Бақытты шақтың балалары

  • Жүктеулер: 1
  • Көрсетілім: 347
  • Авторлық бағдарлама
  • 21/Янв/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 21171


Бақытты шақтың балалары

Бала тәрбиесі ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мәселе. Десекте, қазіргі қоғамда осы мәселеге қаншалықты көңіл бөлінуде?!
Әрине, беріліп жатқан тәрбие жоқ емес, бар. Әркім шама-шарқынша, бойына анасының сүтімен дарыған, қанына өскен ортасы мен көрген қоғамының ықпалымен сіңген және санасына жаратылысынан біткен тәрбие-түсініктерінің шеңберінде, біреуден алда, біреуден артта дегендей, өзінің артынан қалар ұрпағына тәрбиесін беріп жатыр. Бұл тәрбиелерге әлбетте, баланың өзінің қоғамындағы болып жатқан нәрселер де өзіндік үлесін қосары сөзсіз.
Жалпы тарихтың қай кезеңінде де аға буынның жас буынға көңілі толып, мақтағанын кездестіру өте қиын. Бірақ, бұл осындай өмірдің өз заңдылығы екен деп қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Әр заманның, әртүрлі қоғамдардың, атадан балаға ауысып келе жатқан тәрбиенің туын жықпай, ұрпақтан ұрпаққа эстафета секілді жалғастырушысы болып келетін өкілдері болады. Олар қоғамдық тәрбиенің өзегі деуге тұрарлық. Бұлар – ата-баба салтын барынша сақтап қалуға тырысатын кез-келген қазақ азаматы мен азаматшалары.
Атадан балаға жалғасқан бұл тәрбие заманның ықпалымен түрлі өзгерістерге ұшырауы да мүмкін. Оның үстіне күнделікті күйбең тірлік те мұндай мәселелерге соншалықты мойын бұрғызбайтыны рас. Осыдан келіп балаларымыздың жүріс-тұрысы мен қылған тірліктері көңілімізден шықпаған тұста не адамнан, не заманнан көрерімізді білмей кінәліні іздейміз. Әрине, әрбір жеке адам үшін қоғам бұл бір үлкен машина секілді. Оның жүрісін тоқтатып, бағытын өзгерту жеке адам үшін мүмкін емес нәрсе. Мұндай келелі мәселелер өз шешімін бүкіл қоғам болып шешуді талап етеді. Дегенмен, әрбір ата-ана өз ұрпағының қамы үшін, олардың болашағы үшін бала тәрбиесі мәселесіне немқұрайлы қарамауы тиіс. Өйткені ұрпақ қоғамдікі емес, ұрпақ ата-ананікі. Бала жаман болып өссе сөз ата-анаға тиеді. Сондықтан, қоғамдық пікірге қарамастан балаларына тағылымды тәрбие беруді мақсат тұтқан ата-ана ұрпақ мәселесіне ден қоюы қажет. Оны кейінге қалдыра бермей қазір және осы жерде қағидасын ұстануы керек. Уақыт ешкімді аямайды және күтпейді. Оны уысыңда ұстап тұра алмайсың. «Жемісін жейін» немесе «көлеңкесін саялайын» деп отырғызған жас талшыбықты, «паналайын» деп тұрғызатын үйімізді баптауға көңіл бөлеміз. Ал бірақ, орнымызды басатын, артымызда із болып қалатын ұрпағымыздың мәселесіне келгенде салғырттық танытпайық. Көз алдымызда жүрген бала беріліп жатқан тәрбиенің айнасы, яғни нәтижесі екенін ұмытпайық.
Ғасырлар бойы әлемнің барлық елдерінде, соның ішінде өз елімізде де бала тәрбиесіне арналған қаншама жақсы-жақсы кітаптар шығарылып, мақалалар басылып келеді. Шетелдің жақсысын алып, жаманынан қашу мәселесі де айта-айта жауыр болған тақырып. Әрине, қазір басқаша уақыт, басқаша замана талабы. Әсіресе соңғы он – он бес жыл ішінде заман өте жылдам қарқынмен өзгеріп бара жатыр. Жаңаша технологиялар. Жаңаша қажеттіліктер. Жаңаша көзқарастар. Осылардың ішінде ойып өз орнын тауып үлгерген әлеуметтік желілердің де ұрпақ санасына түрліше ықпалын тигізіп жатқаны сөзсіз. Таяқтың екі ұшы бар демекші, қазіргі заманауи байланыс құралдарының да берер пайдасы мен тигізер зияны бар. Оның қайсысын, кім, қаншалықты қолданып жатқандығы әркімнің пайым-түсінігіне байланысты. Бір белгілісі, басым көпшілік жағдайларда әрине, бұл құралдар өзінің негізгі мақсаты байланыс үшін және одан қала берді, көңіл көтеру мен уақыт өткізу құралы ретінде ғана пайдаланылады. Бұрынғыдай кітап, газет-журнал оқитындар қазіргі жастар арасында жоқ емес, бірақ өте сиреп барады. Ұзақ уақыттар бойы мағыналы, салмақты материалдарды оқып отыруға ынталылар саны азайып бара жатқан сияқты.
Шынтуайтына келгенде, қазіргі балалар – бақытты шақтың балалары. Іздегенін табуға әбден болатын мүмкіндіктердің уақыты. Мұндай уақыттың орнауы, қалай дегенмен де, аға буын өкілдерінің еңбегі. Енді осы бақытты балаларымыздың келешегі де бақытты болуы үшін оларға, ең болмаса, өзіміз бала күнімізде көрген тәрбиені бере алсақ, сол тәрбиені ар-намыс пен ұяттың вакцинасы ретінде бойларына сіңіре білсек, балаларымызда сырттан келетін және қоғамымызда орын алатын жаман қасиеттерге қарсы тұратын тәрбиелік иммунитет қалыптасар еді.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы
Бейнеу кешкі мектебінің
информатика пәнінің мұғалімі
Анебаева Ирина Орпабекқызы Тәрбие.орг сайтынан Бақытты шақтың балалары Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Анебаева Ирина Орпабековна

"Бейнеу кешкі мектебі" Информатика пәні мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar