Көркем мәтіндегі концептілік құрылым қолданысы

  • Жүктеулер: 6
  • Көрсетілім: 1034
  • Авторлық бағдарлама
  • 16/Май/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 19020


[size=14]



Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Адамзат қоғамы дамып, өркендеген сайын оның таным-білімі, ой-өрісі арта түсетіні заңды құбылыс. Осымен байланысты санада қалыптасқан ұғымды таныту деңгейіде кеңейе түсетіні белгілі. Ақиқат дүниенің кез келген үзігінің (объектісінің) денотаты мен ситуациялары тілі арқылы санада таңбаланып сақталады және сол дүниені таныту үшін жұмсалады. Ал суреткер танымында ақиқат үзігінің тілдік қолданыста кездеспейтін яғни тілі арқылы санада «тіркелмеген» ерекше денотаттары ситуациялары кездесіп отырады. Сондықтан қазіргі тіл білімінде когнитивтік бағыттың басты мәселесі біріншіден, санада тілге дейінгі бейнеленген дүниелердің ішкі мәнін түсіндірудің әдіс-тәсілдерін қарастыру, екіншіден, логикалық-позитивті және эстетикалық таным-білімінің реттелген, жүйеленген, өңдеуден өткен ақпараттарын тілі арқылы іздеп айқындау. Бұл мәселе жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Осыған орай, тіл арқылы көрініс тапқан санадағы дүниелер бейнесі табиғат құбылыстарының өзіндік эмоцияға ішкі сезімге әсер етуін анықтау, яғни тілдік тұрғыда анықтау, когнитивтік тұрғыдан зерттеу әлемдік тіл білімінде үлкен бағытқа айналды. Когнитолог-ғалымдар М.Минский, Г.Филлмор, Дж.Лакофф, Э.Кассирер, Б.С.Мейлах, В.А.Маслова,Е.С.Кубрякова, Р.И.Павиленис, М.Холодная, В.Нищанов еңбектерінде когнитивтік талдаудың негізгі әдіс-тәсілдері ұсынылған. Осы бағыт қазақстандық лингвист ғалымдардың зерттеулерінде де кеңінен қарқын ала бастады. Проф. Э.Д.Сүлейменова тілдік таңбаның мағыналық, мазмұндық арқылы ақиқат дүниені тану жағын қарастырса, Н.Ж.Жарқынбекова адамзаттың этноментальды дүниесінің тілі арқылы берілуін көрсетеді. Сонымен қатар ғалым Қ.Жаманбаева эмоция, гештальт-құрылым түріндегі концептілердің көрінісін талдайды. Ал Г.Гиздатов сөз әрекетіндегі когнитивтік модельдердің типологиясын, С.Сүгірбекова прозадағы контраст концептілердің тілдік көрінісін, М.Күштаева жеке лексемалар арқылы концепт мазмұнының берілуін, Г.Снасапова «Ұлпан» романындағы концептілердің ұлттық-мәдени компоненттерін, С.Жапақов эпикалық фразеолгизмдердің когнитивтік сипатын, Ш.Елемесова байырғы ұлттық танымның көркем прозадағы тілдік бейнеленуінің, Н.Айтова түр-түс атауларының когнитивтік семантикасын, А.Сыбанбаева концептуалдық метафоралардың табиғатын, Ж.Уматова Жан /душа концептісін талдау үлгісін Ж.Саткенова көркем шығармадағы кейіпкер тілінің когнитивтік мәнін тереңінен зерттеп айқындап берді.
Мәдениеттің, өркениеттің әр қилы кезеңдері белгілі бір ақиқат дүниені тек логикалық-позитивтік қана емес, эстетикалық түрде де тани біледі және таныта алады. Сол арқылы ақиқат дүниенің сәулесін, түсінігін, ұғымын санада таңбалап қалыптасқан бейнелі құралдармен таныту жағдайлары кездеседі.
Жоғарыда аталғандай жеке лексемаларды, фразеологизмдерді, прозалық мәтінді когнитивтік тұрғыдан зерттеген ғылыми еңбектер бар. Ал қазақ прозалық мәтініндегі концептілердің көрінісі мен автордың ойлау инфрақұрылымын анықтау мәселелері сирек кездеседі.
Зерттеу жұмысымда метафизикалық, эмоционалды, ұлттық мәдени концептілердің құрылымын талдап, әр түрлі тілдік құралдармен көркем эстетикалық деңгейде вербалдануын жазушылардың шеберлігімен байланыстыра зерттеу үшін негізігі нысана етіп көркем мәтіндегі табиғат концептілері алынды. Бұл арқылы санада (индивидуалды-психологиялық) және ұжымдық (логикалық-позитивтік) санада дүние бейнесінің таңбалану ерекшелігі мен тілдік көрінісін концептінің ішкі және сыртқы құрылымы арқылы реттелуі зерттеудің өзектілігін танытады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Концептілік құрылымдардың көркем мәтіндегі түрлері мен типтерін, олардың стереотиптік немесе стеротиптік емес ситуациялардың вербалдану ерекшеліктерін, олардың денотатының әр түрлі тілдік құралдар арқылы эстетикалық мақсатқа бағынған ерекшеліктерін айқындау. Осы мақсаттарды орындау барысында мынадай міндеттерді шешу көзделді:
• жұмысыма негіз болатын теориялық, әдістемелік қағидалар айқындау және зерттеу барысында сүйенген теориялық тұжырымдарды негіздеу;
• когнитивтік тіл білімі аспектісі тұрғысында бұрын зерттелген еңбектер мен тақырыпқа қатысы мәселелерге шолу жасап, оларды ой елегінен өткізу;
• көркем мәтіндегі ұлттық-мәдени концептілерді құрайтын тілдік таңбаларды анықтау;
• ақиқат дүние бейнесін танытатын концепт типтерінің құрылымдық жүйедегі қалыптасу моделін көрсету;
• санада сенсорлы-перцептивті(көру, есту, дәм, иіс, тері, сезім мүшелері арқылы) қабылданаған ақиқат дүние туралы ақпараттардың көркем мәтіндегі тілдік көрінісін анықтау;
• көркем мәтіндегі тұлға санасындағы немесе табиғатқа қатысты психо-ментальды танымдық ерекшеліктерін көрсету;
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
• зерттеу жұмысында концепт ұғымы кешенді құрылым деп танылып, оның көркем мәтіндегі лингвомәдени танымдық, психолингвистикалық, лингвокогнитивтік ерекшеліктері көрсетілді.
• «концепт» ұғымының басқа да ұқсас тіл бірліктерінен өзгешеліктері көрсетіліп, өзіндік ерекшеліктері сипатталады.
• көркем мәтіндегі концептілер, біріншіден, ақиқат дүниенің санада танылу ерекшелігіне қарай эмоционалды, ұлттық-мәдени концептілер деп, екіншіден, әр түрлі асссоциативтік түсініктер танылуын көркем мәтіндегі эстетикалық-көркем танымда объективтенген концептілер деп бөлініп, әрқайсысының айырым белгілері көрсетілді.
• Санада қалыптасақан концептілік құрылымдардың стереотиптік және стереотиптік емес ситуациялары және олардың арақатынасын көрсететін модельдік құрылым жасалуда.
Зерттеу жұмысының дерек көздері ретінде жазушылардың көркем шығармалары алынды.
Зерттеудің негізгі әдістері мен тәсілдері.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен тақырып ерекшелігіне байланысты сипаттама, салыстырмалы талдау мен жинақтау, ассоциативтік әдістері, концептілік талдау, жүйелеу және оны түсіндіру, тікелей байқау, аналитикалық талдау әдістері қолданылды.
Зерттеу нысаны. Жазушылардың шығармаларындағы концептілік құрылымға салынған концептілердің тілдік көрінісі өзіндік ерекшелігі алынды.
Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негізі. Жұмысымда ұсынылған тұжырымдар мен пайымдаулар, алынған нәтижелер когнитивтік зерттеудің ғылыми-теориялық негіздері мен ұстанымдарын нақтылай түсуде жәрдемін тигізу ықтимал.
Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер мен тұжырымдар өзіндік зерттеулерге қосымша ретінде қолдануға болады

Көркем мәтіндегі табиғатқа қатысты концептілік құрылым
Табиғат концептілерінің ішкі құрылымдық сипатта топтастырылуы

Концептілік жүйенің ішкі құрылымдары когнитивтік моделді санада ұйымдастыратын бірліктер мен таңбалар (ассоциация, стереотип, символ, бейне); ал сыртқы құрылымы – сөз, фразеологизм, метафора, сөйлем,сөз тіркестерден құралады.
Қазіргі шақта концепт мазмұнымен қоса, оны үйретудің құрылымдық спецификалық белгілері зерттелуде. Ментальді бірліктің негізі ретінде концепт екендігі реттеле бір бірліктегі түсінікке негізделе адам айналасы мен нақтылық дәлелдері бақыланған көрініс, бар көріністері нақтыланады. Біздің пікірімізше, концептіде әр халық идеясы, мәдениеті, көпғасырлық тәжірибесі дайын қалыпта концепттерді зерделеуге әр түрлі әдістер арқылы бола келе, ерекше орында ассоциациялық тәжірибені атауға болады.
Психолингвистикада әр түрлі ассоциативті тәжірибелер кең таралған. Тәуелсіз вербалды, сөзді ассоциацияға жалпылай жасалған тәжірибе нәтижесін, тәжірибедегі адамдардың белгілі бір контингентіне жасалған, статистикалық өңдеу ассоциативті норма аталынады. Орыс тілі үшін ең толық ассоциативті нормалар сөздігі - «Русский ассоциативный словарь» (1994 және 1996).Москва психолингвистика мектебінде жаңа әдіс жасалды. Ассоциативті тәжірибеде әдетте қолданылатын тек қана нейтралды сөз формасы (атау септік, бірінші жақ зат есім) ғана емес, кез келген сөз формасы келеді. Нәтижесінде тек қана лексикон жайлы емес, сонымен бірге психолингвистикалық грамматика туралы мәлімет алуға болады.
Психолингвистикада қолданылатын басқа да тура және жанама психологиялық әдістер туралы. Жанама әдісті қолданғанда жиі пайдаланылатын параметр – латентті уақыт (процесс ұзақтығы). Бұл әдістің классикалық мысалы болып Дж.Миллердің әдісі саналады. Басқа параметрлер қателер саны мен олардың түрлері; назардың бөлінуі; ауысуы; ойды айтқандағы пауза мен тоқтау; есте сақтаудың беріктігі мен сапасы.
Психолингвистикалық әдістерді зерттеуде қолданудың жоғарыда айтылған қиындықтарын көріп, ең маңыздысы нақты психолингвистикалық тәжірибе нәтижесін кең көлемді ситуацияларға таратуда абайлау қажет деген шешімге келеміз. Жоғарыда айтылған Дж.Миллер тәжірибесі сондай нәтижелерді көрсетеді. Белгілі бір тәжірибелік ситуацияда алдын-ала операцияны түсіндіру үшін қолданылатын трансформацияларды тәжірибе алынатын адамдар өз ойларын айтудың орнына пайдаланады. Бірақ, Дж.Миллер «бұл синтаксистік операциялар түсіну мен сөйлем құраудың қалыпты және қарапайым бөлігі» деп түсінеді. Мүмкін, психолингвистикалық әдістердің нәтижесін жақсарту үшін әр түрлі тәжірибелік әдістерді қолданып, алынған нәтижелерді салыстыру керек еді деген ғалымдар. Психолингвистикада әр түрлі әдістердің қатар қолдану мысалдары көптеп кездеседі. Мысалы, Н.Нобла әдісімен ассоциативті тәжірибеге семантикалық дифференциал әдісін қосу жақындықтарымен салыстыру. Лингвистикалық тәжірибе. Лингвистикалық тәжірибе теориясы негізін 1931 жылы Л.В.Щерба жасаған. Ол осындай тәжірибенің екі түрін бөліеп қарастырады: жағымды және жағымсыз. Жағымды тәжірибеде белгілі бір сөздің қандай да бір мағынасын болжау, белгілі бір форма жайлы, сөз жасаудың немесе форма жасаудың белгілі бір ережесі туралы бұл ережелерді қолдана отырып әр түрлі фразалар тізбегін айтуға бола ма? Иә деген жауап постулаттың дұрыстығын, дәлелдейді. Жағымсыз тәжірибеде дұрыс емес айтылымдар беріледі. Информант дұрыс емесін тауып, түзеуі керек. Л.В.Щерба белгілемеген үшінші бір лигвистикалық тәжірибе түрі бар. Ол – альтернативті тәжірибе.
Лингвистикалық тәжірибе жалпылай айтсақ, бұл тәжірибеде тілді иеленушінің тілді сезінуі арқылы тілдегі модель стандартын немесе функционалды сөйлеу моделдерін – жеке тілдік құбылыстарды түсіндіру. Бұнда зерттеуші белгілі бір стилистикалық және жалпы нормативті контекстің белгілі бір сөзді айтуға болады ма, болмайды ма деген сұраққа жауап іздейді.
Ассоциацияның бірнеше анықтамасын бөліп қарастыруға болады:
1. Жеке субъективті өзіндік тәжірибеде негізделген белгілі бір объекті немесе құбылыс арасындағы байланыс. Бұл тәжірибе өзіміз нәр алған мәдениетпен жеке адамның өткеніне байланысты болады;
2. Адам санасында болатын жеке психикалық процесстердің арасындағы байланыс;
3. Нечто такое, чтоб позволяет животному или человеку связывать психический образ одного события психическим образом другого события
Осы ассоциация ұғымымен тығыз байланысты ассоциациялау өріс ұғымы бар. Ассоциациялау өріс – тілдік единицалардың жиынтығы, мазмұн ортақтығымен бірігіп, белгіленуші құбылыстардың ұғымдық, заттық немесе функциональды ұқсастығын көрсетеді. Европа мәдениетімен тәрбиеленген адам үшін қара түс – аза тұту түсі, ал жапондар үшін қаралы түс – ақ түс. Бұл жерде белгілі бір мәдени шарттылықтың әсері бар. Оны «түс символикасы» деп атайды. Жеке индивид үшін қара түсті қаралы деп қабылдау маңызды емес, өйткені адам дайын әлемге туылады. Қара түс бізге қайғымен ассоциаланады, себебі солай қалыптасқан.
Евроамерика мәдениетінде ақ түс – мерекелік түс. Қалыңдық ақ көйлек киеді, мерекелік күндерде ақ дастархан жайылады. Басқа жағдайларда құбылыстар арасындағы байланыс шартты емес, фактілі болады. Алайда адам мұндай байланыстарды әлеуметтік таным арқылы, яғни белгілі бір халыққа тән мәдениетте өмір сүргенде қабылдайды. Мысалы, біз қарындашпен сурет саламыз, бірақ көмірмен, тушьпен, фломастермен де салуға болады ғой. Бірақ сурет салуды ойлағанда қарындашпен салу деген ассоциация келеді. Белгілі бір шамада бұл мәселе индивидуалды. Біреу үшін қалампырдың иісі тіс дәрігерінің креслосын есіне түсіреді. Бірақ барлық адамда бұл ассоциация қалыптаспаған. Жеке ассоциаларға жақсы мысал – музыка. Бір шығарма әр адамда әр түрлі сезім тудырады.
Түс жору – психоанализдің негізін салушы З.Фрейд қолданған негізгі әдіс. Оның ізбасары К.Г.Юнг ассоциацияны зерттеуді психоанализдің басты құралы деп есептеген. Осындай пайымдаулар нәтижесінде психикалық норма жайындағы зерттеулердің басы болып есептелетін алғашқы ассоциациялық тізімі жасалынды. Бұл тізімнің авторлары А.Розанов пен Х.Кент материал 1910 жылғы «психикалық ауруларды зерттейтін америкалық журналында» жарық көрген.
Ассоциацияның жалпылығы «ассоциативті нормалар» сөздігін құрайды. Оларда стимул сөзі беріліп, жауапты жиілігіне байланысты орналастырады. Мысалы, 1894 жылы Болгарияда «Болгар ассоциативті нормалар сөздігі» шығарылды. Бұл нормаларды құрау үшін 200 болгар сөзі стимул ретінде қолданылды 1000 адамға ауызша оқылып, әр түрлі жас пен әр түрлі мамандық иелері, ана тілі болгар тілі болатын адамдарға оқылады. Зерттеудегілерге стимул сөзін естігеннен кейінгі ойға оралатын сөзді 5 секунд ішінде жазу деген инструкция беріледі. Нәтиже жақсы шығу үшін кездейсоқ түрде 10 бөлімге бөлінді. Мұнда әрқайсында 100 зерттелуші болды. Алынған 10 ассоциациялық сөздіктен «норма» сөздігі құрастырылады. Бұл сөздіктен әйел адамдар мен ер адамдардың жауаптары бөлек беріліп, берілген стимулге жауап ретінде алынған ассоциация сөздердің жалпы саны көрсетілген және де болгар тілі мен басқа да тілдердегі салыстырмалау мәліметтер берілген.
Мысалы, бір қосымшасында әр түрлі мәдениетте ең қарапайым, ең нақты сөздер әр түрлі ассоциация туғызатыны айтылған. Мысалы ретінде «СЫР» семасын алайық. Бұл жерде сөз емес семалар. Өйткені әр түрлі тілде «СЫР» материалды ассоциация көрсеткендей, әр түрлі тағам түрлеріне жататын концепт екен.
Сонымен, орысша «сырға» берілетін 3 ассоциация – голландиялық, тәтті, сары және май. Болгариялық «сирене» сөзі овче, бяло, солено (қой, ақ, тұзды) деген ассоциацияны туғызады екен.
Ассоциация – дүниені тануда адам санасындағы алғаш пайда болатын ментальді сигналдар.Ассоциация арқылы тану – бұрынғы тәжірибе мен жаңаның арасынан байланыс.Мысалы, поэтикалық мәтінде;Бақыт жалпыадамзаттық танымда – жастық шақ – көктем – күн нұрының шашылуы – гүлдену;Бақыт жалпыұлттық танымда – береке – бірлік – малдың төлдеуі – бала сүю; Жазушы танымында – қалам, қағаз – түн, қиял, елес – жалғыздық, шабыт сигналдары арқылы берілген.
Көркем мәтіндегі ассоциация бойынша жаз– ыстық – қапырық ауа – шөл деп берілсе, жалпыұлттық танымда – жайлау – қызық дәурен – ат жарыс - күйбең өмір болып,көркем прозада шаңқай түс, қызулы күн, шіліңгір ыстық, төстікше қақтау тіркестерімен берілген.
Стереотип - когнитивтік модель қалыптастырушы ментальді әрекет. В.В.Красных пікірінше, стереотип – концептіні түсіндірудегі ішкі валенттілік байланысты жинақтап ұйымдастыратын ментальді – тілдік құрылым. Ал, Ю.Сорокиннің пікірінше, белгілі бір семиотикалық модельге сай әрекетттері мен қылықтардың қатынасын көрсететін жағдаяттар.Поэтикалық мәтіндерде ана ұғымына берілетін стереотип – түн ұйқысын төрт бөлген – ақ сүтін суалтқан – қорған тірек моделінде бейнеленеді.Мысалы, стереотип тануда табиғат мезгілдері көктем – қалыптасқан стереотип – жылы күн – жеңіл киім -жадыраған көңіл болса,қалыптаспаған стереотип – төгілген нұр – балауса шөп – мамыражай рахат күн – бал татыған тұщы дәм болып беріледі.
Символ - ойдағы дүниені танытуда, қиялдың күші жетпей дәл нақты бейнелеу кезінде ойды таңбалауға қажеті мол болып келеді.Поэтикалық мәтіндерде «қан» компоненті соғыс, өлім, достық, пәктік, адалдық, ұрпақ ұғымын білдіреді.Мысалы, Бір кез сел боп аққан қызыл қаннан, Өмір үшін қалған бір тамшыларымыз. Көркем мәтінде «ақ» белгісі арқылы пәктік, адалдық, өлім, пейілді білдіреді. Мысалы: Тұрғын халқының көбі қазақ болған Сібірдің кішілеу қаласы қыстың ақ киімін даламен бірге жамылып, жабайы табиғаттың жайлы күйін күйлегендей.
«Қоңыр» түс салқындық, береке, әсерлілік үнін білеміз. Мысалы: Жаз жәрмеңкесі тарқап, таулы өлкеге қоңыр күз қонақтаған.Символдың лакондық, яғни ықшамдап түсіндіру қасиеті бар.
Бейне – көркем шығармада когнитивтік модель қалыптастырушы таңба. В.Савельева ұсынған бейнелердің өзіндік моделдері ақпараттың шебер үйлесімі қалыптастырады.Олар:
• пейзажды бейнелер (күн, ай, гүл, жаңбыр);
• персонажды бейнелер (Райымбек, Сократ, Жантық кедей);
• кеңістік бейнелер (қала, бақ, абақты, аурухана);
• көңіл-күй, сезімдік бейнелер (қайғы, бақыт, үміт);
• заттық бейне (қару, хат, орамал);
• дыбыстық бейнелер (құстың үні, адамның дауысы);
• көру бейнелері (түзу, қисық, түр-түс);
• иіс бейнелері (гүлдің иісі, әтір иісі);
• тактильді бейнелер (жаурау,суыққа тоңу);
• мистикалық бейнелер (мыстан кемпір, бір көзді дәу);

Заттық бейнелер. Бұйым, нәрсе, зат, дүние көркемдік ақиқатты танытуда маңызды қызмет атқарады. Суреткерге тән қасиет танымындағы көркемдік ақиқатты заттық болмыспен айқындауға ұмытылады.Көркем мәтінде тұрмыстық заттар, әшекей, бұйымдар, жиһаз, құрал-саймандар, ұлттық бұйымдар жиі қолданылып, жаңа мәнде көрініс табады Мысалы, Сары үзеңгі сарғайып, тат басыпты, сырма тоқым шаңменен баттасыпты. Ауық-ауық көмей күмбірлеген, домбыра тұр ішіктері дірілдеген деп поэтикалық мәтінде аталса, көркем шығармада былай беріледі.
Қ.Жұмаділов шығармасында мысалы, тек Етікші шыңының ұшар басында ғана соңғы шапақ бөріктей болып киіліп тұр.
Торғын шымылдықтай таңғы мұнар лезде айығып, айнала ап-айқын деген мысалда бөрік, шымылдық арқылы заттық бейнені көруге болады.
Дыбыстық бейнелер. Әрбір суреткердің көркемдік дүниесі соносфераны қалыптастыратын дыбыстық бейнелерге толы. Көркем мәтін әлемі соносфераға ерекше бай және мұндағы дыбыстық бейнелер жаңа бір ұғымды танытуда когнитивтік қызмет атқарады.Демек бұл - концептіні дыбыстық бейнелер арқылы модельдеп тануға болады деген тұжырым. Мысалы, поэтикалық мәтінде, Мотордың дауысын есіте шаршадым, жамырап жатқан жас төлдің үнін аңсадым.Мұндағы мотордың дауысы – «қала» ұғымын, жамыраған төлдің үні «ауыл» ұғымын танытады.
Л.Толстойдың «Қажымұрат» повесінен мысалы, Азаншының қырағатты айтқан азаны жаңа ғана басылған еді. Тезек түтінінің иісі сіңген таудың таза ауасында, араның ұясындай құжынаған тығыз үйлерге тарап жатқан сиырлардың мөңірегені, қойдың маңырағаны, олармен қоса өзара керілдескен еркектердің жуан дауыстары төменгі бастаужақтан шыққан әйелдер мен балалардың үндері анық естіледі деген үндердің өзіндік тіршіліктен түсінік беретінін көреміз [15,106].
Көру бейнесі.Дүниені тануда көзбен көріп қабылдау қызметі ерекше орын алады.Ұғым туралы түсінік беруде ең алдымен ментальді сигналдар көрген ақпараттары, яғни объект – денотат көмекке келеді.Егер денотат болмаса дүниенің санадағы бейнесі де қалыптаспайды.Поэтикалық мәтінде индивидуалды – авторлық көзқарас арқылы ойда дүниенің бейнесін, сыртқы формасын қалыптастыру жағдайлары кездеседі.Мысалы, өмір – жарық, сәуле бейнесімен, өлім - қараңғы, тұман бейнесімен объективтенеді. Дүниені тануда көрген ақпараттарын ойдағы бейнені үйлестіру механизмін көрсек. Мысалы, Қысқы ауыл немесе қыстау туралы түсінік автордың көз алдынан мынандай ситуативті бейнелермен өтеді.Бұққан қоян секілді қыстау жатыр, бұғып алып таудың бар қойнауында;Шай ішіп, буы шығып қыстау жатыр, Мұржасынан түтінін сабақтаған.
М.Әуезов шығармасында мысалы, қайғысы қара жел үзілмей соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар... деп объективтенсе, төбеге келіп тұрған толған айдың суға түскен сәулесі кейде айнаға түскен жарықтай созылып жарқырап тұрып, кейде өзен толқынымен шұбартып дірілдеп кетеді. Күліп тұрған жас сұлудың бетіндей болып жайнап төгіліп, су бетіне жайылып кетеді деу арқылы ай сәулесі адам көру арқылы туындайтын бейне.
Пейзаждық бейне. Л.Толстой шығармасынан,жылдың бұл маусымында әр түрлі әсем гүлді өсімдіктер болады: алқызыл, ақшыл, қызғылт түсті хош иісті балауса тасбеде, аппақ гүлі анадайдан көз тартатын, ортасында тілдей ғана сап-сары өзегі бар күлімсі сасыған дәстүргүл; жұпар иісті сары сурепка; шоқ-шоқ гүлді тік-тік біткен қызғалдақ тектес қызғылт және ақшыл оймақ гүлдер; сусымалы бұршақгүл; сары, қызыл, алқызыл, шымқайкөк, әдемі таужапырақтар; қызғылт түкті, аздап ұнамды иісі сезілетін таспашөп; күн көзінде, жас кезінде көкпеңбек болып көрінетін, ал кешкілікте және қурай бастаған кезінде көгілдір – қызғылт түрге енетін ботагөздер; иісі жұпар аңқыған, жуса лезде солатын нәзік гүлді шырмауық[15,106] .
Көңіл-күй бейнесі. Мысалы, Алты жыл қаралы,қайғылы алты жыл өтті. Әрбірі бір-бір өмірдей сарылған ұзақ. Қара жел үзілмей соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар...
...Сол Қарагөздің ауылы бүгін қалың таудың ішімен жайлаудағы көк шалғынды, салқын сулы шалқар қонысқа көшіп келе жатыр.
Көп жыл бойына созылған қаралы күй Қарагөз өмірінің қаупі болған. Күздің айсыз қараңғы түнінде, түн қатып жүрген жолаушы ұзақ қараңғылыққа қалай мойындап бағынса, Қарагөз де сондай мойындап, көніп болған...Содан бөлек халді көксететін өзге түрлі ой келсе, оны көңіліне дарытпай, өшіруге асырады [17,151]
Мистикалық бейне. Кейде тау қара түн, ақ жауынның ішінде дию, алып мекеніндей көрінеді. Сыпсың қарағай жапқан түкті беттері жақын жерден қап -қара болып үңірейіп, қараңғылықтың түпсіз терең зынданы сияқтанады. Кей тұста екі-үш түкті тау мен қара жартасты биіктер бір араға түйісіп келіп, әлде бір обырдың қойнауындай тұңғиық қара қолтық жасайды [17,198].
Кеңістік бейне.Мысалы, Сол күні тал түсте күн тұтылып еді. Кенет жер-дүние қап-қараңғы болып, терезесі сығырайған аласа тас үйдің ішін көзге түртсе көргісіз түнек басты...
Шелек аузындай қара таңбаның бір шетінен жіп-жіңішке, жаңа туған айдай ғана болып, алтын Күннің қиығы шалынды...[17,117].Тас үй тіркесі кеңістік бейне болып тұр.
Иіс бейне.Көркем мәтінде Қалың ұшқат, шілік тал өскен тоғай жақтан ара-тұра көкек шақырып, жылқышы құс ысқырады. Танауға жаңа көктеп келе жатқан көк шалғынның, шіріген тамырдың иісі келеді [18,128].
Дәмдік бейне. Ащы немесе тәтті дәм арқылы қабылданаған әсер адамның қуанышы мен ренішін, өмірдегі бақытты сәттері мен қайғысын таныта алады.Мәтінде рахат сезімге бөлену, бақыттты сезіну, әрекеттері жеміс-жидектің, балдың шырынымен өлшенеді.Сондықтан дәмдік бейнелер мен одан туындайтын метафоралар махаббаттан ләззат алу немесе азап шегу ұғымдарын бейнелеуде жиі қолданылады.Махаббат тақырыбының дәстүрлі көрінісі поэтикалық мәтінде «махаббатқа улану», «тәтті еріннен бал тату», «махаббаттың тәтті дәміне бөлену», секілді бейнелермен модельденген. Поэтикалық мәтінде тәтті ұғымымен қоса «ащы» моделінің де ашу, ыза, қайғы ұғымдарын беруде тұрақтылыққа ие болғанын байқаймыз. Көркем мәтінде, Алты жыл қаралы,қайғылы алты жыл өтті. Әрбірі бір-бір өмірдей сарылған ұзақ. Қара жел үзілмей соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар...
...Сол Қарагөздің ауылы бүгін қалың таудың ішімен жайлаудағы көк шалғынды, салқын сулы шалқар қонысқа көшіп келе жатыр.
Көп жыл бойына созылған қаралы күй Қарагөз өмірінің қаупі болған. Күздің айсыз қараңғы түнінде, түн қатып жүрген жолаушы ұзақ қараңғылыққа қалай мойындап бағынса, Қарагөз де сондай мойындап, көніп болған...Содан бөлек халді көксететін өзге түрлі ой келсе, оны көңіліне дарытпай, өшіруге асырады деп берілуі махаббат дәмін татушы жанның ішкі сезімімен астарлас.
Тактильді бейнелер.Тактильді бейнелер көркемдік шындықтың бұлдыр-болмысын танытуда белсенді қолданылады. Рахат сезімге бөлену, күйзелу, қорқыныш, құмарлану, тітіркену, жиіркену секілді ұғымдарды тері арқылы қабылданаған сезімдермен бейнелейді. Мысалы: өлім, соғыс, арамдық концептілерін танытуда суықты сезінуден алған әсер арқылы бейнелеу жағдайлары кездеседі.Суық – ау ажал деген, өлім деген, Суық көрге салады кебінменен; Фашист соғыс сияқты сөзді естісем, қырқыншы жылдардағыдай суықтаймын.
Тактильді бейнелер денеге сыртқы күштің жуысуынан алған әсер қалыптасады. Мысалы: Жұлмалап, тонап, қалдырып мені шеткеріге, жымысқы уайым жылысып саған жеткен бе?
Көркем мәтіндегі бейненің қай түрі болмасын автордың санадан тыс ұғыну, қиялдау шеберлігін байқатады.Белгілі бір дүние туралы танымын көркем дүниемен бейнелеуге ұмтылады. Олардың әрбір бейнеленген көркемдік дүниесі тілдегі ұғымның моделденуіне ықпал етеді. Поэтикалық мәтіндегі бейне арқылы қолданыстағы түсінілуі қиын абстрактілі ұғымдардың суреттемелі модельдері мен әмбебаптық комбинацияларын таңдап қолданылуға болады.
М.Әуезов шығармасында мысалы, Күн қызуы жайылған ауа адамды тұншықтырғандай күйіп, шаңытып тұр. Тынысты ауырлатып, бойды мең-зең ғылып, әлсіреткендей бір қалыптан айнымай шыжып тұрған ыстық ауада анда-санда болымсыз ыстық леп білінсе, адам қомағайланып, сол тынышты салқынға қарай бойын созып, бетін төсеп, еріксіз ұмытылғандай болады [17,28].
Персонаж бейнелер. Арамызда жүр Жантықтың туысқаны (арамдық концептісі); Сократ маңдай (данышпандық концептісі);
Поэтикалық мәтіндегі кеңістіктің өзі – семиотикалық болмыс.Автор танымында күрделі қиялға толы бейнелермен дүниені модельдеу әрекеттері кездесіп жатады.Олар визуалды (көзбен шолу) және интуитивті кеңістіктер тобында қарастырылады.Сол сияқты фантастикалық кеңістіктер болады.Бұл көркемдік кеңістік тудырудағы автордың индивидуалды варианттық моделі болып саналады.
Вертикальді кеңістік.Бақыт концептісі шынға шығу моделімен объективтенген.Мен шыға алмас шың едің, шын бақытым, әлі де биікпісің, биікпісің деген вертикальді кеңістік болатынын поэтикалық мәтіннен аңғарамыз.
Көркем мәтін бойынша Қ.Жұмаділов шығармасында: Тек етікші шыңының ұшар басында ғана соңғы шақпақ бөріктей болып киіліп тұр. М.Әуезов әңгімесінде: Жартасты, зор кеуделі, үлкен биік ұзақ түнге созылу сарылған салқын ұйқыдан басын қоршаған бұлт жоғары көтеріліп айыққан сайын, зор қабағын сабырмен ашқандай болып, ұйқылы көзі тұнжырап, етекте керіліп жатқан далаға томсара қалғандай болады [17,60].
Горизантальді кеңістік. Поэтикалық мәтіндегі тілдік көрінісі – кеме, тор,көрпе,зындан, түрме, қазан, сарай. Аңырамын иесіз жағалауда, айырылып достықтың кемесінен.Арамдықтың кемесінде шайқалған, тентек болған тайыншадай ділгірдің әрі күттің алаңсыз бері күттім кемесіне жармасып керүміттің;Лақтырдық өмірдің кемесіне, жасырынып жұлдыздар кемесіне.
Қ.Жұмаділов әңгімесінде ақ көрпесін қалың қымтанып, шексіз-шексіз дала жатыр [18,389].
Геометриялық кеңістік – дөңгелек, шар, дөңес, үшбұрыш, шаршы, сфера, цилиндр, конус т.б. элементтер арқылы модельдеу.Мысалы, Көтере берем: көңілім – жердің шары ғой, о, дархан көңілім!Өмірімнің тозбас сәні ғой!
Көркем мәтін бойынша Қ.Жұмаділов шығармасында: Таулы өлкенің кешкі шағы сондай сұлу еді. Күн ұясына енісімен сай-сала қоңыр көлеңкеге шық толып, төңірек қара барқын тарта қалды. Тек әр тұста, шаншылған биік тұғырлар басында соңғы сәуле алтын тақиядай киіліп тұр [16,30].
Динамикалық кеңістік – фонтан, жол, өзен, құлама, су, ағыс.Мысалы, Мына өмір асфальтталған жол ма қалай?!
М.Әуезов әңгімесінде Өзеннің солтүстік жағы ұзын сары адыр. Кей жерде таудың аралары үзіліп, кезең болып, кей жерде біріне-бірі қабатталып, миқы адыр, бұйрат болады. Өзен осы адырды кенерелеп, таумен бірге айырылып ағады. Сары дала, сары адырдың арасындағы жіңішке өзен екі жағасындағы көкжиектенген шалғынымен, жағалай қонған ақ ауыл жыбырлаған неше түлік малымен, әр жерден бұраңдап аспанға шығып жатқан көкшіл түтінінен бір қалыпты дүниенің ажарын ашып, сырт көзге көркейтіп тұрғандай [16,48].


Қорытынды
Көркем мәтіндегі когнитивтік парадигмада қарастырсақ, ол - өте күрделі, психо-интеллектуалды құрылым, концептілік жүйеде реттелген дүние туралы жазушы, қаламгерлеріміздің индивидуалды-авторлық бейнесін танытатын тілдік фактор.
Біздің пікірімізше, таным адам табиғатына негізделген, қоршаған әлем заңдылықтарынан нәр ала қалыптасқан күрделі де маңызды құбылыстардың бірі болғандықтан, когнитивистер тілдік зерттеулерді әлемдік бейнемен, жанды-жансыз құбылыстармен, нақтылы-абстрактылы ұғымдармен байланыстыра дәйектеу қажеттігін және сол арқылы жасалатын модель үлгілерінің деректанымдық мәнін артады, логикалық танымның дедуктивті-индуктивті амалдарына да осы мақсатта жүгінді. «Әлем», «қалып», «әсемдік әлемі» секілді сөздердің идеялық мазмұны тәріздес табиғат концептілерінің де өзіндік идеялық мазмұны да өзіндік орын алады. Көркем мәтіндегі табиғатқа қатысты концептілердің жинақталуы қазақтың айналасын қоршаған табиғат көріністерінен, басқа халықтық лингвомәдени концептілік жүйеде қоршаған табиғат көріністерінен, халықтық өмір сүру көріністерінен, күнделікті зат-бұйымдарынан, тұрмыс-салтына, мал бағу, көшіп-қону сияқты тіршілік әрекетінен мағлұмат берілді. Тілдік талдау арқылы біріншіден, қоршаған ортаны тілдік құралдарды, сөздік қорды қалыптастырудағы маңызын атасақ; екіншіден, тілтанымдық модельдердің материалдық негізін анықтау арқылы жеке тұлғалардың объективті шындықты қабылдаудағы субъективті өзгешілігі сараланды. Тіл мен таным негіздерін жеке тұлғалардың психологиялық әлемі, қоршаған ортаны қабылдау өзгешелігі тұрғысынан сипаттауға сонымен қоса ақын-жазушылардың шығармаларын талдауға бағытталғандықтан, ғылыми тұжырымдар көп жағдайда жеке қаламгерлермен тіл мамандарының танымдық әрекеттерін сабақтастыра дәлелдеуге негіздедім.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Оразалиева Э.Н. Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы. -Алматы, 2007 – 312
2 Демьянков В.З. Когнитивизм,когниция язык и лингвистическая теория.-Москва,1992.-397
3 Кубрякова Е.С.Введение человеческий фактор в языке.Москва:Наука,1991-82-140
4 Жұбанов Қ.Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер.-Алматы:Ғылым,1999-581
5 Гайденко П.П. Философская герменевтика и ее проблематика.Москва.1975-525
6 Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері.-Алматы: Қазақ университеті,2005 -258
7 Сүлейменова Э.Д. Казахский и русский языки:Основы контрастивной лингвистики.-Алматы:Демеу,1996-208
8 Кеңесбаев І. Қазақ тіл білімі туралы зерттеулер.-Алматы:Ғылым,1987.-352
9 Маслова В.А. Когнитивная лингвистика.-Москва,2004.-256
10 Краткий словарь когнитивных терминов.-Москва,1996.-181-185
11 Тілеубердиев Б.М. Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық негіздері.Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты.-Алматы,2006-30
12 Күштаева М.Т. Тары Концептісінің семантикалық құрылымы мен лингвомәдени мазмұны. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты.-Алматы,2003,- 27
13 Ислам А.Ұлттық мәдениет контекстіндегі дүниенің тілдік суреті (салыстырмалы-салғастырмалы лингвомәдени сараптама).Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үін дайындалған диссертация авторефераты.-Алматы,2004.- 54
14 Әмірбекова А.Б. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М.Мақатаев поэзиясы бойынша).
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты.-Алматы, 2006-30
15 Толстой Л.Н. Повестер мен әңгімелер. - Алматы, 1978 – 555
16 Жұмаділов Қ. Бір ғана ғұмыр. - Алматы, 2004 – 352
17 Әуезов М. Қорғансыздың күні. Әңгімелер мен повестер. - Алматы, 2002 – 432
18 Жұмаділов Қ. Соңғы көш. - Алматы, 2005 – 504
19 Мағауин М. Аласапыран. – Алматы, 1988 – 823
20 Айтматов Ш. Повестер мен әңгімелер. - Алматы, 2002 – 534 Тәрбие.орг сайтынан Көркем мәтіндегі концептілік құрылым қолданысы Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Серикбаева Молдир Жумабековна

ШҚО, Зырян ауданы, Серебрянск қаласы қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar