«Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік»

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 31
  • Авторлық бағдарлама
  • 01/Ноя/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23254


Тақырыбы: «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік»

Мақсаты: Оқушыларды ұстаздарды, олардың тәрбиесі мен еңбегін дәріптеуге, ұстазды құрметтеу мен сыйлауға тәрбиелеу. Білім мен біліктілік ұстаз еңбегінен бастау алатынын оқушы санасына жеткізу.

Көрнекіліктер: Қанатты сөздер, гүлдер, шарлар, бүктеме, суреттер.

Мұғалім: - Қайырлы күн, құрметті қонақтар, ата - аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі ұстаздар мерекесі қарсаңында 6 сыныпта өткелі отырған «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! Ұстаздық өте жауапты мамандық екені баршамызға белгілі. Ол – мектептің де, қоғамның да, ғылымның да, білімнің де, ұлттың да, адамгершілік пен ерліктің де, жақсы мінез бен ақындықтың да нағыз жанды өкілі. Ол – әрі ғалым, әрі шешен, әрі көшбасшы. Ұстаз – мейірім, махаббат, сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдерінің көрігі. Ұстаз – білім беру сапасын арттыру саясатын тікелей жүзеге асырушы. 6 қазан мектептің айнасы, бәйтерегі, ұстаздар қауымының төл мерекесі. Олай болса, бүгінгі күн ұстаздарға арналмақ.

Айсана:
Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.

Үзілхан:
Ұстаз - ұлағатты есім. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей жарық береді.
Ақырын жүріп анық бас.
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деп Абай атамыз айтқандай, шәкірттерінің өзінен озғанын қалаған ұстаздар қауымы...

БІРГЕ: Мерекелеріңіз құтты болсын!

Айсана: Ұстаз туралы қанша мақтау сөз айтсақ та тауыса алмаспыз. «Ұстаз – ұлы есім» демекші,
қымбатты ұстаздар, шәкірттеріңіздің өздеріңізге арналған өлең - шумақтарына кезек берейік.
Әдеби – монтаж.

1-оқушы: Үзілхан
Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,
Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.
Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,
Ол өзіңнің орындалған арманың.

2-оқушы: Айсана
Ұстаздарым – мектебімнің тірегі,
Ертелі – кеш тыным таппай жүреді.
Шәкіртінің ертеңіне алаңдап,
Білімімен тәрбиелеу – тілегі.
Таныстырып жақсымен де, жаманмен,
Дүние сырын үйрететін амалмен.
Ұстаздардың еңбегінің шегі жоқ,
Өмірі өткен бала деген – адаммен

3-оқушы: Ерқанат
Ұстаз – менің бағдаршамым, тірегім,
Бірақ мен де қателесем білемін.
Бір ағаттық жасай қалсам байқамай,
Күні бойы ауырады жүрегім.
Кінәлімін, соным үшін мен деген,
Қолдан келер қиындықты жеңбеген.
Балалығым, аңғалдығым үшін де,
Кешір, ұстаз, ұяламын, сенделем.

4-оқушы: Әсем
Жалын атып, от боп, бірге жанасың,
Білім беріп, содан бақыт табасың
Бар өмірің өрнектеліп баламен,
Жасарып бір мәңгі жас боп қаласың
Мұғалімді анамдай жақсы көрем,
Қиналамын қымбат теңеу таба алмай
Өз баласын тастап кетіп үйіне,
Ел баласын оқытады, ой Алла-ай.

5-оқушы: Алуа
Мұғалімді жақсы көрем сезімтал,
Үлгі етемін өнегелі сөзін бал
Мұғалімнің мұғалімін танимын,
Көкіректе көретұғын көзім бар.
Мұғалім-ұстазысың балалардың,
Болашақ ғалымдардың, даналардың
Өмірде сенің алар орыныңды
Бәрі де жеткізе алмас бағалардың

Үзілхан:
Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,
Көңілді күндер тусын алдан әлі
Ән-шашу әсем әуен, түрлі өнер,
Бүгінгі күн сіздерге арналады.
Ұстаз туралы ән сіздерге арналады, аяулы ұстаздар, қабыл алыңыздар!
Хор: «Ұстазым» әні

Мұғалім: Көрініс. «Кітаптар мұңы» тамашалаңыздар.

Айсана: /Мектептің отын қоймасы. Бір құшақ кітапты әкеліп тастай салды. Есік жақтағы бір кітап басын көтеріп қарап қояды/.

Қазақ әдебиеті: (Ерқанат)
-Ей, /жанындағысын түртіп/ тұрсаңшы, қайда келдік?

Дүние жүзі тарихы: (Алуа)
-Ойбай, басым! Мазамды алмашы, бүйткен тіршілігі құрысын! Мұнан да парақтарымның пәре-пәресін шығарып, желмен ұшырып жібергені жақсы еді.
Қазақ әдебиеті: (Ерқанат)
-Не болды? Жалғыз сенің басыңа келген қасірет қой дейсің бе? Көтер басыңды. Кімсің өзің? Сыртың бүп-бүтін ғой.
Дүние жүзі тарихы: (Алуа)
-Сыртымды қайтесің? Сыртым бүтін болғанмен, ішім түтін. Мен үшін авторлар түн ұйқысын төрт бөліп қанша қызмет етті. Әуелі көтеріп жүруге ауырсынды ма, кейде өзіне керекті бір беттерімді жыртып алатынды шығарды. Оқу жылы аяқталған күні мектеп ауласында доп қылып тепкілеп тастап кетті.
Математика: (Әсем)
-Дұрыс айтасыңдар! Менің оқушым үйінде парақтарымды жыртып алып, кептер жасап ұшырып ойнағанда, 10-сыныпта оқитын ағасы қой демеді-ау!
Қазақ әдебиеті: (Ерқанат)
-Енді бізді не істер екен? Әлде отқа тамыздық етер ме екен?
(Бәрі селк ете түсті. Бір сәтке үндері шықпай, іштен тынды.)
Математика: (Әсем) - Қой, мүмкін бір кәдеге жаратар. Қайтадан түптер.
Бәрі:
-Иә, иә, соны айтсаңшы. Ылайым солай болсын. Бізді аялап ұстаса ғой.
/Бәрі үміттеніп кетеді/.

Үзілхан: - Иә, балалар, кітаптардың мұңы, шынында да адам аярлықтай екен. Олай болса, кітапты күтіп ұстау – бәріміздің міндетіміз. Кітап біздің ақыл-ойымызды өсіреді, ғылым мен техниканың жаңалықтарымен таныстырады, өмірде не болып жатқанынан хабардар етеді. Білім бастауы болған кітапты ұқыпты ұстау, оны жан досыңдай қадірлеуге әрқайсысың міндеттісіңдер. Кітап адамға қандай кезде де ақылшы, дос бола алады.

Айсана: Мерекемізді жалғастырайық. Ендігі кезекті әзіл – қалжың отауына берсек.

Мұғалім: Әзіл – қалжың отауы. ҰСТАЗДАР ӨМІРІНЕН назар аударыңыздар.

- Мұғалімдер кім болуды армандайды? Мұғалімдер әсте әртіс, жазушы, сот, бастық, сылақшы, майлаушы болуды армандамайды. Өйткені:

1) Үзілхан — Әр мұғалімнің жұмыс бөлмесі, отыратын жұмыс үстелі, қарамағында 3-4 оқушысы бар, кішігірім бастық емес пе? Ашса алақанында, жұмса жұдырығында, – дегендей ұрыс, төбелес жөніндегі бала мен ата-ана дауын да бір өзі шешіп отырады.
2) Айсана - Әр мұғалім өз сабағының шебері, яғни режиссері, көбінесе басты рөлде де өзі ойнайды. Әртіс демей көр, кәне. Көпшілік көрініске де өзі қатысады.
3) Ерқанат - Бір тыным жоқ. Кабинет тазалығы да өз мойнында. Демек, майлаушы да өзі, сылаушы да өзі. Безендіруші де өзі.
4) Әсем - Жазушыларға келер болсақ, тіпті кейбір жазушыларыңыз да, мұғалім құсап күнде жазуға отырмас, яғни жазушы да өзі.
5) Алуа - Соңғы кезде бухгалтер мен кассир де өздері.

Мұғалім: Ұстаздарымыз сан алуан қосымша мамандықтарды меңгеруде. Ендеше қай мекемеге қандай мамандық иесі өте зәру болса, 2-3 айлық жазғы демалыс кезінде біздің ұстаздарды жұмысқа шақыруларыңызға болады.


Айсана:
Жақсы жандар жанымызда әрқашан
Ұлағатты сөзін биік ұстаған
Ардақты ұстаз асыл анаң секілді
Тәрбиелейді балапандай жасыңнан

Үзілхан:
Ұстаз мейірі - Ана мейірімі пара-пар,
Тұла бойға қуат болып таралар
Көп жасаңдар бұл өмірде шуақ боп,
Айналайын білім берген ұстаздар
Хор: «Ұстаз ана» әні

Мұғалім: Ұстаз сөзінің формуласы. - Балалар, ұстаз сөзінің формуласы қандай?
(сол сәтте бес оқушы шығып ұстаз сөзінің формуласын көрсетіп айтады)
Ұ – ұлағатты Үзілхан
С – салмақты Айсана
Т – тапқыр Ерқанат
А – ардақты Әсем
З - замандастай зиялы Алуа
Бәрі бірге:
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып?
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиетіне бас иейік мәңгілік!

Мұғалім: Ұстазға тарту. - Қымбатты Ұстаздар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, бүгінгі күннен естелік ретінде 6- класс оқушыларының дайындаған шағын сыйлығын қабыл алыңыздар! /Ұстаздарға арнау өлең оқып, гүл шоқтарын береді/

1.Тарих мамандығы - мектебімнің басшысы,
Сауаттылық, іскерлікке талап қояды ол кісі.
Берқайыр ағай өзіңіздей болса егер,
Шәкірттердің алға басар бар ісі!

2. Білім басы басталар бастауыштан,
Әліппені оқытып, әріптерді танытқан.
Зәуре апай
Құрметтейміз бас иіп, біз әрқашан!

3. Бізбен бірге мұңайып, бізбен бірге қуанған,
Тарих - география маманы
Ақсырға апай жаны жайсаң ізгі жан.
Біз тілейміз әрқашанда сізге
Алдыңыздан күліп атсын, аппақ таң!

4. Айгүл апай – мектепте орны бөлек,
Сүйеді шәкірттеріңіз сізді ерек.
Тамыры тереңге тартқан нәрлі ағаштай,
Әрқашан аман болып жүрсін дер ек.

5. Тәрбие мен білім егіз қашанда,
Мықты тірек керек әрбір ұжымға.
Шәкірттерің мектеп атын шығарар,
Анаргүл апай ортамызда сіз барда.
6. Оқушының сүйікті бір пәні бар
Сурет, еңбек, өзін - өзі тану бар
Гүлхан апай
Шәкірттердің сіздерге айтар әні бар

7. Интернеттен ақпаратты қарайды,
Асылан ағай өз пәнінің маманы
Еңбегіңіз жана берсін әрқашан,
Сусындатып біліміңмен талайды

8. Әр сөзі мейіріммен басталатын,
Қатайтқан шәкіртінің жас қанатын.
Білімнің нәрін сепкен Айзада апайдың,
Қалайша атамасқа асқақ атын?!

9. Қазақ тілдің қасиетін үйреткен,
Сөз сөйлетіп, жыр жаттатып, мәнермен.
Шынар апай
Құттықтаймыз ұстаздар күніменен!

10. Ізденімпаз мұғалім - Ардақ апай,
Шәкірттері қалған емес жүлде алмай.
Ұстаздардың бәрі болса тек сіздей,
Жетістіктер біз алатын бар талай!

11. Құқымызды үйретіп, заңды бізге жаттатқан.
Жанат апай әр кез тыным таппаған
Апайымызға жемісті еңбек тілейміз,
Шәкірттеріңіздің атынан.

12. Өміріме қажетті орыс тілі,
Көп тіл білу - артық емес бұл күні.
Альмира апай әрқашан еңбектеніп,
Қиын тілдің үйретті қыр мен сырын.

13. Шынықтырып денені,
«Сау болсын!» - деп деніміз.
Кенжеғазы ағай үнемі
Талап қоя біледі.

14. «Good morning, teacher» деп бастаймыз оның әрбір сабағын,
Бақылаймыз кейде біраз түйіп келген қабағын.
Бибінұр апай сізге де алғыс айтып әрқашан,
Түскі ауысым арасынан өзіңізді табамын!

15. Қазақ тілім, өз тілім, ана тілім,
Мұхтар, Абай сөйлеген дана тілім.
Осы тілдің ұқтырған терең сырын,
Бағдагүл апай
Әрқашан да шәкірттерге берген білім.

16. Ген, РНК, ДНК деп тіл қатқан,
Дүние деген тұрады екен шешілмеген жұмбақтан.
- «Сен әкеңе ұқсағансың, балам – ау» - деп біздерге
Лаура апайымыз биологиядан үн қатқан!

17. Қосып, алып, бөліп тағы көбейткен,
Шаршы ауданын тауып, санды теңейткен.
Ақылбек ағай мың алғыс,
Есептеуді бізге талмай үйреткен!

18. Бар ғұмырын химияға арнаған,
Ол білмейтін ешбір элемент қалмаған.
Ақжүніс апай сізге де үлкен алғыс,
Химияны ойға тоқып, үйретуден талмаған!

19. Күнделіктен сабақ кестесін қараймын,
Биология нешінші деп санаймын.
Әрқашанда ашық - жарқын қабағы.
Асыл апайдың әрбір берген сабағы
Мәңгі, мәңгі, мәңгі есімізде қалады.


20. Математика - күрделі пән мектепте,
Ұстаздарым үйретеді еңбекпен.
Гүлсая апай үнемі
«Рахмет» деп бас иеміз біз сізге!

21. Ағылшын тілі - жаңа заман талабы,
Біздің Динара апай сол саланың маманы.
Апайымыз сияқты
Жетік білу шет тілін
Әр баланың арманы.

СЫНЫП ЖЕТЕКШІГЕ
Ұстазым - екінші анам аялаған,
Біздерден бар білімін аямаған.
Жетекші апай сізге ерекше көп алғыс,
Бізді күнде құшақ жая қарсы алған.

Әр адамға құрметпенен қараған,
Өз бойынан мол ізгілік тараған.
Талап пенен тәртіпті тек ту етіп
Жанат апай сіздей қайда бар адам?!

Айсана:
Мұғалім, ғазиз мұғалім -
Төгілген арай, шуағым
Арманым қонса, қолыма,
Арқаң деп сенің ұғамын

Үзілхан:
Мұғалім, ғазиз мұғалім-
Сарқылса мәңгі бұлағым
Ұланың бүгін тойыңда
Арнайды саған бұл әнін.
Хор: «Ұстазым менің» әні

Мұғалім:
Бүгінгі күн құшақтары гүлге толсын,
Дендеріңнің саулығы мықты болсын.
Білімімен суарған шәкірттерін,
Төл мерекең ұстаздар құтты болсын !
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Сіздер біз үшін баға жетпес асыл жансыздар, біздің тілегіміз сіздердің амандықтарыңыз деп ұстаздар күні мерекесіне арналған «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты ашық тәрбие сағатымызды тәмандаймыз. Келесі кездескенше қош сау болыңыздар! Тәрбие.орг сайтынан «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қожан Жанат

Қосарал негізгі мектебі

Пікірлер: 0

avatar