Балабақшада ойын технологиясын қолдана отырып музыкалық-дидактикалық ойындар арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіру

  • Жүктеулер: 5
  • Көрсетілім: 121
  • Авторлық бағдарлама
  • 24/Ноя/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23375


ӘОЖ 372.3

Балабақшада ойын технологиясын қолдана отырып, музыкалық-дидактикалық ойындар арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіру

Темирбекова Т. С.
(МКҚК «Балауса» балабақшасы)

Жаңа педагогикалық технологияларды дұрыс қолдана білу, жеке тұлғаның дұрыс дамып қалыптасуы, ойын технологиясы арқылы психикалық функцияларын дамыту. ХХІ ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технологиялық бағытты дамыту мақсатымен атауымыз үлкен үміттің басты нышаны болып табылады. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Еліміздің білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасында «Мектепке дейінгі тәрбие үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Ол баланың жеке бас ерекшелігін ескере отырып дамытатын орталық» делінген. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Жаңа заман баласы ертеңгі еліміздің болашағы.
Сондай ақ тұжырымдамада «Қазіргі білім беретін орталықтарда оқытудың мазмұны мен құрылымы өзгеріп отырған кезеңде тұлғаларға бағдарланған ойын технологиясының алар орны ерекше делінген». Ойынның тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады». Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу ең алдымен ойыннан басталады. Балалардың еңбегі, оқуы ойыннан басталды.
«Баланың ынтасын тарту үшін оқылатын нәрседе бір жаңалық болу керек!»-деп жазады Ж.Аймауытов. Шағын орталықта музыка сабағында ойын технологиясын қолдана отырып, материалды тез меңгеруге, музыкалық шығармаларды қабылдауға, әуенді ести білуге үйретуге болады. Оқытылатын барлық пәндер сияқты музыка пәнінде де ойынның маңызы зор. Ойынды әдетте жетекші оқу іс-әрекетті ұйымдастыру алдында не қорытындылар сәтте пайдаланады. Музыкасыз, ойынсыз, ертегісіз баланың толық мәніндегі ақыл-ой мен қиялын дамыту мүмкін емес.
Музыкалық-дидактикалық ойындар музыка жетекшілерінің оқу іс-әрекетін түрлендіріп, мазмұнын байыта, көркемдей түседі. Ойындар балалардың бойындағы музыкаға деген қызығушылығы мен құмарлығын оятады, балалық қиялдарын қозғап, түсініктерін кеңейте түседі. Балалардың шығармашылық қабілетерін дамытып, оларды әдемілікке, музыкалық үндестікке баулиды.
Музыкалық - дидактикалық ойындардың басты мақсаты:
Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдылар жайында түсінік беру;
Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды қалыптастыру;
Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды тиянақтау және бекіту;
Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды қайталау және пысықтау;
Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды тексеру.
Музыкалық -дидактикалық ойынның басты міндеті:
Баланың қызығушылығын туғызу;
Баланың белсенділігін арттыру.
«Балалардың ойын әрекетін ұйымдастыруды қалай жақсартуға болады? Бұл мәселе педагогикалық үрдісте қандай орын алады?» деген сұрақтарына жауап іздеп көрелік. Ойын әрекеті балалардың бағалы өмірінің алғашқы күнінен бастап-ақ маңызды орын алады. Алайда жақсы, дұрыс,әрі нақты ұйымдастырылған ойын ғана тиісті, қалағаныңдай нәтиже бере алады. Ойын мектепке дейінгі тәрбиешілердің бірден – бір көмекшісі болуы керек деген.
Дидактика – термині гректің «дидактос», яғни үйрететін деген сөзден шыққан. Дидактикалық құралдар оқу міндеттеріне сай арнайы әзірленеді. Музыка сабағында әрбір баланың жеке тұлғалық (психологиялық, мінез-құлық, қабілет,мүмкіндік т.б.) ерекшеліктерін ескере отырып, белгілі музыкалық-дидактикалық ойындарқатарын таңдап алған жөн. Бұл ойындар баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында негізболатын оның өзін-өзі сезінуі, психикалық процестерінің дамуына бағытталып, оқу іс-әрекетті ұйымдастыру үстінде, сергіту сәттерінде және сабақтан тыс кездерде жүргізілді.
Дидактикалық ойындардың маңызы:
1.Дидактикалық ойын балалардың қоршаған дүние туралы түсінігін нақтылайды.
2.Әрбір қолданған дидактикалық ойын балаларды ойнай білуге баулып, сөздік қорын молайтады, ақыл- ой қызметін қалыптастырады.
3.Дидактикалық ойын адамгершілікке тәрбиелеуде үнемі қызмет атқарады.
Музыкалық дидактикалық ойындардың бірнеше түрлері бар. Есте сақтау және естуге aрналған ойындар, Тембрлік естуге арналған ойындар, Дыбыс биіктігін естуге арналған музыкалық-дидактикалық ойындар, Ырғақ сезімдерін дамытуға арналған ойындар , Музыкалық бейнені, қиял мен шығармашылық қабілеттерін ажыратуға арналған
ойындар, Диатоникалық естуге арналған ойындар.
Мен музыка сабағында балалардың қызығушылығын, белсенділігін арттыру мақсатында мынандай бірнеше музыкалық-дидактикалық ойын түрлерін пайдаланамын.
1.«Ырғақты сүйемелдеу». Ойынның шарты: Балалар екі топқа бөлініп, бір тобы әнді орындайды, екінші тобы ақырын шапалақпен белгілі ырғақты соғады. Мұндай сүйемелдеу әннің ырғағын тез үйренуге көмектеседі және әуенге жаңа өң береді.
2.«Музыкалық аспаптармен ойнау». Ойынның шарты: Балаларға алдын-ала музыкалық аспаптар таратылады: сылдырмақтар, ағаш қасықтар, барабан, бубен, маракас, асатаяқтар т.б. Үнтаспадан музыка тыңдалады, балалар ырғақты соға бастайды және қимылмен келтіру арқылы музыканы тыңдайды. Бұл ойын тыңдаған музыканың көніл күйін ажыратуға және әуенді тез жадында сақтауға көмектеседі.
3.«Музыкалық сергітулер». Балалар музыкалық әуендерді естеріне сақтау үшін, үнемі қайталау керек. Ол үшін музыкалық сергітулер ұйымдастырамын. Музыкалық ойындар балалардың музыкаға деген қүлшынысын, қызығушылығын ғана арттырып қоймай, есте сақтау, ойлай білуге, ажырата, салыстыра алуға баулиды. «Жәй және жылдам» ойыны бойынша ең алдымен балалардың музыканы тыңдау, қабылдау жетілдіру, қимылды айыру үшін көңіл бөлдім. «Әнші бала» ойыны бойынша топтағы бір баланың жеке ән салуына назар аудардым.
Эмоцияны дамыту, қарым-қатынас, эмоционалдық жағдайын жақсартуға бағытталған ойындардан “Шатасқан ноталар”, “Кімнің немесе, ненің үні екенін тап”, “Әуенге қозғалыс ойла да, сыйла”. Соның ішінде «Төмен және жоғары дыбыстар» ойыны. Ойынның мақсаты: Балаларды шығарманы тыңдай отырып, динамикалық бояуларын, дауыс күштілігін ажырата білуге баулу. Ойынның шарты: Түстері бірдей, әртүрлі көлемдегі сары қоңыраулар суреті салынған карточкалар үлестіріледі. Жеке тұлғаның адекватты өзін-өзі бағалауды дамытуға бағытталған ойындардан “Ертегі құрастырамыз”, “Сазгерлер”, «Ойлан, тап!» жұмбақ ойыны. Ойынның мақсаты: Жұмбақ ойынды қолдану арқылы балалар аспаптар түрлерін, құрылысын ажырата отырып, тапқырлыққа, шапшаңдыққа үйрене алады. Ойынның шарты: Жетекші жасырған жұмбақты балалар жарыса тауып алулары керек. Бұл баланың ойлау қабілетіне әсер етеді.
Ұзын мойын екі ішек,
Қатар-қатар тепкішек.
Басып қалсаң бір-бірлеп,
Күй шығады күмбірлеп, (Домбыра)
Саусақ басқан түтіктен,
Сандуғаш құс сайрайды. (Сыбызғы)
Сексен бес тілі бар,
Әр тілдің
Өзіне тән үні бар. (Күйсандық)
Ұсынылып отырған жұмбақтарды балалар екі топқа бөліп жарыс түрінде өткізуге болады. Бірінші топтың балалары жұмбақты айтса, екінші топ балалары жауабын табу керек.
Қабылдауды дамытуға арналған ойындардан «Әуенге не жетіспейді?», «Не бейнеленгенін анықта?», «Аспаптарды боя». Атап айтар болсақ, «Төрт түліктің төлін шақыру» ойыны. Ойынның мақсаты: Бұл ойын арқылы балалар төрт түлік малтуралы, олардың төлдері және қасиеті жөнінде естіп,біледі..
Ойынның шарты: Ойын жүргізуші: – Қане балалар, дауыстап төрт түлік малды төлін емізуге,бәріміз бірдей дауыстап шақырайық. Ойынды көрнекіліктер пайдалана отырып, өткізуге болады. Мысалы:
Биені құраулап,
Түйені көс-көстеп,
Сиырды аухаулап,
Ешкіні шөрелеп,
Шақырып аламыз,
Сауамыз, бағамыз.
Бұл музыкалық ойында ән айтқызу арқылы дыбыс тазалығына, сөздерді анық айтуға көңіл бөлеміз.
Есті дамытуға арналған ойындардан «Тыңда да таны», «Әуенді есте сақта», т.б. «Жұбыңды тап» ойынына тоқталып өтуге болады.
Ойынның мақсаты: Балалардың еске түсіру және есте сақтау қабілетін дамыта отырып, өздерін еркін сезіне білуін қалыптастырады. Суретте бейнеленген аспаптардың атауын, түрін, түсін айыра білуге дағдыланды. Ойынның шарты: Балалар зал ішінде кең, еркін,белгілі бір қалып жасап, аспаптардың суреттері арқылы жұп болып тұрады. Музыка ойнаған кезде жүгіріп ортаға келіп, би қимылдарын орындап,музыка аяқталған сәтте өз орындарына, яғни жұптарын тауып, бастапқы қалыпқа тұра қалу керек.
Ойлауды дамытуға арналған ойындардан «Төртіншісі артық», «Әуенді аяқтау», «Артық нотаны тап», «Әуен құра»,«Музыканы салыстыр». Соның ішінде «Әуенді сағат» ойынына тоқталып өтетін болсақ: Ойынның мақсаты: Үйренген ән, әуендерді есте сақтап, бекіту үшін қолданылады. Әртүрлі көңіл күйдегі әуендерді кіріспесінен немесе үзіндісінен табуға машықтандырады. Ойынның шарты:Әртүрлі шығармадағы кейіпкерлер суреті салынған сағат бейнелі карточкалар беріледі. Жетекші таныс ән немесе әуенді ойнап,балалар «Әуенді сағаттан» сол әннің мазмұнын сай суреті сағат тілін қозғау арқылы тауып береді.
Зейінді дамытуға арналған ойындардан «Не өзгерді?», «Айырмашылығын тап», «Рұқсат етілмейтін қимыл». Соның ішінде «Неше аспап және қандай аспап?» ойыны.
Ойынның мақсаты: Ойлау, еске түсіру қабілеттерін дамытады. Әңгімелеп айтып беру арқылы, сөз қорларын дамытуға септігін тигізеді.
Ойынның шарты: Жетекші таныстырылған түрлі аспаптың аттарын атаған кезде, сол аспапты ұстап отырған бала,аспапта ойнайды. Жетекші балалардың зейінін арттыру мақсатында бір дегенде екі немесе үш-төрт аспатың атын атайды. Қалған балалар неше аспап және қандай аспап екенін,әр түрлі дыбыстың шығуына байланысты саусақтарымен немесе ойша санау арқылы тауып айтып әрі,аспап туралы өз білгендерін айтып әңгімелеп береді. Осы нұсқада төмен,жоғары дыбыс ойынында ойнауға болады. Ойындық өзара әрекет-бұл өмірдің имитациясы емес, бұл баланың қоғамда өз қабілеттерін, мүмкіндіктерін жүзеге асыруына, өзін-өзі бекітуге мүмкіндік беретін ерекше іс-әрекет түрі. Яғни,ойын бала тұлғасының әлеуметтік дамуының негізгі факторы.
Музыка сабақтарында дидактикалық ойындарды балаларды жан-жақты тәрбиелеуге негіздеу қажет. Осыған орай музыка сабағында дидактикалық ойындар арқылы меңгерту жұмыстарының мынадай мақсаты болуы керек: Балаларды ұлттық болмысқа тәрбиелеу.
Балаларды ұлттық болмысқа тәрбиелеу. Бұл төмендегі жұмыстар бойынша жүргізіледі:
Дидактикалық ойындарды ұлттық тәлім-тәрбие көздерімен ұштастыруда жұмбақтарды, мақал-мәтелдерді, халықтың даналық, өсиет сөздерінен оқыту барысында ойындар арқылы кеңінен қолдану; Көркем шығармаларды дидактикалык ойын түрінде беру арқылы балалардың ұлттық мәдениет пен әдебиетке дұрыс көзқарасын қалыптастыру; Ойын технологиясы баланың жеке басының «мен» деген ұғымын қалыптастырады. Балалармен қарым-қатынасы, үлкендермен қарым-қатынасы жақсарады. Ойынның қызықты болуы басқалармен бірлесіп қызмет атқаруы,өзін басқалар алдында азамат ретінде танытуға ұмтылады. Сонымен қатар баланың мектепке дайындығы қалыптасады: Оқуға деген ықыласын оятады; Оқуға жаңа әрекет,ерік жігерінің дамуы арқасында төзімділікке үйренеді; зейінді болып,тәрбиешінің сөзін бірден қабылдайды; Оқу материалдарын ұғынып, оны саналы түрде есте сақтау, қиын мәселелерді шешуге ойлана бастайды; Айтайын деген ойын жеткізе білуге ұмтылады;
Қорытындыға келе, музыка сабағында ойын технологиясын пайдалана отырып, материалды тез меңгеруге, музыкалық шығармаларды қабылдауға, әуенді ести білуге үйретуге болады. Осы мақсатпен ұстаз «Музыка сабағында ойын технологиясын қолдану арқылы оқушыларды өнерді құрметтеуге баулу» тақырыбы бойынша жұмыс істей отырып, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру барысында асқан жауапкершілікпен қарап, әр сабағын жоғары деңгейде, шебер әдістемелік тұрғыда жүргізе біледі. Музыка сабағында да ойын технологиясын қолдана отырып, материалды тез меңгеруге, музыкалық шығармаларды қабылдауға, әуенді ести білуге уйретуге болады. Бастауышта оқытылатын барлық пәндер сияқты музыка сабағында да ойынның маңызы өте зор.

Қолданылған әдебиеттер:
1 Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. 2. Журнал «Балабақша» 2009. 3. Музыка. Нота хрестоматиясы: мектепалды даярлаудың бағдарламасы бойынша 5(6) жастағы балаларды оқытуға арналған/ құраст. С.Г.Батибаева-Алматы: Алматыкітап баспасы, 2014. -176 б. 4. Музыка. Нота хрестоматиясы. Зерек бала бағдарламасы бойынша мектепке дейіңгі ортаңғы топ балаларына арналған/ Құраст. Ф.М.Қоңыратбай, Г.А.Абдрахманова, Т.Т.Сарыбаев. -Алматыкітап баспасы, 2013. -152 б. 5. Музыка. Нота хрестоматиясы. Зерек бала бағдарламасы бойынша мектепке дейіңгі екінші кіші сәбилер тобынна арналған/ Құраст. Ф.М.Қоңыратбай, Г.А.Абдрахманова, Т.Т.Сарыбаев. -Алматыкітап баспасы, 20а13. -128 б. Тәрбие.орг сайтынан Балабақшада ойын технологиясын қолдана отырып музыкалық-дидактикалық ойындар арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіру Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Темирбекова Т. С.

Пікірлер: 0

avatar