Ғасырда бір туатын дарабоз

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 682
  • Авторлық бағдарлама
  • 02/Апр/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 18379


Кештің мақсаты: Ғасырлар тоғысында Мұқағали Мақатаевтың ақындық талантын оқушы жүрегіне ұялату, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру.
Кеш «Аққу» биімен ашылады.
1 жүргізуші:
Ассалаумағалейкум, ақынын аялап, азаматын ардақтаған Алаш жұрты!
2 жүргізуші:
Армысыздар, қадірменді жыр сүйер қауым!
1 жүргізуші:
Бүгін, шындықтан туған шынайы поэзияның иесі, қазақтың қара өлеңіне ешкімге ұқсамайтын өзгеше рең, өшпес бояу беріп, қайталанбас құбылысқа арналған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев - 85 жаста.
2 жүргізуші:
Бүгін, естір құлақ пен ессіз көңіл қайыра бір сілкініп, ұлы Музаның сиқырлы, сырлы сазына шомылары, меңіреу шыңдарға тіл бітіп, бедеу қырларға үн қонары, қошқар мүйізді қазақтың қай-қайдағысы еске түсіп, жазығында тұлпары тулап, көгінде қыраны қалқыры, жаны жадырап, көңілі шалқыры ақиқат.
1 жүргізуші:
Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Қазақ поэзиясының Хантәңірі- Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған «Ғасырда бір туатын дарабоз » атты әдеби-жыр кешімізге қош келдіңіздер!
2 жүргізуші:
«Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп, екі ай емханада жаттым. Екі айдан соң жұмысқа шықтым. Бешпентімнің қалтасынан хат шықты, Мұқағалидың жазуы екен: «Аға, мен ғой. Ішім күйіп барады. Не болатынын білмедім. Мынаған көңіл бөліп көріңізші!» депті. Бұл «Есіңе мені алғайсың» әні еді. Көзімнен жасым сорғалап отырып, осы әнді жазып шықтым» - деп есіне алады композитор Нұрғиса Тілендиев.

1 жүргізуші : Иә, Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол өз замандастары мен кейінгі ұрпағының өзін өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын ала сезген еді.
Ән : «Есіңе мені алғайсың» Орындайтын: музыка пәнінің мұғалімі Сағынов Д
2 жүргізуші:
Өмірге бір-ақ келген асыл едің,
Теңіздей тебіреніп тасып едің.
Сағымға еніп кеткен кемедейсің
Аралап ХХ ғасыр елін.
1 жүргізуші
Өмірін өлеңменен өрген ақын,
Тағдырдың тапшылығын көрген ақын.
Қазақтың қасиетті қара өлеңі
Жалғаса береріне сенген ақын, - деп біз де ғасырда бір туатын дара тұлғаны сағына еске аламыз.
2 жүргізуші:
Олай болса бүгінгі «Ғасырда бір туатын дарабоз » атты әдеби кешіміздің қатысушыларымен таныс болыңыздар.
1.Бастауыш пәндер бірлестігінің ұстаздары бастаған «Аманат » тобын ортаға шақырамыз.
2. Гуманитар пәндер бірлестігінің ұстаздары бастаған «Шабыт» тобы
3.Жаратылдыстану пәндер бірлестігінің ұстаздары бастаған «Лашын» тобы
4. Эстетикалық пәндер бірлестігінің ұстаздары бастаған «Мұзбалақ» тобы
1 жүргізуші: Әдеби кештің бөлімдерімен таныстырып өтсем:
1 – бөлім: Топтардың таныстыруы. Шарты: Таныстыру презентация, қойылым, ән, өлең түрінде өтуі тиіс және мағынасына, өлеңмен, ақынмен байланысы ескеріледі.
2. – бөлім: «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» Ақын өлеңдерін оқу. Шарты: Өлеңді оқу мәнеріне, топ мүшелерінің қатысымына, жатқа, образға ене оқуына мән беріледі.
3 -бөлім: «Аққудың қанатына жазылған ән» Ақын сөзіне жазылған әндерді шырқау. Шарты: әнді орындау шеберліктері, топ мүшелерінің қатысы, сахнадағы жүрісьтері ескеріледі.
4 -бөлім: «Айтылар естеліктер мен туралы» Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығынан көріністер көрсету. Шарты: Сахналық жүріс, образға ене білуі, көркем шығарманың мазмұндылығы, мәтінге сай көрнекіліктері ескеріледі
1 жүргізуші:
Бүгінгі әдеби кеш топтар арасындағы сайыс түрінде өтетін болғандықтан әрине әділ қазылардың болуы міндетті. Олай болса әділ- қазылар алқасын ортаға шақырайық.
1. Жем модульдік кітапханасының меңгерушісі Рамбаева Гүлмира Еркінқызы
2. Мектеп директорының тәрбие ісінің орынбасары: Құлманова Злиха Санаққызы
3. Химия пәнінің мұғалімі: Дусипова Миргүл Уәлиқызы
( Топтардың өнер көрсету реттілігін номер арқылы ажыратамыз. Топтың бір мүшесі келіп әділ қазылардан номерлерін алады)
2- жүргізуші:
Жыр кеңістігі – шексіз, ал сен дарасың,
Ғасырыңды жырлап өткен данасың.
Табындырып,, сағындырып біздерді.
Хантәңірідей биіктеп сен барасың.
1 жүргізуші:
Қазаққа тән қара өлеңге табынды,
Ата – баба дәстүрінен ап үлгі.
Ұшан – теңіз ұлылықты паш еткен,
Мұқағали – поэзия алыбы, - деп кезекті топтардың таныстыруына берейік.
(Барлық топ таныстырып болғаннан кейін ән жіберу)
Ортаға М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Бесік басында» әнімен Нарымбаева Мерекені шақырамыз.
(Әділ қазылардын І бөлімнің бағасын сұрау)
2 жүргізуші:
Көңілі асқақ биікке ұмтылған тау ұлының өмір өткелдері туралы біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ақының азан шақырып қойған толық аты – Мұқаметқали.
1-жүргізуші:
<<Пайғамбардың атын түгел айту балаға ауыр болады>> деп, әрі еркелетіп, әрі қысқартып Мұқағали атап кеткен.Ол 1931 жылы 13 наурызда Алматы облысы, Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Әкесі Сүлеймен мен анасы Нағиман – Мұқағали, Тоқтарбай, Көрпеш есімді 3 ұл тәрбиелеп өсірген шаруа адамдары. 1941 жылы әкесі Сүлеймен Мұқағалидың 10 жасында майданға аттанады. Бұғанасы бекімеген Мұқағали еңбекке араласты, ат соқамен жер жыртты, астық орды, шөп шапты.
2-жүргізуші: 1948 жылы орта мектепті бітірісімен, мәдени-ағарту саласында түрлі қызметтер атқарды. Мектепте әдебиет пәнінен сабақ берді. Аудандық газетте әдеби қызметкер болып істейді.
Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.
1-жүргізуші : Мұқағали Мақатаев поэзиясы күншілдерге көктен түскен жасындай болып, көзі ашыққа мәңгі тозбас асылдай болып ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға еш бояуын жоғалтпай көшкені анық. Оның поэзиясы бүгін де әнге айналып көкте қалықтайды. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.
2-жүргізуші:
Ақынның жары Лашын өз естелігінде: «Тағдыр қалам ұстауға шамамды келтірсе болды, жырлар өз – өзінен төгіледі » деп отыратын. Оның құдайдай табынып өткен тәңірі - өлең жырлары. Өлең тынысы, алдамайтын адал досы, жұбаныш үміті, жанашыры, қуанышы, сырласы мен мұңдасы ,-деген екен.

