Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
«Қазақ даласының жыршысы»
  • 28.05.2016
  • 413 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 19129

«Тұран» мектеп-лицейінің қазақ тілі кафедрасы
2015-2016 оқу жылы
Алматы қаласы

«Қазақ даласының жыршысы»
Жұбан Молдағалиевтің 95-жылдық мерейтойына арналған шағын
әдеби-музыкалық кеш

"Жұбан Молдағалиев өлеңдері - мол дүние,
әрі алуан сипатты сырлы жырлар"
М.Әлімбаев
1-жүргізуші: Сәбитов Ринат
Қайырлы күн, «Тұран» лицейінің ұстаздары, қонақтары, шәкірттері!
2-жүргізуші: Григориади Катя
- Жұбан Молдағалиевтің 95 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ даласының жыршысы» атты шағын әдеби-музыкалық қойылымға қош келдіңіздер.Бұл кешіміз Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған.
1-жүргізуші:
- Қойылым үш бөлімнен тұрады: «Мен Жұбанмын...», «Мен махаббатты жырлаймын ...», «Мен қазақпын ...».
2-жүргізуші:
- Ондай болса, уақытты созбай өз заманының дүлдүл ақыны, елін-жерін жырына қосудан еш талмаған Жұбан Молдағалиевке арналған «Мен Жұбанмын» бөлімін бастайық.
1-Мен Жұбанмын
1-жүргізуші:
- Ақын туралы қысқаша ақпарат беретін болсақ, Жұбан Молдағалиев 1920 жылЫ, 5 қыргүйекте Орал облысы, Жыланды ауылында дүниеге келген — қазақ ақыны, жауынгері, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы.
2-жүргізуші:
- Оралда ауыл шаруашылық техникумын 1940 жылы бітіріп, 1940-47 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды. Ұлы Отан соғысына қатысты.
1-жүргізуші:
- Одан кейінгі жылдары: "Лениншіл жас" , "Қазақ әдебиеті" газеттері мен "Жұлдыз" журналы редакцияларында қызмет істеді. Алғашқы өлеңі Орал "Комсомол ұрпағы" газетінде 1939жылы басылды.
2-жүргізуші:
- Жұбан Молдағалиевтің көптеген поэмаларында азаматтық сарын мен көңіл күй лирикасы басым.
1-жүргізуші:
- Бұл ақын туралы біздің берген ақпараттарымыз. Өзі жайлы ақын не дейді екен?
Құсайынов Ануар -11а
Анкетама қосымша

Мен Жұбан – төрт баланың кенжесі едім
Көргем жоқ шабылғанын мен десе елдің
Қазанның қаспағына таласам деп
Кенет бір сырын аштым кем кеселдің

Ұзамай өліпті әкем Молдағали
Бола алмай, ол молла, ол Ғали
Шырылдап жатыппын мен құтсыз бөбек
Обадан қырылғанда ондаған үй

Анашым – аты Зәріп – беріде өлді
Ұлына сүтін, күшін беріп өлді
Әйелдің алдияры ақ сұңқары
Аптапқа, аязға да берік еді

Жар да жоқ Софьямдай жер бетінде,
Жел болып бір тимеген ел бетіне
Қуаныш, Қуандығын, Азаматын
Ананың сусындатқан шербетіне

Өскем жоқ құран оқып, құдай танып
Ғашық та болған емен ұдай талып
Ел ана биік ұғым өз алдында
Сүйгенім – өлең ғана құлай тауып

Сонымен білмес болса Жұбанды кім,
Өлеңде, өмірде де Жұбан бүгін
Құлы да қожайыны ұлы елдің,
Тұрақты өкілі әрі Жыландының
1-жүргізуші:
- Ақын сөз құдіретін, жыр құдіретін жүрегімен түсінген адам. Ол үшін поэзиядан, сөз өнерін асқан асыл мұра жоқ.
2-жүргізуші:
- Ол ұрпақтан ұрпаққа сарқылмай жететін байлық өнер- сөз өнері, поэзия деп білген. Өз өмірінде де жырларын байлығы деп білген.
1-Қойылым
Бөлме іші. Жұбан Молдағалиев үстел басында кітап оқып отырады. Қолында бет орамалы, ауырып отырады. Бөлмеге баласы арман келеді.
Жұбан:- Тұрсынов Жанияс -9а
- Ааа, балам, сенбісің?
Арман:- Ақылбеков Ж 6 а сынып оқушысы
- Иә, әке, мен ғой. Әлі ауырып отырсың ба?
Жұбан:
- Тәуір боп қалдым, ештеңе етпейді, балам.
Арман:
- Әке біздің үйдің кітапханасы, тура біздің мектептің кітапханасындай дейді, Айдар.
Жұбан:
- Ееее, ол қай Айдос? (Жұбан күледі)
Арман:
- Менің сыныбымдағы досым ше?Өткенде біздің үйге келіп, кітаптарды көріп, солай деді.
Жұбан:
- Иә, иә, түсті есіме. Еее, балам, кітап дүниедегі ең құнды дүние ғой. Байлықтың бәрі кітапта. Бұл әкеңнің өмір бойы жинаған байлығы ғой.(Кітапты қолына алып, күледі)
Арман:
- Папа, бұның бәрі маған қала ма?
Жұбан жалт қарап:
- Маған қала ма дейсің бе? Енді балам... Әкенің дүниесі балаға мұра ғой...
Баласы келіп мойнына асылады.
Арман:
- Әкетайым менің! Папа, мен далаға кеттім. Тез жазыл! (баласы шығып кетеді.)
Жұбан:
- Не тұр сәби сөзінде сол? –
О жасаған, секемшіл боп кетіппін.
Кейде ақынға сезім де сор –
Сөгіледі тігісіндей етіктің.

Ал, расында, не қалдырам, балаларыма мұра болып, әкесінен не қалмақ?
Қандай болмақ аманатым?
Қалар иә, мынау тұрған кітаптар.
Қалар аз-көп қаламақым.
Барым осы, ғафу, үрім бұтақтар.

Жоқ, жоқ, ұлым, түкір оған,
Дүниеқоңыздықтан бол аулақ.

Мен аманат етем саған
Жарқын өмірбаянымды, бал тәттім.
Соның өзі жетер саған –
Ол – тағдыры коммунистің, солдаттың

Қорға біздің азат күнді
Ал жауынгер қаруымды балдырған
Ол қаруым – қазақ тілі
Байлық та сол ата-бабам қалдырған

Осы менің аманатым
Сенің оқыс бір сөзіңнен сыр жайдым
Бара ғой, бар, Азаматым
Мен ойлайын өлім емес жыр жайын.

Қолына қаламы мен қағазын алып кете береді.
1-жүргізуші:
- Ақынның өмірі, өлең жырға деген құрметі жайлы біраз нәрсеге қанық болдық. Ал ақынның өз жырларын жазуда кімді үлгі тұтқан?
2-жүргізуші:
- Әрине, ұлы Абайды.
1-жүргізуші:
- Катя, неге олай деп шештің?
2-жүргізуші:
- Себебі ұлы Абай мен Жұбан ақынның жырларының ұйқастары айдай анық көрініп тұрады.
1-жүргізуші:
- Олай болса, ақынның Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» өлеңімен сарындас, жиырма бірінші ғасырдың аруына арналған «Айттым сәлем» өлеңін қабыл алыңыздар.
Айттым сәлем – Котова Элизабет 8 а
Мен өзгеше жазамын,
Мен өзгеше назамын.
Көтеремін сен үшін.
Жер дүниенің азабын.

Сәлем, саған қаламқас,
Саған – мал, бас, ықылас.
Құрбан болды сен ойлап,
Сансыз саңлақ балғын жас.

Болмаса да тілінде дүлдүл күші
Өз сырының әр таңдай бұлбұл құсы
Жаям саған, о, перизат
Жиырмасыншы ғасырдан жүз жыл кіші.

Саған деген сезімі өлшенбейді,
Жер астының отындай ол сөнбейді.
Көбелектей кептіріп кітапқа сап
Жесір жырым ұсынар өлсем мені

Сөкпе мені сұлуы ертеңгінің,
Құрбыңдай көп бір сәтке, бер теңдігін.
Тұңғыш жырлар дәптері өз алдына,
Шүберектей алаулап өртенді үнім.

Адам шіркін туа ма өлу үшін,
Жаралмай ма өмірді сүру үшін,
Мен аңсаймын келешек көкжиегін
Армандарды ақталған көру үшін.
1-жүргізуші:
Туған жер әркімге, әрқашан ыстық –қой.
2-жүргізуші:
- Ақынның келесі жырында туған жері, туған өлкесіне деген сағынышын білдіреді.
Сағындым Жайық -Диско Анастасия 11 а
Сағындым, жайық
Сағындым сені, Жайық, алма бақты,
Өткізгем өз бойыңда жастық шақты.
Сүюші ем төңкерілген толқыныңды.
Сылқылдап соғып жатқан жарқабақты.
Суыңа қармақ салып, ілгем талай
Күмістей жалтыраған ақ шабақты.
Елімнің, еркіндіктің ерке өзені.
Өзенсің өзегің кең марқабатты.
Сен десе елестейді туған жерім,
Көркейткен мөлдір суын жер бедерін,
Құрбымен, құрдастармен күліп-ойнап,
Желбегей желді түнде жүргендерім.
Жағаңда ойға шомып отырғаным.
Қиялдың кезек басып пернелерін.
Ең кемі, туған жердің топырағыда
Жүрегін толқытады жауынгердің.
Асынып аттанарда қару-жарақ,
Серт еткен ұландарын саған карап.
Толқының тіл қатқандай болды бізге:
«Жағамды жүрмесін, - деп жау аралап
Есінде жүрдің, Жайық, елеріңнің
Шапқанда атакаға сан «ұралап».
Сонда біз сен үшін де соғысқанбыз.
Ұшынан штыктардың қан сорғалап.

1-жүргізуші:
- Ақынның сағынышын жырлаған «Еділ мен Жайық» өлеңі. Тіпті өлеңге ән де жазылып, шартарапқа ән болып тараған.
2-жүргізуші:
«Еділ мен Жайық » әніне кезек берейік. –Ахмедова Айша, Сисенова Толғанай 10 а

2. МЕН МАХАББАТТЫ ЖЫРЛАЙМЫН ...

1 Жүргізуші: Жұбан жырларында Отанға деген сүйіспеншілік, туған жеріне деген сағыныш, анаға, қазақ әйеліне деген сыйластық, болашақ қазақ елінің қасиеті арқылы көрініс тапқан.Табиғатты қимас адамы – анаға балайды.

2 Жүргізуші:
Аққуым аспанда емес, жерде менің,
Әнінен тоқсан толқып тербелемін.
Аққуым аспанда емес, жер бетінде,
Сұлулық тұр тояттап келбетінде, – деп ақын жырлаған.

Перетятько Анна-9а
Аққу
Көлбеңдеме көкте ойнап,
Әнші сұлу аққу құс.
Аспаннан нені табасың,
Асқақтама жерге түс.

Менде де ұшар қанат бар,
Жүремін, бірақ жерімде,
Жерде ғой бақыт теңізі,
Жерде, бір менің елімде.

Ақ төсін айдын аймалап,
Ай жүзді менің аққуым.
Жүзеді сол бір теңізде,
Шырқайды еркін «Гәккуін»

Аққуым, ақын шабыты,
Аққудай аппақ көңілім,
Толғаймын, толғап жырлаймын,
Өлеңдей өзін өмірдің.

1 Жүргізуші:
Жұбанның алғашқы жинағы «Жеңіс жырлары» 1949 жылы шықты. Жұбан оқ пен оттың жырларын бастан кешті. Дегенмен, сол оқ пен от арасында өлең де жазылды - бірақ бұл соғыс шежіресі, соның күнделігі сияқты еді.

2 Жүргізуші:
Үзіліп қалған бейбіт өмірдің елесін аңсағандай, гүл мен күлген күннің өзін көрмей, бірақ барын сезінгендей «Отан», «Бір бассаң да алға бас», «Туған елге», «Қазақ», «Жеңімпаздар сәлемі» атты жырлары Отанға деген махабаттан туған.

Шығыста туған елім бар Дите Алексей-11 а
Шығысқа, сонау Шығысқа
Көз талғанша қараймын.
Басылмайды құмарым.
Қарасам да талай күн.

Ешбір желді сүймеймін
Өз өлкемнің желіндей.
Сол ғана маған қадірлі
Елімнің ыстық деміндей.

Құс ұшса да сол жақтан,
Келуін күтем тұсыма.
Қуанам сол құс ұқсаса
Өз елімнің құсына

Ол жаққа тағы қараймын,
Қолға алам да картаны.
Шығыста – туған елім бар,
Жүрегім соған тартады.

1 Жүргізуші: Жұбан поэзиямызда бұрын үлгісі бар тақырыптардың өзіне соны сипат берерлік кілт тапты. Ол Отанға, туған жерге, қазақ даласына деген шексіз сүйіспеншілік, махаббат сезімі.

2 Жүргізуші: Ақын сол сезімді жалаң сөз, жаттанды ой арқылы емес, ішкі сезім толқынын, жан тебіренісін ақтара, аша суреттеу арқылы жырлады. Ең бастысы, сол ыстық сезімді оятқан, соны тудырған, соған түрткі болған себептерді ашып, негізгі бағыт етіп ұстады.

2-Қойылым «Мыңның ішіндегі асылы еді»
Бөлмеде үстел басында Жұбанның шешесі Зәріп отыр, Жұбан бөлме бұрышында әскери киім киген, газет оқып отырады. Осы кезде бөлмеге София кіре келеді.
София: Гаджиева Асият -8а
Айша апай !? ( дауыстап кіреді, ұялып қалады) Сәлеметсіздер ме? Кешіріңіздер , Айша апай бар ма?
Жұбанның анасы Зәріп : Усенова Алтынай-8а
- Сәлеметсің бе , қарағым. Айша, асбөлмеде шай дайындап жүр.
София бұрыштағы орындыққа отыра қалады.
Айша апай: Ешенкулова Диара-8а
(қайнаған самауырынды көтеріп апай кірді ) -А София, келдің бе?! (самаурынды дастарқанға қойып) Дұрыс болды! Дастарқанға жүріңіздер, шай ішейік.
Жұбан: - Мына кісі ұялып отыр, сіз өзіңіз жоқ болып кеттіңіз. ( Жұбан оқып отырған газетін шетке ысырып қойды.)
Айша апай: София , танысып қой . Бұл менің Гүлсім құрбымның туыстары.
(Айша апай таныстырады. София бірден Жұбанға қол беріп танысады, содан кейін үлкен кісінің қолын алады. Өзі қатты қызарып, үйден тез шығып кеткісі келе тұрып)
София: Айша апай үйіңізге не үшін шақырдыңыз? Мен асығыс едім.
Айша апай: Не үшін? (абыржып, сасқалақтап) Өзің көрінбей кеттің ғой. Көптен көрмеген соң бір әңгімелесейік деген ойым ғой . Анаңның қалы қалай ? Аман ба?
София: Рақмет жақсы . Айша апай мен асығыс едім . Рұқсат болса....
Жұбанның анасы Зәріп : (сөзін бұзып) Жұмысқа асығып отырсың ба?
Жұбан: Құпия болмаса, қайда жұмыс істейсіз?
София: Мен тоқыма фабрикасында жұмыс істеймін.
Айша апай: Асығыс болсаң бара ғой? Бірақ , келіп жүр үйге.
София: Әрине, келемін. Сау болыңыздар!
Айша апай: - Мен айтқан қыз осы. Әдемі, ақылды, кейін жақсы әйел болады-ау?!
Жұбанның шешесі Зәріп: «Осы қызға үйленесің, басқаның қажеті жоқ».

(бір мезгілде жарық сөндіріледі. Үстел басында Жұбан мен үш ұлы мен қызы отырады. София дастарқанға ас қояды.)

Жұбан :
Таныстық, таныстық та үйлендік біз,
Үйі де, күйі де жоқ күйде едік біз.
Жұпыны сен ұяң қыз, мен майдангер,
Тұрмысты кімнен қашан үйреніппіз?
Бар түгіл жоққа риза, тұра бердік,
Болмады сынық ожау, мұра дерлік.
Сүйгенбіз «сүйеміз» деп ант су ішпей,
Бұл тіпті болмаса да, сірә да ерлік
Дүниеде өзің екен деген мықтым,
Ықпасам махаббаттан, неден ықтым?
Не ғалым, не қайраткер болмасам да,
Әйелдің даналығын сенен ұқтым.

София: - Ақынның әйелі болу - патшаның көмекшісі болу сияқты ма деп қаламын кейде.
1 Жүргізуші: Жұбанның лирикасында әсем саздылық та, назды нәзік сезім де, жастықтың көңіл әсері де бар. «Махаббат ерлігі» атты өлеңі - таза сезім күйі емес, азаматтық ерлік туралы гимн.
2 Жүргізуші: Мұнда өзіміз Алматы көшелерінде талай көрген ерлі-зайыпты мүгедек музыканттар тағдыры өлеңге арқау болады. Бірі соқыр, бірі ақсақ, бірін-бірі жетелеп жүрген өмір сүйгіш осы адамдардың тағдыры арқылы ақын әлемді жеңген жұп махаббатты жыр етеді.
1 Жүргізуші: Осы екі мүгедекті ілгері сүйреп жүрген өмір күші — махаббаттың қанаты мен көзі екенін ақын тауып айтқан.

2 Жүргізуші: Махаббаттың өлімге қарсы тұрар құдіретті күшін Жұбан тапқырлықпен айта білген.
Махаббат ерлігі Байдильдаева Айя- 11а
Келеді әйел. Жоқ оның бір аяғы,
Қысқы тоңға балдақ жиі таяды.
Құлатпайды қолтықтаған күшті қол,
Ол қол өзін күзетшіге саяды.

Келеді еркек. Су қараңғы жанары.
Жығылады-ау, көп тосқауыл бар әлі!
Жоқ, өтеді сүрінбей де, адаспай!
Өзге екі көз оны бастап барады.

Күллі Алматы біледі бұл екеуін,
Ерлі – зайып, музыканттар екенін.
Жас еді олар, сұлу еді бір кезде,
Жармасқанда екеуіне екі өлім.

Екі өлім мен екі өмір белдесті,
Келе күндер жеңді «барса келместі».
Ажал қашты бір аяқ, қос көзді алып.
Жеңгендерге жаңа көктем лебі есті...

Келе жатыр күле қарап, нық басып,
Екі бірдей үлкен өмір жұптасып.
Махаббаттың қанатымен, көзімен.
Тосқауылдың талайынан шықты асып!

1 Жүргізуші: Әйел-ана тақырыбының Жұбан творчествосында ерекше орны бар. Ақын тарихтың тәлкегіне көне жүріп, небір қиыншылықты басынан өткізсе де аналық бейнесін сақтаған әйелді ақын дүниенің бар салмағын көтерген жермен теңестіреді.

2 Жүргізуші: Жұбан әйел туралы ескі ұғымға дау айтып, әйел анаға деген халықтық көзқарасты дәріптеп, қоғамдағы алатын орнымен қадір-қасиетіне жүгіндіреді.
1 Жүргізуші: Ақын махаббат ұғымына тек жастықтың сүю сезімін сыйғызып қана қойған жоқ.

2 Жүргізуші: Ақын ел мен туған жерді сүю, жар сүю, ананы сүю - жалпы алғанда сүйе білу сезімінің байлығын сыйғыза білді.
1 Жүргізуші:

Анашым - аты Зәріп, - бәрі де өлді,
Ұлына сүтін, күшін беріп өлді.
Әйелдің алдияры, ақсұңқары.
Аптапқа, азапқа да берік еді.

2 Жүргізуші:
Кешқұрым жырлап қазақ дастандарын,
Жаныма шашып еді жастан жалын.
Тежеусіз тоя ішкенім өлең болды,
Сол еркін жамылғаным, жастанғаным.

Вальс «Абзал ана»
3-Мен қазақпын...

1 жүргізуші:
Ж. Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығармасы — 1964 жылы жазылған "Мен — қазақпын" поэмасы. Өзінің "қазақ" екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы — оның ерлігінің бір көрінісі.
ІІ жүргізуші:
Жұбан — өзінің атақты "Мен — қазақпын" поэмасымен, Отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын.
«Мен қазақпын –мың өліп, мың тірілген» - Абдильдин Қабыжан-11а
Мен - қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен - қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.

Мен - жігітпін, айқасқа, сынға асықпын
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.

Қаза тапқан солдаттай ізгі өлімнен,
Қалалар да өтіпті түз белінен.
Қаңқалары табылып жатыр қазір
Соғыстар мен жорықтар іздерінен.

1 көрініс. «Мен қазақпын....» поэмасынан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл Сұлама»
Слайд «Елім-ай» әні. Көріністе 10 адам. Азып-тозып бара жатқан адамдар. Баласы өлген әйел (Кляхина Н.-7а), құлап тұра алмай жатқан адам ( 7 а), жылаған бала.
Көрініс соңында бір оқушы: Омарбакиев Ильхам-7б
«Эй, Алаштың ерке баласы, азап пен қайғы көрген. Қазақтың кең сахарасында аштықтан көшкен халық –сенің ата-бабаң, бауырларың. Сен сол қасірет көшінен аман қалған адамдардан тараған ұрпақ екеніңді ұмытпа.
2 көрініс. Жоңғар шапқыншылығы, Слайд, көріністе батыр киімін киген, қаруланған 10 ұл бала. –Кажимуратов Р., Утеулиев Г., Пак Н.,-9а, Капышев Г., Ваняшин Н., Кусаинов А.,
Абылай: Оразалы Дәурен -11 а
Отан үшін жан пида
Қасиетті жер үшін
Қатын-бала ел үшін
Ұлымыз құл болмасын деп
Қызымыз күң болмасын деп
Басымызды бәйгеге тіктік

Көрініс соңында бір оқушы: Абдильдин К.-11а
Қасиетті Түркістан даласындағы шайқас жүз күн, жүз түнге созылды. Қан судай ақты. Осынау қысыл таяң күнде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жұртымыз, айбарлы жоңғарды қазақ даласынан қуып шықты.
І жүргізуші:
Мен қазақпын- мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде табыстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген,- деген бейнелі өлең жолдары бүгін әркімнің аузында.
ІІ жүргізуші
Әсіресе, еліміз егемендік алып, қазақтығымызды, оның азаттық жолындағы «мың өліп, мың тірілген» күндерін еске алғанда, Жұбан жыры тым бүгінгіше естіледі.
І жүргізуші: Жұбан – эпик ақын. "Кісен ашқан"- бұл – шағын эпикалық поэма.
ІІ жүргізуші: Құрманғазының "Кісен ашқан" күйін тыңдағаннан туған поэма.Қазақтай халықтың эмблемасы жылқы арқылы, оның дүбірі арқылы халықтың дәуірлер психологиясын суреттеу дегеніңіз әркімнің қолынан келе бермейді. "Ат дүбірі" – "Кісен ашқанның" апогейі.
«Кісен ашқан» күй орындайтын Доғалова Алма 10 а
3 көрініс. Желтоқсан оқиғасы. Көріністе 10 адам 1 жігіт, 1қыз.
2 адам- милиция формасы
Алаңға жиналған жастар. Ішінен бір жігіт: (Кусаинов А-10а) «Қосыл қазақ. Азаттығыңды ойла, елдігіңді ойла, тіліңді, діліңді ойла. Ойлан қазақ, ойлан-дейді.
Жастарды форма кигендер қоршауға алып итерип сахнадан алып кетеді. Осы кезде сахнаға үстілерінде қыстық киімі жоқ, көйлекшең қашып бара жатқан қыз бен жігіт шығады.
Жігіт: Кажимуратов Расул 9 а
-Жүр, ана жаққа қарай барайық -деп сахнадан кетеді.
Қыз: Мейрманова К. -9а
Жүр, тез, тез
Содан соң сахнаға қыз бен жігітті ұстап алып шығады.
Жігіт:Қазақ деген затым бар,
Қайрат деген атым бар.
Ақсақ тоқты құрбандық
Атам десең, атыңдар
Көрініс соңында бір оқушы: Арютов Влад.-7а
Жалаулар жығылмаған желбіреді
Жанарлар жаутаңдаған мөлдіреді.
Жұбанның жалғыз ауыз сөзінен соң,
Жұбанып қоя берді ел жүрегі

Мен - қазақпын мың өліп, мың тірілген. - Ахметов Әділ-11а
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.

Дүбір дала дабысшыл, дабырашыл,
Ат қосқандай бәйгеге ауыл да асыр.
Көп күркіреп, жалт ойнап жетті түзге
Жиырмасыншы жас ғасыр, дауыл ғасыр.

Миллиондардың үніндей жаңғырығы-ай!
Тарап жатыр өлкеме жан жырындай.
Қапырықта қаһарлы Бесінші жыл
Төгіп өтті жаздың ақ жаңбырындай.

О, қызық - ай, қызылы мол ағынан,
Ту желбіреп тұрғандай жолағынан.
Жоқ, әншейін қызылшыл әдетімен
Әлденеге жориды, шолады жан...

Слайдтар. Бекболат Тілеухановтың әні.
Флеш моб «Мен қазақпын...» Иващенко Матвей- 8 а
І жүргізуші:
Қазақта ақын көп, бірақ, Жұбан жалғыз!
Қазақта батыр көп, бірақ Жұбан жалғыз! –дей келе бүгінгі кешімізді аяқтаймыз.

ІІ жүргізуші: Келесі кездескенше қош сау болыңыздар! Тәрбие.орг сайтынан «Қазақ даласының жыршысы» Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Ермұханова Зауреш Ашимовна,

«Тұран» мектеп-лицейінің қазақ тілі кафедрасы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Авторлық бағдарлама | Логин: Публикатор
Көрсетілім: 413 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar