Тіл дамытуда жаттығу жұмыстарының маңыздылығы

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 442
  • Авторлық бағдарлама
  • 20/Дек/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 20597


Тіл дамыту барысында жаттығу жұмыстарының рөлі өте маңызды. Қазақ тілі сабақтарында жүргізілетін жаттығу жұмыстары жүйелі, мағыналы, тиімді болу керек. Сол себепті дұрыс жоспарланған жаттығулар жүйесі оқыту үдерісін сапалы өткізуге, тақырыпты тез меңгеруіне әсер етіп, нәтижесінде өз ойын, пікірін, болып жатқан оқиғаны дұрыс бағалап айта білуге үйренеді. Әрбір меңгерілген білім бойынша жұмысты тиянақты орындауға дағдыландырады. Қазақ тілі сабақтарында грамматиканы оқыту, фонетиканы меңгеру, лексика бойынша жүйелі білімдерін қалыптастыруда  жаттығу жұмыстарының маңызы өте зор. Оқушылар фонетика, лексика, грамматикалық материалды оқулық пен бағдарламаға сай меңгергендерімен, жаттығу жұмыстары тұрақты жүргізілмесе, білімдері тиянақты болмайды, үйренгендерін тез ұмытып қалады. Сондықтан да оқытушы сапалы да терең, берік білім бергісі келсе, жаттығу, дағдыландыру жұмыстарын жүргізіп отыруы тиіс.Әрбір оқытушы оқушылардың керекті дағдыларын қалыптастыратын және қалыптасқан дағдыны тілдің басқа да ұқсас құбылыстарына қолдана алатын жаттығу әдістерін білгені жөн. Жаттығу нәтижесінде оқушылар алған теориялық білімдерін практикада тез де дәл қолдана алу дәрежесіне ие болады. Жаттығу арқылы оқушылардың алған білімдері нығайтылып, нақтыланып қана қоймайды, сонымен қатар өз беттерімен жұмыс жасауға үйренеді, ойлау қызметтерін жақсартады. Өйткені, оқушылар жаттығу жұмыстарын жүргізу кезеңінде үздіксіз талдау, жинақтау жұмыстарын жасайды, жаттығу жұмыстары арқылы білімдерін жүйелейді.

Жаттығулар оқушылар қандай тілдік материалдармен жұмыс жасауына қарай фонетикалық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік жаттығулар болып бөлінетінін білеміз.

Фонетикалық жаттығулар оқушылардың айтылған буындар мен дыбыстарды ажырата алуын және оларды дұрыс, анық айтып берулерін қамтамасыз етеді. Фонетикалық жаттығулар арқылы кейбір оқушылардың дыбыстарды ажырата алмауы, қайсыбір дыбыстарды қалдырып кету әдеті немесе «с» мен «ш», «р» мен «л», «ж» мен «з», «н» мен «ң» сияқты дыбыстарды шатастырып айту кемшіліктері түзетіледі.

Мұндай кемшіліктер оқуға да, жазуға да зиян келтірері сөзсіз. Фонетикадан берілетін мағлұматтар мен жаттығуларды тек дұрыс жазу, емле үшін ғана пайдаланып қоймайды, сонымен қатар оқушыларды әдеби тіліміздің нормасын сақтап оқуға үйрету үшін де қолдануға болады. Оқу сабақтарында оқушылардың жауаптарында, әңгімелерінде байқалған орфоэпиялық қателер, теріс айтылған сөздер түзетіліп, сөз ішіндегі, сөз аралығындағы дыбыстардың құбылуы ескеріліп отырылады.

Лексикалық жаттығулар оқушылардың сөздерді мағынасына қарай дұрыс қолдануына көмегін тигізеді. Бұған қоса тілімізге басқа тілдерден енген термин сөздердің дұрыс айтылуы да практикалық жаттығулар арқылы үйретіледі. Күнделікті сабақ барысында байқағанымыздай оқушылардың жаттығуларды түсінбеуі, олардың тілінің дамуына кедергі келтіреді. Сөз байлығының жетіспеушілігінің себебіне де айналып отыр.Жаңа сөздермен жұмыс тіл дамыту барысында ерекше орын алады. Оқушы әр сабақ барысында белгілі бір мөлшерде жаңа сөздерді меңгеруі тиіс. Сөйтіп, оқушылардың сөздік қоры молаяды. Сабақ барысында сөздерді жеке дара емес, белгілі бір жағдайға байланысты тақырып аясында қолдануға мүмкіндік жасалуы тиіс. Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын бала айналадағы адамдармен, құрбылас балалармен белсенді түрде сөздік қарым-қатынас жасайды. Түсінісіп, өзара қарапайым тілден әдеби тілге ауысады. Ойын еркін,ұтымды жеткізуге тырысады.

Морфологиялық жаттығулар оқушылардың түбір мен қосымшаны ажырата білуіне, қосымшаларды сауатты қолдана білуіне көмектеседі. Қосымшаның жалғау мен жұрнақ болып бөлінуін және олардың айырмашылығын терең меңгеріп шығуына жаттығу жұмыстары басты  рөль атқарады.

Синтаксистік жаттығулар сөйлем түрлерін бір-бірінен ажырата алуына, дұрыс қолдана білуіне көп көмегін тигізеді. Сөйлем түрлерінің жай, құрмалас, жалаң, жайылма, салалас, сабақтас, аралас болып бөліну жолдарының айырмашылығын терең меңгеруге жол ашады. Синтаксис саласын меңгеру өте күрделі. Сондықтан да жаттығу жұмыстарын әр түрлі деңгейде бере отырып, қызығушылықтарын оятып, сол арқылы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Сол себепті оқушылардың тілін жүйелі дамыту үшін, терең ойын жеткізу үшін жаттығу жұмыстарының рөлі өте маңызды.

Тәрбие.орг сайтынан Тіл дамытуда жаттығу жұмыстарының маңыздылығы Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қасымғалиқызы Лаура

Астана қаласы № 2 мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar