ОТБАСЫ - РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ НЕГІЗГІ ИНСТИТУТЫ

  • Жүктеулер: 2
  • Көрсетілім: 123
  • Авторлық бағдарлама
  • 14/Дек/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23492


Материал тегін жариялап, сертификат алу

ОТБАСЫ - РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ НЕГІЗГІ ИНСТИТУТЫ

Көшербаева Қаракөз Рахманбердіқызы
№42 орта мектеп, Тараз қаласы

Қазақтанда саяси, әлеуметтік, медициалық тағы басқа салалармен қатар еліміздің келешегі саналатын жастардың тәрбиесіне де аса жоғары назар аударылуда. Жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесі қоғамдағы басты мәселелердің бірі болып табылады.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесіндегі жаңа реформалар мен білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес мектептегі оқыту мен тәрбиелеу процесінің маңызы түбегейлі өзгеріп, жаңа бағыт алуда, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мәселесі негізінде баланың пәндік білімдерін өмірде қолдана білу дағдысын қалыптастыру және рухани қасиеттермен қаруландыру арқылы жеке бас тұлғасын қалыптастыру басты мақсат болып табылады. Өскелең ұрпақты рухани бай, өз отбасы мен туған елін қадірлейтін, адамгершілік-тұлғалық қасиеттері қалыптасқан, дарынды, жоғары білімді, өз ойын еркін білдіріп, қабілетін мемлекет игілігі үшін дұрыс пайдалана білетін тұлға етіп тәрбиелеу - орта білім беру мекемелеріндегі оқу-тәрбие жұмысының басты бағыты.
Жас баланың тұлғасын қалыптастыруда 3 орта негізгі роль атқарады, олар: отбасы, мектеп, қоршаған орта. Қазақ халқының отбасында сақталған тәлімдік дәстүрлері мол. Отбасында халықтық рухани-интеллектуалды мұраларды, мәдени құндылықтарды жандандырып, рухани ұлттық сипаттағы мінезді қалыптастыру уақыт көшінде өз орнын жоғалтпауы шарт. Халықтың тұрмыстық өмірімен біте қайнасқан ұлттық құндылықтарды бала өмірінен алшақтатпай, қазіргі заман жаңалықтарынан жоғары ұстаған жөн. Отбасында бала тәрбиесіндегі кемшіліктердің алдын алудың алғышарты – отбасы тұтастығын сақтау, ата-ана мен бала арасындағы жағымды қарым-қатынасты орнату, ата-аналардың жалпы педагогикалық-психологиялық білімдерін көтеру.
Ел болашағы - жас ұрпақты тәрбиелеудің бірінші баспалдағы - отбасы, ата-ана тәрбиесі, екінші орында - білім беру мекемесі болып табылады. Баланың отбасындағы тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың бірі – отбасы ішілік және отбасынан тыс атқаратын еңбек. Отбасындағы күнделікті тұрмыс қажеттілігін қамтамасыз етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік қатынасқа түсіріп, оны ересек өмірге тәрбиелейді. Сондай еңбектің барысында баланың жауапкершілігі артып, іс-әрекетінің нәтижесіне қанағаттану сезімі мен іскерлік дағдылары қалыптасады.
Баланың әлеуметтену процесінде жанұя бірінші және негізгі әлеуметтік институт болып табылады. Жанұя ішіндегі қарым-қатынастар басқа қоғамдық қарым-қатынаспен салыстырғанда баланың рухани дамуындағы потенциалды қамтамасыз ететін ерекшеліктерге ие: 1) Баланың қарым-қатынасқа деген негізгі қажеттілігі жанұя мүшелерінің тікелей байланыстары арқылы қанағаттанып отырады (Е.А.Аркин, Л.И.Божович, М.Ю.Кистяковская, М.И.Лисина, А.А.Люблинская). 2) Жанұядағы қарым-қатынас некелік және туыстық қатынасқа негізделеді, жұбайлық және ата-аналық махаббатқа сүйенетін терең тұлғалық қатынастарды тудырады. Бұл ерекшеліктер балаларда жоғарғы адамгершілік қасиеттерді, жағымды өзіндік сезімді, дүниеге деген көзқарасты және өзіне деген сенімділікті қалыптастырады. Жақындық сенім және ынтымақтық атмосферадағы қарым-қатынас бала психикасына жақсы әсер етеді және баланың эмоциялық сезінулеріне дұрыс жол салады, сондай-ақ әлеуметтік сезінулердің алғашқы мектебі болып табылады (И.С.Кон, А.А.Люблинская, Т.А.Рипина, С.П.Тящина).
Отбасының өзара әрекеттестігінде баланың жеке адам аралық байланыста көрінуін Т.В.Нещерт өз зерттеулерінде көп қарастырған. Қазіргі кезде тұлғаны қалыптастыру мәселесі маңызды міндеттердің бірі болғандықтан аталмыш мәселені шешудегі басты рольді отбасы алады. Өйткені, мұнда тұлғаның рухани жандүниесінің негізі қаланады, адамгершілік және азаматтық өзіндік сана, сондай-ақ адамның өзін-өзі анықтауы қалыптасады. Сондықтан, отбасы әсерінің күшін басқа тәрбие институттарымен салыстыруға келмейді. Демек, отбасының бала тәрбиесіндегі алар орнын халқымыз “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген даналық оймен түйе білген.
Қазақ халқының ақыны А.Құнанбаев: "Әуелі балаңды өзің алдайсың: әне, оны берем, міне, мұны берем деп, баста балаңды алдағаныңа мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?" деп балаларына теріс тәрбие беретін ата-аналардың қателігін атап көрсетеді.
Оқушы тұлғасын әлеуметтендіру процесінде орта білім беретін мектептердің маңызы зор. Мектеп – оқушыларға сапалы білім берумен қатар, болашақ жастарды рухани-адамгершілік бағытта тәрбиелейтін басты құрылым. Тұлғаның белсенділігін арттырудағы өзіндік сана-сезімнің реттегіштік ролі тұлғаның өзін тәжірибелік және танымдық іс-әрекет субъектісі болуына ықпал етеді. Тұлға белсенділігін арттырудың 2 жолы бар: өзін-өзі тәрбиелеу, мемлекеттік ұйым, ұжымдық қолдау. Өзін-өзі тәрбиелеу сыртқы және ішкі (әдеп, мораль, жарыс, бәсекелестікке түсу, әлеуметтік орта мен отбасының үлгісі, үлкендер мен қоғамның талабы т.б.) мотивтен тұрады. Ұжымдық қолдау жағымды өмірлік қалаулар, талаптар, өмірлік ұстаным, материалдық қызығушылық таныту, маман иесі болуға талпыну т.б. арқылы іске асады.
Өзін-өзі белсендіретін тұлға – өз мүмкіндіктерін толық ашып, дамытуға ұмтылушылық қасиеті бар тұлға. Осындай тұлға болып жетілуде жеткіншектер мен жасөспірімдер шығармашылыққа, толыққанды қарым-қатынас ждасауға, өз ойын орындауға қабілетті бола отырып, ізгілікті тұлғалық бағдарлы тәрбие жүйесінде өзін қалыптастыра алады.
Тұлға өзінің теріс қылықтарын жойып, жағымды қасиеттерін жетілдіру жөніндегі саналы, мақсатты іс-әрекеті өзін-өзі тәрбиелеу болып табылады. әлеуметтік тәжірибенің аздығы мен психологиялық дайындықтың жоқтығынан жеткіншектер мен жасөспірімдер өз мотивтерін, себеп-салдарларын түсіне бермейді. Осы тұста балаға педагогикалық жетекшілік, үлкендердің қолдауы мен көмегі қажет. Сондықтан, тұлғалық қасиеттердің едәуір қалыптасқан кезеңінде жасөспірімдік шақта өзін-өзі тәрбиелеуді адамның моральдық қасиеттерінің негізгі түрі ретінде дамыту керек. Нәтижесінде жасөспірім өзінің іс-әрекеті, ақыл-ойын іштей бақылап, бағыттай отырып, жаман әдеттерден тыйылып, жағымды мінез-құлқын дамытып жетілдіруге мүмкіндік туады. Тұлға белсенділігін арттыруда өмірлік ұстанымның маңызы зор. Бұл тұлғаның дүниетанымдық, моральдық-психологиялық қасиеттері және оның қоғамға қарым-қатынасын білдіру арқылы көрінетін ішкі қағидасы болып табылады. өмірлік ұстаным негізінде жасөспірімдер өз әрекетін белсенді немесе баяу етіп көрсетеді. Белсенді тұлға айналасындағы шындықты өзгертуге үнемі ұмтылады, баяу тұлға қалыптасқан тәртіп пен салтты және норманы сақтаумен шектеледі.
Психологиялық қызмет жұмысында тұлғаның негізін құрайтын және оның дамудың кез-келген кезеңінде даралық және жас ерекшелік-психологиялық мүмкіндіктерін кемелдендіруге жағдай жасайтын іштей аман-саулылығының (үйлесімділіктің) динамикалық күйі - психологиялық саулығына ерекше мән беріледі.
Гуманистік психологияның аясында тәжірибе жүргізетін психологтар «психологиялық денсаулық» ұғымын осындай мағынада пайдаланды және оның критерийлерін (көрсеткіштерін) бөліп көрсетеді:
1. Адамның өзін, әлемдегі өмірін ұғынуы мен түсінуі;
2. «Өмірге енуінің» толыққандығы, осы шақты күйзелуі және онда тіршілік ету;
3. Нақты жағдайда және тұтастай өмірде ең жақсы таңдауларды жасауға қабілеттілік;
4. Кез келген жағдайда өзінің негізгі қызығушылықтары мен ең жақсы таңдауларын сезіну және ұстану күйі ретіндегі «өз-өзімен үйлесімді тіршілік етуі», еркін өмір сүру сезімі;
5. «Менің қолымнан келеді» деген дербес қабілеттілігін сезінуі;
6. Әлеуметтік қызығушылық немесе әлеуметтік сезім (А.Адлердің терминологиясында), яғни басқа адамдардың қызығушылықтарын, көзқарастарын, сезімдерін есепке алуы, айналадағы адамдарға деген тұрақты назарының болуы;
7. Өмірдегі тұрақтылық, табандылық, нақтылық күйі және психологиялық дені сау тұлғаның жоғарыда аталған сапалар мен күйлердің интегративті салдары ретінде оптимистік, көңілді күйде болуы.
Тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерінің қалыптасып, танымдық белсенділігінің артуы көптеген факторларға байланысты, солардың ең маңыздысы – мұғалімдердің педагогикалық шеберлігі. Педагогтың тұлғалық қасиеттері, базалық білімдері, іскерлік дағдылары оқушы тұлғасының қалыптасуына тікелей ықпал етеді.
Адамгершілік тәрбиесі - үзіліссіз процесс, ол адам дүниеге келгеннен бастап, өмір бойы жалғасын табады. Алғашында үлкендердің көмегімен әркімнің өз отбасында негізі қаланса, өсе келе өзін-өзі тәрбиелеуден, адамның рухани жандүниесінен нәр алады. Қорыта айтқанда, балалардың бойында рухани-адамгершілік тәрбие дағдыларының қалыптасуы көп қырлы, ұзақ мерзімді үрдіс болып табылады. Халқымыздың: "Тәрбие басы - тал бесік", "Анасын көріп қызын ал, табағын көріп, асын іш", "Бала - ата-ананың айнасы"- деген даналық сөздері ата-ананың борышы мен міндетінің ешуақытта өзгермейтін табиғи құбылыс екендігін көрсетеді. Тәрбие.орг сайтынан ОТБАСЫ - РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ НЕГІЗГІ ИНСТИТУТЫ Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Көшербаева Қаракөз Рахманбердіқызы

Пікірлер: 0

avatar