Олай болса кезекті ақын поэзиясына арналған «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты екінші бөлімге береміз.
1 жүргізуші: «Өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса, Мұқағали Мақатаев та көз жұмған жоқ. Қатарымызда, әне, ол мұзбалақ қыранша дүр сілкініп, бүкіл залды тебірентіп, жазық маңдайы жарқырап, жарқылдап жыр оқып тұр» деген екен Әбділда Тәжібаев. Олай болса ортаға Мұқағалидың жырын сүйіп тыңдайтын кішкентай өнерпаз Нұртілеуді «Үш бақытым » өлеңімен шақырайық.
(екінші бөлімнің бағасын сұрау)
2-жүргізуші: Мұқағали жырлары кімнің де болса жүрегін баурап, еріксіз елітіп әкетеді. Ол ананың мұңын, әженің әлдиін, жетім- жесірдің қайғысын, ердің ерлігін, пәк махаббатты, адал достықты жырға қосты. Өзінің балалық шағына тап келген сұм соғыстың салған ылаңына куә болды. Өзі көзімен көріп, бала жүрегімен сезінген ардақты аналардың, аяулы жеңгелердің мұң- зарын жүрегін жарып шыққан жырларына арқау етті.
1-жүргізуші: Мұқағалидың көп өлеңдеріне ән жазған әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев болатын.
«1975 жылдың күзі болатын. Жазған баланың өлерінен бір жылдай ғана бұрын ғой. Мұқағали еш жерде жұмыс істемей, үйінде шығарма жазып жатыр дегенді естідім. Бауырдан қатты азап көріп, ауырып жүргенін де білем… Неге екенін қайдам, інімді арнайы іздеттім. Нені жырласа да жеріне жеткізе, құлақ құрышын қандыра, жүрегіңді тербете айтатын ақынның сөзіне ән жазғым келді»,-деп тебірене есіне алатын композитор. Әрине, қос дара талантты табыстырған өнер деген күштің құдіретіне тағы да бас имеске лаж жоқ.
2- жүргізуші: Өлең өнер, өлең дерт, оны туа біткен дарын иесі, шын талант қана өмірге әкеледі. Ақын әкелген әрбір сөз жүректерге ән болып, әуен болып жетіп жатыр. Оның әндері-таңғы шықтай мөлдір, сырлы әуенді. Ендеше, кезекті «Аққудың қанатында жазылған ән» айдарымен келесі бөлімге берейік.
(әділ қазылар бағасы)
1-жүргізуші:
Өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсеткен ақын Мұқағали "Жан азасы" (реквием) поэмасында өмір туралы гимн туғызды. "Аққулар ұйықтағанда" поэмасында ел наным-сенімін қастерлеу, сұлулық үндестігін жыр етсе, "Райымбек, Райымбек!" дастанында ел тарихын, ел басына қатер төнгенде қолына ту алып, жауына қарсы аттанған Райымбек Хангелдіұлының ерлігін суреттейді.
2 - жүргізуші:
Ақынның жүріп өткен жолдарының өзі бір дастан емес па . Олай болса кезекті «Айтылар естеліктер мен туралы» айдарымен өмірі мен шағармашылығынан көрініске берейік.
Ән : «Саржайлау» Нарымбаева М. Аймолда А.
1 жүргізуші:
Бүгiн сенiң туған күнiң шiркiн-ай,
Ұмытпастан тойлап жүр ғой жұрт ұдай.
Сексен беске толар едiң жан аға,
Ғұмырыңды сәл ұзартса бiр Құдай.
Мына дүние жатыр бүгiн қылып той,
Жырларыңнан жүр жұртымда жылып бой.
Мұзбалағы Хантәңiрдiң, уа, Мұқа,
Халқың сенi ұмытпады бiлiп қой.
2 жүргізуші:
Жетпесе де қадiрiңе тiрiңде,
Банкет емес...той жасады бүгiнде.
Тiрi болсаң ат мiнгiзiп астыңа,
Ұсынар ед құшақ-құшақ гүлiн де.
Тапсырғанмен қара жерге тәнiңдi,
Ал жырларың жасай берер түбiнде.
Тойлай берсiн, тойлай берсiн Алашым,
Дүбiрлетiп қазағымның даласын.
Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық-шынымен бақытты халық.
1-жүргізуші. Иә, Мұқағали- ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын.
Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп, қадірлейтін қазынасы. Құрметті қонақтар,ұстаздар мен оқушылар!
«Ақын болсаң, алмас бол тайпалмаған,
Сен айт менің ойымды, айта алмаған» - деп болашақ ұрпаққа жол сілтеген Мақатаев жырлары, бүгінгі кеш барысында оқушыларға шабыт беріп, өз бойларындағы таланттарын шыңдауына арқау болады деген сенімдеміз.
2 жүргізуші:
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналған « Ғасырда бір туатын дарабоз » атты әдеби-музыкалық кешін осымен аяқтаймыз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рақмет!
Бүгінгі поэзия кешіне қатысқан барлық оқушыларға алғысымызды білдіреміз.
Хош сау, болыңыздар

Қ.Жазықов атындағы орта мектебі



Қазақтың қара өлеңінің Хантәңірі М.Мақатаевтың туғанына
85 жыл толуына орай ұйымдастырылған ән – жыр сайысы



Ұйымдастырушы: Д.О.Сағынов
Л.Е.Шырдабаева











Қ.Жазықов атындағы орта мектеп ММ







Ұйымдастырушылар
Гуманитар пәндер бірлестігі
2016 жыл





«Мұқағали мұрасы, маржан поэзиясы – болашақ ұрпақтардың еншісі, қастерлеп - қадірлейтін қазынасы»
Зейнолла Серікқалиев

Бағдарламада:
1. Топтық таныстыру.
2. «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін»
Ақын өлеңдерін оқу
3. «Аққудың қанатында жазылған ән»
Ақын сөзіне жазылған әндерді шырқау
4. «Айтылар естеліктер мен туралы»
Ақынның өмірінен және шығармаларынан көріністер көрсету



Құрметті_________________

Сізді Қ.Жазықов атындағы орта мектепте М.Мақатаевтың 85 жылдығына орай гуманитар пәндер бірлестігінің ұйымдастыруымен
өтетін «Жырлайды жүрек» тақырыбындағы әдеби кештің қонағы болуға және әділ қазылық етуге шақырамыз.
Өтетін орны: АКТ залы
Уақыты: 13 ақпан. 2016 жыл
сағат: 1500
Гуманитар пәндер бірлестігі Тәрбие.орг сайтынан Ғасырда бір туатын дарабоз Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Ляззат Шырдабаева

Пікірлер: 0

avatar