Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
Интеллектуалды шоу тақырыбы: Тіл мен сөз құдіреті
  • 27.04.2016
  • 422 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 18850

Тараз қаласы №47 орта мектептің
жоғары санатты педагог- психологы,
Психология мамандығы бойынша
әлеуметтік ғылымның үздік магистрі,
”Халыққа білім беру ісінің үздігі”
Ералиева Күлбадан Абдімомынқызы

Интеллектуалды шоу тақырыбы: Тіл мен сөз құдіреті

Ұлттық тілмен ұлттық сана қалыптасады.
Н.Ә.Назарбаев.

Алғы сөз:
Ұлттық тіліміздің өткен жолы, қазіргі жағдайы және келешек тағдыры мені көптен бері алаңдатып жүр. Әйтеуір бүгінгі жастарға, ертеңгі ел тірегі боларлықтай ұрпағымызды тәрбиелеуші қауымға ой салып, көңілін оята білсем деген игі тілек, Абай атамыз айтқандай: «Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ, наданның көзін жойып, көңілін ашпаққа» иненің жасуындай болса да септігімді тигізу.
«Ана тілін жоғалтқан халық өзін де жоғалтады» деген Шыңғыс Айтматов ағамыз, «Халық өз тілінен айырылған жерде мінезінен де айырылады» - деп түсіндірген неміс философы Ш.Кант, «Ана тілін білмейтін адам, мәдениетті адам санатына қосылмайды» - дейді ұлы жазушы, академик М.Әуезов атамыз, «Ана тілін білмеген, халқын сыйлап оңдырмайды» деп кеткен Бауыржан Момышұлы атамыз. «Өз тілін сыйламаған, өзгені сыйлап жарытпас» деген болатын Максим Горький.
Тілден айырылған халық грамафонға қосылып жүрген қуыршақ секілді әрі сондай халықтың тілін алып қана қоймай жанын, зейінін, мағыналы тіршілігінің барлығын алып, тек қана суретін қалдырады, және өз тілінің өмірге берген әсемдігін басқаларға бере алмайды. Тілі өзгергеннің ділі де өзгереді. Тіліңді түсінбеген, діліңді түсінбейді, таным – табиғаты да өзгереді, ой - өрісі мен рухани сезімі де өзгереді. Әрине тілсіз де халық өлмес, бірақ ұлттық мәдениетсіз халық «Халық» емес, қаратобыр болады.
Ана тілінің уызына қанбаған, қазақ тілінің қадірін, қасиетін ұмытқан адам ұлттың дәстүр – салтынан, тарихынан халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Кейбір ғылым біліп, тілін білмеген адамды бір қолы жоқ кем адамға теңесе болады, тілсіз адамды мылқау дейміз. Есті сөзді есіткісі келмеген адам саңырауға тең. Ұлтын сыйламай, тіл сыйлау болмайды, тіл білмеген баласы ел білмейді, ана тілін түсінбеген бала туған анасын да түсінбейтін болады екен. Ана тілін білмеудің кесірінен әке мен баланың арасында іштей түсінбеушілік, дүрдараздық пайда болады.
Орыс болайын десе түрі келмей, қазақ болайын десе тілі келмей, сүрініп жығылған орысша – қазақшасын қойыртпақтатып қазақ тілінің «басын жарып, көзін шығарып» жүргендер, ал кейбіреулері қазақ тілін біле тұрып, ана тілінде сөйлеуді менсінбей жүргендер, «денсаулығы бар, бірақ тіл саулығы жоқ» өз ұлтымыздан шыққан «мақаулар» мен «сақаулардың» кесапатқа бергісіз кесірінен тіліміз жүдеу тартып жүр. Қазақ тілінің сорын қайнатып, ақ тер, көк тер етіп, екі адамның басы қосылған жерде қос ауыз сөздің басын қосып пәтуа айта алмайтын қандастарымыз ана тілімізге деген опасыздығын әліге дейін қоймай келе жатыр.Тек қана ана тіліңді жетік біл де басқа тілді мансұқ ет деуден құдай сақтасын, одан аулақпын.
Өміріміздің қазіргі кезеңіндегі «Әлем көшінен» кейін қалмау үшін, басқа тілді меңгермей әсіресе батыс елдерінің тілдерінсіз төрт аяғымыздан бірдей жорғалап кетуіміз неғайбыл. «Басқа тілді білу адамға тағы бір қос жанар силайды, тағы бір жүрек береді, миына ми қосады» деген А.Луначарский.
Тіл - ұлттық сана, ұлттық психологиямен тамырлас. Тіл халықтың - қаны , жаны, тілсіз халық сор басқан шөп, шел басқан көз секілді. Күнсіз жарық болмағандай, тілсіз халық болмайды.
Тіл – ананың ақ сүті, атаның арман мақсаты. Сондықтан ана тіліміздің жағдайын көкірегі ояу, сезімі сергек қанында ұлттық намысы бар әрбір саналы азаматты толғантпай қоймайды. Өзімізді - өзіміз сыйлап, өз тілімізге өзіміз жанымыз ашып, қамқоршы болайық. Тіл – тарих, тіл – дін, тіл – ділің, халық аманаты. Аманатты көздің қарашығындай сақтай білейік, ұрпақтан – ұрпаққа, атадан – балаға, болашақ тарихқа төкпей – шашпай, аздырып – тоздырмай жеткізейік ағайын !
1.Бастаушы : Ассалаумағалайкум қадірлі тіл жанашырлары, қонақтар, қазақ елінің болашағы боларлықтай жас ұрпақты тәрбиелеуші ұстаздар мен ата – аналар ! Қазақ халқында : «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл – тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Жалғыз ауыз сөз жалп еткізеді», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсы сөз жан семіртеді» – деген мақалдары бар. Бұл – халқымыздың тіл құдіретін танып әрі оны өте ардақтағанын көрсетеді. Сөз – адам үшін тәрбие құралы, білім – білік, мәдениет, өнер бастауы, түп – тұқияннан бері жасалып, қорланып келе жатқан ақыл – ой жәдігерлігі, әсемдік қазынасы. Сондықтан да сөзді шашпа – төк тегін дүние көріп, оңды – солды талғаусыз айта берсең жұғымы, қадірі болмайды. Ол үшін адамға тіл байлығы мен қоса рухани байлық қажет. Бүгін біз сіздерге әрбір айтылған сөз, ән – күйлерімізбен рухани байлықтарыңызға байлық қосамыз деп үміттенеміз.
2.Бастаушы (қыз): Қазақ тілі - өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Оған қысылып – қымтырылып, ерін ұшынан шүлдірлеп – былдырлау мүлде жат. Қазақ нені айтса да, ауызды толтырып айтады. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Асқақ әуенділігі – шырқап салар әніндей. Шешендерден шыққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз келісім, іштей үйлескен ырғақ болады. Сөз бен сөз, дыбыс пен дыбыс өзара ұйқасып, жымдасып жатыр. Тыңдаушысын бірден ұйытып әкететін осы үндестік пен әсем ырғақ құлақ түбінде хрустальдай сыңғырлап, қазақ тілін сұлу да сиқырлы етіп көрсетеді. Кейде қазақ болып туғаның үшін және әлемдегі ең бай, ең сұлу тілде сөйлегенің үшін өзіңді бақытты сезінесің. деп Қ.Жұмаділов ағамыз айтқандай бізге ананың ақ сүтінен дарыған киелі де қасиетті ана тілімізді ардақтайық ағайын!
Ән: «Ананың тілі»
1.Бастаушы : Сөз байлығы және білім күшімен беделді сөз айту елдің игілігі, елді ел ететін ана тілі мен әдет ғұрпы, салт – санасы. Елдің тарихы, табиғаты, мәдениеті, этнос ретіндегі ерекшелігі, салт – санасы, әдет – ғұрпы, тілі, діні деген бар.
Отан деген ұлы ұғым Ел, Жер, Тіл тәрізді үш ұлы бірліктен құралады екен. Бірінсіз – бірі жоқ, бірінен – бірін ажыратуға болмайды. Ел де қымбат, жер де қымбат, тіл де қымбат. Ел тағдыры – жер тағдыры, тіл тағдыры – ел тағдыры, халықтың тарихы мен тілі егіз.
2.Бастаушы : Иә, Ұлыстың ең қымбат қазынасы – тілі мен тарихы емеспе ? Халық тарихы оның жері мен суымен тығыз байланысты. Ал, жер – су тілмен айтылып, тілмен жазылады. Ендеше жер – су атауларын қастерлеу де сол халықтың тарихын сыйлау. Сонымен бірге сол атауларға жүре – жүре, құлақ қанып, тіл сынады. Жер – су атауларынан халық тарихының иісі аңқып тұрады.
Көрініс: «Қойыртпақ» Нысандардың атауына байланысты.
1.Бастаушы: «Халықтың тілі, діні - өмір сүру кепілі» - Тілі, діні жоқ халықтың болашағы қай кезде де болмаған. Ұлттық тілсіз, құлшылық ететін дінсіз халықтың мәдениеті де өзге елдердің мәдениетінен ерекшелене алмайды. Тіпті әлемдік даму жүйесінде өзге халықтарға сіңісіп, ұлттық белгісін жоғалтады. Тарих көшіне көз салсақ, Америкадағы үндістердің тағдыры бұған нақты мысал бола алады. «Ана тіліміздің қайнар көзі оттың басында, ошақтың қасында, бүкіл байлығы, нәрі халық ауыз әдебиетінде жатыр. Тілді іздеп жүріп үйрену керек. Тіл – сөйлеу – сөйлесу, оқу – үйрену, жазу – сызу арқылы өседі» деген қазақ тілінің заңғар білгірі, академик жазушы Ғабит Мүсірепов ағамыз.
2.Бастаушы : Жан көріністерінің ең қымбаты – ой. Тілі әлсіздің ойы нәрсіз, тілі байдың – ойы бай. Ойсыздан ойшыл шықпайды, тілге немқұрайлы қарайтын адам, немқұрайлы ойлайтын адам. Тіл – ойдың тәні, қабығы. Ойдың тілі – сөз, ой – тілдің мәні, тілдің сәні. Сөздің тұлғасы, сәнді мағынасы, мәнді дыбысы, әнді сезімі жанды болғаны дұрыс. Әрбір сөздің қыры бар, тұрағы бар. Жотасы, тұрқы бар болу керек. Сөз қасиеті – көркемдігінде, ой қасиеті – шындығында.
1.Бастаушы : Тіл мен ойлау – еңбектің жемісі. «Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой. Ақылды ой, алғыр сөз – адамның ең жоғары қасиеті»-деп Ғ.Мұстафин ағамыз айтқанындай, қазіргі кезеңде бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Семинарымыздың ендігі бөлімі: «Интеллектуалды шоуға» кезек береміз. Мұнда психологымыз дайындаған ой жарысына арналған психологиялық сұрақтарымыз бар. Соған залдағы қатысушылар арасынан жауап тапқандарға сыйлығымыз бар.
2.Бастаушы : Біз тіл туралы мақал – мәтелдер, даналық сөздердің басын оқимыз, соңын сіздер жалғастырасыздар.
1. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту . . .».
Жауабы : - /бүкіл ата – бабамызды ұмыту/. Б.Момышұлы.
2. «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, ...».
Жауабы: - /болашағынан да қол үзеді/. М.Әуезов.
3. «... ауыздан кедір-бұдыр сөз шығады.» Жауабы: /Ысылмаған/. Ғ.Мұстафин.
4. «Бидайдың сабағында дән жоқ . . . » Жауабы:/Жаманның сөзінде мән жоқ../ Төле би.
5. «Жүректен шыққан сөз . . .» Жауабы: /Жүрекке жол табады./ Ә Науаи.
1.Бастаушы: Енді өздеріңіз білетін тіл туралы даналық сөздер мен мақал - мәтел айту жарысы. ( 3 қатардан кім бірінші қол көтереді)
2.Бастаушы : Тіліміздің қаймағы бұзылмаған, аса қадірлі кезінде елдің құнын екі ауыз сөзбен шешкен шешендер болған. Жүйелі сөзді, аталы сөзді арсыз біреу болмаса, жалпы қауым қайтармаған. Қанжарға, найзаға тоқтамаған қазақ сөзге тоқтаған. Табиғаттың тек адам баласына ғана сыйлаған құдіретті құралы – тіл . Сөздің, тілдің қадірін білетін ата – бабаларымыз сөз, тіл құдіретіне табынып өткен. Адам мен адамды әуелі сөз теңестіреді. Шешендерімізден үйренейік! кезекті психологымызға береміз.
Психолог : Интерактивтік тақтадағы «Үш биіміздің» суреттері мен сөз шумақтары берілген: Айтылған сөздің иесін табыңыздар.

1.Бастаушы: Қазақ халқы бар асылын сөз өнері түрінде дүниеге әкелген. Ертеде жазу – сызуы болмаған қазақ халқы үшін тілден қасиетті ештеңе болған жоқ. Ол – тарих, ол - әдебиет. Қазақ үшін «Өнер алды – қызыл тіл» болған.
«Абайға құлақ салыңыз!» - Абайдың қара сөздерінен әркім өз түйгенін айту. Сіздерге арналған «Жадынама» таратамыз. ( жадынама ұлттық нақыштармен безендірілген).
Біз қандаймыз?
«Қазір, шүкір, жақсымыз» - дейді зиялы замандас. Қазақтың бүгінгі болмысы жайлы сұрасаң. Рас шығар. Бірақ, «ұлттық» мінездің оспадарсыз тұстарынан арылып болмағанымыз анық.
Басымызға түскен тозақы тағдырдың қандай екенін енді ғана біле бастап, ұйқыдағы ұлттық сана кірпігін енді ғана қимылдатып жатқан бүгінгі күні күллі бақытсыздығымыздың себебін бірыңғай өзгеден іздей бергенше, өзіміздің қисығымызды түзеуге тырысқанымыз дұрыс. Әйтпесе, «біз- керемет халықпыз!» дегеніңді ісіңнен көрініп тұрмаған соң, ешкім тыңдамас, тыңдаса да күлерде қояр. Сөйтіп онысызда көшбасында келе жатқан ештеңеміз жоқ, зымыран заман жүрісіне ілесе алмай «далада қалармыз» «Ел болам десең- бесігіңді түзе!» деп кеткен ұлы Мұхтар өсиеті де осыны мегзесе керек.
Біз қандай халықпыз? Жақсы мен жаманды айыра білдік пе? Қазіргі ұлтты болашаққа аман апару үшін министрден қойшыға дейін осыған бас қатырғаны дұрыс. Уақыт күтпейді. Ертең кеш болады. Заманнан кешігу - бордай тозудан ештеңе емес!
Ұлт болмысы, ділі – жасампаздық кепілі. Заты –моралі, тәрбиесі, жақсы - жаманды айыруы, санасы, білігі, қайрат - жігері жақсы халық қана, болашақтан үміттене алады. Абай ашынғанда осыны біліп ашынса керек. Жалғыз Абай емес, қазақтың талай жақсысы мен жайсаңына бармағын шайнатқан да осы ащы мәселе емес пе? Бүгінде де солай!
Сіз қалай ойлайсыз?
Ұлтымызды, елімізді сақтап қалу үшін не істеу керек? Ойланайық ағайын! Сіздерге ой салушы: Ералиева Күлбадан Әбдімомынқызы.
2.Бастаушы : Ендігі кезекті «Өмірдің өзі» атты ток шоу бағдарламасына береміз. Қонақтарымызбен көрермендер, жүргізушілер арасында сұқпат.

Қорытынды сөз. Тәрбие.орг сайтынан Интеллектуалды шоу тақырыбы: Тіл мен сөз құдіреті Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Ералиева Күлбадан Абдімомынқызы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Авторлық бағдарлама | Логин: eralieva60
Көрсетілім: 422 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar