Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ИСЛАМНЫҢ ТАРАЛУЫ
  • 30.09.2016
  • 198 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 19554

Материалды Tarbie.org сайтынан тегін жүктеу (33.0Kb)

ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ИСЛАМНЫҢ ТАРАЛУЫ

Атахан Қанат Аханұлы
ШҚО, Өскемен қалалық әкімдігінің №1 орта мектебінің оқу-ісі меңгерушісі, тарих және география пәнінің мұғалімі.

«Біз-тегіміз түрік, дініміз-ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін,
қасиетті кітап-Құран Кәрімді насихатауды естен шығармауымыз керек.».
Н.Ә.Назарбаев.

Қазақ даласына ислам діні VII ғасырдың басында арабтардың Орта Азияны бағындыруы нәтижесінде кіре бастады. Ислам діні Қазақстанға күштеп енгізілген жоқ. Қазақстанда сол дәуірде қалыптаса бастаған феодалдық қатынастарға ислам дінінің кері әсері болмай, қайта ол феодалдық қарым-қатынастарды жандандыра түсетінін көре білген феодалдық үстем тап иелері ислам дінін қуана қарсы алды. Өйткені бұрыннан келе жатқан шаман діні феодалдардың талап-тілегін, мақсат-мүддесін қанағаттандыра алмады. Ал ислам діні болса халықты рухани жағынан болсын, саяси жағынан болсын мығым ұстай алатын мемлекеттік дін бола алды.
Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді. Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі болып табылады. Қазақ халқының арғы тегі болып есептелетін көне түркілер исламның қалыптасуы мен көптеген жетістіктеріне өз үлестерін қосты.
Исламның түбегейлі орнығуына VIII ғасыр ортасында, 751 жылы Тараз қаласының маңындағы араб әскербасы Зияд ибн Салих пен қытай қолбасшысы Гао Сяньчжи арасында бірнеше күнге созылған Атлах шайқасында арабтардың жеңіске жетуі айтарлықтай ықпалын тигізді. Қытай әскері күйрей жеңіліп, Жетісу мен Шығыс Түркістан азат етіледі. Араб әскерінің бұл жеңісі Орта Азия жерінде ислам діні мен мәдениетінің орнығуының бастуы еді.
Қазіргі уақыттағы Қазақстан жеріне исламның таралуы бірнеше ғасырларға созылды. Бастапқыда жаңа дін оңтүстік өңірлерге ене бастады. X ғасыр аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғасыр басында мұсылмандықты Қарахан әулеті билігінің негізін қалаушы Сатұқ қабылдайды, ал оның ұлы Боғра-хан Харұн Мұса 960 жылы Исламды мемлекеттік дін деп жариялайды.
Бұл аймақ әр-түрлі діндердің тоғысқан жері болғандығына қарамастан ислам дінін тарату бейбіт түрде жүріп жатты. Ұлы Жібек жолы көпшілік діндер, солардың ішінде христиандық (көпшілігі несториандық пен яковшілер), буддизм, заростризм діндері үшін қолайлы аймақ болды. Далалы өңірде тұратын түркі халқы тәңіршілдікті ұстанды. Тұрғылықты халық арасына ислам еш зорлық-зомбылықсыз бейбіт жолмен таралды. [1]
Ислам мәдениеттің дамуына айтарлықтай әсер етті. Орта Азияда ислам ілімі игі істердің жүзеге асуы арқылы нығая түсті. Аймақтың тұрғындары мұсылман қауымының ажырамас бөлшегіне айналды. Ислам құндылықтарының орнығуы халықтың әлемдік діннің гуамнисттік дәстүрлерін қабылдауына өз ықпалын тигізді.
Ислам дін ұлттық сипаттағы ең үздік қасиеттердің қалыптасуына оң әсер етті. Келесі жағынан алғанда, исламнан нәр алған халық тарих белестерінде өзіндік орнын жоғалтпау үшін мәдени күреске ұмтылды. Өйткені, бұл кезеңде қазақ жұртына қиыр шығыстық және христиандық дәстүрлер пәрменді ықпалын тигізіп, тұрақты қысымға алып отыратын. Ал ислам діні осыларға қарсы қойылған «сауыт» қызметін атқарды, ұлттық «мәнді» сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Қазақ даласында «Құран», «пайғамбар», «шариғат», «ислам» сөздері үнемі айтылып жүрді. Араб-парсы классиктерінің шығармалары қазақ ұлттық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Өзінің бүкіл саналы ғұмырында қазақ халқы араб жазуын пайдаланып келді. Соңынан мұны Ахмет Байтұрсынов реформалап, өзіндік «төте жазуға» айналдырды, оған қазақтың төл дыбыстарын білдіретін таңбалар ендірді.
Қазақ мәдениетінің майталмандары атанған ақын-жыраулар, күйшілер, билер қырдағы ислам өркениетінің көрнекті өкілдері атанды, олардың діни білімдері ерекше болды. Қожа Ахмет Ясауи мен Асан Қайғыдан бастап Шәкәрім мен Міржақып Дулатовқа дейінгі қазақ мәдениетінің барлық өкілдері ислам руханиятының тасымалдаушыларына айналды.
Қазақ зиялыларының барлық өкілдері мұсылмандықты ұлттық-мәдени өмірдің қажетті бөлігі деп санады. Олар осы діннің мәдени, гуманистік және ұйымдастырушы кезеңін өркендетуге ұмтылды. Міржақып Дулатовтың «исламға қалай жол ашамыз» деген жан айқайы осы дінге деген ерекше құрмет белгісін танытады.
Сонымен, ислам дінінің қазақ даласында өркендеуінің алғышарттары қандай болды дегенге келсек, қазақтар көшпенді түркі халықтарының (ғұндар, орхон түріктері және т.б.) тікелей ұрпағы болып келеді. VI-VIII ғасырларда ұлы далада үстемдік құрған түркі тілдес тайпалар дәуірі қазақ халқының рухани тарихында ерекше орынға ие Өйткені дәл осы кезеңде қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген халықтың шаруашылық жүргізу әдістері, тілі, тұрмысы, ұлттық-мәдени және саяси дәстүрлері түпкілікті қалыптасып болды. Дала мәдениетінің өзіндік ерекшеліктері орын алды.
Кейде «көшпенді мәдениет» пен «мұсылман мәдениеті» ұғымдарын шатастырып жатады, бұл екеуі дербес ұғым болып табылады. Өйткені, «көшпенді мәдениет» шаруашылық жүргізу және тұрмыстық салттарды, ал «мұсылман мәдениеті» дін аясында өмір сүруді білдіреді. Мәдениет (өркениет) рухани саламен, дінмен байланысты болады. Тарихи тәжірибенің көрсетуі бойынша сан ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділер мәдениеті ислам дінінен тыс қалыптасып үлгерген. Сондай-ақ оның шеңбері аясында өмір сүре алады. Ислам діні көшпенді мәдениеттен отырықшылыққа көшуге мәжбүрлемейді. Мұның өзі қазақтардын ислам дінін қабылдауына да өзіндік әсерін тигізді.
Ислам діні салт-дәстүрлердің рухани өзегіне айнала отырып, қазақ халқына ғылым, білім, діни-танымдық көзқарасты тарту етті. Ислам діні адамдардың не үшін өмір сүріп жатқандығынан, жақсы-жаман әрекеттері үшін Алланың алдында жауап беретіндігінен хабардар етті.
«Дін құлдырай бастаса, адамның бүкіл руханиаты ауруға ұшырайды, ал егер өркендей түсетін болса, онда мәдени өсуге жол ашылады» Дін дағдарысқа ұшыраған жағдайда, оған іргелес тұрған мәдениет те құлдырап, жойылуға айналады. Дін тарихи-мәдени таным ретінде өркениетке өмір сыйлайды. Олардың бірлескен өзара әрекетінен әлемдік тарихтың мазмұны құрылады. «Мәдениет» пен «өркениет» бастапқы жабайылықтан құтқарады, халықты адамиландырады, басқаша айтқанда, олар адамды түбегейлі өзгеріске ұшыратады. Араб халқының ұлы тарихшысы Ибн Халдун көшпенді халықтың ислам дінін қабалдауы туралы былай деп жазады: «Құдай түркілерді өз құдіреті арқылы мұсылман әлеміне топтап келіп енетіндей, бұрынғы әдеттерінен арылатындай етті» Халифа Мамун заманында өмір сүрген атақты ғұлама ғалым Әл-Жахиз түркілер туралы былай деп жазады: «Түркі жауынгер ат үстінде ұшыртып ойдан қырға, қырдан ойға құйылып, оңды-солды жауларына оқ атады. Хауариж жауынгері бір оқ атқанша түркі он оқ шығарады. Түркі жауынгерінің маңдайында екі көзі, желкесінде екі көзі бар». Ол кісі тағы да түркілер туралы былай деген: «Мұсылмандықты қабыл еткен түркілер бұрынғысынан да әруақтанып, айдынданып кетті, ал манихей дініне кірген түркілер жүнжіп жоқ болып кетті». «Түркі дүниесі халықтар мен мәдениеттер арасындағы байланыстырушы буын болып келді. Уақыт өте келе қазіргі түркі дүниесі өзінің мәдени әлеуетін біріктіре әрі дамыта отырып, зерттеушілер тарапынан «түркі-ислам өркениеті» деп аталуы да ықтимал.
Ислам діні – мемлекеттік бірлік пен билікті нығайтушы, адамдарды жақындастарушы, қоғам тамырындағы қан айналымын реттеуші, бауырмалшылық пен ұйымшылдықты уағыздаушы дін.
Ислам діні адамдарды білімділікке, еңбек етуге, сабырлылыққа, қайраттылыққа үндейді. Исламның басты мақсатының бірі – адам баласының ақылын, санасын, ойлау қабілетін қорғау, ұрпақ жалғастыру, айнала қоршаған ортаны (табиғатты) аялау.
Көшпенді қазақтарға ислам мәдениетінің ықпалы орасан зор болды. Атап айтсақ:
1. Өзінің түрлі саладағы іс-әрекетімен адамзат санасына тың нәрселер
ұсынды. Иманға негізделген биік өнегелілікке шақырды. Ақиқаттың, әділдіктің, теңдіктің, бостандықтың және бейбітшіліктің қағидаларын үндеді.
2. Әлем кеңістігіндегі Алланың құдіретін танытатын дәлелдеріне назар
салуға, Алламен байланыс құруға шақырды. Көшпенді мұсылман қазақ бұл байланысты құлшылық етумен, өз мойныңдағы жауапкершіліктерін адал атқару арқылы орындады.
3. Бауырмалшылыққа, сүйіспеншілікке, өзара бір-біріне жәрдемдесуге,
ата-анаға деген ерекше құрметке баулыды.
4. Білімді болуға шақырды. Ислам ілімін меңгерген ғұламалар халық
арасында ерекше бедел мен ықыласқа ие болды.
Ислам, жоғарыда атап өткеніміздей, білімді қуаттайды. Оны иманның серігі етіп, беделін көтереді. Сондай-ақ ғалымдарды ардақтауды бұйырады.
Көшпенді түркі халықтары арасында исламның таралуына Қ.А.Йасауи өте зор ықпал жасады. Ол сауатты әрі талантты ақын еді. Ол хикметтерімен Алланы ұлықтады. Йасауидің хикметтері мұсылмандық дүниетанымды қалыптастыруға зор әсер етті.
Қожа Жүсіп Хамаданидің төртінші қалпесі - Қожа Абдулхалық Ғыждуани нәпсіні тәрбиелеумен айналысты. Шам өлкесінде көптеген мүридтері пайда болды. Олар өздері алқа ашып бір уақыт халықты дінге шақырып, шәкірттерін ақиқат жолына бастады. Ислам мәдениеті жолындағы өсиетнамаларын өзінің болашақ ұрпақтарына қалдырған. Ол еңбектің аты «Түрлі кереметтер» деп аталады. Ішінде көптеген пайдалы да түрлі аталы сөздер бар. Әр тарауы асыл мағыналы, қымбат қазыналы жауһар насихат пен өсиет сөздерге бай. Тарауынан бірнешеуін бүгінгі ұрпаққа насихат етіп, атап көрсететін болсақ, жан жақты білім алған өз ұлына былай дейді: «...өсиет етемін саған ей, ұлым, барлық уақытта білімді, әдепті, тақуалықты бірге ұста және салаф (алғашқылар) ізімен жүр, сүннәт пен жамағатты серік ет, фиқх пен хадисті үйрен, надан сопылардан қашық бол, әр уақыт намазды жамағатпен оқы, өзің имам не азаншы болмау шартымен, әрқашан атақтан қаш, атақта апат бар. Бір мансапқа байланба, әрқашан қарапайым бол, құжаттарға атыңды жаздырма, соттарға барма, ешкімге кепіл болма, өзгелердің өсиетнамаларына тиіспе, патша мен ханзадалардың өкімдеріне қарсы келме. Әсем дауыстарды көп есітпе, көп тыңдау жүректі қарайтып, екі жүзділікті пайда қылады. Осылай екен деп әсем дауысты естуді мүлдем тастап кетпе. Өйткені оны тыңдаушылар да жоқ емес. Сөзіңді естушілер көп болғандықтан аз сөйле, аз же, аз ұйықта. Халықтан арыстаннан қашқандай қаш. Әр кез жалғыздықта бол. Жеңіл жүрісті қыздар мен әйелдердің маңына жолама. Байлар және қызметкерлермен сұхбат етпе, жегенің адал болсын, күмәндіден, шүбәдан сақтан. Ақыл тоқтатпай әйел алма, әйтпесе дүние іздеуші боласың, дүние іздеумен дініңе бәле табасың. Көп күлме, айқайлап күлуден сақтан, көп күлу жүректі қарайтады. Әркімге мейірімділік көзімен қара, адамдарды төмен санап, менсінбеушіліктен сақтан. Сыртыңды сыланып құлпырма, сырт көріністі сәндеу ішкі дүниенің бұзылғандығынан болады. Жұртпен тартыспа, біреуге қол жайып бір нәрсе сұраушы болма. Өз ісіңді өзің істеп, ешкімге жүк болма. Ұстаздарыңа мал-дүниеңмен, жан-тәніңмен қызмет ет. Олардың іс-әрекеттеріне қарсы келме, оларға қарсы келгендер ешқашан жақсы болмаған. Дүние мен дүние иелеріне асқақтана тәкаппар қара, әйтпесе көп армандар сені науқас етеді, көзің соқыр болады. Солай еткенде ғана ісің шынайы болады. Дұғаны ынта-шынтаңмен істе. Кигенің ескі, жолдасың дәруіш, байлығың білім, үйің мешіт, серігің Хақ Тағала болсын. [10]

Ислам дінінің қасиетті кітабы «Құран Кәрім» өткен мен қазіргі уақыт сабақтастығын жүзеге асырды, онда көптеген халықтардың тарихы мен тағдыры тоғысты, терең тарихи тамырлары, уақыт пен кеңістік аясындағы әр түрлі халықтар тұрмысындағы ұқсастықтары ашылып, адам қоғамның пайда болуының алыс-жақын түп-тамырлары зерттелді: Құранның уақыт өтсе де, маңызы кемімейтін қасиеті де осында. Ислам діні көптеген халықтардың рухани табиғатына сай келді. 1500 жылғы ислам тарихы, Мұхаммед пайғамбардың өмірі, оған дейінгі пайғамбарлар тарихы осыған дәлел. Исламның терең тарихы бар Көне Қазақстан жеріне келуі мәдениеттің дамуына, қоғамымыздың өзіндік санасы мен руханилығы игі ықпал еткені баршаға аян. [5]
Мұсылман мәдениетінің артықшылығы тең рухани салада ғана көрініс тапқан жоқ. Дін-наным-сенімге, этикаға, философияға және Қазақстандағы ғылым мен мәдениетті дамытуға зор ықпалын тигізді. Сонымен қатар қазақ жеріне ислам дінінің таралуын қазақ халқына тигізген оң әсерлерін қазақтың төл салт-дәстүрімен байланысуы, қазақ халқының отбасылық өмірінде ислам уағыздарының адамгершілікке толы қасиеттер мен тәлім-тәрбиенің ұқсастығының молдығын көруге болады.
Атамыз қазақ «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бала шыр етіп, жарық дүниеге келген күннен имандылықта бойына сіңіру, мектепте де, жоғарғы оқу орындарында да мұны талассыз жүргізіп отыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болап қала бермек.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Бартольд В.В. Соч. Т. V
2. Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности Москва. 1961 ж.
3. Орынбеков М.С. Протоқазақтардың дүниетанымы. - Алматы 1995 ж.
5. Орынбеков М.С. Қазақ сенімдерінің бастаулары. Алматы 2002 ж. 103-б.
6. Н. Өсеров, Ж. Естаев. Ислам және қазақтардың әдет - ғұрыптары. Алматы 1992 ж.
7. e-islam.kz интернет сайты.
8. Нұралы Өсерұлы. Ислам және Қазақстан. //Руханият. - Алматы 2003 ж.
9. Ислам және Қазақстан. // Руханият,-Алматы 2003 ж.
10. Абуов Ә. Е. Қазақ халқының мәдениетіндегі Ислам дінінің орны Алматы 2013 ж. Тәрбие.орг сайтынан ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ИСЛАМНЫҢ ТАРАЛУЫ Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Атахан Қанат Аханұлы

ШҚО, Өскемен қалалық әкімдігінің №1 орта мектебі Тарих және география пәні мұғалімі

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Авторлық бағдарлама
Көрсетілім: 198 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar