МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ ӘР ТҮРЛІ ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРҒА ОЙЫН АРҚЫЛЫ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫСҚЫ АУА-РАЙЫН БАҚЫЛАЙТЫН КАРТОТЕКА

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 74
  • Авторлық бағдарлама
  • 05/Июл/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22992


Картотека №1
«Қар үстіндегі іздерді бақылау.»
Мақсаты: Балаларға қар үстіндегі адамдардың, жануарлардың, құстардың ізін айырып, білуге үйрету. Балалардың байқағыштығын, ойлау қабілетін қалыптастырып, толықтыра түсу.
Көркем сөз:
Ақ киімді денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды. (Абай)
Еңбек: Құстар үшін жем салғыш жасап, оны ағашқа іліп қою, жем салу.
Мақсаты: Қыстаған құстарға, хайуанаттарға қамқоршыц болуға тәрбиелеу.

Картотека №2
«Қар жауып тұрған құбылысты бақылау.»
Мақсаты: Қардың жауып тұрғанын бақылау, ауа-райына байланысты құбылыстарды түсіндіру, аязды күнде қар жеңіл болады, олар ауада би билегендей, ал жылы күнде қар ауырлау тартады,- қалықтап жерге түседі, суық күнде қар ұшқындары жеделдеп жауады.
Тапсырма: «Қыс» тақырыбына символдар арқылы суреттер салуды ұсыну.»
Көркем сөз:
Тазалашы мұз болған,
Есік алды тайғанақ жата берсін.
Біз оған теуіп жүрміз сырғанақ,
Шыға беріп жалтақтай,
Ұшып түсті қалпақтай.

Қимыл ойын: «Аңшы мен қояндар»
Мақсаты: Жылжымалы лақтырған нысанаға затты тигізу, жүгіруге өрмелеп шығуға жаттықтыру.
Еңбек: Тәрбиеші жұмысты әркімге бөліп беруге көмектеседі. Бірі қарды жинаса, екіншісі оны тасиды, шанаға артады, ұжым болып бәрі қарды тазалауға қатысады.
Мақсаты: Балаларға жұмысты бірігіп атқаруға бағыт-бағдар беру.

Картотека№3
«Қырауды бақылау.»
Мақсаты: Балаларға қыраудың қалай пайда болатынын айтып кету. Қырау түскен ағаштарды бақылау. Темір затқа үрлеп көрейік, оған қырау түсті, біздің буымыз суықтан қырауға айналды. Сонымен қырау бұл кәдімгі бу, ол әйнек шынысына, ағаш бұтақтарында, басқа да заттарда қатып қырауға айналады. Қырау әдетте күннін ашығында пайда болады.
Көркем сөз:
Тазартып бар кір шаңнан,
Қыс өнерін бастады.
Терезеге қыраудан,
Сурет салып тастады.

Қимылды ойын: «Суық қойлар»
Мақсаты: Қимылды жаттығуларды жасатуларды үйрету, тапқырлық таныта білу.
Еңбек: Бір-біріне кедергі жасамай, жұмыс істеуді үйрету.
Жеке жұмыс: Тәжірибе жасау; мұз, бу, су (заттың бір түрден , екінші түрге айналуы)
Жорамал:
Ағашқа қырау түссе, аяз болады,
Тұман болса, күн жылы болады.
Егерде түнде қырау түссе, күндіз қар жаумайды.
Жұмбақ:
Қант сияқты аппақ,
Ұлпа болып жерде жатады. (қар)

Картотека№4
«Мұз сүңгісін бақылау.»
Мақсаты: Мұздың қасиеті туралы мол түсінік беру. Балалардың байқағыштық қасиеттерін қалыптастырып, жасаған іс-әрекетке баға беріп, қорытынды жасай білуге үйрету.
Тапсырма: «Сүмелек мұз» тақырыбына сурет салу.
Сұрақтар:
Сүмелек мұз жөнінде не айтуға болады?
Ол қандай? Сәбіз сияқты.
Сүмелек мұз қай жерде, қалай пайда болады?
Күнгей жақта ма, әлде терістік жақта ма?
Олар қайдан пайда болады?
Осыдан қандай қорытынды жасауға болады?
Көркем сөз:
Көл бетінде жатыр айдын-мұзойнақ,
Қыстың өзі жасағандай бізді ойнап.
Шаңғы теуіп жпрысамыз желменен,
Күнде осында қызықтаймыз біз ойнап. (Мұзафар Әлімбаев)
Қимылды ойын:
«Үнсіз қалған қоян»
Мақсаты: Ойынның тәртібін сақтай отырып, секіріп алға жүгіру,

Картотека№5
«Қайың ағашты бақылау.» (Қиялдау)
Мақсаты: Қайың ағаштың қысқы көркін бақылау.
Балаларды табиғаттың қорғаушысы болуға тәрбиелеу.
Тапсырма: ағаш туралы суреттер бойынша шығармашылық әңгіме құрастыру. Әр балаға суреттер таратылады.
Көркем сөз:
Ағаштар тұр жүдеп,
Жапырақ сәні енеді.
Соғады жел үдеп,
Қыстың кеп сәлемі.
Еңбек: Қайың ағаштың түбіне қар жинау.
Мақсаты: Балаларға ағаштың түбін қармен жабудың сырын, пайдасын түсіндіру.
Қимылды ойын: «Біз көңілді баламыз»
Жеке жұмыс: «Жұмбақты шеш» сюжетті ойын ойнату.
Жұмбақ
Жазда жатсаң көлеңкесі алады,
Қыста жақсаң жаның рахат табады. (Ағаш)

Картотека№6
«Терезедегі өрнектегі бақылау.»
Мақсаты: Балаларға құбылысты түсіндіру. Олардың ойын толықтыру.
Терезедегі өрнектерді бақылау.
Тапсырма: Трафареттің көмегімен «Аяз атаның терезеге салған келемежді суреттері» атты ұжымдық жұмыс жасау.
Көркем сөз:
Бір топ бала сырғанап,
Барады әне жарысып.
Қалды артта қыр қалып.

Қимылды ойын: «Айлакер түлкі»
Мақсаты: Оңды-солды жалтарып жүгіруге жаттығу.
Еңбек: Қардан бекініс жасауды үйрету.
Мақсаты: Күрекпен қарды ойып, үй салуды, бекет тұрғызуды үйрету.
Жеке жұмыс: Қар атжалына секіріп шығу және одан жерге түсуге үйрету.
Жорамал: Қыз аязды болса-жаз ыстық болады.
Жұмбақ:
Отта жанбайды,
Суда батпайды. (Мұз)

Картотека№7
«Желді бақылау»
Мақсаты: Желдің бағытын қапалық арқылы анықтау.
Сұрақтар:
1. Желдің бағытын, күшін қалай біліп, анықтауға болады?
Үй мұржаларынан шыққан түтіннен, қағаздың кішкене кесінділерінен т.б. жорамалдарынан анықтап білуге болады.
2. Қыста жел қандай болады?
Көркем сөз:
Қыстағы қар, жаздағы жаңбыр-жерге жауған нұр.
Қимылды ойын: «Әткеншек»
Мақсаты: Алғашқыда асықпай, сонан соң тез айналып жүгіру.
Еңбек: Алаңды көркейту үшін түрлі-түсті мұз кесінділерін дайындап қою.
Мақсаты: Суды қатырып, мұз қалпына келтіру, заттың алғашқы күйінен екінші күйге көшіру деп аталады.
Жеке жұмыс: Екі аяқпен бірдей қарлы жолмен секіру.
Жорамал: Қарғалар мен шауқарғалар ағаштың төменгі бұтақтарына отырса күн желді болады.

Картотека№8
«Аула сыпырушы еңбегімен танысу»
Мақсаты: Аула сыпырушының қыс мезгіліндегі еңбегі, оның жұмысы туралы балалардың түсінігін толықтыру.
Тапсырма: «Ауланы тазалаушының еңбегін қалай жеңілдетсем» деген тақырыпқа шағын әңгіме құрастыру.
Көркем сөз:
Қолына киіп қолғап,
Ауланы ағай сыпырды.
Тазалап қарды мұздарды,
Бәрімізге ол жол ашты.
Еңбек: Аула сыпырушыға балабақшаның ауласын сыпыруға көмектесу.
Мақсаты: Ересек адамдарға қолдан келгенше көмек беруге деген балалардың ынтасын қолдап, еңбекке баулу.
Қимылды ойын:
«Саулық қойлар» (Қысқы спорт ойындары.)
Жеке жұмыс: «Кім алысқа секіреді?» Жүгіріп келіп ұзындыққа секіру.
Жаңылтпаштар:
Қаңтар айы болды, күн суытты,
Қалың қар жауды, боран соқты.
Жапалақтап ақ жауды.

Картотека№9
«Алаңдағы ағаштарды бақылау»
Мақсаты: Балалардың ағаштарды қыс кезінде қалпын анықтап, білімін толықтыру.
Тапсырма: «Таңғажайып ағаштарды безендіреміз» тақырыбына сурет саламыз. Ағаштарды сыртқы түсінен, түрінен, бұтақтарынан қалай орналасуынан танып, айыруға үйрету.
Балаларды табиғатқа қамқоршы болуына тәрбиелеу.
Сұрақтар:
1. Жапырақсыз ағаштарды қалай атаймыз?
2. Жапырақтар неге күзде түсіп қалады?
3. Ағаштар бір-біріне немен ұқсас.
4. Ордың айырмашылығы қандай?

Дидактикалық ойын:
«Сөзбен суретпен айт» ағаштың түрін таны.
Еңбек: Ағаштардың түбін қармен жабу.
Мақсаты: Қар ағаштың түбін аяздан қорғайтынын балаларға түсіндіру.
Балаларды табиғатқа қамқоршы болуға тәрбиелеу.
Жеке жұмыс: Шаңғы мен жаттығулар жасау; екі аяқпен кезек-кезек оңға, солға.

Картотека№10
«Қар жинайтын машинаның жұмысын бақылау»
Мақсаты: Адам еңбегін жеңілдететін машинамен таныстыруды жалғастырып, қоршаған орта білімдерін толықтыру.
Тапсырма: «Ауланы тазалаушының еңбегін қалай жеңілдетсем» деген тақырыпқа шағын әңгіме құрастыру.
Сұрақтар:
1. Бұл машинаның аты қалай аталады?
2. Ол не істейді?
3. Ол қарды қалай жинайды?
4. Балалар сендер адам еңбегін жеңілдететін тағы қандай машиналарды білесіңдер?
Көрке сөз:
Қане ,кімнің бойы ұзын?
Қатар-қатар тұрайық,
Поезді біз құрайық.
Қимылды ойын: «Аңшы мен қоян»
Мақсаты: Нысанаға затты лақтырып тигізу, жүгіру, өрмелеп жоғары шыға білу.
Еңбек: Гүлзарға, ыдысқа түрлі-түсті мұзды қатырып қою.
Мақсаты: Балалардың эстетикалық танымдарын арттыру. Айналаны әсем етіп көріктендіру.
Жеке жұмыс: Шаңғы тебе білуге үйрету. Шаңғы жолымен сырғанай отырып жүру.
Жорамал: Қыс қарлы болса-жаз жаңбырлы болады.

Картотека№11
«Саябаққа саяхат»
Мақсаты: Қыстың (нышаны) белгілері туралы балалардың білімін анықтап, толықтыра түсу. Балалардың сөз құрамында; қыс, қар, мұз, аяз, Қар қырш-қырш етеді, жалтырайды, жылтылдайды басқа қысқа байланысты сөздер қолдану. Балаларды табиғаттың қамқоршысы, жанашыры етіп, тәрбиелеу.
Тапсырма: Қыстың жағымды, жығымсыз құбылыстары туралы әңгіме құрастыру.
Көркем сөз:
Ақ қар жауады,
Енді аппақ жер өңі.
Қардан таулар көлеңкесін көреді.
Қимылды ойын: «Біз көңілді баламыз»
Мақсаты: Тез жүгіруге, жүгірген баланы тез ұстап алуға жаттықтыру.
Жеке жұмыс: Жүгіріп келіп қарды алысқа лақтыруды жаттықтыру.
Кім бәрінен алысқа лақтырса-сол жеңімпаз.
Жұмбақтар: Мәтел:
Қанаты жоқ ұшады, Қыстағы қар-жаздағы жаңбыр,
Аяғы жоқ желеді. Жерге жауған нұр.
Аузы жоқ ұлиды. (боран)

Картотека №12
«Күннің көзін бақылау»
Мақсаты: Күннің көзін қыс мезгілімен (қыстың басы, ортас, аяғымен) байланыстырып, балаларға барынша мол түсінік беру. Күн қысқарады- желтоқсанның 22-і ең қысқа күн болып есептелінеді. Күннің көзі үясынан
Сәл ғана көтеріліп, біраздан соң кешкі ұясына барып қонады.
Күн қысқа әрі суық. Көлеңке ұзарады.
Көркем сөз:
Батар күннің, атар таңы бар.

Қимылды ойын: «Жұп болып эстафета ойынын жүргізу:
Мақсаты: Шанамен сырғанақ тебу. Балаларды эстафетаны бір-біріне беруге үйрету. Жанындағы жолдасы үшін жанашыр, жақсы жолдас болуға тәрбиелеу.
Еңбек: Аққала жасау.
Мақсаты: Қармен жұмыс жасауды үйрету.
Жеке жұмыс: Өз қиялдарымен әңгіме-ертегілер құрату.
Жұмбақ: Мәтел:
Таңмен көзін ашады, Мезгіл жетсе,
Әлемге нұрын шашады. (Күн) Мұз да ерір.

Картотека №13
«Ауа-райының жайсыз жағдайын бақылау»
Мақсаты: Балаларға ауа-райының жағдайын байқап, белгілеуді ұсыну.
Қатты желге назар аудару. Қатты жел әсіресе Ақпан айларында жиі болады, ұйытқыған боран мен бұрқасындарда ,қар бір жерден екінші жерге көшіп отырады.
Көркем сөз:
Қыстың кенже баласы Ақпанбысың,
Аспан астын ораған, ақ қармысың.
Алай-түлей боранның аязында,
Денемізді шымшылап қаримысың.

Қимылды ойын: «Үшіншісі артық»
Мақсаты: Балаларды шапшаңдыққа баулу.
Еңбек: «Ауланы қардан тазалау»
Мақсаты: Күректі пайдалана білуге үйрету.

Қимылды ойын: «Денені тік ұстап, жаттығуларды дұрыс білу»
Жаңылтпаштар:
Қар аппақ, дала аппақ-бәрі аппақ....
Қыс қыспаса, қыс па? Құс ұшпаса-құспа?

Картотека №14
«Саябаққа саяхат»
Мақсаты: Балалардың қыс жөніндегі түсініктерін толықтыра түсу.
Туған табиғатқа деген балалардың сүйіспеншілігін қалыптастырып, арттыру, оның ғажап сұлулығын балаларға сүйсіндіру.
Сұрақтар:
1. Қазір жылдың қай мезгілі?
2.Жердің беті қандай?
3. Күн көзінің нұры қандай?
4. Жылуы қандай жылытама?
5. Сендер аяды сезінесіңдер ме?
6. Бұрыннан таныс ағаштардың, құстардың атын еске алып, олар туралы сұхбат жүргізу. Саябақты аралап, оның гүлденгеніне сүйсіне білу.
Көркем сөз:
Күн мейірімін төгеді,
Жазаламай ешкімді.
Сәулесімен өбеді, кәрі еменді,өскінді,
Жаз құшағы сияқты, күн анамыз сияқты.

Қимылды ойындар: «Суық аяз»
Мақсаты: Тез жүгіруге, жүгірген баланы ұстап алуға жаттықтыру.
Жеке жұмыс: Алға қойған тосқауылдардан екі аяқпен бірдей секіріп, өте білу. (айналада жатқан заттарды да пайдалануға болады)

Картотека №15
«Қыстың негізгі белгілерін бақылау»
Мақсаты: Балаларды қыстың белгілерін ажырата білуге үйрету.
Көркем сөз:
Аппақ, аппақ ақша қар,
Бірін ұстап алайын...
Ұстадым!
Жоқ, ақша қар,
Қайдан іздеп табайын? (Жақан Смақов)

Қимылды ойын: «Кім жылдам?»
Мақсаты: Балаларды тез қимылдауға жаттықтыру.
Еңбек: Үйдің ауласын жауған қардан тазарту.
Мақсаты: Балаларға күрек пен жұмыс імтеуді үйрету, еңбекке баулу.
Қимылды жаттығулар:
Мақсаты: Балаларды мұзды жолмен сырғанай білуге жаттықтыру.
Жорамал:
Түтін будақтап шықса , аяз болады.

Картотека №16
«Қала көшелерін бақылау»
Мақсаты: Тәрбиеші балаларға көшеде тәртіп сақтау туралы, жол жүру ережелері туралы, көліктердің көптеген түрлері туралы білімдерін анықтап, толықтыру.
Сұрақтар:
Көшедегі үйлер қандай?
Көшедегі көліктер бір бағытта жүреме,әлде екі бағытта жүреме?
Жүргіншілер қайда, қандай жолмен жүру керек?
Көркем сөз:
Менің атым «Бағдаршам» мекен жайым тұрақты,
Жақсы білем міндетімді, мүдірмеймін ешқашан.
Жол сілтейтін белгілер,бөлінеді төрт топқа.

Қимылды ойын: «Жанады жанбайды»
Мақсаты: Тез жүгіруге, шыдамдылыққа жаттықтыру.
Еңбек: Балабақшаның маңын қардан тазарту.

Картотека №17
«Өзен, көл, су тоғандарына саяхат»
Мақсаты: Балаларды өзен, көл, су тоғандарының қыстағы өзгерістерімен таныстыру. Мұздың қасиеті мен қалпымен жете таныстыру. Мұз қауіпсіздігіне арналған ережелермен таныстыру.
Тапсырма: «Сүмелек мұз» тақырыбына сурет салу.
Сұрақтар:
1. Өзендегі суға не болды?
2. Су неге қатты?
3. Өзеннен нені көруге болады?
4. Қай кезде мұздың үстімен жүріп, коньки тебуге болады?
Көркем сөз:
Тез қарасын батырды,
Қар жаңбырлы сиқыр бұлт.
Жел көк мұзды қатырды,
Жердің бетін типыл қып.
Балалардың берген жауабын қорытындылау.: Мұздың жұқа кезінде оның үстімен жүруге, коньки тебуге болмайтынын балаларға айту.

Қимылды ойын: «Шортан мен табан балықтар»
Мақсаты: балаларды тез жүгіруге, жүгірген баланы тез ұстап алуға жаттықтыру, айналаны бағдарлай білуге үйрету.
Жеке жұмыс: Денеңді тепе-тең ұстап, мұз үстімен сырғанай білу.
Жұмбақ:
Отқа жанбайды,
Суға батпайды. (мұз)

Картотека №18
«Қардың қасиетін бақылау»
Мақсаты: Қар туралы балалардың білімдерін толықтыру, ақ, ұлпа сияқты, күн нұрына шағылысып жылтырайды.
Көрке сөз:
Аққала,
Аула сырты баққа да.
Тұғызамыз аққала.
Аққаланы айналып,
Ойнаймыз біз шаттанып.

Қимылды ойын: «Ұстап ал»
Мақсаты: Белгі берісімен бірден іске кірісіп, жаттықтыру.
Еңбек: Қарды күреу.
Жеке жұмыс: Қарды екі алақанға салып жұмырлап,қатты қысу.
Жұмбақтар:
Мамықтай ұлпа,
Қанттай аппақ.
Қыста жер бетін басады,
Жазда сайға қашады.

Картотека №19
«Құстарды бақылау»
Мақсаты: Қыстайтын, алаңға келетін құстардың аттарын анықтау.
Олардың сыртқы бейнесін және қандай жемді жақсы көретінін, қалай тұрып, қалай жүретінін анықтау.
Балаларды байқағыштыққа, құстарға жанашыр болуға тәрбиелеу.
Көркем сөз:
Мың торғай қамаса қораға,
Бір торғай тұрмайды.......
Бір торғай тұрмайтын қораға,
Мың торғай тұрмайды.

Қимылды ойын: «Ұядағы құстар»
Мақал:
Сыртта «тау» болып жатса,
Үйде су болып тұрады.

Картотека №20
«Табиғат күнтізбесі бойынша ауа-райын бақылау»
Мақсаты: Ауа райын бақылау. Ауа-райына көңіл бөліп, байқау өткізулерін ұсыну.
1. Суық па, жылы ма?
2. Күн желді ма, жоқ па?
3. Балалар қалай киінген?
4. Ауа-райының жайы қалай анықталды?
5. Күн шуақты ма, әлде бұлыңғыр ма?
6. Қар жауып тұр ма?
Жуырда қар жауып , өтті ме?

Серуендеп келген балаларға бүгін өздері көріп, бақылаған ауа-райының жайын күнтізбеге белгілеулері керектігін естеріне салу.
Тапсырма:Бұлттың суретін салу.
Көркем сөз:
Далада қандай тамаша,
Ақ мамыққа оранған.
Ақ дастархан жапқандай,
Көз тоймайды қарасаң.

Қимылды ойын: «Арқан тарту»
Мақсаты: Балалардың қимыл-қозғалыстарын қалыптастыру.
Еңбек: Кішкентай балалардың ойнайтын алаңын қардан тазарту.
Мақсаты: Балаларды өздерінен кішкентайларға қамқор болуға тәрбиелеу.
Жеке жұмыс: Алдағы тосқауылдан өтерде; жүгіру, еңбектеп жүгіруге,
Секіруге жаттықтыру.

Картотека №21
«Табиғат күнтізбесі бойынша ауа-райын бақылау»
Мақсаты: Өткен күндердегідей ауа-райын бақылау. Ағаштарды анықтап зерттеу.
Күзде олар қандай болғанын еске түсіру. Қандай өзгеріс бар? Бір ағашты анықтап, суретін салып, оны күнтізбеге сақтау.Балалар балабақшада тәрбиешінің көмегімен ауа-райының жағдайын күнтізбеге белгілеу.
Тапсырма: «Ашық аспан» тақырыпта сурет салу. Қағаз түстерінің бояуын түстеп, бір бояудың үстіне екінші бояуды жаға отырып, түсін келтіруге үйрету.
Көркем сөз:
Бүрсең қағып жапырақтар,
Көше кезіп көшіп жатыр.
Тыныш қалған атыраптар,
Аппақ қарды тосып жатыр.

Қимылды ойындар: «Соқыр теке»
Мақсаты: Шеңберде тез жүгіруге жаттықтыру, ептілікке үйрету, ойынның сөздерін дұрыс айтқызып жаттау.
Еңбек: Қатқан мұз жолын тазалап, су құйып ретке келтіру.
Мақсаты: Алаңқайда тазалық, тәртіп сақтап, судың мұзға айналғанып көріп, қызықтау....
Жеке жұмыс: «Кім алысқа лақтырады?». Қар түйіршіктерін алысқа лақтыруға жаттықтыру.
Жорамалдар:
1. Қыс аязды болса-жаз ыстық болады.
2. Қыста қар мол болса- жазда жаңбыр мол болады.
3. Ағашқа қырау тұрса-күн жылы болады.

Картотека №22
«Қар ұлпаларының ұшқындарына бақылау жүргізу.
Мақсаты: Балаларды қар ұшқындарының қалай пайда болатынын, олардың құрылысымен таныстыру, сонымен бірге балаларды байқағыштыққа тәрбиелеу.
Балаларға қар ұлпасын қағып алып, зейін қойып, анықтауға ұсыну.
Қар ұшқыны алты қанаттан тұрады, олар бір-біріне өте ұқсас келеді.
Қар ұшқыны жаңбыр сияқты, бұлтта жаратылады. Су буы өте жоғары көтеріледі. Сол жоғарыда ауаның температурасы өте төмен болғандықтан, сол су буларынан кішкентай ғана мұз қиыршықтары пайда болады. Алты қырлы мұз түйіршіктері өсіп кішкентай жұлдызшаларға айналады, сөйтіп қар ұшқындары жерге түседі.
Көркем сөз:
Жазда көлге мұз қатты,
Табанымды мұздатты.
Мұз ойылып кетті тез,
Күліп едік біз қатты.

Қимылды ойын: «Ортаға түспек»
Мақсаты: Тез жүгіріп секіруге, ептілікке үйрету.
Еңбек: Қар атжалдарын жасауға балаларды үйрету (снежная горька)
Жеке жұмыс: Шаңғыда жүре білуге машықтану.
Мәтел:
Қар көп болса, астық көп болады.
Жұмбақ:
Қолы жоқ, сурет салады,
Тісі жоқ тістеп алады. Тәрбие.орг сайтынан МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ ӘР ТҮРЛІ ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРҒА ОЙЫН АРҚЫЛЫ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫСҚЫ АУА-РАЙЫН БАҚЫЛАЙТЫН КАРТОТЕКА Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Адилова Нуржанат Сагатбековна

Қарағанды қаласы КМҚК «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі

Пікірлер: 0

avatar