Үштілділік - заман талабы

  • Жүктеулер: 1
  • Көрсетілім: 27
  • Авторлық бағдарлама
  • 30/Ноя/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23408


Бірнеше тілді меңгеру - заман талабы, көп тілді білудің өзі маманның кәсіби шыңдалуына үлкен жол ашады, бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші болып табылады.
А.Байтұрсынұлы ''Ғылыми және практикалық білімнің жиынтығын бойына сіңірген халық қана айбарлы да бай болады'' деп санаған. Алаш ардақтылары Қазақ АССР-нің Қазақ-Қырғыз Білім Комиссиясында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, халқын мәдениетке тартуда жан аямастан қызмет етті. Білім комиссиясы жұмысына Мағжан Жұмабайұлы,Сұлтанбек Қожанұлы,Мұхамеджан Тынышбайұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Санжар Асфендиярұлы, Халел Досмұхамедұлы т.б қазақтың зиялы қауым өкілдері қатысты. Алаш қайраткерлері көтерген тіл мәселесі бүгінгі ХХI ғасырдың да өзекжарды мәселесі болып отыр. Яғни ел тұтқасын ұстаған ел ағаларының үміт-арманын қазіргі заманда ұмыт қалдырмай бір мүддені көксейтіндіктерінің куәсіміз. Осы үрдістің өзі ұрпақтар жалғастығы, сондай-ақ арман мен үміттің тоғысқан бірлігінің бірден-бір дәлелі деп нық айта аламыз.
Елбасының да “Тілдердің үштұғырлығы”, “Болашаққа бағдар- рухани жаңғыру” атты бағдарламалары да ел болашағын баянды етуден туған, алысты көздеген мақсат деп айтар едік. Осы жобаларды түсіндіру мен іске асыруда түрлі жаңсақтықтарға жол беріп жатамыз. Керісінше, бұл әр тілді өзіне лайықты орнымен қажетіне қарай лайықты пайдалану деген сөз. Мұнда мемлекеттік тілдің орны тіптен бөлек. Оған ешкімнің де таласы жоқ.
Қазақстан деген елді бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі -мемлекеттік тіл, ағылшын тілі -жаһандық экономиканы түсіну тілі, орыс тілі- ұлтаралық қатынас тілі. Дәлірек айтқанда, тілдердің үштұғырлығы идеясын мынадай әрі қарапайым, әрі түсінікті жолмен көрсетуге болады. Мемлекеттік тілді дамытамыз, ағылшын тілін үйренеміз, орыс тілін қолдаймыз.
Елбасының дәстүрлі жолдауларынан кейін тіл саясаты мен бәсекеге қабілетті ел болу мақсатында бірсыпыра тың өзгерістер орын алуда. Бүкіл Қазақстанның оқу орындарында жаңа бағдарламалармен жұмыс істеу үрдістері басталып та кетті. Бұл бағдарламалардың басты мақсаты- болашақ ұрпақтың өз ойын бүкпесіз айта алатын, қайсар да намысты алғыр ұрпақ тәрбиелеуде алатын орны орасан. Десек те, осы уақытқа дейін мемлекеттік тіл мәртебесі қазақ тіліне берілгенімен, орыс тілі тең дәрежеде қолданылып келді. Жай ғана мысал десек, мемлекеттік мекемелерде, жергілікті өзін - өзі басқару органдарындағы іс қағаздары орыс тілінде жүргізілді. Орыс тілі мемлекеттік тілмен салыстырғанда басым қолданыста жүріп келді. Осыған орай мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейту мемлекеттік тілдің қызметін арттыру үшін түрлі бағдарламалар мен жобалар қабылдана бастады. Солардың бірі осы - “Тілдердің үштұғырлығы” мемлекеттік бағдарламасы. Бастауын елбасымыз Н. Ә. Назарбаев салып берген бұл бағдарламада қазақ тіліне деген ерекше басымдық берілді. 2011 жылдан бастап мықтап қолға алынған жобаның қазіргі уақта оң нәтиже бергеніне көзіміз жетіп отыр. Қазір қай мекеме, қай мемлекеттік органға барсаңыз да қазақ тілінде жазып, қазақ тілінде жауап беріп жатқан мемлекеттік қызметкерлерді көргенде еріксіз қуанасың. Осы уақытқа дейін тоқсан пайыз орыс тілінде жүргізіліп келе жатқан іс- қағаздарының мемлекеттік тілге ауыса бастағаны - осының айқын айғағы. Әрине, орыс тілін білу- тарихи артықшылығымыз. Орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен орталарын кеңейтіп отыр.
Ағылшын тілін меңгеру – жастарға әлемді танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарымызға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі.
Қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Еліміздің тәуелсіздігінің нышаны. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде, яғни қазақ тілі бұл болашағымыздың тілі. Елбасымыздың сындарлы саясатының астары өте тереңде. Біз әлемдік аренаға шығу үшін ағылшын тілін жетік меңгерген мәңгілік елге айналуымыз керек. Өз тіліміз бірлік үшін, өзге тілдер тірлік үшін қажет екенін естен шығармайық. Әуелі өз ана тілімізді құрметтеп, оны ардақтап, аялап үйренейік те, өзге тілді үйренуге барынша құлшыныс жасайық.
Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды.Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып,өркениеттен қалыс қалмауы үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі бірнеше тілде сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. Қиындық туғызатыны - аталған үш тілді меңгерген мамандардың некен саяқ, саусақпен санарлық екені. Қазақ, орыс, ағылшын қатысқан үштілділік сөйлермендерді дайындау - кезек күттірмейтін мәселе.
Елбасы “ Қазақстан 2050” стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауында біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек” - деген болатын. Демек, ағылшын тілін білмей заман талабына лайықты, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға қол жеткізе алмаймыз. Іргелес елдерден анағұрлым ілгері тұрған Қазақстан қазіргі жетістіктерімен шектеліп қалмау үшін де көптілділікке ұмтылуда. Өйткені еліміздің біліктілігі мен сауаттылық деңгейін әлемге танытып, алпауыт мемлекеттермен тереземізді теңестіру мүмкіндігіне жетелейтін қадамдардың маңыздысы- көптілділік.
Ш. Т. Жанысбекова, Қаз ҰПУ,
Шетелдік азаматтарға арналған және
ЖОО дейінгі дайындық факультетінің
қазақ тілі пәні оқытушысы Тәрбие.орг сайтынан Үштілділік - заман талабы Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Ш. Т. Жанысбекова

Пікірлер: 0

avatar