Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған ...

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 1125
  • Авторлық бағдарлама
  • 15/Авг/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 19346


Ашық тәрбие сағатының тақырыбы: Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған ...

Тәрбие сағатының мақсаты: а) Білімділік: Оқушыларды Қазығұрт өлкесінің
аңыз-әңгімелерімен, тарихымен, табиғатымен, біртуар перзенттерімен, олардың еңбектерімен таныстыру;
ә) Дамытушылық: Сөздік қорын, тіл мәдениетін дамыту, ойын нақты жеткізуге талпындыру, дүниетанымын кеңейту;
б) Тәрбиелік: Туған жерін, елін сүюге, оған құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Түрі: Әдеби-тарихи кеш.

Әдісі: Топтық жұмыс.

Көрнекілігі: Қанатты сөздер, Қазығұрт тауының суреті, Қазығұрт
ауданының физикалық картасы, кітап көрмесі, бүктеме, Қазығұрт тауының макеті, киіз үй, кеме, көк мата, гүлдер, ағаштан жасалған табақ, ожау, кесе, гүлдер, шарлар, слайдтар.

Техникалық құралдар: Интерактивті тақта, бейнетаспа, фотоаппарат.

Тәрбие сағатының барысы:
І. Кіріспе
1. ҚР-ның әнұраны
2. Ұйымдастыру кезеңі
3. Тәрбиеші сөзі
4. «Нұқ Пайғамбар және топан су» (Қазығұрт тауы туралы сахналық қойылым)
5. Топтармен таныстыру
ІІ. Бірінші бөлім
1. «Толғауы тоқсан текті тау». (Тарихшылар сөйлейді)
2. «Сан түрлі бояумен құбылған Қазығұрт». (Жаратылыстанушылар сөйлейді)
3. «Кубизм» стратегиясы.
4. «Жері майса, елі жайсаң Қазығұрт». (Әдебиетшілер сөйлейді)
5. «Қазығұрттың тау тұлғалы перзенттері». (Ізденімпаз-зерттеушілер сөйлейді)
ІІІ. Екінші бөлім
1. «Тарихшылар» тобы → Қазығұрттың тарихын өзге елдерге таныту
мақсатында жоба ұсынады.
2. «Жаратылыстанушылар» тобы → Қазығұрттың табиғатын қорғау
мақсатында жоба ұсынады.
3. «Әдебиетшілер» тобы → Қазығұрт туралы өлең шығарады.
4. «Ізденімпаз-зерттеушілер» тобы → «Қазығұрт болашағы – балалар көзімен» атты тақырыпта сурет салады.
5. Қонақтарға сөз беріледі.
ІV. Қорытынды
1. «Қазығұрт – киелі бесік»

Тәрбиеші: Құрметті қонақтар, ұстаздар және оқушылар! Бүгін 5 «а» сыныбында «Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған?...» атты әдеби – тарихи кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер. Бізге қонаққа Қазығұрт елді мекенінің тұрғыны, әнші әрі сазгер, «Темірбаевтар» жанұялық ансамбльдің жетекшісі Райымқұл ағамыз бен әнші Бекмұратова Қатира әпкеміз келіп отыр. Сыныбымызда тарихшылар, жаратылыстанушылар, әдебиетшілер және ізденімпаз-зерттеушілер топтары жұмыс істейді.
Әрбір өткен қас-қағым сәт пен тұтас дәуірлер келер кемел болашақтың кескін-келбетін айшықтайтын, бағыт-бағдарын айқындайтын тарихи құбылыс. Адамзат баласы өз өткенінен үйренеді, сол арқылы ертеңін болжайды, бүгінін таразылайды. Адамзат өркениетінің тұңғыш дүмпуі, алғашқы қанат серпіні жасалған Азия даласы, оның ішінде түркі атаулының қара шаңырағы – қазақ байтағы қасиетті, әулиелі Қазығұрт.
Қазығұрт өңірі – қазақ халқының сонау көне дәуірлерінен бастап бүгінгі болмысына шейін білеу-білеу із қалдырған өлке. «Нұқ пайғамбардың кемесі тауға қайырлап, содан былай жаңа өмір басталады» дейтін аңыз-болжамға бас идірген жер. Яғни, Қазығұрт тауы жаңа өркениеттің, жаңа өмірдің, жаңа болмыстың бастауы немесе сол замандардан бері тоқтаусыз ағып жатқан өмір-өзеннің көз бұлағы.

«Нұқ Пайғамбар және топан су» (Қазығұрт тауы туралы сахналық қойылым)

«Толғауы тоқсан текті тау». «Тарихшылар» тобы Қазығұрт ауданының тарихы жайында сөз қозғайды.

Қазығұрт ауданы – Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік бөлік. Жерінің аумағы 4,5 мың шаршы км. Тұрғыны 101 мың адам. Ауданы 61 елді мекен 13 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы – Қазығұрт ауылы. Жер-су атауының мифтік түсінігіне қарағанда «Қазығұрт» атауының ең ежелгі (прототүркілік) нұсқасы – «Қаңғұқ-урт» болған.

2-оқушы: Қазығұрт өңірі бұрын-соңды көп зерттелмеген аймақ. Бұл өңірде адамдар сонау тас дәуірінен бастап өмір сүріп, елі, жері үшін дұшпандармен шайқасып келгендігі жөнінде қызықты оқиғалар өте мол. Және қаншама ғасырлар өтсе де Қазығұрт туралы хикая бәсеңсіп көрген емес. ХІ ғасырда жазылған тарихшы әл-Бухаридің «Абдулланама» кітабында: «Келес өңірі, Қазығұрт баурайы – гүл жайнаған бау-бақшалы, көк майса жер», - деп суреттеледі.

3-оқушы: Сонау ерте дәуірден бері төбесіне топан суда Нұқ пайғамбардың кемесі қайырлап, жаңа өмір мен жемісті тіршілік осы жерден басталыпты деген аңыз-әңгімелердің тамыры тіптен тереңге кетеді. Тарихтың атасы атанған Герадоттан бастап, көне дүние ғалымдары, саяхатшылар өз еңбектерінде бұл өлке туралы сүбелі-сүбелі із қалдырған.

4-оқушы: Жазушы Сәуірбек Бақбергенов Басында Қазығұрттың... атты еңбегінде аңыздағы Майқы би, Қорқыт ата, Асан Қайғы, Аяз би және Әбу-Насыр-Әл-Фараби сияқты ел қамын ойлаған, сол үшін бар саналы ғұмырын арнаған ардақты азаматтардың Қазығұртта тұрғанын немесе ұзақ сапарға шығар алдында киелі тауға келіп, тәу етіп, бас игенін жазады. Тәуке хан мен Абылай хан да, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер де Қазығұрттың бал ауасын жұтып, дәмін татып, талай аялдаған. Абылай хан осы тау айналасында соғысқан. Айбарымен әлемге әйгілі Батыс Түркі қағанатының табан тіреген жері де осы өлке.

5-оқушы: Пайғамбар кемесінің Қазығұртта тоқтағанына сол өңірдегі жер атаулары да нақты дәлел бола алады. «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбар саусағы», «Нұқ пайғамбардың мешіті», «Кеме қалған» тағы басқа әулиелі жерлер. Бұл жердегі тас мүсіндерді көргенде таң қалмасқа шараң жоқ. Өйткені, мұнда адамзат баласы сонау көне дәуірдегі Зеңгі баба, Ойсыл қара, Шопан ата деп атап кеткен түліктердің бәріне ұқсас мүсіндер бар. Солардың арасында «Пайғамбардың ошағы», «Пайғамбардың жайнамазы», «Дастарқан» деген тастар да бар.

«Сан түрлі бояумен құбылған Қазығұрт». «Жаратылыстанушылар» тобы Қазығұрт өлкесінің табиғатына сипаттама береді.

1-оқушы: Қазығұрт тауы – Талас Алатауының оңтүстік-батыс сілеміндегі аласа келген жота. Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай 35 км-дей қашықтықта орналасқан. Қазығұрт жотасы 800-1700м созылып жатыр. Ортаңғы биіктеу бөлігінің ұзындығы 22км, ені 10км. Таудың ең биік нүктесі жотаның шығыс бөлігінде теңіз деңгейінен 1768м. Жер құрылымы жағынан палеозойлық қатпарлыққа жатады. Геологиялық жыныстарының көпшілігі әктастардан тұрады. Жер қойнауынан минералды су, ақ құм, қиыршық тас т.б. құрылыс материалдары барланған.

2-оқушы: Аудан жерінің көп бөлігі теңіз деңгейінен 800-1200м биікте орналасқан. Климаты континенттік, қысы жұмсақ, қысқы қаңтар айының орташа жылдық температурасы 22-25 С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 300-400мм, тауда 500-700мм. Қазығұрт тауының солтүстік баурайы жаз айларында жылдың төрт бірдей мезгілінің табиғатын бейнелейді. Мәселен, таудың ең биік шың жағы – қыс, одан төменірегі – көктем, бел ортасы – жаз, етегі күз айларының табиғат көріністерін көз алдыңа келтіреді.

3-оқушы: Келес өзені бастау алатын оңтүстік-шығыс беткейі жарқабақты келген. Аудан жерінен Өгем, Қаржансай, Мұғалысай т.б. өзендері де ағып өтеді. Таулы өңірі мен өзен бойларында итмұрын, долана, тобылғы, жабайы алма, арша, шырша өседі. Жотаның жонды-қырқалы келген бөлігінде бидайық, наргия, еркешөп, қоңырбас, қияқ, бөтеге, боз өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, таутеке, қоян, саршұнақ т.б. кездеседі. Ірі елді мекендері: Қазығұрт, Қақпақ, Қаржан, Шарапхана, Рабат, Тұрбат, Қызылқия, Шарбұлақ т.б. Ауыл шаруашылығына жарамды жері 3940 мың гектар, 2935 агроқұрылымы бар.

4-оқушы: Қазығұртты ежелгі табиғат тылсымдарының ғажайып куәгері деуге болады. Қазығұрттың биігінде ғалымдардың зерттеуі бойынша энергия ағыны мен ерекше аура байқалатыны анықталды. Таулы ауылдар берекеге толы жер, таза ауа, тұнық өзендер, жанға жағымды домбыра үні, бұрқыраған қымыз иісі – мұның барлығы біздің үйіміз. Бұлар біздің ешқашан жоғалмас мәңгілік салт-дәстүріміздің бесігі.

5-оқушы: Қазығұрт өңірінде бірі сонау көне заманға барып жымдасса, енді бірі келешек ұрпаққа үлгі болып, өткенді ойға салып, келешекке өсиет болып жатқан тарихи орындар мен ел назарына қасиетті жер боп ілінген мекендер көп. Олар: «Исмайыл ата», «Қазығұрт ата шоқысы», «Қазығұрт қорасы», «НКВД белгісі», «Тесік тас», «Тамшы бастау», «Сырғыма су тас», «Ақбура әулие», «Ғайып ерен қырық шілтен», «Алып үңгір», «Көз ата», «Қырық қыз» т.б. Сондықтан ел ішіне тарап кеткен мынадай сөздер бар: ... Шілтер ата – имандылық шырағы ғой,
Ақбура – ізгіліктің бұлағы ғой,
Қазығұрт - әулиелер тұрағы ғой!

«Кубизм» стратегиясы. Әр топ текшені тастағанда бетінде жазылған тапсырманы орындайды.

1. «Қазығұрт» сөзінен көп сөз шығару.
2. Отан, туған жер, ел туралы мақал-мәтелдер айтады.
3. «Қай сөздерді жоғалттым?» (Бір шумақ өлеңде көп нүктенің орнына лайықты сөзін тауып қояды.
Жазайын . . . . жүйелі, (өлең)
. . . . . . . . мәңгі киелі. (Қазығұрт)
Нұқ Пайғамбар . . . . . . ., (кемесін)
Қастерлеп халқым . . . . . . (жүреді)
4. Мақал-мәтелдердегі суреттердің орнындағы қажетті сөздерді табады.
1) Отансыз адам – ормансыз (құс)
2) Туған жердің (күн) де ыстық, (ай) де ыстық.
3) Отан (от) да ыстық.
5. Алақай! Қуанышты сәт!
6. Сөзжұмбақ шешу.
1.Жылқының сүтінен жасалатын тағам. (Қымыз)
2.«Қазығұрт» кітабының авторы кім? (Қ.Тұрсынқұлов)
3.Қазығұрт ауданының ірі елді мекені. (Қызылқия)
4.Табиғатты зерттейтін ғылым. (Жаратылыстану)
5.Қара жамбас Қазығұрт өлеңінің авторы кім? (Асан Қайғы)
6.Ысмайыл ата кесенесі қай жерде орналасқан? (Тұрбат)
7.Қазығұрт бөктерінде өсетін ағаш. (Шырша)
8.Қазығұрт тауын мекендейтін жануар. (Таутеке)
5


4

2 8
3 7

6
1

«Жері майса, елі жайсаң Қазығұрт». «Әдебиетшілер» тобы Қазығұрт тауының аңыздары жайлы сыр шертеді.

Асан Қайғының Қазығұртқа арнаған өлеңі.
1-оқушы: Қара жамбас Қазығұрт,
Қазаққа біткен нармысың?
Екі Келес, бір Талас
Қазаққа біткен армысың?
Жемісі көп, жері көп,
Жер төресі мұнда екен!
Жігіті көп, ері көп,
Ел төресі мұнда екен!
Екі Келес, бір Талас
Бал татыған жерің-ай!
Ағайының аралас,
Тату екен елің-ай!

2-оқушы: Сулы Келес, құр Келес,
Майлы құйқа көк белес.
Көргенде көзге жас келді,
Көңілге салдың көп елес.
Бал татыған суың-ай,
Қалың қамыс нуың-ай!
Көзімді қадап көп тұрдым,
Көңілдің жықтың туын-ай!

3-оқушы: Желмаяға өңгеріп
Ала кетсем деп едім.
Сырға құйған сағаңа
Соға кетсем деп едім.
Бөктеріме сыймадың,
Сонда да сені қимадым.
«Қап, дүние, қайран!» - деп
Маямды санға ұрғаным.

4-оқушы: «Қазығұрт тауы» аңыз ертегісі
Халық арасында Қазығұрт хақында бұрыннан қалған аңыз бар. Қарт адамдардың айтуларына қарағанда, құдай баста жерді, көкті жаратқанда, Қазығұрт тауы да бірге жаралған. Өзі аласа тау болса да, жер жүзіндегі таулардың қасиеттісі. Ілгеріде жер жүзін топан суы басып кеткенде, жалғыз осы Қазығұрт тауы аман қалған екен. Қазығұрт тауының басында, күнбатыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер Нұқ пайғамбардың кемесінің орны дейді. Қазығұрттың басында бір үңгір болса керек. Ол – үңгірдің үстіне ағаш шаншып қойған Қазығұрт атаның моласы. Басқа жерлерді бұлт басса да, Қазығұрттың басын бұлт шалмайды екен. Егерде Қазығұртты бұлт шөгіп, көрінбей қалса, қариялар Қазығұрт қарасын киді деп, әйелдер күнпарасын киеді. Жұрттың бәрі даладағы нәрселерін үйге қояды. Қазығұрттың басын жапқан бұлт жаумай кетпесін деп, қазақтардың бұрынғы замандағы ақындары Нұқ пайғамбардың кемесінен қалған жануарлар туралы мынаны айтады екен:

5-оқушы: Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып,
Ойсылқара жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Қыршаңқы тай үстінде жатып қалып,
Қамбар ата жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Тышқақ тана үстінде жатып қалып,
Зеңгі баба жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Қотыр тоқты үстінде жатып қалып,
Шопан ата жануар содан қалған...

6-оқушы: Осындай ырыммен түрлі жануарлардың атын келтіреді екен. «Қазығұрттың басында көп әулие, мінсең аттай желеді айыр түйе» деген мақал да бар. Қазығұрттың басы түйенің өркешіне ұқсаған. Оның себебі, басқа таулардың бәрін топан су басып кеткенде, Қазығұртты су баспаған. Басқа таулар намыс қылып Қазығұртпен ұрысамыз деп келген. Бәрінің үлкені Ордабасы деген тау Бадам суының Қазығұртқа қараған күнбатыс жағында болған.
- Ордабасы балама айт,
Қызыл сеңдей қызыма айт,
Еншілес інім Қаңғыраққа айт!
Сізден арғы қараққа айт! – деген даусын естіп, қалғандары бір-біріне солай айқайлаған, - дейді. Барлық таулар келсе, біздер көп болып кетеміз, ұрыс қылмай-ақ қоялық деседі. Әдейі әуре болып келген соң, тым болмаса қылышты бір сілтеп қалайық деп қылышты сілтегенгде, Қазығұрттың басы айрылып қалыпты. Сөйтіп Қазығұрттың басы түйенің өркешіне ұқсаған себебі осыдан екен, - дейді қариялар.

«Қазығұрттың тау тұлғалы перзенттері». «Ізденімпаз-зерттеушілер» тобы Қазығұрттың бір туар тұлғалары жайында мағлұмат береді.

1-оқушы: Сабыр Рақымов 1902 жылы Қазығұрт бауырында дүниеге келген. Сабыр жастайынан әке-шешесінен айырылып, өмір тауқыметін көріп өсті. Жиырма жасында әскер қатарына шақырылып, содан кейінгі бүкіл өмірі әскери сапта өтті. Қол басқарудың теориялық әліппесін Бакудің әскери мектебінде ашқан. С.Рақымов ең жоғары деңгейдегі білімін Мәскеуде, Бас штабтың К.Е.Ворошилов атындағы әскери академиясында игерді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда мотоатқыштар полкі командирінің орынбасары еді. 1945 жылы Солтүстік Кавказдағы, Польшадағы ауыр әскери операцияларды шебер ұйымдастырған генерал-майор С.Рақымов соғыс аяқталуға үш айға жетер-жетпес уақыт қалғанда бақылау пунктіне түскен жарылыстан мерт болды.

2-оқушы: Қарақозы Әбдалиев 1908 жылы Қарақия ауылында, қатардағы шаруаның отбасында өмірге келген. «Талдыбұлақ» ұжымшарында есепші, Ленгер аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға аттанып, 1943 жылы гвардия аға лейтенанты шенінде взвод командирі дәрежесінде Мелитополь қаласын азат ету шайқасына қатысып, осында ерлік көрсетіп, мерт болды. Осы ерлігі үшін Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді. Қазір Рабат ауылындағы мен Мақтаарал ауданы Абай ауылындағы орта мектептер батыр есіміне ие. Екі жерде де ескерткіш орнатылған. Қарақозы кезінде көптеген өлеңдер жазған, бірақ олар кітап болып жарық көрмеген.

3-оқушы: Әділ Сасбұқаев 1922 жылы Төбеқұдық ауылында өмірге келген. Арыс қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, 1939 жылы Қазығұрт кентіндегі орта мектепті бітірген. Еңбек жолын сотта хатшы болып бастаған. Ұлы Отан соғысына ішкі істер әскерлері қатарында қатысып, ракеталық бөлімінде Қырым мен Украинаны, Польша мен Чехословакияны азат етуге қатысқан. Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметімен аяқтаған. Ұлы суреткер М.Әуезовтың «Өскен өркен» романына деректер жинаған кезінде көп қолғабыс жасаған. Әділ ағаның өзі туралы жазушы Жұмабек Еділбаев «Буырқанған бұлақтар» атты повесть жазған. 2005 жылы дүниеден өткен.

4-оқушы: Қалаубек Тұрсынқұлов 1934 жылы Қазығұрт ауданы Шарболат ауылында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын Қазығұрт аудандық орта мектепте мұғалім қызметімен бастап, Қазақстан ЛКСМ облыстық комитетінің хатшысы, Қазақстан баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарған. Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған. Көптеген әңгімелер, повестьтер, пьесалардың авторы. 2009 жылы «Қазығұрт» қолжазбасын баспаға тапсырып үлгереді де, ұзақ жылғы аурудан айыға алмай, өмірден өтеді.

5-оқушы: Құлмат Өмірәлиев 1930 жылы Үшбұлақ ауылында өмірге келген. Тіл білімінің маманы. Шымкент мұғалімдер институтын, Алматыдағы педагогикалық институтты бітірген. Еңбек жолын мектепте ұстаздық етуден, журналистика салаларында, аспирантураны бітірген соң біржола ғылыми жұмыстармен айналысқан. «Қазақ тілі тарихының грамматикасы», «Қазақ совет поэзиясы», «ХV-ХІХ ғғ. қазақ поэзиясының тілі», «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі», «Дулат Бабатайұлы», «Абай афоризмі» еңбектерін жазып және «Оғызнаманы» аударып, көптеген талдаулар жасаған. Қазақ тарихын зерттеп, Қазығұрт аймағының топонимикасы жөнінде құнды еңбектер қалдырған. 1985 жылы өмірден өткен.

«Тарихшылар» тобы Қазығұрттың тарихын өзге елдерге таныту мақсатында жоба ұсынады.

«Жаратылыстанушылар» тобы Қазығұрттың табиғатын қорғау мақсатында жоба ұсынады.

«Әдебиетшілер» тобы Қазығұрт туралы өздері жазған өлеңдерін оқиды.

«Ізденімпаз-зерттеушілер» тобы «Қазығұрт болашағы – балалар көзімен» атты тақырыпта сурет салады.

Қонақтарға сөз беріледі.

«Қазығұрт – киелі бесік».

Тәрбиеші: Қазығұрт - атын әлемге танытқан мемлекеттің негізін қалап отырған, әлемдік өркениетте өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі мен таным-тағылымы бар халықты талбесікте тербетіп, атқа қондырған ұлтымыздың ақ отауын тігіп кеткен алтын аймақ. Сондықтанда оны заманымыздың заңғар жазушысы Шерхан Мұртаза «Қазығұрт – киелі бесік» деп атаған. Сабағымызды аяқтай отырып, Аманбек Ақаевтың «Қазығұрт» атты өлеңінен оқып берейін.

«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?»
Кеудесіне тұңғиық сыр жасырып,
Қанша ғасыр өтіпті-ау, дүние жалған!...
Араладым талай жер, талай жұртты,
Елі құтты, жайнаған жері құтты.
Сағынамын, көруге асығамын,
Қазағымның киесі Қазығұртты.

ОҚО, Қазығұрт ауданы, Қазығұрт елді мекені.
«Санаторий типтес №11 арнаулы мектеп-интернаты»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиешісі
Балыкбаева Маржан Құдайбергенқызы Тәрбие.орг сайтынан Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған ... Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Балыкбаева Маржан Құдайбергенқызы

Пікірлер: 0

avatar