Отбасы – табиғаттың құдіретті сыйы

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 556
  • Авторлық бағдарлама
  • 31/Дек/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 20736


Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы,
С.Сейфуллин атындағы
№7мектеп-гимназиясының
кітапхана меңгерушісі Байжұманова Саягүл Тұяққызы

Отбасы – табиғаттың құдіретті сыйы

Мақсаты: оқушылардың отбасы туралы түсініктерін кеңейту,ата-ананың қадірін,қасиетін, өнегелі өмірін,үлкеннің ақыл-кеңесін тыңдауға,инабаттылыққа,мейірімділікке тәрбиелеу;бала тәрбиесінде ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіну. Жеті атасын білу.
1-жүргізуші:
«Әке- асқар тау,
Ана- етегіндегі бұлақ,
Бала-жағасындағы құрақ» -деп тегін айтылмаған болар. «Отбасы шағын мемлекет» демекші әр отбасының ауыз бірлігі мығым болу керек.
Отбасы – табиғаттың құдіретті сыйы.

2- жүргізуші: Бірлік,татулық,ынтымақтық жолда күресу әр отбасы мүшелерінің биік парызы Жеке адамның бойына барлық жақсы қасиеттерді сіңіру үшін отбасы – алғашқы қадам.Адамның бойына ізгілік нәрі отбасы ошақ қасынан дариды. Қазақ даналығы «Әке көрген оқ жонар,шеше көрген тон пішер»–деп жақсы отбасының тәрбиесін жоғары бағалаған.
Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтын бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептемейміз. Ата-ана – бала үшін ең бірінші үлгі-өнеге тұтар адамы,өзін көретін айнасы.

1- жүргізуші: Сұрақ-жауап кезеңі:

1.Балдан тәтті не? (бала)
2.Шаңырақ иесі кім? (кенже ұл)
3.Балаға кім сыншы? (ата-ана)
4.Ататек атаулары: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене.
5. Туыстық атаулар: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын
6. .Үш жұрт? ( Өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты)
7.Шешеңнің әкесі саған кім?
(Нағашы ата)
8. «Абысын тату болса, ас көп» деген сөз бар. Сондағы абысын кім?
(Ағайынды адамдардың әйелдері)
9. «Жеңге қойған астың ішінде желке жүреді» дегенде «жеңге» кім?
(Ағаның, жасы үлкен туыстардың әйелі)

10. «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» дегендегі «жиен» кім?
(Күйеуге шыққан қыздан туған бала)
11. «Төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бөле тату» деген сөздегі «бөле» кім?
(Бірге туған апалы-сіңлілі кісілердің балалары)
12. Қазақтарда үй иесінің атауы?
(Отағасы)
13. Баланың тәрбиесін қадағалайтын мейірімді жан?
(Ана)
14. Бір рудан немесе бір атадан тараған туыс.
(Әулет).
15. Әкеден балаға беріледі (мұра)

2-жүргізуші: Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады. Сол себепті де біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз.
«Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап сол ортаның ыстық-суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетеді. Отбасы мүшелерінің жауапкершілігін әр семья мүшесі сезіне білу керек. Балалардың үздіксіз дамуы, шығармашылық қабілетін іске асыруы отбасынан басталады. Әке-шеше балаларына жақсы тәрбие беруге қоғам алдында жауапкер.
1- жүргізуші:
Ата-ана балаға жеті атасын жете түсіндіруге міндетті.
Ағайын-туыстардың ішінде ауызбірлік болса,еш қиыншылық болмайды.Төртеу түгел болса төбедегі келеді,
Абысын тату болса,ас көп - деген қазақтың мақалдары тегін айтылмаған.
Туыстық атаулардың мағынасын айтыңыздар:
2-жүргізуші: Немере– туыстық атау. Ер адамның баласынан тараған ұл мен қыз. Ағайынды кісінің балалары туыстық жақындығы жағынан Немере аға, Немере іні, Немере қарындас, сол сияқты ағайынды кісінің қыздары да Немере апа, Немере сіңілі болып аталады.
Шөбере – туыстық атау. Атадан санағанда немереден өрбіген ұрпақ. Дәстүрлі қазақ қоғамында Шөбере немереден таралған ұл-қыздардан құралады.
Шөпшек – туыстық атау. Атадан тараған төртінші ұрпақ. Немере мен шөбереден туғандар туыстық жағынан қашықтай бастайды. Шөпшекті кейбір жерлерде туажат деп те атайды
Немене– туыстық атау. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жеті ата жүйесі бойынша таратылатын жетінші ұрпақ.
Жүрежат – алыс туысқандықты білдіретін атау, яғни туажаттан туған бала. Жүрежат – адамның өзінен санағанда жетінші буыннан қосылатын туысы. Қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрпы бойынша Жүрежаттың балалары бір-бірімен қыз алысып, құдандалы бола алады.
Туажат – дәстүрлі қазақ қоғамындағы туыстық атау, немененің баласы. Туажат адамның өзінен бастап санағанда алтыншы буын. Ол туыстық қатынас жағынан бір атаның баласы саналғанымен, одан кейінгі ұрпақтардың іргесі бөлініп, туыстық қарым-қатынасы алшақтай бастайды.
Жұрағат – алыс туыстықты білдіретін ұғым. Жеті атасынан туысқандар үлкені кішісін Жұрағат дейді. Әдетте, бір рудан тараған адамдар да бірін бірі Жұрағат дей береді.
Жекжат, жамағайын, жамағат — бір-біріне құдандалық, т.б. жақындығы бар адамдар. Жегжат атауы қандас туыстарға қатысты қолданылмайды. Жекжат — туыстығы жоқ, бірақ құданың құдасы, нағашының бөлесі, жиеннің балдызы сияқты туыстық қатысы бар адамдар арасындағы жақындықты білдіретін атау. Олар құда, нағашы, жиен сияқты туыстық, жақындық құқықтарды талап ете алмайды.
1-жүргізуші:
Отбасым - менің жүрегім
Отбасым - менің тірегім
Отбасым – менің Отаным
Тек сен деп соғар жүрегім - дегендей отбасы болашақ ұрпақ бойына адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықтарын сіңіретін тәрбие ошағы. Отбасының тірегі әлпештеген әке мен аялаған ана.
Ата - анаға, үлкенге қызмет етіп, әкенің еңбегін, ананың ақ сүтін өтеу – біздің борышымыз. Ата - ана - отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады.
Әке туралы айтсақ, әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы. Ана - отбасының ұйтқысы, жылуы, шуағы.

2- жүргізуші: Отбасы ,туыстық туралы қандай мақал-мәтел білесіздер?

1.Ұлың өссе-мұратың,
Қызың өссе-жұрағатың.
2.Қарағайға қарап тал өседі,
Отбасына қарап бала өседі.
3. Өз үйім өлең төсегім.
4. Үй ішінен жау шықса,
Тұра қашып құтылмассың.
5. «Сіз», «біз» - деген жылы сөз,
Ағайынға жарасар.
6.Інісі бардың тынысы бар,
Ағасы бардың жағасы бар.
7.Қазаны басқаның қайғысы басқа.
8.Ата – баланың қорғаны.

9.Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы.
10. Бала, баланың ісі шала.
11.Балам – балым,
Баланың баласы – жаным.
12.Қарға баласын аппағым дер,
Кірпі баласын жұмсағым дер.
13.Балалы үйдің ұрлығы жатпас.
14.Бала – ананың бауыр еті.
15. Балалы үй базар,
Баласыз үй қу мазар.
16. Бас екеу болмай,
Мал екеу болмас.

Қорытынды сөз, кітапханашы: Отбасымызға ,Отанымызға тыныштық,береке,
бірлік,амандық берсін! Ұрпағымыз өсіп-өніп,іргеміз берік болып,
шаңырағымыз кеңейе берсін!Ата-аналарыңыздың асқақ армандары орындалсын!
Бақытты жүздеріңнен күлкі нұры кетпесін! Тәрбие.орг сайтынан Отбасы – табиғаттың құдіретті сыйы Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Байжұманова Саягүл Тұяққызы

Пікірлер: 0

avatar