Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
«Отан сүйер Ұлан бол!»
  • 21.01.2017
  • 125 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 21200

Тәрбие сағатының тақырыбы:«Отан сүйер Ұлан бол!»
Сабақтың мақсаты:
1.Туған елін, жерін шексіз сүюге ,Отанын ,тарихын қастерлеуге және оның алдындағы борышын ақтауға тәрбиелеу.
2. Қазақстандық елжандылыққа,азаматтыққа,ұлттық патриотизмге тәрбиелеу.
Көрнекілік: проектор , кітаптар, суреттер, нақыл сөздер, аудио жазба.
Ұйымдастыру кезеңі.
Амандасып, білімгерлердің көңіл-күйін, ауа- райын сұрап, сабаққа зейіндерін аудару.
Кіріспе сөз:
Оқушылардан қай жерде туып өскені туралы сұрап жеке –жеке жауап берулерін талап ету. (Оқушылар жауабы)

Шаттық шеңбері.
-Балалар бүгінгі көктемнің тамаша бір күні мен жұмысқа келе жатып , өзімнің туған жерімді,туған ауылымды есіме алдым. Онда тұратын ата-анам, туыс-бауырларым маған өте қымбат.
– Сендер өздеріңнің туған жерлерің,жанұяларың туралы не айта аласыздар?
-Туылған жерің өмір сүріп жатқан жерінен алыс болса, туылған жерін сағынады ма?
– Аңсайсың ба ? -деген сұрақтар қойылады.
– Туған жеріңді мақтан тұтасыңба?
– Туған жеріңнен қандай атақты адамдар шықты?
– Туған жерің несімен ерекшеленеді? (Табиғатымен, көлемімен,тарихымен,тұратын адамдарымен,батыр бабаларымен. т.б)
Ендеше, бәріміздің де Отанымыз,туған жеріміз -Қазақстан. Біз өз Отанымызды құрметтейміз. Барлығы да Отаннан патриоттық сезімге ұштасады.
Отан туралы астарлы әңгіме (Притча)
( Аудиожазба арқылы тыңдайды.)
Адам өзінің туған жері Отанында, өмір сүріп жатты.Адамның басқа керемет жерлерді көргісі келіп, жұмақ өмірді аңсап , байлықта, шаттықта өмір сүргісі келеді.Сөйтіп Адам жұмақ жерді іздеп жөнеледі.
Армандаған еліне, аңсаған жеріне келіп өмір сүре бастады.Ол жақта адам туған жерінен де, тамаша өмір сүре бастады.Ол жердің табиғаты да керемет, керемет зәулім үйлер, киген киімі патшалардыңкіндей, не ішем – не жеймін демей өмір сүріп кетті.
Бірақ бәрібір бақыт үшін оған ылғи бірнәрсе жетіспеді. Адамның жан дүниесі бір нәрсені аңсап, осы бір жұмақ өмірде өзіне не жетпей жатқанын түсінбеді.
Кейіпкеріміз не үшін ондай сезімде болып, көңіл-күйі құлазыды? (Оқушылардың жауабы)
Бірде айлы түні адам ұйықтай алмай, басына сан алуан ойлар келіп, сұрақтарға жауап таппай, жанына не керек болып жатқанын түсінбей делебесі шықты. Кенет ол қоңыраудың күмістей нәзік дауысын естиді. Құлақ салып тыңдайды.
«Ба! Иә мынау қоңырау ғой! Сол дауыс қой!» – деп адам қуанады.Тағы да осы дыбыстарға құлақ сала бастады.
«Туған жердей жер болмас! Туған елдей ел болмас!» – деп әлгі қоңырау сылдырлай түсті. Адам әлгі өлеңнің сөздеріне ойланып қалады да, туған жеріне деген сағыныш сезімінің артып, ата – бабалары жатқан туған елінің топырағын аңсай түсті .
Адам туған жерін аңсай бастады, бірақ мына зәулім үйлерді, шаттық өмірді де қиып кете алмады. Ал туған жерге деген сағыныш күн өткен сайын күшейе түсті.Зәулім үйлер өзінің туған жеріндегі үйінің жанында түк болмай қалғандай, киіп жүрген қымбат көйлектерінің өзінің туған жеріндегі көйлекке татымай, дастарқандағы молшылық, өзінің туған жеріндегі ыстық нанның дәміндей тәтті болмай қалғанын сезіне бастады.
Сол сәттен бастап адамға өзінің ата – бабалары жатқан, өзінің еккен тал – дарағы өскен жері, өзінің маңдай терімен соққан үй – жайы тұрған жеріне деген сағыныш сезімі маза бермеді. Адам бұл жұмақ жерді тастап өзінің туған жеріне жөнелді.
Адамның жан дүниесі шаттықтан жарқырап күн сәулесі жолын нұрландырып, туған жеріне деген сағыныш сезімінің жетегінде кете береді.Жүрегін қуаныш сезімі билеп туған жеріне жетеді.
- Туылған жеріне жеткенде кейіпкеріміз қандай сезімге бөленді, өз туған жерінің қадірін түсінді ме? (Оқушылардың жауабы)
Адамның бойын бақыт сезімі билеп, туған жеріңді, Отаныңды дүниедегі қандай да бір байлыққа ауыстыруға болмайтынын түсінеді.
Оқушыларға үй тапсырмасы ретінде «Отан» тақырыбында өлең шумақтарын жаттап келуге берілген. Оқушылар жаттаған өлең шумақтарын оқиды.


Отанды біз атамекен
Деп аялаймыз
Өйткені оны мекен еткен
Бабамыз бен атамыз
Отанды жас,кәріміз де
Туған жер деп сүйеміз
Өйткені онда бәрімізде
Туып өмір сүреміз
Отанды әркім анасындай
Қастерлейді бағалап
Өйткені Отан баласындай
Бізді өсірер, аялап
Отан деген- атамекен
Отан деген- туған жер
Отан-ана,Отан-үлкен
Қазақстан -туған жер

Енді Отанды сағынамыз, Отанды қастерлейміз, құрметтейміз. Жай сөзбен айта саламыз ба, әлде өзіміздің іс-әрекетімізбен Отанға деген патриоттық сезімімізді білдіреміз бе? Ол қандай іс-әрекеттер деп ойлайсыңдар ?(Оқушылар жауабы)
– әскерге барып Отан алдындағы борышын өтеу.
– туған жердің табиғатын қорғау
– адал еңбегіңмен еліңнің көркеюіне үлес қосу
– оқушылардың қазіргі міндеттері – білім алып, елінің болашағын жақсарту, дамыту үшін білім алу.
– еліміз үшін күрескен батыр бабаларымызды құрметтеу , олардың ерліктерін ұмытпай дәріптеу.
Еліміз үшін ерлік жасаған қандай тұлғаларды білесіңдер? (Оқушылардың жауабы)
Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Өтеген, Сұраншы, Райымбек, Малайсары, Олжабай, Жәнібек, Тілеуке, Саңырық, Сыпатай, Т.Бигелдинов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, И.В.Панфилов, Р.Қошқарбаев, М.Мәметова, Ә. Молдағұлова, Қ. Қайсенов
Отан үшін ерлік жасаған атамыз Б.Момышұлы туралы қандай деректерді білесіңдер? (Б.Момышұлы өмір жолы туралы оқушылардың жауабы)
Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Туған жері-Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені. Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатары шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады. 1941 ж. Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады.Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады.
Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.
Кітаптардың көрмесі ұйымдастырылып, таныстырылады.
«Офицер жазбалары», «Артымызда Москва», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Жонарқа», «Ұшқан ұя», «Соғыс психологиясы» « Қан мен жазылған кітап», «Солдат жолы» Б.Момышұлы қанатты сөздері әлі күнге дейін өз мағынасын жоғалтқан жоқ . Ұрпақ тәрбиесі үшін өте маңызды.
Б.Момышұлының қандай қанатты сөздерін білесіңдер? (Оқушылар жауабы)
Тәртіпсіз ел болмас, тәртіпке бағынған құл болмас
Ел болам десең бесігінді түзе.
Қой бастаған арыстан тобынан,арыстан бастаған қой тобы артық.
Талаптының тоқпағы тасқа шеге қағады.
Мұратыңа жеткенше дос пен дұшпанға сыр берме.
Иір бұтақты емен шынар болуға құмар болмайды.
Көп тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды.
Ақымақ кісіні мақтасаң, ақылынан айырылады. Ақылды кісіні мақтасаң – көп ойланады.
Ақыл да ойлағанды ұнатады. Ойланып-толғанған адамға ғана ақыл дұрыс жол көрсетеді.
Пышақтың жүзі өтпесе, сабы қанша жақсы болғанмен, түкке жарамайды. Алдымен жүзі өткір болуы керек.
Өзің білмейтін адамдардың сыртынан ғайбат сөйлеп,обалына қалма.
Үлкенді ізетте,кішіні күзетте.
Ерлік тәрбиеден туады.
Ерлік білекте емес,жүректе.
Тізе бүгіп тірі жүргенше, тік жүріп өлген артық.
Ежелден ел тілегі-ер тілегі,адал ұл ер боп туса -ел тілегі.
Ердің туы-намыс .
Жиырма жас –тарихи ерліктер жасайтын жас, осыған дайын болу керек.
Маған деген атақты, міндет етсең өзің ал.
Әділдікке бас ұрып, у берсең де маған бал.
«Патриотизм», «ерлік», « батылдық», «табандылық», «өжеттілік қайсарлық» сөздерін проекторге жазып, бұл сөздердің мағынасын қалай түсінетінін жазу (Оқушылар жауабы)
«Патриотизм» дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман – саулығының қоғамдық – мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну.
«Ерлік» дегеніміз – адамның ең ұлы сезімін, азаматтық парызын орындау үшін саналы түрде қауіп – қатерге бас тігу.
«Батылдық» дегеніміз – қимыл – әрекет есебін тәуекелдеумен үйлестіре алушылық.
«Табандылық» дегеніміз – батырлардың қалқаны
«Өжеттілік қайсарлық» дегеніміз– адамның мүмкін емес деген жағдайдың өзінде абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс.
Бұл соғыс кезіндегі ерлік жасаған батырлар, енді қазіргі бейбіт заманда Отан үшін ерлік жасаған заманымыздың қандай патриоттарын білесіңдер? (Оқушылар жауабы)
– 1986 жылы 16 – желтоқсан көтерілісіне қатысқан батырлар
– қазақ халқынан алғаш космосқа ұшқан Тоқтар Әубәкіров
– өзіміздің Тараз жерінің тумасы полиция капитаны Ғазиз Байтасов
Ғазиз Байтасовтың қандай ерлік жасады, қандай патриоттық іс-әрекет жасады? Ерлікке жатады ма жасаған әрекеті?( Оқушылар жауабы)
«Өмірде қашанда ерлікке орын бар». Бұл сөздер біздің жерлесіміз хақында. Бәлкім, Ғазиз өмірінің дәл 40 жасында аяқталарын ойламаған да болар… Ерлік жасау туралы барлығы армандайды, әсіресе балалар, алайда, оның қашан жасалатындығын ешкім де білмейді…
Азаматтардың бостандығы, бейбітшілік пен тыныштық үшін өз өмірлерін құрбан еткен көптеген полиция қызметкерлерінің есімдері ғасырлар бойына өшпестей болып ІІМ тарихына жазылған. Олар біздің жүрегімізде және ұрпақтар жадында мәңгі сақталмақ. Солардың ішінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов та бар. Ол 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында болған лаңкестік оқиғада ерлікпен қаза тапты. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен қызмет бабында қаза тапқан Ғазиз Байтасовқа Халық қаһарманы атағы берілді.
…Қашып бара жатқан терроршы Мақсат Қариевтің соңына жол полициясының арнайы көлігімен Жамбыл облыстық ІІД жол полициясы жеке батальоны 1-ші взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов түседі. Қылмыскер Қазыбек би көшесі бойындағы Орталық гастроном маңына тоқтай қалып, маңайындағының бәрін оңды-солды ата бастады. Ғазиз көлігін тоқтата сала, жүгіріп барып қарсы оқ жаудырады. Сол кезде ғана қылмыскер шегіне түскен. Сол сәтте взвод командирі оны аңди бастайды. Алайда, дайындалған қылмыскер айлакер әрі епті болып шықты. Джип көлігінің тұсына жасырынған қаскөй қызметтік автокөлікті айналып, Ғазиздің кеудесіне оқ атады…
Ғазиз қылмыскерде жарылғыш зат барын біліп, бейбіт халыққа залалы тиетіндігін іштей сезген еді. Барлығы қас-қағым сәтте болды. Полиция капитаны ауыр жарақатына қарамастан лаңкеске қарсы ұмтылып, кеудесін қолымен ұстап, оны жерге құлатты. Осы сәтте жарылыс үні естілді. Ғазиз Байтасов өз өмірін құрбан ету арқылы ондаған өмірді сақтап қалды.
Ғ.Байтасовты осындай ерлігімен біз еліміздің нағыз патриоты деп санауға болады ма? (Оқушылар жауабы)
Осындай партиот балалары тұрғанда еліміздің болашағы үшін ешқандай алаңдаушылық болмайды. Осындай партиот ұлдарының арқасында 22 жыл егемендік алған жылдары Қазақстан көптеген жетістіктерге жетіп отыр.
1991 жылы 16 желтоқсанда қазақ халқы азаттық жолындағы екі жарым ғасыр бойғы үздіксіз күрестен кейін мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді.
1991 жылы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық елдің тұңғыш Президентін сайлау өткізілді, сайлау нәтижесінде мемлекет басшысы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
1992 жыл 4 маусым — Парламент отырысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Туы, елтаңбасы және Гимні қабылданды.
1992 жыл наурыз — Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды.
1993 жыл 28 қаңтар — Егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды.
1994 жыл 6 шілде — Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезекті жалпы отырысында Президенттің астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсынысы мақұлданды.
1995 жыл 29 сәуір — Республикалық реферундумда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттік мерзімі 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартылды.
1995 жыл 30 тамыз — Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды.
1997 жыл 10 қазан — Президенттің жарлығымен мемлекеттің астанасы болып Ақмола жарияланды.
1997 жыл 11 қазан — Президент Н. Ә. Назарбаев республика халқына «Қазақстан — 2030» Жолдауын қабылдады.
1999 жыл 10 қаңтар — Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Президенті болып қайтадан сайланды.
2005 жыл 4 желтоқсан — Қазақстан Республикасының президенті сайлауында Н. Ә. Назарбаев Президент болып сайланды.
2007 жыл 4 маусым — Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды.
Елде бейбітшілік пен келісімге, тұрақтылық пен дамуға қол жеткізілді. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясы белгіленіп жүзеге асырылды
2010 жылыбіздің еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті.
Еліміз 2011 жылы тәуелсіздік тарихындағы тағы бір асуды алып отыр. Ол асу – Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етті.
Болашақта сендердің арқаларыңда осындай жетістіктерге әлі де жетеміз деп сеніммен айта аламын.
Тәрбие сағатымызды батыр бабамыз Б.Момышұлының «Отанды сүйер ұлан болыңдар! Өз Отаныңа – лайықты азамат болып өсіңдер!» деген даналық сөзімен аяқтаймыз.

«Бейнеу кешкі мектебі» КММ-нің информатика пәні мұғалімі
Анебаева Ирина Орпабековна Тәрбие.орг сайтынан «Отан сүйер Ұлан бол!» Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Анебаева Ирина Орпабековна

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Авторлық бағдарлама | Логин: Публикатор | Ілмек сөздер: бол!», сүйер, «Отан, Ұлан, Авторлық бағдарлама
Көрсетілім: 125 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar