Рухани білім, рухани жетілу

  • Жүктеулер: 4
  • Көрсетілім: 110
  • Авторлық бағдарлама
  • 14/Дек/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23491


Материал тегін жариялап, сертификат алу

Рухани білім, рухани жетілу
Еліміздің білім беру жүйесіндегі реформа жас ұрпақтың жеке тұлға ретінде қалыптасуында маңызды мәселелерді шешудің түрлі жолдарын қарастыруды көздейді. Әр жас өркеннің адамзат болып қалыптасуын қамтамасыз ететін қоғамдағы негізгі де, жауапты сала, ол білім беру саласы.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе», - халқымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, халық қамын ойлайтын, ел үмітін ақтайтын, адамгершілігі мол азаматтарды тәрбиелеу ісін балабақша, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерден бастау керек. Рухани білім-рухани жетілудің алғышарты. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді дамыту – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті.
«Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы», - дейді дана халқымыз, бұл сөз тәрбиенің басты мәселе екенін көрсетеді.Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс тіршілігінен бойына сіңіреді. Білім ошақтарында балаларға рухани білім берудің бірден бір жолы – тәрбие сағаттары, көркем шығарма оқу, әр түрлі ізгілікті істермен танымал болған ел ағаларымен кездесулер өткізу. Аталған іс-шаралар баланың рухани дамуына, жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Соңғы жылдары қоғамдағы замандастарымыздың тым өзімшіл, менмен болып бара жатқанын байқауға болады. Адамдардың бір-біріне көмектесуі, рухани қолдау көрсетуі, жанашырлық білдіруі азайып барады, мұны біз күнделікті өмірдегі адамдар қарым-қатынасынан көріп жүрміз. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет - ұлтжанды, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл қағида бала тәрбиесімен тікелей айналысып отырған бала жанының бағбандары - ұстаздардың жадында мәңгі жүру керек, сондай – ақ іс жүзінде жүзеге асырылуы қажет. Рухани тәрбие беруде өзін-өзі тану пәнінің рөлі ерекше. Өзін - өзі тану пәні рухани білім алудың маңыздылығын арттыра отырып, жеке тұлғаның риясыз сүю, өзіне және өз күшіне сену, жақсылық жасауға, көп білуге ұмтылуға деген ішкі дайындықтарын арттырады және өзін - өзі жетілдіру, дене, психологиялық, рухани, әлеуметтік және шығармашылық дамуда үйлесімділікке қол жеткізу қабілетін ашады және дамытады.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа жолдауында «Біз әрбір адамның ар - намысын, жағымды қасиеттері мен беделін, жоғары адамгершілік, этикалық стандарттары және рухани құндылықтарын бағалайтын қоғам құруымыз керек»-деп атап көрсетті.
Осы талаппен «Өзін - өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының, өскелең ұрпаққа адамгершілік - рухани білім беру және тәрбиелеу басымдылығының мәнін күшейтуге бағытталған, жалпы мақсаттары ұштасады.

1997 жылы 5 қарашада Сара Алпысқызының бастамасымен ашылған «Бөбек» ұлттық-ғылыми практикалық білім беру сауықтыру орталығы бүгінде 20 жасқа толып отыр. Біз «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешенінің ұжымы, Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінен келетін әрбір балаға аз уақытта жалпыадамзаттық құндылықтарды бойларына сіңіре отырып, рухани тәлім-тәрбие беруге бар күшімізді саламыз. Біздің орталыққа келген кішкентай азаматтарымыздың Сара Алпысқызының жылулығы мен сүйіспеншілігін сезініп, жүректерінен жақсылық жасауға деген жол ашылса екен деп тілейміз.
Қорыта айтқанда, «Өзін-өзі тану» бағдарламасының мазмұнына сай жүргізілген алуан түрлі іс-әрекеттер баланың рухани-адамгершілік тұрғыда дамуының негізін қалауға және өмірлік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. «Өзін-өзі тану» бұл тек баланың өзін ғана танып-білуімен ғана шектеліп қоймайды, оның мазмұны тереңде. Сол себепті де «Өзін-өзі тану» курсының бүгінгі таңда қоғамның жалпы ізгілендіруінде маңыздылығы өте зор. Рухани-адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-дарынының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына қызмет етеді. Міне, осындай үйлесімділік болған жағдайда бүгінгісін ғана емес, болашағын сәулелі күйде елестетіп, алға ұмтылатын, арманшыл, қиялы асқақ, рухы биік азамат тәрбиелеуге болады. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығының жоғары екендігін «Бәрі де сүйіспеншіліктен басталады», «Мейірімділік пен достық әлемі», «Жақсылықпен жаным дос» тағы басқа тақырыптарды талдағанда жақсы пікірлер айтып, шынайы көзқарастар білдіретіндіктерінен байқауға болады. Рухани білім мен рухани тәрбие беру тек «Өзін-өзі тану» пәнінде ғана емес, барлық пәндер барысында үздіксіз жүргізіліп жататын болса, болашақта ел тұтқасын ұстатайтын азаматтардың рухы биік, кемел азаматтар болатынына сеніміміз мол.
Абишева Сауле Қайратқызы
«Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық,
білім беру және сауықтыру орталығы,
«Өзін-өзі тану»оқу-сауықтыру
кешенінің тәрбиешісі
Алматы қаласы
Тәрбие.орг сайтынан Рухани білім, рухани жетілу Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Абишева Сауле Қайратқызы

Пікірлер: 0

avatar