«Біз мейірімді отбасы» отбасылық сайыс

  • Жүктеулер: 4
  • Көрсетілім: 758
  • Авторлық бағдарлама
  • 24/Июн/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 19248


«Біз мейірімді отбасы» отбасылық сайыс

Мақсаты: Балабақша мен ата –аналар арасында ынтымақтастық орната отырып, ата-ана мен бала арасындағы мейірімділікті,адалдықты,ізеттілікті қалыптастыру.
Жүргізуші:
Бүгін біздің бақшада дүбірлі той,
Ден қойып тыңдаңыздар,көңілді қой.
«Біз мейірімді отбасы» сайысында,
Көрейік тамашаны, сергісін бой.
Мейірімділік – жаратылысты уыздай ұйытқан ең басты құндылық. Мейірімділік, татулық, достық, болмаса күллі әлем мағынасыз болып, зұлымдық билеп алар еді. Өйткені ғаламдағы барлық нәрсе мейірімнен жаратылған. «Мейірімді отбасы» дегенде, көз алдымызға уыздай ұйыған тату-тәтті, бақытты отбасы елестейтіні анық. Осы мейірімділіктің, татулықтың, бірліктің туын ұстаған отбасыларды ортаға шақырайық.
1. «Балдәурен» тобынан – Полатқанқызы Балым
2. «Ақкөгершін» тобынан – Кеңесхан Гүлім
3. «Балбұлақ» тобынан – Балтабай Інжу
4. «Балбөбек» тобынан – Амангелді Аружан
(Отбасылар музыка ырғағымен қарсы алынып, тиісті орындарға отырғызылады).
-Құрметті ата –аналар! «Біз мейірімді отбасы» атты отбасылық сайысына қош келдіңіздер! Аспанымыз ашық, күніміз жарық болсын деп шеңбер бойына тұрып, бір – бірімізге мейірімімізді төге отырып «Әрқашан күн сөнбесін!» әнін орындайық.
Ән : «Әрқашан күн сөнбесін!»
Жүргізуші:
Өнерпаздар өнерін салыстырып, Бәйге үшін терлетер шабыстырып. Әділдікті қолдайтын баға беріп, Жіберейік қазыларды таныстырып.
Сайысымыздың әділ бағасын беріп, жеңімпазын анықтайтын әділқазылар алқасымен таныс болыңыздар.
1. Балабақша меңгерушісі: Сыздықова Ұлбике
2. Маяқұм ауылдық мәдениет үйінің кітапхана меңгерушісі: Айтжан Жанар
3. Ата-ана: Атабек Хадиша
Анаң – күнің, жүрегің, Әжең асыл ардағың,
Әкең — өмір тірегің. Атаң дана қорғаның.
Сен бақытты ұлансың, Сен бақытты ұлансың ,
Бәрі саған қуансын . Бәрі саған қуансын -деп
«Біз мейірімді отбасы» сайысына қатысушы отбасыларымызды тағыда бір қошеметпен құттықтап қояйық.
Ата-ана өнерін салары анық, Өнегелі, тәлімді алған анық. Ал ,ендеше таныстырып өтейін мен, Бөлімдерін сайыстың бөліп - жарып.
Сайыс бағдарламасы 5 кезеңнен тұрады.
1 кезең - Таныстыру.
2 кезең - «Әке көрген оқ жонар» (ырым-тыйым сөздерге сұрақ-жауап)
3 кезең - Салт-дәстүрден көрініс (аналарға сұрақ)
4 кезең - Жұмбақ шешу. (жауабы, суретін салып бояу)
5 кезең - Өз өнерлері (ән, би өнерінен)
Музыка әуенімен ортаға Зұлым ханша шығады.
Зұлым ханша сиқырлы айнасына қарап:
-Менің сиқырлы айнам, қане, жер бетіне зұлымдық пен жауыздықты неге орната алмай жатырмыз, оған не нәрсе кедергі болып жатыр?
Айна (дауыс естеледі):
-О, менің әміршім, мен жер бетіне зұлымдықты орнатқым келсе де, ешбір қолымнан келетін емес. Жел соққанда, тыныс алғанда ғана сезінетін жұтқан ауа, көзге көрінбейтін мейірім мен мың бұрала аққан су сылдырының өзі, ақша бұлттар айшықталған көк аспан төбемізден мейірімін бірде күн шуағы боп төксе, бірде жаңбыр боп жер бетінің мейірін қандырып тұр. Бұл дүниеде барлық зұлымдық атаулының барлығын жер бетіне жіберсемде адамдардың бір біріне деген достығын, татулығын, қайырымдылығын, соның ішінде отбасылық татулық пен бірлікті жеңе алмадым.
Зұлым ханша:
-Жоқ, біз оны қайтсек те жоюымыз, құртуымыз керек. Мені сол отбасына жеткіз. Мен оларға кедергі боламын. (кетіп бара жатып қолындағы айнасын лақтырып, жолдағы тасбақаны аударып, гүлдерді құлатып шығып кетеді)
Осы кезде музыка ойналып мейірімді ханша шығады. Жолындағы кері аударылып қалған тасбақыны аударып, гүлдерді орнына келтіріп:
-Ой, кішкентай тасбақа сенде мейірімге зар болып отырсың ба? Ғаламдағы барлық нәрсе айналасына шашу шашатын мейірімділікті тілейді. Әрбірі мейірімділікті аңсайды. Кез келген жаратылысқа мейірімділік танытсаң, өзің де мейірімге бөленесің.
Тасбақа:
-Дұрыс айтасың мейірімді ханшайым. Екі көзің не үшін керек, жақсыларды көру үшін. Екі қолың не үшін керек, елге көмек беру үшін керек. Сенің мейірімділігіңнің, қайырымдылығыңның арқасында жолыңдағы көмекке зәру жандарға көмегіңді беріп келесің, соған ризамын. Саған көп рахмет.
Жүргізуші:
— Мейірімді ханшайым мына жерге мейірімділіктің шашуын шашқан, жырын жырлаған, әнін шырқаған отбасылар жиналып отыр екен. Ендеше осы отбасыларының бойындағы адамгершілік қасиеттері мен берер тәлім-тәрбиесі ,үлгі-өнегесін бірге тамашалайық.
Мейірімді ханша:
Жарайды бірге тамашалайық.
Жүргізуші:
Отбасымыз келіп жетті танысуға, Сыпырды томағасын осы дұға. Қызып келген қырандай керілтеді , Әдеппенен , ізетпен танысуға .
1-кезең. Таныстыру.
Барлық отбасылар өздерін таныстырып өтеді.
Ал, әділқазылар 1-кезең, яғни таныстыру кезеңінің бағаларын берсеңіздер. Бүгінгі сайысымыз 5-10 аралығындағы балдық жүйемен бағаланады.
Мейірімді ханшайым адам мейірімілікті әуелі жүрегінің жылуы арқылы білдіреді емес пе? Мынау тұрған жүрекшелердің не сиқыры бар екен. Міне қызық мұнда түрлі сұрақтар жасырылған екен.
Өзінің алғырлығын ұғындырып, Көрсетер көп іздеген мығым қылық. Келесі бұл сайыстың жоспарында, Түседі бәйгеге ырым-тыйымділік.
Сайысымыздың «Әке көрген оқ жонар» кезеңі ,отбасы әкелеріне қазақ халқының тыйым сөздері, әдептілікті, жақсы мінез – құлықты сіңіруге арналған сұрақтар қойылады.
1- Ұнасын, ұнамасын. Бұзба құстың (ұясын)
2- Ұқсама тентек балаға, Пышақтың (жүзін жалама).
3- Шаршасаң сәл-пәл аялда, Бірақ жерді (таянба).
4- Жақтыр мейлің жақтырма, Нанды (жерге лақтырма).
5- Құр беталды ермекке,
Бос бесікті (тербетпе).
6- Ақыл-есің бүтінде,
Кісіге қарай (түкірме).
7- Жоқ әдетті шығарма,
Түнде көлден (су алма).
8- Дастарханға емінбе,
Көп алдында (керілме).
Жарайсыздар, отбасындағы әкелер, мінеки қазақтың көптеген ырым-тыйым сөздеріне қанық болдыңыздар. Отбасында ұл-қыздарыңызға осындай тәрбиелік маңызы зор сөздерді айтып түсіндіріп отырады деп сенеміз.
Ал, әділқазылар алқасы 2-кезеңнің , яғни «Әке көрген оқ жонар» кезеңі, бүгінгі сайыстағы әкелердің берген жауаптарына бағаларыңызды берсеңіздер,
Сайысымыздың келесі кезеңі отбасы аналарына арналады. Бұл салт-дәстүрден көрініс.Мына қоржында түрлі-түсті асықтар бар . Балаларыңыз осы қоржыннан асық алып, асық түстес конверттегі келген салт-дәстүрді айтып, түсіндіріп, көрсету.(5-мин дайындық)
Бүгінгі сайысқа қатысушы отбасыларымызды құттықтауға «Балдәурен» тобының биші қыздарын шақырамыз. Би.
Отбасы аналары өздеріне берілген тапсырманы орындайды.
Ал, әділқазы алқалары бүгінгі аналарымыздың тіл байлығына, тіл мәдениетіне дауыс мәнеріне, сахнада өзін-өзі ұстауына баса назар аударып , өз бағаларыңызды берсеңіздер.
Келесі кезең «Жұмбақ шешу», ережесі: алдарыңызда берілгендей жұмбақты шешіп, шешуінің суретін саласыздар, балаларыңыз бояйды. Балаларыңыз ортадан жұмбақ таңдасын.
1- Таңмен көзін ашады, Әлемге нұр шашады. (Күн)
2- Түндегі көп шырақты жағып кеткен, Кім келіп таң алдында алып кеткен. (жұлдыз)
3- Жарқылдан соң жаңағы, Суға бөкті бар алап. Көкте түрлі жолақты, Өрнек құрды ғаламат. (кемпірқосақ)
4- Сырылдатады шәйнегін, Ұнатпаса да жұрт мейлі. Тереземіздің әйнегін, Жуады, бірақ сүртпейді.(жаңбыр)
Мәнеки, отбасымен бірігіп орындаған тапсырманы көріп тамашаладыңыздар.Балаларымыздың жас ерекшелігіне қарай бояуды есепке алмаяқ қояйық .Жұмбақтың дұрыс шешілгеніне қарай өз ұпай сандарыңызды берсеңіздер.
Соңғы 5 кезең: «Өз өнері» .
Отбасыларымыздың өнерін тамашалайық.
Өнер де қанмен, ананың ақ сүтімен бойға даритын қасиет. Бүгінгі сайыскерлеріміздің құр жаяу емес екендігін байқаған шығарсыздар. Ендеше , өнер сайысының ұпай бағаларын берсеңіздер.
Мінеки қымбатты ата-аналар, қонақтар бүгінгі жоспарымыздағы сайыс кезеңдері өз мәресіне жетті. Әділқазыларымыз ұпай сандарын есептеп шыққанша ,сіздермен осы сайысымызға байланысты кішкене өз ойларыңызды, алған әсерлеріңізді біле кетейік. Ендеше «Ой толғау».
1.Сіздің бүгінгі сайыстан алған әсеріңіз қандай?
2.Бала тәрбиесіне бүгінгі сайыстың әсері бар ма?
3.Қай сайыс кезеңі сіздің отбасыңызға қызықты болды?
4.Сайыстағы ырым-тыйым сөздерден не түсіндіңіз?
5.Сайыстың ұтымды жағы не деп ойлайсыз?
6.Жұмбақ сайысы сізге ұнады ма?
7.Сайыста тағы нендей өзгертулер жасауға болар еді?
8.Сөз соңында отбасыларға айтарыңыз.
Ал, қымбатты ата-аналар бұл да болса өз ойларыңыз, өз пікірлеріңіз. Дегенмен, ата-ананың бақыты баланың дұрыс адам болып,тәрбиелі болып өсуіне байланысты. Ал балаларыңыздың өздеріңізге бақыт сыйлайтын тұлға болып қалыптасуы , ата-ана сіздерге байланысты.
Өскелең жас ұрпақ балаларымыз тәрбиелі, білімді, адамгершілігі, мәдениеті, жауапкершілігі мол қаситтерімен таныла берсін демекпіз.
Сайыс заңы ежелден, Жеңімпазды анықтау.
Жеңімпаз болу шарты сол, Еңбектену, жалықпау.
Біреу озса сайыста, Біреу кейін қалады.
Жеңілгендер ренжімей, Тарасса бізге жарады.
Бүгінгі сайысымыздың мақсаты қоғамдағы отбасының рөлін арттыру, үлгілі отбасының өнегесін насихаттау болатын. Мақсатқа жеткен тәріздіміз. Ендігі сөз кезегін әділқазыларға береміз. Марапаттау.
Қымбатты сайысқа қатысқан отбасылар. Әрбір отбасына күннің шуағындай, шаттық жылылғындай мейірімділік, қуаныш, береке, бақыт тілей отырып, «Біз мейірімді отбасы» сайысын аяқтаймыз.Келіп көріп ,қатысқандарыңызға көп-көп рахмет! Келесі кездескенімізше қош сау болыңыздар!



. Тәрбие.орг сайтынан «Біз мейірімді отбасы» отбасылық сайыс Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы:

Пікірлер: 0

avatar