ТІЛ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ БЕЛГІСІ

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 46
  • Авторлық бағдарлама
  • 30/Ноя/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23403


ТІЛ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ БЕЛГІСІ

Алматы қаласы Турксіб ауданы КММ №78 мектеп –гимназиясы
Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

Абылай хан армандап, ата-бабамыз аңсаған азаттық таңы атып, еліміз егемендік алып, халқымыз еркіндікке қол жеткізіп, әлемде Қазақстан деген жаңа мемлекет пайда болды. Осы күннен бастап тәуелсіз елді басқару тізгіні бүкіл халықтың қолдауымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа берілді. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарынд Елбасы өзінің көрегендігімен көпұлтты Қазақстан халқының тыныштығы мен ынтымақтығын сақтап қана қоймай, оларды ел бірлігі идеясына біріктіріп, жас мемлекеттің іргетасын қалап қана қоймай, сол кезеңдегі барлық қиыншылықтарды жеңіп шықты. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі-ұлттың тілі, діні.Тәуелсіз еліміз–көпұлтты мемлекет екендігі баршамызға аян. Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың көреген саясатының арқасында еліміздегі барша ұлт өкілдерінің ана тілдеріне ешқандай нұсқан келтірілмей, мемлекет қолдауымен өркендеп дамуда. Сонымен қатар, тілдерді құқықтық тұрғыдан қорғау Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңымен және өзге де заң актілерімен қамтамасыз етілген. Біздің еліміз, яғни тәуелсіз Қазақстанда көптеген ұлттардың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқаны мәлім. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдегі ең бейбітшіл, саяси тұрақтылық, әлеуметтік-экономикалық өркендеуі қалыптасқан мемлекет ретінде танылып отыр. Бұл жетістік барша қазақстандықтардың көздің қарашығындай сақтайтын байлығы деп түсінуіміз керек. Осы орайда еліміздегі ұлтаралық келісімге, әлеуметтік–экономикалық даму үрдісіне, азаматтық қоғамның орнығуына кепілдік болып отырған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын ел болып бағалай білуіміз қажет.
Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры да. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. Бұл ретте Қазақстан Республикасының тіл саясаты мемлекеттік тілді дамытуға және республикада қолданылатын өзге де тілдер үшін жағдай жасауға бағытталған. Бүгінде Елбасының Қазақстан халқына жолдаған жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі - барлық қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы ретінде мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға басты назар аударылып отыр. [ 1] Сондықтан қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту және оның әлеуметтік-коммуникативтік міндеттерін кеңейту еліміз саясатының басты стратегиялық басымдығы болып қала береді. Мемлекеттік тілді дамыту Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым мақсаттарына сәйкес жүзеге асырылып келеді.Осы мақсатта Қазақстан халықтары Ассамблеясы да өзінің стратегиясында мемлекеттік тіл мен қазақ халқы мәдениетінің басты рөлі азаматтық және рухани мәдениеттің ортақтығы негізінде қазақстанның барлық этностарының бірігуі жолында қазақстандық сәйкестіктің қалыптасуының басты міндеттерінің бірі болып табылатынын жариялады.[2] Басқа ұлт өкілдерінің диаспорасы болып табылатын қазақстандықтар бүгінгі таңда қандай этникалық топқа жататындығына қарамастан , қазақ тілі мен мәдениетіне оның мемлекеттік қызметінің сақталуы мен нығаюының маңыздылығына көңіл бөлуде. Бұған дәлел ретінде, соңғы жылдары Қазақстанда қазақ тілінде еркін сөйлейтін адамдар санының біртіндеп көбейіп келе жатқаны, «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» екендігін ұрпағына ұғындырған этнос өкілдері өз балаларын қазақша тәрбиелеп, қазақ мектептерінде білім алуларына жағдай жасауда. Мысалы , Жамбыл облысындағы 5 мыңнан аса өзге ұлт өкілдерінің баласы қазақ мектебінде оқыса, 2 мыңнан астам бүлдіршін қазақ топтарында тәрбиеленуде. [3] Бұл көрсеткіш жыл санап арта түсетініне сенімім мол. Көңілге қуаныш ұялататын жақсы нышан, ол көптеген қазақстандықтардың балаларын қазақ мектептерінде оқытып, олардың мемлекеттік тілде білім алуы үшін жағдай жасауға ұмтылуы болып отыр. Соңғы әлеуметтік зерттеулер нәтижесі балаларына қазақша білім беруді қалайтын қазақстандықтар санының артып отырғанын байқатты. 2000 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш орташа есеппен 8,10 % артқан. Балаларына қазақ тілінде кәсіби білім беруді қалайтын қала қазақтары санының көбейіп келе жатқаны да қуантады. Республика бойынша екі мыңға жуық өзге тілді оқушылар қазақ тіліндегі мектептер мен сыныптарда білім алуда. Сондықтан да білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілді тереңдетіп енгізу және халықтың ықпалды бөлігі жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын.[4]
Бүгінде біз қазақ мәдениетінің қалыптасу процесінің куәгеріміз және елімізде барлық халықтардың мәдени ынтымақтастығын біріктіретін күш ретінде қазақ мәдениетінің дамуына ықпал ететін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Азаматтардың қазақ тілін игеру деңгейіне қарай мемлекеттік тілді кезең-кезеңімен енгізу жүзеге асырылды. Қоғамда , әсіресе , мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейді деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қоғамның жан-жақты салаларында оңтайлы әлеуметтік лингвистикалық кеңістікке қол жеткізу үшін жаңа қадамдар жасалды. Басты мақсат – тілдік мұраны сақтау және қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ тілінің қолданылуын қамтамасыз етіп, оның барынша дамуына қол жеткізу. Осы мақсатта бірқатар ауқымды іс-шаралар қолға алынуда. Мысалы, 2001-2010 жылдары Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде тіл құрылысы стратегиясының мынадай үш бағыты айқындалды: мемлекеттік тілдің әлеуметтік–коммуникативтік қызметін кеңейту және нығайту , орыс тілінің жалпы мәдени қызметін сақтау, Қазақстан халқының басқа тілдерін дамыту. Сондай-ақ осы кезеңде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық мәдени жобасын іске асыру басталды.[4] Бағдарламаның іске асыру нәтижелеріне тоқталсақ: мемлекеттік тілді инфрақұрылымы елеулі түрде кеңіді (қазақ тілінде оқытатын балабақшалар саны - 940, бұл 2001 жылмен салыстырғанда 68 % жоғары, мектептер 2001 жылмен салыстырғанда 163-ке өсті, мемлекеттік тілді оқытатын 101 орталық құрылды). Іс қағаздарын жүргізуде мемлекеттік тілге аудару үдерісі белсенді түрде іске асуда (мемлекеттік органдардарда қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы шамамен 67% құрайды) [5].
Сонымен негізгі міндетіміз – біздің азаматтарымыздың, этникалық қауым өкілдерінің қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде еркін меңгеруін қалыптастыру. Біріншіден, бұл қоғамдағы өзара түсіністікке әсер етеді, екіншіден, тіл – ынтымақтастықтың негізгі көзі, еліміздегі бірлік пен ынтымақтастықтың тірегі болып табылады. «Қазақ тілін меңгеру – қазақстандық патриотизмнің құрамдас бөлігі» бастамасы қазақстандықтардың біртұтас ұлт ретінде тату-тәтті өмір сүруіне және қазақстандық патриотизмнің негізі болуға әбден лайық. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы және сауаттылығы оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымының кеңдігімен, орамдылығымен және ұтымдылығымен өлшенеді. Еліміз егемендік алғалы ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай бола қалатын іс емес. Себебі ол тіл сол мемлекеттің иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни, ол өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидар, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс қағаздар, т.б. салаларға дейін қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы керек. Есеп-қисап, қаржылық және техникалық құжаттамалар да осы тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, Қарулы Күштер, ғылым және білім беру салалары, халықаралық қызмет те осы талаптарға толық жауап беруге міндетті. Тілдерді дамыту - еліміздегі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тіл проблемаларын оңтайлы шешу-ұлтаралық, қатынастар үйлесімділігінің, халықтардың топтасуы мен қоғамдық келісімді нығайтудың алғы шарты.
Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы жаңартау болған жұрт жүрегінің жалыны бүгінде де бәсеңдеген жоқ. Ұлтының тілін ұлықтаған ұрпақтың ұмтылысы ұдайы ұрандаудан тұрмайтыны хақ. Бұған сол жылдардағы жағдай мен қазіргі күйді салыстыра қарасақ, көзіміз жетеді.
Бүгінгі күнгі тікелей жауапкершілігіміздегі міндет - мемлекеттік тіл саясатын қоғамымызда жүргізіліп отырған сындарлы саясат негізінде одан әрі жалғастыру. Бүгінгі күні тілдерді дамытуға деген қамқорлық жан-жақты көрсетілуде. Еліміздегі тілдердің дамуы мен қолданылуына қатысты нормативтік құқықтық негіздер нығайтылуда. Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру, нығайту бағытындағы жұмыстар үнемі жалғасын табуда. Соның көрінісі ретінде үстіміздегі жылдың 18-ақпанында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты дәстүрлі Жолдауында қазір еліміздің әлеуметтік, мәдени саланы өркендету мақсатында жаңа белеске қадам басқандығын атап көрсетті[5]. Барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі болып отырған мемлекеттік тілді одан әрі дамытуға күш-жігерін салу - әрбір азаматтың парызы екендігі тағы бір рет қайталанып, халқына ой салды. Қазақ тілі қазақ халқымен қатар әлемнің басқа да көптеген елдерінде тұратын отандастарымыздың ұлттық тілі екенін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан да мемлекеттік тілді игеруге көмектесетін компьютерлік оқулықтар шығару, интернет жүйесі арқылы мемлекеттік тілдегі ақпараттық кеңістікті дамыту, шетелдерде тұратын отандастарға арналған арнайы веб-портал ашу әрі жетілдіру өзекті мәселе екені даусыз. Сонымен бірге кұзыретті органның алдында шетелдерде қазақ халқының салт-дәстүрін танытып, мәдениеті мен өнерін насихаттау мақсатында мәдени орталықтар ашу, Еуропа елдерінде тұратын қазақ жастарының өнер және спорт фестивалін халықаралық деңгейде ұйымдастыру, Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайын жоғары дәрежеде өткізу міндеттері тұр.
Тіл саясатын жүргізуді мемлекеттік реттеу қажеттігі қазақстандық қоғамдастық мүшелері арасында түсіністік орнату мен бұл бағытта белсенді әрекет ету мақсатынан туындайды. Бұл орайдағы басты міндет — қазіргі күні қалыптасып отырған тілдік ахуалды нығайту үшін нысаналы, мақсатты жұмыстар жүргізу. Қазақстанда тұратын өзге халықтардың ана тілін оқып-үйрену ісіне мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау-көмек көрсетіліп келеді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен жүйелі түрде қаржы бөлініп тұрады. Айтылған тоқтамдар мен деректерге келсек, Қазақстандағы тіл саясатының көпұлтты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп отырғандығы қуантады. Алайда, біз қандай жағдайда да, қай кезде де өзге тілдердің дамуына еш нұқсан келтірмей, оларға деген мемлекеттік қолдау-қамқорлық аясын тіпті де тарылтпай отырып, қалай дегенде де Қазақстан Республикасы мемлекетінің негізін құраушы, ел-жер иесі қазақ халқының ұлттық тілі - қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мүддесін мейлінше кең көздеуге маңыз береріміз белгілі. Бұл бір-бірімізден бөліп-жарып міндет бөлісетін шаруа емес, ол Отаным деген барлық қазақстандықтың қастерлі парызы Президентіміз тіл саясатын өткір сынға ала отырып, бұл мәселеге табандылықпен тікелей өзі қозғау салды. Мемлекет басшысы азаматтық қоғамды құрудың және Қазақстанның қарқынды дамуының маңызды шарттарының бірі сарабдал ұлттық саясат екендігін атап өтті. Ол Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекеттің қатарына енуінде маңызды рөл атқарды. Н.Ә.Назарбаев мемлекет дамуының жаңа кезеңінде қазақстандық патриотизмді орнықтырудың негізгі бағыты кез келген мемлекетте ұлттық саясаттың басты өзегі - тіл мәселесімен тығыз байланысты екендігін атап өтті. Қазақ тілі еліміздің барлық азаматтарын біріктіретін мемлекеттік фактор болып табылады.Тілді оқып-үйрену жоғары деңгейге көтерілді. Қазақ тілін білу еліміздің әрбір тұрғынның кәсіби қажеттілігі ғана емес, сонымен қатар азаматтық парызы болуы қажет. Мемлекеттің тілді білмейтін түлектерді шығаратын жоғарғы оқу орны бар мемлекетті табу қиын. Тіл адамның толыққанды жеке тұлға ретінде қарым-қатынас жасауына, ақпарат алмасуға, бала тәрбиелеп, зияткерлік мүмкіндіктерін дамытуға мүмкіндік береді. Тіл арқылы қоғам мүшелері, жеке тұлға мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынас жасалады. Тіл маңызды коммуникативтік қызмет атқара отырып, сонымен бірге, адамның өз ойын, ниет-пиғылы мен көңіл-күйін білдіріп, ішкі әлемін көрсетеді, білімін жетілдіруге, адам санасының деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.Тіл саясатын одан әрі жүзеге асырудың мәселелері мен міндеттерін дұрыс анықтаудың маңызды факторы елдегі этнолингвистикалық жағдай туралы ғылыми негізделген талдау жасау болып табылады. Сонымен қатар, ана тілін «ана тілі» деп қабылдау көрсеткіштерін, меңгеру деңгейін, респонденттердің сауаттылығы, үйрену мотиві ескерілу қажет. «Халқымызда бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген дана сөз бар. Еліміз сол бірлігі мен жарасымды тірлігінің арқасында ырысы мен ынтымағы, берекесі мен тіршілігі жарасқан жасампаз мемлекет болып орнықты. Бүгінде татулығы жарасқан қасиетті Т.Рысқұлов ауданында да 70 астам ұлттардың тағдыры тоғысып олардың ұрпағының өмірі жалғасуда. Бұл ретте, осы өңірді мекендеген әрбір этнос өкілінің ұлттық салт-дәстүрі мен тілінің, мәдениетінің сақталуына, этносаралық қатынастардың үйлесім табуына, рухани-мәдени байланыстардың дамытылуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді, мемлекеттік тілдің мәртебесін, оған деген өзге ұлыс өкілдерінің құрметі мен қызығушылығын арттыру, қазақстандықтардың ынтымақ-бірлігі мен ортақ үй-Отанымызға деген сүйіспеншілігін бекемдеу, жас ұрпақтың бойында этникааралық толеранттықты қалыптастыру, сосынғы жерде, әрине, этностар ана тілдерінің дамуына қолдау көрсету мақсатында түрлі іс-шаралар өтіледі. Іс-шаралар барысанда алуан этнос өкілдері өздерінің «жүзі басқа болғанымен жүрегі-бір, тілі басқа болғанымен тілегі-бір» екенінін ән, би тілінде, ана тілдерінде, жүрекжарды тілектермен жүректен жүрекке жеткізіп жатады. Елбасы 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызының мемлекеттік тілді меңгеруіне қол жеткізу міндетін қойды. Әрине, бұл ретте, ең алдымен, талап жастарға қойылып отыр. Мемлекеттік тілді меңгеруді және оны дамыту үлесі алдымен өз қандастарымыз еншісінде екендігін атап айтқан. Елімізде он миллион қазақ болатын болса, өздері түгел тілді білсе, байлықтың ең үлкені осы болары анық. «Ана тілінде еркін сөйлеп, шын жүрегіңмен құрметтесең ғана өзгелерге де ана тіліңді құрметтете аласың», - деп атақты жазушы бабамыз Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ана тіліміз өркендеп, асқар шыңдардан көріне беретініне сеніміміз зор. Иә, тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болсын.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. 2011 жлғы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы
2. Қ.Р. президенті Н.Ә.Назарбаевтың ХХ Қазақстан халықтар Ассамблиясындағы «Стратегия «Қазазақстан- 2050» бір халық, бір ел, бір тағдыр» сөйлеген сөзі. 24.04.2013 жыл.
3. Тіл комитеті жүргізетін тілдік жағдай мониторингі деректерінен («Ақ жол» газеті 2013 жыл 19 қыркүйек)
4. «Қазақстан- 2030» стратегиясы 25 бағыт (Жаңа Қазақстандық патриотизм-біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі. Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы)
5. «Қазақстан- 2030» стратегиясы 26 бағыт
6. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Тәрбие.орг сайтынан ТІЛ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ БЕЛГІСІ Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Атамбаева Асел Елеусизовна

Пікірлер: 0

avatar