Білім беру үдерісін модернизациялау жағдайында білім беру мазмұнын жаңарту, оқытуды критериалды бағалаудың кешенді тәсілдері

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 74
  • Авторлық бағдарлама
  • 24/Ноя/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23370


БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІН МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУ ЖАҒДАЙЫНДА БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ, ОҚЫТУДАҒЫ КРИТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАУДЫҢ КЕШЕНДІ ТӘСІЛДЕРІ
Г.Е. Жакыпбекова
«Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп- гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі
Райымбек ауданы Қарасаз ауылы

Елімізде оқыту мазмұны жаңартылып, білім беру жүйесінде жаңа буын оқулықтары шығып соның негізінде жасалған бағдарламалар бастауыш мектептің жаңа жүйеге көшуін, әрбір мұғалімнен жаңаша жұмыс істеуін, батыл шығармашылық ізденісін, оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығын арттыруды талап етеді. Сондықтан мұғалім өз білімін үнемі жан- жақты жетілдіре отырып оқушыны қызықтырып оқытуы керек екені айтпаса да түсінікті, уақыт көшіне ілесіп қана қоймай, алғы шепте жүру- ұстаздарға қойылатын басты талап болып табылады. Президент Н.Ә.Назарбаев айтқандай, сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырудың негізіне айналуы тиіс. Бұл мәселе мектептерге байланысты айтылып тұрғандығы белгілі. Еліміздің болашағы орта мектептен толыққанды сапалы білім алған, оның бағдарламасын толық меңгерген баладан, яғни оқушыдан шығары анық, өйткені , ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар- бүгінгі мектеп оқушылары. Мектепте жұмыс атқаратын әрбір мұғалімнің алдына қазіргі таңда қойылатын талап өте үлкен. Сондықтан мұғалім өзінің инновациялық іс- әрекетін қалыптастырып, оны түсініп сол түсінгенін жаңа педагогикалық технологиялармен меңгеріп, өз тәжірибесінде қолданған әрбір мұғалім өз сабағын нәтижелі даму жағынан көре алатыны сөзсіз. Мұғалім алғаш жаңа педагогикалық технологияларды оқып үйренеді, меңгереді, тәжірибеде қолданады, оны дамытып нәтижесін көреді.
Осыған сәйкес қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – әлеуметтік, экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жүзеге асыруға, жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаны қалыптастыру болып отыр. Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар – шығармашылық, белсенділік, жауаптылық, терең білімділік, кәсіби сауаттылық. Бұл талаптарды жүзеге асыру үшін оқушы білімін бағалауда мүлдем жаңа бағытта жұмыс істеу қажеттілігі туындайды. Осы қажеттілікті шешу жолдарының бірден–бір жолы оқушы білімін критериалды бағалау жүйесі бойынша сараптау . Критериалды бағалау жүйесінде ең маңызды нәрсе – оқу процесінің өзі, сол арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді, яғни бұл жүйеде оқушының қалай жұмыс жасағаны , қалай ойланғаны бағаланады. Бағалауды өткізу үшін, оқушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын анықтау қажет.
Оқыту – мұғалімдердің оқушыларға жасаған сыйы емес, бұл құзіреттіліктер білім алу үшін оқушылардың өздері де оқу үдерісіне белсенді қатысуын талап етеді. Мұғалімдер, өз кезегінде, өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс. Осы мақсатта мұғалім оқыту ортасын құру керек. Осы орайда оқушылар арасында өзара түсіністік және ұжымдық қарым-қатынасты орнатып, оқушылардың сенімсіздіктерін жойып, мүмкіндіктерін арттыруға жол ашатын бірден бір тәсіл критериалды бағалау болып табылады.
Критерийлер – оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер, атап айтқанда, оқушылар жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбесі. Критериалдық бағалау – бұл білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критериялармен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс. Егер балаға оның белгілі бір деңгейге жеткендігін айтса, онда бұл оған үздік нәтижеге жету үшін не істеу керектігін түсінуге көмектеспейді; бұл ретте егер баламен бірге оның жұмысында мұндай бағалауға не әкелгенін және бағалау өлшемдерін түсіндіруге талдау жасаса, онда бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін кейін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік береді.
Критериалды бағалауды енгізудің мақсаты:
• Мектепте оқыту сапасын жоғарылату;
• Мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру.
Критериалды бағалаудың міндеттері:
• Сабақтың әр бөліктеріндегі әр оқушының дайындық деңгейін анықтауға;
• Бағдарламаға сәйкес оқу мақсаттарын орындау қабілеті;
• Жеке оқушының даму жетістігін бақылауға;
• Оқушының білім алу барысындағы қателіктері мен олқылықтарын айқындауға;
• Әр түрлі жұмыс барысындағы алған өз бағасының әділдігіне көзін жеткізуге;
• Оқу бағдарламасының тиімділігін саралауға;
• Сабақ үдерісі мен білімнің меңгерілуі туралы оқушы мен мұғалім және ата-ана арасындағы кері байланысты қамтамасыз етуге
Критериалды бағалаудың маңызы:
Мұғалімдер үшін:
• Сапалы нәтижеге әкелетін критерийлер құрастыруға;
• Өз іс-әрекетін саралап және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға;
• Сабақ берудің сапасын арттыруға;
• Оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың әр тұлғаға арналған ауқымын жоспарлауға;
• Бағалаудың әртүрлі әдістерін пайдалануға;
• Оқу бағдарламасын қолжетімді ету үшін ұсыныстар енгізуге
Оқушылар үшін:
• Танымдық қабілеті мен ойлау деңгейін арттыратын оқытудың әртүрлі әдістерін пайдалануға;
• Табысқа жетелейтін бағалау критерийлерін түсінуге;
• Өзін және өзгелерді бағалау арқылы кері байланысқа түсуге;
• Сыни ойлауына, еркін ойын айтуына, өзінің білімін көрсетуге
Ата-аналар үшін:
• Баласының білім сапасының дәлелдемелерімен танысуға;
• Оның оқуындағы табыстылықты бақылауға;
• Оқуына қолдау көрсету үшін бағыт алуына мүмкіндік туғызады.
Критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі:
• Мұғалімге оқушының оқу жетістіктерін объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді;
• Оқушыларға оқу үдерісі барысында туындаған қиындықтарды түсінуге, бағалауға мүмкіндік береді;
• Ата-аналар оқушының оқу жетістіктер бойынша объективті дәлелдемелермен қамтамасыз етіледі;
Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауда бірқатар дағдылар қолданылады. Олар: білу, түсіну, қолдану, сыни ойлану, анализ, синтез, бағалау, зерттеу дағдылары, рефлексия, коммуникативті дағдылар, тілдік дағдылар, жеке жұмыс жасау дағдылары, топта жұмыс жасау дағдылары, мәліметті іздеу дағдылары, тәжірибелік дағдылар, шығармашылық дағдылар, IT-технологияларды қолдану дағдылары.
Бұрын оқытуда оқушылар тек қана тыңдаушы, орындаушы болып келген, ал қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек. Бастауыш сыныптардың негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, білімге және оқуға деген сенімін нығайту, іскерлікпен дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады. Критериалды бағалау әдісі арқылы бізде оқушының ең алдымен қызығушылығын оята аламыз, белсенділігін арттырамыз, өз ойын ашық айтуға үйретеміз, өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырамыз. Мұндағы жетістіктің артықшылығы сынып оқушыларын түгел бағалай аламыз.
Биылғы 2016- 2017 оқу жылында 1- сыныпты жаңартылған бағдарлама бойынша оқыта бастадым. Жаңа үдерісті өз тәжірибемде қолданып келемін. Оқушыларды бағалау үшін критерийлердің жеңіл түрлерін алдым. Оларға өздері түсінетіндей, өзін-өзі бағалай алатындай етіп, істеген жұмыстарын оңай талдай алатындай дескрипторларды құрамыз. Мысалы, 1-сыныпта математика пәнінен «Жазық фигуралар» тақырыбындағы оқу мақсаты бойынша білім алушылар жазық фигуралар мен кеңістік фигуралармен танысады, қоршаған ортадағы заттармен сәйкестендіре білу керек. Осыған байланысты сабақ барысында алынған критерийлер төмендегідей болды:
• Оқушыларға геометриялық фигуралар туралы түсінік қалыптастыру;
• Жазық фигураларды кеңістік фигураларынан ажырата білу;
• Әрбір фигураның өзгешелігін анықтай алу;
Осы критерийлерден туындайтын дескрипторлар:
• Жазық фигура кеңістік фигураның ізі немесе баспа таңбасы екенін біледі;
• Жазық фигураларды (үшбұрыш, дөңгелек, шаршы, тіктөртбұрыш) және кеңістік фигураларды (куб, шар, цилиндр, конус, пирамида) таниды және атайды;
• жазық және кеңістік фигураларды ажыратады;
• фигураларды қоршаған ортадағы заттармен сәйкестендіреді;
Оқушыларға сабақта геометриялық фигураламен әрі қарай танысатындарын айттым /кеңістік фигураларымен таныс/. Оларға 4 баладан тұратын топпен тәжірибе жасауға қатысуды ұсындым.
Тәжірибе жасау үшін А4 қатты қағазы, қарындаштар, қайшы және кез- келген көлемді фигура, (мысалы конустың моделі) қажет болады. 5 топқа 5 кеңістік фигурасын таратып беремін.
1. Фигураның табанын қағазға қарындашпен бастырып сызғызамын.
2. Фигураны алып тастап, қағазда салынған суретті көруге ұсыныс жасаймын.
3. Фигураны қиып алу қажеттігін айтамын.
4. Қиып алынған фигураның қалай аталатынын сұраймын.
5. Қиып алынған фигураның «дөңгелек», «шаршы», «үшбұрыш» т.б. деп аталатынын айтамын.
Оқушылардан күнделікті өмірде дөңгелек, шаршы, үшбұрыш пішінді қандай заттарды көріп жүргендігін сұраймын. Дөңгелек пен конустың, пирамида мен үшбұрыштың, текше мен шаршының ұқсастығы мен айырмашылығын салыстырып айтқызамын. Тәжірибені жалғастырамын. Оқушыларға мына іс- әрекеттерді жасауды ұсынамын.
1) Үстелге кеңістік фигураларын және оның қатарына қағаздан қиып алған фигураларын қойғызамын;
2) Үстелдің беті көздерінің деңгейімен бірдей болатындай етіп отырғызып, фигураларға қаратамын.
Оқушылардан не байқағанын сұраймын. Көргендері бойынша қорытынды жасатамын. Кеңістік фигураларының үстел үстінен жоғары тұрғанын, оның тек табаны ғана үстел үстінде жатқанын, ал дөңгелек түгелімен үстел бетінде орналасқанын бақылау арқылы қорытынды жасатқызамын. Сондықтан конус пен дөңгелектің екі түрлі фигуралар болатынын айтқызамын. Олардың негізгі айырмашылығы: дөңгелек- жазық, ал конус- кеңістік фигура екенідігін айтамын. Оқушы зерттей отырып, тәжірибе жасау арқылы кеңістік фигураларынан жазық фигураны жасап шығарды. Сабағымды қорытындылай келе бастауыш сынып пәндерінің аясындағы педагогикалық тәсіл белсенді оқуды көздейтін сындарлы оқуға негізделеді. Бұл тәсіл аясында оқушылар оқу үдерісіне белсенді атсалысады, сол арқылы өздері үшін оқудың маңызын өздері анықтайды. Бұл мұғалімді селқос қана тыңдап отырған оқушыларға тақырыпты хабарлағанға қарағанда анағұрлым қуатты құрал болып табылады демекпін.
Сабаққа белсене қатысқан оқушыларды мадақтай отырып, смайликтер беріп бағалаймын. Енді осындағы мәселені шешу, кемшіліктерді жою үшін оқушымен жұмыс жүргіземін.
Қалыптастырушы бағалау нәтижелеріне талдау жасау білім алушыларда кездесетін қиыншылықтар туралы ақпарат алуға, оның алдын алу шаралары туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мысалы, тексерілген жұмыстардың нәтижесіне талдау жасау:
1. Белгілі бір тапсырмалар қиындық тудыратын балалар тобын;
2. Бөлім, тақырыптар бойынша қиындықтар туындайтын жеке білім алушыларды;
3. Білім алушылар үшін аса күрделі, қиын сұрақтар, тапсырмалар, тақырыптарды айқындап береді.
Қалыптастырушы бағалауда баға, балл қойылмайды. Оқушы білімін саралауда әр сабақ сайын кері байланыс жасап отырамын. Кері байланыс сабақтың әр кезеңінде қолданылады. Білім алушылармен үздіксіз өзара әрекет етуді жүзеге асыруға, нәтижесінде оқу үдерісін түзетіп, сабақты әрі қарай жоспарлауыма мүмкіндік береді. Кері байланыс кезінде білім алушылардың жақсы жақтарын ескеріп, тапсырманың дұрыс орындалмағанын нақты түсіндірмей, жұмысының жетілдіру немесе кемшілік тұстарын жөндеудің жолдарына ұсыныс айтамын.
Қорыта айтқанда, бұл бағалау рәсімдерінің сапалылығын, олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін және әр білім алушының оқудағы қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін ұсынылып отырған жаңа критериалды бағалау жүйесі білім алушының дамуын, оның қызығушылығын және оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталады. Егер әр білім алушыға және оның ата- анасына түсінікті болатындай нақты әрі өлшемді бағалау критерийлері белгіленетін болса біз болашақта өз ойын ашық айта алатын, жан- жақты дамыған, сауатты, Қазақстанның іргетасын қалайтын мықты, құзыретті тұлға қалыптастыратынымыз сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Бешімбаева Қ.Е. Білім алушының тілдік құзыреттілігін жетілдірудегі критериалды бағалау жүйесі . Әдістемелік нұсқау,11-бет.
2. Красноборова А.А. Критериальное оценивание в школе. Учебное пособие
3. Мұғалімге арналған нұсқаулық «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» , 55-бет, 107-бет
4. Г.Ш.Жақыпов, Н.В.Орехова, Н.В.Лебедова Математика пәні бойынша мұғалімге арналған нұсқаулық. 1- сынып. 60-63 беттер Тәрбие.орг сайтынан Білім беру үдерісін модернизациялау жағдайында білім беру мазмұнын жаңарту, оқытуды критериалды бағалаудың кешенді тәсілдері Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Жакыпбекова Гуля Елжасовна

Пікірлер: 0

avatar