дейді.
И.К.Крупская: «Бөтен адамның сөзінен гөрі,өзінің жақсы көретін мұғалімінің сөзі басқаша қабылданады»,-деген.
«Егер мұғалім тек сабағына деген махаббатты көрсетсе, онда ол жақсы мұғалім. Егер мұғалім балаға анасы, әкесі сияқты махаббатты сыйласа, онда ол барлық кітапты оқып, бәрін білетін мұғалімнен екі есе жақсы мұғалім»,-деген екен Л.Толстой.
Мишель Монтень: «Оқушы құлағына воронкаға май құйғандай үнемі ақпарат құюды әдетке айналдырып, айқанымызды қайталауды ғана талап етеміз.
Мен болсам, мұның дұрыс емес екендігін мұғалім түсінгенін қалаймын. Мұғалім о бастан баланың табиғи қабілеттілігіне қарай талап қойып, оған ойындағысын айтуға мүмкіндік беруі қажет».
Ш.А.Амонашвилидің «Улыбка где ты?» деген кітабында «Балаға күлкі сыйлайтын мұғалім» деген. Табиғат аясында отбасы өмір сүрген екен, олар жымыңдаған жұлдыздарға, шуақты күнге күнде күлімсіреп жүрген еді. Заман өзгеріп, балаларды тәрбиелеуге мұғалім келді. Балалар өзгере бастады, ашуланшақ бола бастады, енді табиғатқа күлімсіреп қарамайтын болды. Мұғалім балаларды мәдениетке үйретсе де, бар күлкілерінен айырған екен. Ендеше, құрметті ұстаздар, балаларға сүйіспеншілік күлкісін сыйлай білейік, балаларды қайта табиғи күйіне алып келейік.
2. Рухани кәусар бұлаққа барар жолды іздеу –әр адамның міндеттерінің міндеті. Өзін-өзі тану пәні адамның өзін-өзі тануына, өзінің ең жақсы қасиеттерін анықтауға, өз ар ұжданын сақтап, әрқашанда АДАМ деген атқа лайық болуына ықпал етеді. Рухани бастау ол адамгершілікпен, риясыз мейірімділікпен, махаббатпен, өзара түсінушілікпен, төзімділікпен жүзеге асырылады. Рухани-адамгершілік адамдарға деген ізгі ниеттілік, құрмет, жанашырлық пен сенім, кеңпейілділік, басқалардың мүддесі үшін жан аямаушылық сияқты жеке қасиеттерді қамтиды.
Жалпыадамзаттық құндылықтар -тұлғаға рухани-адамгершілік білім берудің негізгі өзегі болып табылады. Ақиқат, дұрыс әрекет, тыныштық, сүйіспеншілік, қиянат жасамау сияқты адамгершілік құндылықтарды жете түсінгісі келетін кез келген адам, осы құндылықтарды іс жүзінде қолданып, оларды адал ниетпен және ақ пейілмен таратса, сол адамды нағыз білімді адам деп атауға болады. Жалпыадамзаттық құндылықтарды адамның бойынан жарыққа шығару ізгілікке апарады, яғни, мінезін өзгертуге болады. Адамның жақсылыққа ұмтылуы, ақиқатқа жүгінуі оның болмысынан ішкі жан дүниесінде бес құндылықтың бар екенінің дәлелі емес пе? Егер осы құндылықтарды мәуелі ағашқа теңеп көрсек, мәуелі ағаштың тамыры – мәңгілік құндылықтар, оны ақиқатқа теңейміз. Ағашқа құятын суды, сүйіспеншілік деп алайық. Егер мәңгілік құндылықтарды, ақиқатты, сүйіспеншілікпен түсінсек, суарсақ, әрқашан әрекетіміз дұрыс болады.Яғни, мәуелі ағаштың діңі түзу өседі. Әрекетіміз дұрыс болса, ішімізде тыныштық орнайды. Мәуелі ағаш бүршік жарады. Ішімізде тыныштық орнаса, біз ешқашан қиянат жасамаймыз, тіпті ойламаймыз да. Яғни ағаш жемісін береді. Ақиқат, сүйіспеншілік, дұрыс әрекет, ішкі тыныштық, қиянат жасамау - бұл мәңгілік бес құндылық адамның ұлтына, нәсіліне, ортасына, дініне қарамайтын, уақытпен өзгермейтін құбылыс. Адамның руханияты мен мәдениетінің жиынтығы, даналығы. Бүгінгі таңда рухани білім әлемге ауадай қажет болып тұр. Сондықтан әр адамның ақыл ойын жаңғыртып, санасын өзгерту керек, сонда әлем де жаңарып, өзгереді.
Ақиқат-өзін бәріне қатысы бар және бәріне де жауапкер бөлінбейтін бірліктің бөлшегі ретінде қабылдау. Дұрыс пен бұрыстың арасындағы шынайылықты ажырату.Ол уақытқа: өткенге, бүгінге, болашаққа тәуелді емес. Сүйіспеншілік- бұл таза, риясыз және шүбәсіз сүйіспеншілік, өмірге тірек болатын жасампаз қуат. Дұрыс әрекет- борыш пен жауапкершілікке, ішкі ар-ұждан дауысына сәйкес мінез-құлық.
Қиянат жасамау- ешкімге оймен, сөзбен қиянат жасамау.
Ішкі тыныштық- ақылдың толықтай тынышталуы, адамның терең табиғаты. Ақыл мен жүрек тең болғанда ішкі тыныштық орнайды.
Құндылықтардың алғашқы екеуі –ақиқат пен дұрыс әрекет, барлық адамгершіліктің мәнін қамтиды.
3.Рухани – адамгершілік білім беруде оқушы мен мұғалімнің өзара қарым – қатынасына негізделген және мұғалім өзінің іс – әрекетімен оқушыларға үлгі көрсетуі арқылы, олардың рухани дамуына жағдай жасай отырып, шабыттандырады, ынталандырады. Мұғалім гуманды стиліде болып, ізгілікті, мейірімді, барлық балаларды бірдей жақсы көре алғанда ғана ізгілікті білім қалыптастыра алады. Ш. А. Амонашвили: «Улыбка моя, где ты?» кітабында:
Мейірімділігінен ада мұғалім өзінің тәрбиеленушілеріне зиянын тигізуі мүмкін...Олар тіпті жүректен шыққан мейірімнің өмірді қайта жандандыратынын, оны әдемі ететінін білмейді. Мейірімділікті өмір емес, керісінше, мейірімділік өмірді жандандырады... деген болатын.
Ш.А.Амонашвили: «Балаларды қазіргі мектеп қанағаттандырмайды. Балалар бізден жанды білім күтеді, ал біз болсақ оларға жансыз білім берудеміз».
Жанды білім-биікке самғайтын қанаттар. Жансыз білім-аяқтағы кісендер. Жанды білім адамды рухтандырады, өз өмірін жаңаша және мәнді құруына жетелейді. Ал жансыз білім адамға керегі жоқ және тез ұмытылатын білім.
Ш.А.Амонашвили: «Балалар-қорқынышы жоқ ғалымдар, қате жібереді, сынап көреді, іздейді, тіпті өмірлерін де қатерге тіге алады.Балалар оқуды сүймейді, оларда жалқаулық бар деп кім айтты?-Бұл адасу.Ал біз, үлкендер не істейміз: біртұтас білімді ұсақ бөлшектерге бөлеміз, оларды ұзынынан-ұзақ нөмірленген жаттығулар, мысалдар, тапсырмалар, параграфтар тізбесіне айналдырамыз және де оларды орындап, жаттауға мәжбүрлейміз...».
Интеграциялау жолдары:
1.Ұлы ғалымдардың өмірінен және ғылымның даму тарихынан шабыттандыратын мысалдар келтіру.
2.Қазіргі ғылымның жаңалықтарымен таныстыру.
3.Әр оқу пәнінің мазмұнынан жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтау.
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімнің басқа пәндермен интеграциясы- ол, ең алдыменен мектептегі білімді жандандыру, оның рухани-адамгершілік болмысын жарыққа шығару, ол-біртұтас білім, барлық пәндерді мәңгілік жалпыадамзыттық құндылықтар негізінде жинақтау және әр алуандықтың біртқтастығын көре білу.Мәңгілік құндылықтар білім берудің ошағына айналуы керек, басқаша айтқанда, біз оқытатын нәрселеріміздің барлығының біртұтас екендігін көрсетуіміз керек. Кез келген пәннің рухани – адамгершілік біліммен ықпалдасуы адамдардың қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруін, айналадағы барлық нәрселерге құрметпен қарауды, бүкіл әлемді сүюді үйретеді. Оқушылардың бойында ақиқат, дұрыс әрекет, сүйіспеншілік, жан тыныштығы, қиянат жасамау сияқты адами құндылықтар қалыптасып, ар – ұжданның үніне сәйкес жүрекпен түсіну арқылы өмір сүруді үйренеді.

Бейнекөрсетілім «Звездочка на земле» фильмін көрсету
Пікірлесу: Фильмнен алған әсеріңізбен бөлісіңіз

Шығармашылық, топтық іс – әрекет: Көрініс көрсету.
І – топ: Жақыныңа жәрдемдес
ІІ – топ: Автобустағы кикілжің
ІІІ – топ: Емханадағы кикілжің
Топпен ән айту: «Армансыз күнім болмайды»
Сөзі: Т. Толқынқызы
Әні: Ш. Ахметова
1. Бақытты жанмын сонда да бірақ
Көңілім кейде толмайды
Алаңсыз күліп жүрген кезде де
Армансыз күнім болмайды
Қайырмасы:
Аспанда күнде, айналар түнге
Арманым өлсе сол қайғы
Бақытқа сенемін
Армандай беремін
Армансыз күнім болмайды
2. Армандап ғұмыр кешемін күнде
Бір үміт қалсын ішімде
Арманмен бірге өсемін менде
Адам болып қалу үшін де
Қайырмасы:
Талдау

Үй тапсырмасы:
1. Мен қандай мұғаліммін! эссе жазып келу
2. Өзін – өзі тану пәнін басқа пәндермен интеграциялау жоспарын құрып келу.

Жиналыстың қорытынды сәті: Баяу музыка қосылады.


Менің бүгінгі семинардан алған әсерім.
Ақ қағаздар таратылады. Мұғалімдер өз ойларын, пікірлерін білдіреді, жазады.
Соңғы тыныштық сәті: Бүгінгі семинардан алған әсерлеріңізді, барлық ізгілікті қасиеттер мен іс - әрекеттерді жүректеріңізге түйіп, сүйіспеншілікке толы нұр әлеміне айналыңыз.
Тыныштық, тыныштық, тыныштық бар жерде,
Тыныштық, тыныштық, тыныштық бүкіл әлемде.
Жайлап, көздеріңізді ашуға болады.
Бүгінгі керемет семинар үшін сіздерге көп рахмет!
- Мұғалімдерге арналған сауалнама толтырту. Тәрбие.орг сайтынан МҰҒАЛІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР Мектеп әкімшілігі материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: АЯГӨЗ АНУАРҚЫЗЫ

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ, ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫ, Б.БЕГАЛИЕВ АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІ ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Мектеп әкімшілігі
Көрсетілім: 558 | Жүктеулер: 2
Барлық пікірлер: 0
avatar