Мен өмірді жырлау үшін келгенмін

  • Жүктеулер: 2
  • Көрсетілім: 121
  • Авторлық бағдарлама
  • 16/Ноя/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23335


АЛҒЫ СӨЗ

Әр пәннің өзіндік ерекшелігі, өз тілі бар. Әрқайсысы өз өрнегімен сөйлейді. Әдебиет пәні – өнер пәні, жан-жақты ойлантудың, терең ойлаудың пәні. Әдебиет жасөспірімдерге әдебиеттанудың, сөз маржандарының қыр-сырын игеруден жай білім беріп қана қоймайды, ең бастысы, өмірдің ең қымбаттысы, ең асылы жақсылық пен ізгіліктің ұрығын себеді. Әдебиет пәнінің әр сабағын адам бойындағы асқар арман, әдемі сенім, әсемдік пен сұлулыққа құштарлық тәрізді ең мөлдір сезімдер мен кісілік қасиеттер туралы сырласу сабағы десек те болады. Әдебиет пәні арқылы білім алушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүюден бастап, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді.
Әдебиетті оқытудың басты мақсаты – білім алушыларды сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы әдебиетін жан-жақты игерту, ол арқылы имандылыққа, инабаттылыққа, парасаттылыққа, сұлулыққа тәрбиелеу. Әдебиетте эмоция, әсер, шабыттану, қиялдау, армандау, еліктеу, әртүрлі психологиялық рең ерекше көрінеді. Әдебиет – жан дүниені, он екі мүшені, алпыс екі тамырды түгел жайлап, еш уақытта да көзге көрінбейтін сезім қылдары арқылы ақыл иесі адамды өз ырқына жетелеп алатын қасиетті дүние.
«Қазақ әдебиеті» пәні бойынша жасалған бұл сабақ әзірлемесі Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің 19.11.2009 жылғы № 429 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу бағдарламасының негізінде әзірленген. Колледжде қазақ тілінде дәріс алатын І курс студенттеріне арналған бұл әзірлемемде Мұқағали Мақатаевтың поэзиясын оқыту әдісін ұсынып отырмын.
Лирикалық шығармаларды өткенде олардың ішкі жан сырына тереңдеу керек. Өмір ақиқатының бейнеленуіне, ақын жүрегінің соғуына, оның жан лүпіліне шәкірттің назарын аударту ұтымды. Шәкірт тек ақынмен бірге толғанып, бірге қайғырып, бірге кектенсе, сонда ғана шығарма терең меңгерілмек. Себебі, лириканы оқытудың басты мақсаттарының бірі – білім алушыларды поэзияны сүюге, ұлттық құндылықтың асыл қазына екенін терең сезінуге баулу болып табылады.

САБАҚ ӘЗІРЛЕМЕСІ
Оқытушының аты-жөні: Акимжанова Гаухар Сауалхановна
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
Пәні: қазақ әдебиеті
Топ «Автоматтандыру және басқару» мамандығы
бойынша І курс студенттері
Мерзімі: 1 .06
Өткізілетін орны: №301 аудитория
1. Сабақтың тақырыбы: «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін»
2. Сабақтың типі: Білімді жалпылау және жүйелеп қорыту
3. Сабақтың түрі: Поэзия сабағы
4. Қолданылған технология: «Оқу мен жазу арқылы сыни ойлауды дамыту» технологиясы, «Жобалау» технологиясы, «Ақпараттық-коммуникативтік» технология
5. Сабақтың жабдығы:
А) дидактикалық: үлестірмелі парақшалар, ««Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін» айдарымен ұйымдастырылған көрме (ақын туралы естеліктер, лебіздер, ақынның қолжазбалары, өлеңдер жинағы, журналдар), күннің суреті;
Ә) техникалық: компьютер, Power Point бағдарламасындағы презентация, бейнебаян, үнтаспа.
6. Пәнаралық байланыс: тарих, биология, музыка өнері, бейнелеу өнері.
7. Сабақтың мақсаты: Білімділік: Сабақтың тиімді әдіс-тәсілдерін және жаңа технология элементтерін пайдаланып, білім алушылардың жалпы көркем әдебиетке деген қызығушылығының артуына, сезіммен өлең өрген жыр пырағы – Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің мазмұнын терең ұғынуына, өлеңнің эстетикалық, философиялық аспектілерін қабылдай алуына, мәнерлеп оқуға машықтануына жағдай туғызу;
Дамытушылық: Білім алушылардың еркін сөйлеу, мәнерлеп оқу, ізденгіштік, шығармашылық құзіреттіліктерін арттыруға, ғылыми ізденістерге жол ашуларына, ақын тілімен салынған табиғат суреті арқылы эстетикалық талғамдарын қалыптастыруына, ақын шығармалары арқылы жас ұрпақтың поэзияға деген қызығушылықтарының дамуына ықпал ету;
Тәрбиелік: Қазақ поэзиясындағы бірегей тума талант – Мұқағали бейнесі, шығармашылығы арқылы студенттердің бойында патриоттық, елжандылық, рухани-адамгершілік, құрмет, мақтаныш сезімдерінің қалыптасуына жағдай жасау, жақындарын құрметтеуге, эстетикалық талғамын қалыптастыруға тәрбиелеу.
САБАҚ БАРЫСЫ:
І. ҰЙЫМДАСТЫРУ КЕЗЕҢІ:
Сәлемесіздер ме, балалар және бүгінгі сабағымызға қатысып отырған құрметті қонақтар! Біздің бүгінгі «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» тақырыбында өткізгелі отырған сабағымыз сезіммен өлең өрген жыр пырағы – Мұқағали Мақатаевтың поэзиясына арналады.
Сабағымыз төмендегідей екі бөлім бойынша өткізіледі:
І. Поэзия менімен егіз бе едің? Ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу.
ІІ. «Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін». Көрмеге қойылған материалдармен таныстыру.
Балалар, біз Мұқағалидың өмірімен, шығармашылығымен мектеп бағдарламасынан таныспыз. Ақын поэзиясына кіріспес бұрын сол өтілген тақырыптарды еске түсіре отырып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу жасап алайық.
ІІ. БІЛІМДІ ПЫСЫҚТАУ, ЖИНАҚТАУ, ТҮЗЕТУ КЕЗЕҢІ:
Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу. (Power Point бағдарламасындағы презентация).
Әдісі: сұрақ-жауап.
«Зерделі сұрақ, дәлелді жауап» стратегиясы бойынша қойылған сұрақтарға өз жауабымызды дәлелді түрде жеткіземіз.
1. Мұқағалидың туған жері? (Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Оған дәлел өзінің «Қарасаз» өлеңі).
2. Мұқағали ақын кімнің тәрбиесінде болды? (Әжесінің тәрбиесінде болды. Ол «Мені сөзге, жырға үйір еткен – әжем» дейді. Әжесінің аты – Тиын. Келіндері оны «Мақпал апа» деп атаған).
3. Ақынның тұңғыш өлеңі кімге арналған? (Соғысқа кеткен әкесіне деген сағынышын өлеңге қосып, 11 жасында ең алғашқы өлеңін жазды).
4. Мұқағали өлеңдерінің тақырыбы? (Мұқағали қалам тартпаған тақырып қалмаған шығар. Ол Отанына, достарына, туғандарына деген сүйіспеншілігін жырға қосты, табиғатқа тіл бітірді, махаббатты жырлады).
5. Ақынның поэмаларын атаңыз. («Ару ана», «Райымбек, Райымбек», «Чили – шуағым менің» және өзіміз 8 сыныпта танысқан «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы т.б.)
6. Мұқағали ақынның жыр жинақтарын атаңыз. («Армысыңдар, достар», «Дариға – жүрек», «Шолпан», «Жүрек арызы», «Аманат» т.б.).
7. Мұқағали Мақатаев қашан қайтыс болды, қайда жерленген? (1976 жылы қайтыс болды, )
Жақсы, балалар. Жалпы ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы қойылған сұрақтарға толық жауап алдық деп ойлаймын. Олай болса, ақынның шығармашылығына арналған сабағымызды жалғастырамыз.
ІІІ. НЕІЗГІ КЕЗЕҢ:
Оқытушының кіріспе сөзі: Жыл кернеуі алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде.
Мұқағали өлеңдерін оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз... Ақын өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол сенімінің жемісі. Сол жырларының бірін тыңдап көрейік. (Үнтаспадан Мұқағали Мақатаевтың өз даусымен жазылған «Ойхой қазақ даласы не көрмедің?» өлеңі беріледі).
ІҮ. БІЛІМДІ БЕКІТУ КЕЗЕҢІ:
Олай болса, ақынның өз дауысымен басталған поэзия сабағын одан әрі жалғастырамыз.
Өлеңді өнер деп ұққан ақын поэзияны өзінің сыңары деп таныды:
1. Поэзия, менімен егіз бе едің? (Үлгілік оқу).
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан.
... Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?»
Сабағымыздың бірінші «Поэзия менімен егіз бе едің?» бөлімінде алдын-ала берілген тақырыптар бойынша ақынның өлеңдері оқылады.
Тапсырма. Алдын-ала берілген тапсырма бойынша ақын шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу.
Әдісі: Топтық жүйеде мәнерлеп оқыту.
1.1. «Туған жер» тақырыбына жазылған өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқу.
1) Алтынбай Нұржан: Ақын Отанға деген махаббатын жалаң айғаймен емес, поэтикалық тілмен әдемі өрнектеп, оқушысына жасандылығы жоқ, жанды рухпен жеткізеді.
«Қазақ жері» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер.
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
Мына елке,
Мына аймақ,
Бұл маңда
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкірлік етемін қашанда,
Осы бір Отанда тұрғанға!
Жазы бар жалынмен жандырған, Қысы бар аязға қардырған.
Көктемі - балауса, балдырған,
Ал күзі - алып бір ақ қырман,
Ақ дәннен ақ нөсер жаудырған
Күрең нан жаңа алған тандырдан.
Көлденең көлбеген көкжиек
Қыранның қанатын талдырған,
Қырына еріксіз қондырған.
2) Мұратбекова Айдана: Туған жердің тауы мен тасы да, бел-белестері мен биік-биік шың құздары да, өзен-көлдері мен кең байтақ даласы да – бәрі-бәрі сұлу, көрікті; бәрі жаныңды рахатқа бөлейді. Алыс кетсең, бәрі сені сағындырады, аңсатады; келсең, көрсең, жүрегіңе нұр себеді, жаныңды ләззатқа бөлейді. Мұқағали үшін де туған жер дәл осындай.
«Қарасаз» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Мен бақыттымын,
Бақытты жерде туылдым.
Айналайын Қарасаз,
Қасиетінен суыңның!.
Сенің әрбір бұлағың
Менің әрбір қан тамырым емес пе?
Қасиетті тұрағым,
Қасиетіңнен суыңның!
Көктемде. Үйрек ұшып, қаз қонып,
Қараушы едім тырналарға мәз болып.
Жыр уыстап туылмас ем, сірә, мен,
Жаралмасың өзің Қарасаз болып.
Қарасазым! Айтылмаған сезім ең,
Мен іздеген бақыттың сен өзі ме ең?
Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтам,
Кім құмартса өзікөрсін көзімен.
3) Мұқамбетқалиқызы Назерке: Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі мен өскен жері. Ақын өзінің өлеңдерінде еліне, жеріне, Отанына деген ыстық ықыласын, сүйіспеншілігін жырлайды. Сондай өлеңдерінің бірі біздің туған өлкеміз жайлы.
«Жездіде» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Жезқазған.
Жездінің бұл қатпарынан,
Еліме иен ырыс ақтарылған.
Осында жүр жастары, қарттары да,
Қанышынан үйреніп, хат таныған.
Хат таныған,
Басына бақ дарыған.
Жер асты – көгілдір тау, құлама жар,
Жер үсті – көк тіреген мұнаралар.
Көлбеп жатқан көк тасқа сына қағар,
Кеншілер - кереметтей ғұламалар.
Жеті қат жер астына енгенінде,
Ұқсамайды тозаққа, көрге мүлде.
Ғұлама кеншілерді көргенінде,
Көк тастың найза ойнатып өңменінде,
Кенші болғың келеді сен де бірге.
Астыңнан да, үстіңнен бұлақ аққан,
Қопарылыс естілді мына жақтан.
Жар құлап жазатайым кетпесін деп,
Жанталасып кеншілер сына қаққан.
...Қанышынан кешегі хат таныған,
Хал қалай деп сұрасаң қарттарынан,
Білмейді екен басқаны шаттанудан,
Аулақ емес, әрине, мақтанудан.
4) Сағынай Ақерке: 1962 жылы Мұқағали Алматыға көшіп келеді. Қалалық тұрмыстың қыр-сырын ұққан сайын Мұқағалидың ауылды сағынуы үдей түседі.
«Сағынып, аңсап барғанда» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
«Сағынып, аңсап барғанда»
Сағынып аңсап барғанда,
Сағына күткен жан бар ма?
Оттары қайда аулымның,
Ошақта сөніп қалған ба?!
Лақтай ырғып өскен ем,
Суатта, анау жарларда
Өскен ем, өмір кешкен ем,
Осынау ұлы тауларда,
Осынау ойлы орманда.
Самала мынау белдерге,
Сағынып, аңсап келгенде,
Сары ала шәйі жамылып,
Самауыр қойған жеңгем бе?
Сауығушы едім көргенде,
Күректей күрең сақалын,
Сұлтанбай атам өлген бе?
Астында ма анау жотаның?
Еліктей жортып өскен ем,
Еңіс пен қырат, дөңдерде,
Өскен ем, өмір кешкен ем,
Өнеге тұтып зердемде,
Осынау ұлы жерлерде...
Армандап, аңсап барғанда,
Алдымнан шыққан жан бар ма?
...Басымды ием тауларға,
Басымды ием орманға,
Бұлардан ыстық жан бар ма?..
• (Топ студенттері өлеңдерін оқып болған соң, өзге топтар өз көзқарастарын білдіріп отырады).
Оқытушы: Рахмет, балалар. Бар ынтамызбен өлеңдерді тыңдадық. Енді сіздер осы оқылған өлең төңірегінде өз пікірлеріңізді білдіріп отырыңыздар.
• Оқылған өлеңдер сіздерге қалай әсер етті?
• Сіздердің ойларыңызша кімнің орындауында өлең жақсы шықты?
(Тыңдап отырған топ студенттері оқылған өлеңдерге ой білдіріп, өзара бағалап отырады).
Оқытушының сөзі: Иә, әсіресе денсаулығы сыр бере бастаған кезде Мұқағалидың ауылға деген сағынышы мен арманы бұрынғыдан да арта түседі.
Еш нәрсенің керегі жоқ!
Керегі жоқ шаршадым!
Басымда ұйып тұрып алды әлемдегі бар сағым.
Өніп-өскен топырағыма апарыңдар, тастаңдар,
Тауларымды, Қарасуды, Қарасазды аңсадым.
Енді емделсем, туған жердің топырағымен емделем,
Ескек желмен ентігімді басқанымды жөн көрем,
Неге керек сән-салтанат, ию-қию той думан,
Таудың ерке тағысымын, тағысымын мен деген – дейді.
Бірақ Мұқағалидың бұл арманы орындалмады.
Биология ғылымында мынадай заң бар: мейлі ол өсімдік болсын, мейлі жәндік, аң, құс, мал, адам болсын – бәрібір, ол жастайынан өзі өскен жеріне, топырағына, суына, ауасына, шөбіне бейімделіп келеді. Бір сөзбен айтқанда ол – сол ортаның жемісі. Есейіп кеткеннен кейін ол басқа табиғи ортаға ауыстырылса, оның әрі қарай дамып, жетіліп кетуі екіталай.
Мұқағали трагедиясының бір жағы, мүмкін, осы болар?!
1.2. Кезекті келесі топқа береміз. Туғандарына арнап жазылған өлеңдеріне дайындалып келген топтың балаларын тыңдайық.
1) Туғанбай Абылай: 1942 жылы ақпан айында 29 жасында әкесі Сүлеймен майданға аттанады. Мұқағали әкесіне ілесіп Қызылбұлақ деген жерге дейін шешесі екеуі бірге барады.
«Әке аманаты» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Аттанарда алыс жолға,
Тапсырды әкем аманатын.
Серт етіп мен де алдым қолға,
Әкемнің берген «асыл затын».
Сұстандырған суық лебі,
Соғыс жылы, қыстың кезі.
Әкем сонда аймалап мені,
Аманат еткен мынау ед сөзі:
«Тыңда, балам, тыңда, күнім
Болуға жара қолғанат!
Кәрі анаң, сәби інің,
Барлығы саған аманат!
Мен де сенің он жасыңда,
Атадан жетім қалғанмын.
Аса ақылды болмасам да,
Аманатын алғанмын.
Санамда сіңіп сақталып,
Әкемнің сөзі өлмеген.
Болғанша қашан ақталып,
Тұратын бел боп көлденең.
Талпын өмір шыңына,
Жетіп те мүмкін қаларсың!
Анаңның ауыр мұңына
Сергіткіш себеп боларсың!
Сен жас буын, жаңа тал,
Гүлің де өсіп шашырар.
Сарылып оқып, білім ал,
Сөнгенше сәулең асырар».
Деп жан әкем аттанып
Кетті қайта айналмай.
Тек сол сөзі жатталып,
Жүрегімде қалғандай.
Оқытушының сөзі: Зұлмат соғыс тақсыреті мен қасіреті Мақатаевтар шаңырағын да шайқалтып кетті. Әкесі Сүлеймен Калининград маңайында болған сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза табады. Мұқағали соғысты буыны бекіп, бұғанасы қатқан ересек кезінде көрген жоқ, жыртық иін, жадау кейіп бала күйінде көрді. Өмір жолын ащы шындықтардың бетпе-бет шайқасында бастаған ол өлең жолдарын да тап сол ащы шындыққа құрады. Ал, жеңістен кейінгі жылдары жазылған өлеңдері тек қана соғыс жайлы өлеңдер емес, соғысты да жеңген адамдық, адамгершілік жайлы өлеңдер.
Ал, сол жеңістің бақытты ұрпақтары, мына біз, биыл қандай айтулы мерекелерді атап өттік.
2) Сапар Айдар: Мұқағали өз естеліктерінің бірінде былай дейді: «Өткенде түс көрдім. Шешем басында ақ жаулығы бар Абай атамыздың қасынан қуана басып маған қарай күліп келе жатыр. Ояна кетсем түсім екен. Анам бақытты болады екен деп ұзақ толғаныстан соң «Шеше, сен бақыттысың» деген өлең жолдары дүниеге келді».
«Шеше, сен бақыттысың» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Шеше,
Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын!
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.
(Тәңірім кеше көрсін кесірімді.)
Аспанға жазам сенің есіміңді!!!
Шеше!
Сен бақыттысың, тербете бер,
Құба талдаи иілген бесігіңді...
3) Дана Досжанова: Мұқағалидың сыныптасы Кенже Нұрмаханбетұлы: «Егер жоғалтпай тәптіштеп жинағанда Мұқағали мен Лашынның бір-біріне жазған хаттарының өзі бір кітапты қамтитын жинақ болар ма еді деп ойлаймын. Өзім көріп, өзім куә болған сол хаттардың көбі сақталмаған екен. Бір жолы Мұқағалидан сол туралы сұрағанда «Ол хаттар біздің ұрпағымыз болып өрбіді ғой» деп жадырай күліп жауап бергені бар».
«Күрсінбеші» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Тағдырыма тура келген серігім,
Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?!
Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың.
Басқалардың барлығынан жерідім.
Ауырлықтың көтердің-ау көбін сен,
Сенен келіп қуат алдым жеңілсем.
Сен - жер болдың, нөсер болып төгілсем.
Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем.
Мен - түн болсам, сен - таң болдың жаңа
Мені - қола, сені - шойын жаратқан.
Мен - ашу да, сен - ақылсың нәрі аққан.
Сен - Адамсың, мен аждаһа зәр атқан.
Білемін ғой, білмейді деп жүрсің бе?
Түсінемін кеудеңдегі дүрсілге.
Оңашада, жұрт көзінен жасырып,
Күрсінбеші, жалынамын, күрсінбе!
Әлі екеуміз аттанамыз сан жылға,
Күрсінбеші, қуаныш көп алдыңда.
Күрсінбеші, жүрегімді тыңдашы,
Талай-талай кереметтер бар мұнда!..
4) Анар Қапенова: Ақын өз балаларына арнап көптеген өлеңдер жазды. Екінші қызы – Майгүл 1951 жылы мамырда дүниеге келген, 1962 жылы Алматыға көшіп келгеннен кейін машина апатынан қайтыс болады. Бұл қаза ақынға қатты соққы болады. Майгүлге арналған өлеңдер циклі баршылық.
«Майгүліме» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Түсіме енді ап-арық қызым бүгін,
Қызым менің... Жұлынған қызыл гүлім.
Бақшамдағы балбырап пісіп тұрған
Үзіп кетті, апыр-ай, жүзімді кім?
...Түсімде қызым мені шақырады,
Өзеннің ар жағында отыр, әні...
Ғафу, балам, ғафу ет, бара алмаймын,
Мен деген жер бетінің «ақымағы»
Мен деген жер бетінің «ақымағы»,
Алдымда асқар асу жатыр әлі.
Сабыр, балам, қай жаққа қашар дейсің
Сені жапқан қара жер топырағы...
Дей көрме әзір маған жаныма кел,
Тағдырдың дегеніне бағына бер.
Түбінде бір жол бізді табыстырар,
Қайтейін, сағына бер, сағына бер...
• Менің ойымша, сіздер ақын өлеңін өзгеше бір оймен, өзгеше бір толғаныспен бере білдіңіздер. Ендеше, өзге топтардың пікірлерін білейік. Ал, сіздердің ойларыңыз қандай? (Өзге топтар өз ойларын ортаға салады).
1.3. Мұғалім:
О, махаббат!
Сен әлі тірі ме едің!?
Көзімнен ғайып болған күнім едің.
Гүлім едің
Елтіген түнім едің.
О, махаббат!
Сен әлі тірі ме едің? – деп жырлаған Мұқағали поэзиясын сөз еткенде біз оның махаббат лирикасына тоқталмай кете алмаймыз.
Олай болса, «Махаббат» тақырыбына жазылған өлеңдеріне дайындалып келген балаларды тыңдап көрейік.
1) Рақымжанова Ақбота: Ақын өлеңдерінде жанның нәзік пернесін басар сырлы сезім де, тереңге тартар шалқар ой да бар. Ал осы қарапайым мазмұнды әсерлі етіп тұрған – өлең сұлулығы.
«Алдынан терезеңнің жүріп өттім» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Алдынан терезеңнің жүріп өттім,
Сен мені байқадың ба, құдіреттім?
Тұрдың ба терезеңнің ар жағында?
Теңселіп, тұтқан пердең діріл етті.
Heгe өртенді?
Жүрегім неге өртенді?!
Нелер келіп, басыма нелер төнді...
Балконыңнан қол былғап, қарсы алушы ең,
Heгe менен жасырдың көлеңкеңді?
Қайран көктем,
Қайран гүл, қайран жазым!
Сарқылған ба, шынымен сайран-назың?
Айныдың ба, шайлығып шалқарыңнан?
Айдынымда қанатын жайған қазым.
Көзің қайда көшеден мені іздеген,
Сөзің қайда жанымыз егіз деген?
...Терезеңнің алдына келіп тұрмын,
Көгершіндей,
Қысты күн... жем іздеген...
2) Мүгір Оразбек: Махаббат лирикасы кіршіксіз, пәк жүректің сезімін, махаббатқа деген адалдық пен айнымастықты, тұрақтылықты поэзия биігінен паш етсе ғана жан-жүректі тебіремек.
Мен сені сағынғанда» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Мен сені сағынғанда,
Қарамай жауындарға, дауылдарга,
Қарсы қарап жүземін ағындарға,
Кеудемде қимылдаған жаным барда,
Мен сені сағынғанда,
Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.
Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап,
Тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық,
Ана-қыран, Алыстан келеді ұшып мұзбалағың.
Тәкаппар ең, өрлікке бола туған,
Жет тездеп,
Дауыл тұрғыз қанатыңнан.
Сен – мендік, мен – сендікпін, ана-қыран,
Қыранбыз, қырандардан жаратылған!
Сағыныштың сағымын жамылғанда,
Қарамай қара нөсер қағынғанға,
Саған ұшам,
Қалмайды сабыр жанда,
Мен сені сағынғанда, сағынғанда...
3) Әйгерім Баспақова: Иә, нәзік жанды ақын жүрегінің шынайы іңкәрлік сезімі махаббатқа ұласады.Өмірлік мақсаты, жырларының құдіреті жайында туындаған сауалдарға жауапты оның жүрек лүпілі мен сезім құдіретінен құйылған қанық бояулы жырларынан іздестіреміз.
«Махаббат моласы» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Аяқтап болып,
Махаббат дейтін сапарды,
Қозы мен Баян моласы, міне, атанды.
Қалауын қанша тапқаныменен, қара тас,
Қайырымсыз ата Қарабайдайын қатал-ды.
Басына бардым,қасында тұрмын солардың,
(Қозыдай маңырап,сүймеген, сірә, болармын...)
Егіз жүректі екіге бөліп мола тұр,
Тұмсығы үшкіл қанжарындай-ақ Қодардың.
Төрт жанардың да тауысып түгел көлдерін,
Төрт бұлақтарынан төге де жүріп селдерін.
Ескерткіш етіп, қос ана тастап кеткен бе?!
Аялап жатқан Аякөз сынды белбеуін.
Жол түсіп, ұрпақ, Таңсыққа барсаң тегінде,
Бір соқпай кетпе күмбезге сонау көрінген.
Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде, Бабаларының махаббаттары көмілген...
4) Мадияр Ақпаев: Адам өміріндегі әр құбылыстың бағалылығы оның тазалығында болса, махаббат сезімінің қуат күші оның кіршіксіз пәктігінде.
«Шәмілге жазған хаттардан» өлеңінен үзінді оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді...
Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең қайта қарып жүрсе мені?
Бір дертке ұшырадым бұл күнде мен,
Қоштастым сауығыммен, күлкімменен.
Жүрегім жерік болған жағдайы бар,
Бір бәле жатыр білем бүлкілдеген.
Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады...
Жанымды жаралады.
Шәміл-оу!
Білесің бе?
Шын махаббат
Осылай қарамаудан жаралады!
Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болсын кішірмесін.
Бастан ауып баратқан тал түсіме
Тағдырым көлеңкесін түсірмесін.
Ескермесін, білмесін,
Кете берсін.
Бұл фәниден алаңсыз өте берсін.
Дәрменсіз менің мылқау махаббатым,
Сірә да, өміріммен өтелерсің...
Оқытушының сөзі: Иә балалар, Мұқағали Мақатаевтың махаббат лирикасы тек бір кісінің сезімі емес, біздің замандастарымыздың сезім байлығын, ақ ниетін жарқырата ашқан жырлар. Ал енді қалай ойлайсыздар, махаббаттың пернесін дөп басып, сырын шерткен ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқуда кім әсерлі жеткізе білді?
(Тыңдап отырған топтар баға береді).
1.4. Оқытушының сөзі: Мұқағали – лирик ақын, адам жанының, табиғат жүрегінің жыршысы. Ол өзі өскен Алатауын, Қарасазын сөздің барлық құдіретіне бөлеп кетті. Табиғат – Мұқағали шығармашылығының жаны. Мұқағалидың күркіреп келген көктемін, жадырап келген жазын, күрең күзін, ақикөз ақпанын ешкімнің мезгіл-маусымымен шатастырмаймыз. Мұқағали өлеңдерінде табиғат біртүрлі ажарға, толықсыған түр-түске ие болып жайнап шыға келеді.
Олай болса, табиғат тақырыбына жазылған өлеңдеріне кезек берейік :
1) Ералинова Асыл: Өзінің табиғат лирикасында табиғаттың мәңгілік жастық шағы көктем туралы жазған өлеңдерінде көктемнің сұлулығы меныстық лебін, шуағын әдемі де әсерлі жырлай білген:
«Таудағы көктем» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Сай-саланы,
Аймалады,
Жоталардан жел есті.
Көк қарағай.
Көп баладай,
Күбір-күбір кеңесті.
Қасқа бұлақ,
Тастан құлап,
Бара жатыр шапқылап.
Шықылдаған,
Сыбырлаған,
Айқай жастар - саққұлақ.
Бір жүрекпен,
Дір-дір еткен,
Жасыл талдар - жас талдар.
Еміренген,
Тебіренген,
Ақбас Ата - асқарлар.
Күннен - бөркі,
Гүлден - көркі,
Тау - тамаша, тау - алып.
Қатпар басын,
Шатқал тасын,
Көрген сайын жаңалық.
Айналаңа,
Сайға қара,
Шыңға қара ақ маңдай.
Бала шағың,
Болашағың,
Көктеп келе жатқандай.
2) Ермек Ермек: Ақын даланың кескін келбетін айшықты сөзбен ғана суреттей бермей, қарлы даланың тыныс-тіршілігін де суреттейді. Шабыт тізгінін көсілте-көсілте жіберіп алатын ақынның пейзаждық лирикаға әбден төселіп, тебірене де толғанып жазатынына оның «Қар жауып тұр» өлеңі дәлел.
«Қар жауып тұр» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Апыр-ау, бір-ақ түнде қыс келген бе?!
Қар ғой мынау, бір түнде түскен жерге
Бір түнде мына аймақтың өңі өзгеріп,
Бір-ақ түнде керемет істелген бе?!
Жәйімен жапалақтап қар жауып тұр.
Үлгермей де қалдың-ау қамданып бір
Ыққа кеп қонақтаған көгершіндер,
Бұталарға қарайды таңданып құр.
Қар жауып тұр,
Жауып тұр, қар жауып тұр.
Заңды ғой, Заңды бәрі, талас бар ма,
Аққа оранған көшелер, ағаштар да.
Бар табиғат өзара жарасқан ба?
Ақ мамықтар ұшып жүр ақ аспанда.
Қала жатыр оранып ақ тұманға,
(Сірә, дала кіршіксіз, ақ бұдан да.)
Жығылған соң жалауы, жаз тығылды,
Қыс кіре алмас өмірі шахтыларға.
Қыт қытымыр.
Жайлы емес далаға онша.
(Малшыларға қиын-ау, дара қонса...)
Біледі өзі табиғат, қайтер едік,
Қыс ақ болмай, егерде қара болса?!
3) Қалибекова Бижан: Табиғаттың жүз түрлі құбылысын да жыр тілімен айтып беруге құштар, оған тіл бітіріп сөйлетуге, үн бітіріп, ән шырқатуға ынтызар, табиғатты қимыл-қозғалысқа толы қалпында суреттеуге деген шабыт серпінін үнемі іздеп, ұштап, қырлап отырар ақындар қатарында Мұқағали Мақатаевты ерекше атауға болады.
«Жалғыз терек» өлеңі оқылады, бейнебаянмен көркемделеді.
Жас терексің жапырақ жая алмаған,
Біз – жолаушы саяңда аялдаған.
Біз кетеміз, қаласың, тұлдыр терек,
Салқын боа алмады саяң жаман.
Саябола алмайсың мына бізге,
Неге ғана біткенсің құла дүзге?!
Тірі болсақ, соғармыз өскеніңде,
Біздің жақтан, әйтеуір, құлақ үзбе.
Біз кетеміз, бұл жерде сен қаласың,
Иемденіп қазақтың иен даласын.
Киелі ағаш мүмкін сен атанарсың,
Саялатып үш жүздің бел баласын.
...Жас терек,
Жалғыз терек жапандағы,
Жайқал, өс, киелі ағаш атан-дағы.
Ақтық байлар адамның есіне сал,
Жауынгерлер болған деп қатардағы.
Оқытушының сөзі: Қандай тамаша өлеңдер! Ал, балалар, осы оқылған өлеңдерді, мына көрсетіліп жатқан бейнебаяндарды тамашалай отырып, сіздер қандай әсерде болдыңыздар?
(Өзге топтардың пікілері тыңдалады).
• Міне, сіздер бүгінгі сабаққа өте жақсы дайындықпен келіпсіздер. Берілген тақырып бойынша топ болып келісе, бірлесе отырып, өлеңдер таңдау, оған мынадай әсерлі бейнебаяндар дайындау, көрме ұйымдастыру, шағын жоба жасау – қажырлы еңбектің, шығармашылық жұмыстың, тынбай ізденудің белгісі.
• Енді сабағымыздың негізгі бөлімін қорытындылай келе, көркем әдеби тілмен 7-8 сөйлемнен тұратын ойтолғау жазамыз. Әр топ өздері жырлаған тақырыптар бойынша жазады.
1.5. «Эссе» стратегиясы. Әр топ өздеріне берілген тақырыптың ішкі сырын терең түсініп, өз пікірін, өз ойын дұрыс жеткізіп, өмірмен байланыстыра отырып ой толғайды. (Ақырын музыка қойылып тұрады).
Тапсырма. Өздеріңіз дайындаған тақырыптарыңыз бойынша ой толғаңыздар.
Әдісі: жеке дара оқыту.
Ойтолғауды тексеру кезінде әр топтан бір-екі студентке қана сөз беріледі.
Әдісі: білімді термелеп тексеру.
ІІ. Сабағымызды келесі кезеңіне ауысайық.
«Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін» атты көрмеге қойылған материалдармен таныстыру.
Ойлы жас,
Өлең менің бар тынысым,
Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін – деп барлық мұрасын халқына арнаған ақын жайлы естеліктер.
Әдісі: әңгімелеу, баяндау.
2.1. Қапенова Анар:
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы.
Мыңдаған талантты сазгерлер ақынның мұңды, сырлы, сан қырлы жырларын жаттап, әуен-ән іздеп шарқ ұрды, шабыт шақырды. Оның оттай ыстық өлеңдері өз-өзінен әнге, толғауға, термеге сұранып тұр. Самалдай желпіп маңдайынан сипайтын, жанға ләззат құятын, көкірек көзіңді ашатын ән-әуез әрқашан да өмірге серік, жанға қуат, рухани азық.
Мұқағали Мақатаевтың көптеген шығармаларына белгілі композиторлар ән жазған. Бір ғана мысал келтірейін. Композитор Нұрғиса Тілендиев:
«... Мұқағали екеуіміз тура отыз күн бірге біздің үйде жұмыс істедік. Мен отыздан аса ән шығардым. Ал ол сол өлеңдердің бәріне мөлдіретіп тұрып өлең жазып шықты. Көптеген әндер сол отыз күн ішінде әрі жедел, әрі сәтті туған дүниелер еді. Ол аса еңбекқор әрі ерекше талантты ақын еді»,- деп еске алады.
Досжанова Дана: Естеліктер кітабындағы тағы да осы Нұрғиса Тілендиев ағамыздың мына бір айтқанын тыңдап көрейік.
Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп, екі айға жуық емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң жұмысқа киетін бешпетімнің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың жазуы: «Аға, мен ғой. Дертім қозып барады, не боларын білмеймін. Мынаған назар аударып көрерсіз». Емханада қатты ауырып жатқанда маған жіберген сол өлеңі «Есіңе мені алғайсың». Жаным күйзеліп отырып, ақын інім көз жұмғаннан кейін екінші айдың ауыр бір күнінде әлгі өлеңге ән жаздым.
• Жақсы, Дана. Олай болса, қазір осы өлеңнен үзінді тыңдайық.
(Үнтаспадан Мәдина Ералиеваның орындауындағы «Есіңе мені алғайсың» өлеңі ойнайды.)
2.2. Ақын мен композитордың шығармашылық бірлігі.
Осындай әндердің бірнешеуіне назар аударайық. (Слайд арқылы ақынның қолжазбаларын көрсету).
Туғанбай Абылай: Мына бір әннің мәтінін қараңыздаршы. Ақын оның атын «Құттықтаймын» деп жазған екен. Композитор ағасы мәтіннің тақырыбын «Құттықтаймын, мама, туған күніңмен!» деп өзгертіпті. Екі дарынның бірін-бірі толықтырғаны, бірін-бірі түсінгені сүйкімді еді. Осы әннің мәтініне байланысты айтылған ақынның бір пікірін оқып көрелікші. «Аға! Мынаны әртүрлі варианттарын жасап, осыған тоқтадым. Өзіңіз қарасыз. Біз бір туыстың үйіне кеткелі отырмыз. Күндіз үйде болмадым, айып етпеңіз, Мұқағали» дейді.
Сапар Айдар: Енді «Сөнбейді әже, шырағыңды» қарайық. Соңғы шумақты «Ұшып жүр жалғыз қыраның, Сөнген жоқ әже шырағың» деген тіркестерді Нұрағаң өз қолымен ерекшелеп көрсеткен секілді. Ал Мұқағали бұл өлеңнің аяғына былай деп жазып, ойын білдірген екен:
«Ассалаумағалейкум, аға!!!
Біраз уақыттан бері емханада жатырмын. Өзіңіз білесіз, әнге текст жазып көрмеген едім, шықпай ма дап қорқатынмын. Осы бір нәрсе ешкімнің тапсырмасынсыз ойыма өзі келді. Сізге ұсынуды жөн көрдім. Бір-ақ нәрсені есіңізге сала кетейін: Айтылған әрбір шумақтың қайырмасы – сол шумақтың негізіне қарай өзгеріп отырады. Осы жағын аңғарғайсыз. Көңіліңізден шықпаса, не дейін, ешқандай да өкпелемеймін. Әнге сөз жазудың қиын да жауапты екенін жақсы білемін ғой. Сізді құрметтеуші ініңіз Мұқағали. 12.ХІІ. 74 ж.».
2.3. Мұқағали Мақатаев жайлы лебіздер мен пікірлер: Мұқаметқалиқызы Назерке: Мұқағали Мақатаевты ақын еткен де, мәртебесін биіктеткен де, ақындық ғарышқа самғатқан да – осы қазақтың қара өлеңі. Ақын осы қара өлеңді бағалайды, бас иеді, тағзым жасайды. Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол замандастары мен кейінгі ұрпағының өзін өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын-ала сезді ме?
Енді Мұқағали ақын жайлы лебіздір мен пікірлерді тыңдап көрейік.
1) «Мұқағали поэзиясын сүймеген адам халқына адал, жеріне ие, табиғатқа жанашыр бола алмайды».
Күләш Ахметова
2) «Мұқағали Мақатаев – адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы».
Тұманбай Молдағалиев
3) «Мұқағали поэзиясы – таңғы шықтай мөлдір, сырлы, мұңлы поэзия».
Фариза Оңғарсынова
4) «Мұқағали поэзиясы талай жүрекке от берді, бозбаланың жыры, бойжеткеннің сыры болды».
Мұхтар Құл-Мұхаммед
Оқытушының сөзі (Бөлімді қорытындылау):
Рахмет, балалар. Өте құнды мағлұматтар алдық деп ойлаймын. Иә, бұл жазбалардан композитор мен ақынның шығармашылық бірлігін, шабытты тірлігін көреміз. Ол кезде бұл жазбалар қағазға түскен жай ғана жазулар болса, қазіргі кезде олардың бәрі тарихтың тарауларына айналды.
2.3. Бүгін біздің ортамызда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді сүйіп тыңдап қана қоймай, сызылта орындайтын да балалар отыр. Кезекті әнге берейік.
Арай Қатжанова «Жас қайың» әнін орындайды.
• Балалар, әнді тыңдай отырып, қандай күйге бөлендіңіздер? Сіздерге ән ұнады ма?
3. Оқытушының сөзі:
Иә, балалар, ақын ағамыз қысқа ғұмырында поэзия әлеміне өзінің жүректің қылын тербер өлеңдерімен қатар бірнеше поэмалар да әкелді. Мұқағали өз дәптерінде:
«Бүгін 1974 жылғы 27 қаңтарда бір отырғанда, үзіліссіз, бір де бір түзетусіз, таңертеңгі сағат 10-нан түнгі 12-ге дейін «Чили, шуағым менің» атты поэма жаздым. Менімен сайысып көріңдер, кәне?» - жазыпты. Бұл поэма 277 жол екен, 14 сағаттың ішінде ешқандай тоқтаусыз, өшірусіз үш жүзге жуық жол поэма жазу расында ғажаптың ғажабы емес пе?
Ал ақын поэмалары жайлы Тұманбай Молдағалиев: «Мұқағали поэмаларының ең асылы, ең биігі деп мен «Моцарт», «Жан азасы» мен «Аққулар ұйықтағанда» деген дүниесін атаймын. Бұлар – алтын ішіндегі меруерттей сәуле шашатын ұлы дүниелер» деген екен.
Мұқағали шығармашылығын бір сабаққа сыйғызу мүмкін емес, сол себепті ақынның поэмаларын біз сыныптан тыс сабақ барысында оқып, талдау жасаймыз.
Ү. САБАҚТЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАУ:
Рефлексия: Тақтада берілген ойды аяқтаңыздар.
Әдісі: сұрақ-жауап, ой тұжырымдау.
Мен түсіндім, …
Мен сезіндім …
Мен үйрендім …
Мені таңдандырды…
Мен болашақта……
Сабақ менің өмірім үшін …
Мұқағали өлеңдері арқылы мен ...
Мұқағали поэиясының өміршеңдігі ...
Оқытушының сөзі: Пікір білдіріп, ой бөліскендеріңізге рахмет, балалар. Сіздер техникалық мамандықта оқисыздар. Дей тұрсақ та кез келген мамандықты жасайтын – адам. Ал адам болған соң, әр адамның өз қызығушылықтары болады. Кей шақтарда көңілің құлазып, ештеңеге көңілің болмай тұрған кездерде ән тыңдап, өлең тыңдап көңіліңді серпілтіп алатының анық. Олай болса, мен бүгінгі сабақ сіздердің поэзияға деген қызығушылықтарыңыздың оянуына сәл де болса септігін тигізді деп ойлаймын.
Мекен-жайың?
Мекен-жайым – жер менің.
Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін! – деген Мұқағали ақын өзіне берілген аз уақыт ішінде қолына қағазы мен қаламын алып, өмірді жырлап өтті. Ақынның тамаша шығармашылығы оның ірі ақын – Мұқағали Мақатаев екенін пайымдатты. «Қалың елі – қазағының» өлшеусіз махаббатына бөленген, тамырын оқырман ойы мен санасына, халқының жүрегі мен жанына, елінің көкірегі мен жадына уақыт желі, заманалар дауылы шайқай ала алмас тереңге жіберген бақытты да армансыз ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.
Ал, құрметті қонақтар, біздің бүгінгі сабағымызға қатысып, бізбен бірге Мұқағалидың поэзия әлемін сіздер де шарлап қайттыңыздар. Рұқсат етсеңіздер, сіздермен бір қызықты тренинг өткізгім келіп тұр.
• Тренинг. «Кездескенше». Менің қолымда кішкентай ғана сиқырлы күн бар. Ол сіздерге жылу, қуаныш, табыс, бақыт, сүйіспеншілік сыйлайды. Мен бұл күнді бүгінгі сабағымыздың қонақтарына ұсынғым келіп отыр. Нұрына малынып, шуағына шомылып жүретін табиғат ананың ерекше сыйын бір-біріңізге ұсына отырып, осы сабақ туралы өз пікірлеріңізді білдіріп, тілектеріңізді жолдасаңыздар.
ҮІ.ҮЙ ТАПСЫРМАСЫ: «Еркін жазу» стратегиясы бойынша бүгінгі сабақтан алған мәліметтерімізді ой елегінен өткізе отырып, Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығы жайлы еркін тақырыпта шығарма жазамыз.
ҮІІ.БІЛІМДІ БАҒАЛАУ: Менің ойымша, бүгінгі сабақ барысында барлық студенттер ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы көптеген мағлұматтарды ортаға салып, өз ой-пікірлерін, білімдерін көрсете білді. Сіздер де әр орындалған тапсырмадан кейін бір-бірлеріңізге өз бағаларыңызды беріп отырдыңыздар. Сонымен қатар, мынадай бейнебаяндар, слайдтар, көрме материалдарын іздеп, тауып, оны дайындап, сабақ барысында ұтымды пайдалана білудің өзі – еңбек. Ал еткен еңбек бағалануы тиіс. Осының бәрін есепке ала отырып, егер сіздердің тараптарыңыздан қарсылық болмаса, мен бүгінгі сабаққа қатысқан барлық студенттерді «өте жақсы» деп бағалағым келіп отыр.
Олай болса, бүгігі сабағымызға қатысып, сіздердің білімдеріңізді байқап, өнерлеріңізді тамашалап отырған қонақтарымызға алғысымыды білдіріп, шығарып салайық.
(Студенттер қол шапалақтап, қонақтарды шығарып салады). Тәрбие.орг сайтынан Мен өмірді жырлау үшін келгенмін Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Акимжанова Гаухар Сауалхановна

Пікірлер: 0

avatar