МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫН АРҚЫЛЫ ОЙНАТА ОТЫРЫП ОЛАРДЫҢ ОЙ-ӨРІСІН ДАМЫТУ

  • Жүктеулер: 4
  • Көрсетілім: 414
  • Авторлық бағдарлама
  • 05/Июл/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22998


Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін, әрі тәрбиелейтін өзінің негізгі іс – әрекеті - ойын. «Ойын ойнап, ән салмай өсер бала болама?!» дейді біздің қазақ халқымыз. Балалар ойындарының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазады: « Бала ойында қалай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан ұқсас болады». Ойын үстінде бала өзін еркін ұстайды, оның іздемпаздық, тапқырлық қабілеті оянады. Ойын бала үшін нағыз өмір.
Ойын негізінен балаларға дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды құралы. Ойын балаларды ұйымшылдыққа үйретеді. Ойын түрлері көп, соның ішінде маңызы – дидактикалық ойын. Дидактикалық ойынның мазмұны бірнеше элементтен құрылады:
- дидактикалық тапсырмалар;
- Мазмұны мен ережесі және ойынның орындалуы.
Мұнда басты элемент – дидактикалық тапсырмалар, қалған элементтер осы тапсырмаға және оның орындалуына көмектеседі. Тапсырмалар әр түрлі болады ( жоспар тақырыптарына сай). Ойын ережелерге сүйенеді. Ережелер әр баланың ойында не істеу керектігін, қалай істеу керектігін, мақсатқа жету жолдарын көрсетеді және ақыл –ой қабілеттерін дамытады, әсіресе кішкентай топтағы балалардың өзін-өзі ұстауға, өздерінің мінез-құлықтарын қадағалауға үйретеді. Сонымен бірге, психологиялық жағдайларын жақсартады: көңіл аударғыштығын, байқағыштығын және мейірімділікке, кішіпейілділікке үйретеді. Балалар алған білімдерін ойын барысында көрсете білуге, бір – бірімен қарым – қатынас жасауға, әділ болуға, қиындық кезінде көмектесуге, өз ойларын жеткізе білуге, қиялының дамуына, қиындықты ақылмен жеңе білуіне көмектеседі. Осының бәрі баланы мектепке даярлайды.
Дидактикалық ойындар жоспар бойынша оқу іс-әрекетінде немесе іс-әрекеттен тыс уақытта өткізіледі. Көптеген дидактикалық ойындар балалардың жеке дара ойнауына арналған, олар баланың дербестігін аңғарғыштығын, өздігінен еңбек етуін жетілдіреді (әр түрлі дифференциалды карточкалармен ойын т.б. ). Кейбір ойындар ұжыммен өткізіледі («Лото», «Домино»)
Дидактикалық ойындар 3-топқа бөлінеді:
1. Заттық дидактикалық ойындар –дидактикалық ойыншықтармен және әр түрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады.
2. Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар.
Дидактикалық ойындар сәбилер тобынан басталады. Мұнда жоғары топтарға қарағанда жеңіл түрдері ойнатылады.
Мысалы: Бала ойнап отырған машинаның дөңгелегі нешеу, түсі қандай?
Кубиктерді түсіне қарай топтастыр, қане сен көк кубиктерді әкелші, үстелге апарып қойшы. Бұл жерде балалар кеңістікті бағдарлауды үйренеді.
Дидактикалық ойындар ересек топтарда, төменгі топтарға қарағанда күрделеніп жүргізіледі. Ойын шарттары мен көрнекіліктерін пайдалану арқылы ойын әрекетін дамытуға болады. Дидактикалық ойындар баланың ақыл – ойын, ойлау қабілетін, қабылдауын, есте сақтауын, зейінін дамытуға салыстыруға, жіктеуге, өзін-өзі бақылауға үйретеді.
3. Сөздік ойындар:
Суреттер арқылы: суреттермен ойналатын дидактикалық ойындар барлық білім беру саласы бойынша ойнатылады. Суреттер арқылы балалар сөйлем құрастыруға үйренеді. Белгілері бойынша ажыратады. Жалпы атауын айтып үйренеді.
Мысалы: д\о «Суретте қай жыл мезгілі бейнеленген» суреттерін алатын болсақ балалар оған қарай отырып өз ойларын білдіреді. Мысалы: «Телефон» ойынында диалогтық сөйлеудегі әңгіменің мақсаты бір нәрсе жайында сұралып баланың оған жауап беруге белгілі бір әрекетке түрткі болуға үйрету болып табылады. Ойын қызықты тартымды өту үшін дидактикалық ойындарды дұрыс ұйымдастыру керек. Ойынға керекті құралдар әр балаға жеткілікті болу қажет, сонда ғана балаларға түсінікті болады. Дидактикалық ойындардың құралдары ұзақ уақыт сақталу үшін эстетикалық, гигиеналық талаптарға сай әдемі қораптарда қалталарда тұру керек. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде дидактикалық ойындарды қолдансақ мақсатымызға жетеміз.
Қорыта айтсақ; Абай атамыз айтқандай әрбір бала өмірде өз орнын табуы үшін кірпіщ болып қалануы керек. Ал сол кірпіштің сапасы балабақша мамандарына байланысты, себебі біздің тәрбие жұмысымыздың негізгі мақсаты – қазіргі өмір талабына сай дені сау, ақыл,ой-өрісі кең, адамгершілік қасиеттері мол, жеке тұлғаны тәрбиелеу болып табылады.

. Тәрбие.орг сайтынан МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫН АРҚЫЛЫ ОЙНАТА ОТЫРЫП ОЛАРДЫҢ ОЙ-ӨРІСІН ДАМЫТУ Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Адилова Нуржанат Сагатбековна

Қарағанды қаласы КМҚК «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі

Пікірлер: 0

avatar