«Қазақтың ұлы ғалымы – Қаныш Сәтбаев»

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 338
  • Авторлық бағдарлама
  • 10/Апр/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22561


Солтүстік Қазақстан облысы
Тайынша ауданы
КММ Теңдік орта мектебі

Реферат
«Қазақтың ұлы ғалымы – Қаныш Сәтбаев»

Орындаған: Қайыр Мадияр
Жетекшісі: Амиза Айгуль.

2016 жыл
Мазмұны
Кіріспе...................................................................................................................... 3
Негізгі бөлім ........................................................................................................... 3
Қорытынды ............................................................................................................ 6
Қолданылған әдебиеттер тізімі ............................................................................ 7

Кіріспе
Мен, Қайыр Мадияр, 2-сыныптың оқушысымын. Қ.И.Сәтбаевтың өмірі мен еңбегі мені қызықтырғандықтан, «Қазақтың ұлы ғалымы – Қаныш Сәтбаев» тақырыбын ашуға бел будым.
Негізгі бөлім
Сәтбаев Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде Павлодар облысының Баянауыл ауданында Имантай бидің отбасында дүниеге келген.
Қаныштың жерлесі, досы Әлкей Марғұланның мәліметтері бойынша, «Қаныштың әкесі Имантай – ақылды, момын, терең ойлайтын, әр нәрсені ақылмен, сабырмен шешетін кісі болатын...».
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, табиғатынан зерек Қаныш білімге құштар болды. Сауатын ауыл молдасынан ашты. Болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, кейін Семей мұғалімдер семинариясында Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. Ш.Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған.
Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаған, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салған, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушы және тұңғыш Президенті, КСРО және Қазақстан Ғылым академияларының академигі, Тәжікстан Ғылым академиясының құрметті мүшесі, қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы 1921 жылы жазда Баянауылға емделуге келіп, Томск қаласының технология институтының профессоры М.А.Усовпен танысты. М.А.Усов Қазақстанның геологиясы мен тау-кен байлықтары туралы көптеген қызықты әңгімелер айтып жас жеткіншек Қаныштың қызығушылығын оятты. 1921 жылы Қаныш Имантайұлы Томск технология институтының кен факультетінің геологиялық барлау бөліміне оқуға түсті. Сәтбаев студент болған жылдарда оқытушысы болған В.А.Хохлов «Студент Қаныш» атты естелігінде былай деп жазды: «Бұл өзі оқуға жан-тәнімен берілген студент болатын. Жалпы геология жөніндегі сабақтарда ол М.А.Усовтың тамаша лекцияларын құмарта тыңдады... Екінші курстан кейін ол М.А.Усовтың дала жұмыстарына қатысты...».
Қ.И.Сәтбаев ғылыми жұмыстарды ұйымдастырды. Туған жерінің геологиясын зерттеуге және минералдық шикізат негізін жасауға өмірін арнап, барлау, ғылыми ізденістерінің нәтижесін өндіріске қосты. Оның халқына мұраға қалдырған қазынасы – іргесін өзі қалаған, ғылым ордасы Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясы болып табылады.
1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған. 1952 жылы әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған. 1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарды.
1947 жылы Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийнің ішіндегі қазақ ғылымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті. Осы бірауыз сөзден ғалымның дене бітімі ғана емес, жан дүниесінің, халқын сүйген жүрегінің де ірі екенін байқауға болады.
Ғалымның еңбектері кентасты кендер геологиясы мен Қазақстанның минералды ресурстарына арналған. Жезқазған кенін зерттеу және Сарыарқаның металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізген. 1926-1929 жылдары кені мардымсыз өңір болып саналған Жезқазғанды ірі мыс кентасты аудан қатарына көтеруде Сәтбаевтың еңбегі өте зор болды. 1927-1928 жылдары – Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спасск аудандары, Қарағанды тас көмір алабы және Қаратау полиметалл кендерін игерудің негізінде Қарағанды облысында қара металлургия өнеркәсібін дамыту туралы мәселе көтерген. Жезқазған – Ұлытау ауданында мыстан басқа темір, марганец, көмір, қорғасын кендерін ашып, барлау нәтижесінде маңызды геологиялық қорытындылар жасаған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында танк бронын құюға қажет марганец тапшылығы туған кезде Сәтбаевтың жетекшілік етуімен өте қысқа мерзімде жезді марганец кені барланып, іске қосылған. Академиктің қолдауымен Алматы Орта Азия геофизика тресі ұйымдастырылып, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылған.
Ғылыми кадрлар дайындау ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелерін халық шаруашылығының мүддесіне бағыттап, шаруашылық және мәдени құрылыстың басты мәселелерін шешуге белсене қатысқан. Жезқазған кен-металлургия комбинатын, Қарағанды мен Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды арнасын салу, Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлықтарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, республикамыздың ірі минералдық шикізат қорларын – Кенді Алтайды, Қаратау фосфоритін Қостанай мен Жезқазған - Ұлытау өңірлерінде темір, марганец көптеген кен орындарын игеру Сәтбаев есімімен тығыз байланысты.
Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері көп.Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған. Жезқазған – Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу –маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.
1940 жылдың соңы мен 1950 жылдың басында сталиндік билеу жүйесінің Кеңес мемлекеті зиялыларына қарсы басталған үшінші саяси қуғын-сүргін кезінде Қ.И.Сәтбаев оның құрбандығына шалына жаздады.
1964 жылы 31 қаңтар күні Москваның Кунцево деген орманды аймағына орналасқан Кремль ауруханасында Қаныш Имантайұлының жүрегі соғуын тоқтатты.
Қорытынды
Қ.И.Сәтбаев – ерекше ұлы тұлға. Оның есімі өзі ұзақ жылдар жетекшілік еткен ҚР ҰҒА геологиялық ғылымдар институтына, кіші планетаға берілген. Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше мен мектеп, ғалымның көптеген ескерткіштері бар. Қ.Имантайұлының құрметіне Жоңғар Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ванадий кен орны рудаларында табылған «Сатбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолус гүлі аталған.
Белгілі қоғам қайраткері І.Омаровтың сөзімен айтсақ, «Қаныш қазақ топырағында туып, халқының сүтін ішіп, ер жетті де, сол халқының даңқын бүкіл әлемге көтерді. Өзі де сол шеңберде қалып қойған жоқ, дүние жүзіне белгілі болды». Қ.И.Сәтбаевтың жан-жақты білімдарлығына қарап халық оны мақтан тұтып: «Қазақтың Ломоносовы» деп атап кетті. Юнесконың шешімімен 1999 жыл Қаныш Сəтбаев жылы деп жарияланды. Осылайша ғалымның өз отанына, халқына, білім мен ғылымды дамытуға сіңірген зор еңбегі бағаланып отыр.
Мен Қ.И.Сәтбаевтың еңбектері туралы мағлұматты қызығып оқыдым, өзіме көп қызықты ақпарат жинадым, ізденіп, оқыған сайын өзім үшін көп жаңалық аштым. Қ.И.Сәтбаевтың нағыз патриот екеніне көзім жетті. Өзім Қ.И.Сәтбаев сияқты білімді, алғыр болғым келеді. Көп ізденісте болып, Отанымның дамуына мен де еңбек еткім келеді!

Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. Т.7: Н-С, Алматы, 2005-728 б.
2. Қаныш аға: жеке тұлға өмірбаяны/Алматы: жазушы, 1989-400 б.
3. Тарихи тұлғалар/ Алматы: Алматыкітап, 2006-37 б.
4. Қаныш Сәтбаев-сән қырлы ғалым/Қазақ тілі мен әдебиеті.2005-Б.98-99
5. Интернет ресурстар Тәрбие.орг сайтынан «Қазақтың ұлы ғалымы – Қаныш Сәтбаев» Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қайыр Мадияр

Пікірлер: 0

avatar