Өз аймағыңыздағы Ұлы Отан соғысы жауынгерінің бейнесі Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы батыр бейнесіне пара-пар келетіні

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 460
  • Авторлық бағдарлама
  • 02/Май/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22737


Өз аймағыңыздағы Ұлы Отан соғысы жауынгерінің бейнесі Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы батыр бейнесіне пара-пар келетінін салыстыру.

Ұлы Отан соғысында қан майданда от кешіп, Отан үшін кеудесін оққа тосқан, соғыста ерекше ерлігімен, жаужүрек батырлығымен көзге түсіп, халық батыры атанған, оның жауынгерлік өмір жолы жерлестерінің, ізбасар ұрпақтарының мәңгі жадында. Ол - Тәйімбет Көмекбаев – 1896 жылы Қызылорда облысының, Қармақшы ауданындағы №10 ауылда туған. Ұлты қазақ, КПСС мүшесі. 1944 жылы октябрьде ол Отанды қорғаушылар қатарына қосылған. 128 Псков атқыштар дивизиясының 533 атқыштар полкінің 5 атқыштар ротасының бөлімше командирі кіші сержант Көмекбаевқа 1945 жылы 10 апрельде Совет Одағының Батыры атағы берілді. Тәйімбет Көмекбаев соғыстың басынан аяғына дейін барлаушылар бөлімшесін басқарды. Бұрынғы жылқышы бір көрген жерін есте сақтай алатын, жыртқыш құстың әдет қылығын білетін, ол қырандай қырағы еді. Тәжірибелі солдат ол атқыштар қару жарағының қай түрін болса да жақсы білетін. Ұрыста епті де, батыл еді.
1943 жылдың басында Т.Көмекбаев өзінің жерлестері Сарыбае пен Жарқынбаев үшеуі фашист әскерлерінің штатына шабуыл жасады. Олар дивизия штабына кенеттен шабуыл жасады. Олар дивизия штабына олжа ретінде 12 солдат, екі офицер алып келді. Совет жауынгерлерінің кенеттен пайда болуы жау жағын састырды. Жаудың 37 солдаты мен офицері біздің барлаушыларға ұрыссыз берілді. Т.Көмекбаев 1945 жылғы қысқы шабуыл ұрыстары кезінде ерлік пен батылдық көрсетті. Ол бірінші болып Глейвиц қаласына кірді. Колховица қаласына шабуыл жасаған кезде жаудың атыс ұясын талқандады. 1945 жылы февральда Көмекбаев Ордерден алғашқы өткендердің қатарында болып өзінің оң жағалауындағы Эйхиринд елді пунктінің маңындағы плацдарды ұстап тұрды. Ұрыста ол жаудың 5 қарсы атакасына тойтарыс берді. Түнде ержүрек жауынгер шабуыл жасаушы топты бастады. Бригқаласының кіре берісінде жаудың станокты пулеметінің расчетын жасайды. Көмекбаев қала үшін болған ұрыста 60 фашист басқыншысын жайратып, 12 адамды қарусыздандырды да тұтқынға алды. 1945 жылғы 8 февральда Ванзен қала үшін болған ұрыста жаудың 7 қарсы атқышына тойтарыс берді. Совет жауынгерлері өздерінің алдын ала орналасқан позициясын қорғап, бір қадам да шегінбеді.
Совет Одағының Батыры Т.Көмекбаев 1 – Украин майданы өкілдерінің құрамына Москвада болған Жеңіс парадына қатысты.
Майданнан қайтып оралғаннан кейін Тәйімбет Көмекбаев соғыс жылдарында әбден әлсіреген халық шаруашылығын қалпына келтіруге батырға тән белсенділікпен қызу араласып кетті. Сөйтіп алғашқы жылдары ауданымыздың бірқатар ұжымшарларын басқарып, кейін ауылдық кеңестің төрағасы болып ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Халық шаруашылығының қандай саласында жүрсе де Тәкең өзінің батырлық күш – жігерін аямай жұмсап, ел байлығын арттыруға, алда тұрған жауапты міндеттерді шешуге аянбай атсалысты.
Өз аймағымыздағы Ұлы Отан Соғысының батыры Тәйімбет Көмекбаев пен Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы батыр бейнесімен пара-пар келеді.
Қасым шығармашылығы — қазақ поэзиясының асылдарының бірі. Халықтың қарапайым ортасынан шыққан жалынды ақын өз тағдырын туған елі тарихымен тұтастыққа сезініп, өз өлеңдерінде халық жанына тән ерлік, батырлық, жомарттық сезімді терең көрсетті. Оның батыл ойлы, сыршыл поэзиясының бұрынғысынша әсерлі де тартымды болып келе жатқаны да сондықтан. «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы Қасым Аманжоловтың ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының жанрындағы үздік жетістігі болып табылатын бұл туындыға жас ақын Абдолла Жұмағалиевтің майданда көрсеткен ерлігі арқау болған. Ақындық дарыны үлкен үміт күттірген Абдолла намысқой, отаншыл, қайсар жігіт екен. Майданда соғысып жүріп, оның бөлімшесі немістердің қоршауына түседі. Бір үйдің шатырына паналап, ұрыс жүргізеді. Жолдастары түгел оққа ұшады. Абдолла жалғыз өзі автоматтан оқ жаудырып, немістің рота әскерін үйге жолатпайды, көптеген солдатын қырғынға ұшыратады. Жау «Абдоллаға беріл, кінәнді кешеміз» деп хабарлайды. Абдолла берілмей, соғыса береді, ақыры немістер үйді өртейді. Әдетте, отқа адам төзе алмай, қашады екен. Бірақ Абдолла тапжылмай, үймен бірге өртеніп кеткенше қарсылық көрсетумен болады. Ол туралы Абдолланың бөлім командирі В.Григорьев: «Жау қоршауында жалғыз калып, арыстандай алысқан айбатты акынның ерлігі бізге батырлықтың асқар шыңындай сезіледі. Ол жан алқымға келгенде, соңғы гранатасын немістерге лақтырады да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмады», – деп жазды. Поэма Абдолла өмірінің осы бір соңғы кезеңін суреттеуге құрылады. Ақын образды жау қоршауында, от ортасында қалған батырдың бір сәттегі ерлік ісін көрсету арқылы ашады. Туған елінің ерлік дәстүрі мен жауынгерлік антына берік азамат кейпі санада туған жалынды толғаныс арқылы да толыға түседі. Поэма аз сөзбен берілген соғыстың сұрапыл суретінен басталады.
Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай каптап,
Найзаға іліп ар-ұятты,
Келе жатты сұм жендеттер – деп олардан жиіркеніп жиырылған жер, жауға тамшы татырмай, суын алып қашқан өзендер, жауды бетке ұрып сабалаған жел, дұшпан аяғына бастырғысы келмей, аспанға ұшқан тастар – барлығы да жаудың зұлымдығын көрсетіп, оған деген кекті, ызаны өршітер суреттер. Орман етегінде сатыр-сұтыр жаланған от та жаудың жауыздығын бейнелейді. Қоршаудағы солдат кеудесіне сол оттан кек ұшқыны түскендей әсер қалдырады. Ол Отан жерінде зұлымдық отын жағып отырған жауларына кектенеді.
Қасиет күші ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл жүрек! – деп шамырқанады. Қаһарманның ішкі толғанысы ширыға келе, қаһарлы кекке, жан ашуына айналады. «Намысты ұлан аласұрып» жау тобына автоматтан оқ жаудырады. Екі жақ та өшіге өршеленеді. Осы бір өлім мен өмірдің күресін ақын зор ақындық буырқаныспен суреттейді:
Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снарядтар.
Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар – деп кең даланы жүнше түтіп, орман шашын талдап жұлып, көл жағасы – жар құлатқан снаряд күші батырдың жүрегін шайлықтыра алмайды. Ол ақтық демі біткенше арыстанша алысады.
Ала алмайсың! – деді ер ұлан,
Алмай қойман! – деді жауы.
Қысты келіп жан-жағынан
Темір торлы жау кұрсауы – деп бұл – кейіпкер тағдырының драмалық шиеленіске толы кезі. Үйге бекінген жалғыз адамды ала алмаған жау өрт қояды. Отан алдындағы антына адал солдат жау қолына түскеннен ерлік өлімді артық санайды.
Қызыл жасыл киінген өрт
Көрінді оған боп қыз ойнақ,
Толқып торғын, жайнап букет,
Тым сиқырлы билеп, ойнап.
Ашып отқа омырауын,
Естісін, – деп, – қырсық жауым,
Айтты ол шырқап өрт ішінде
Сүйген әні «Қарғам-ауын».
Қайсар батыр от киінген
Күш-қайратын тіске жиып.
Жаңағы ақшыл ер жүзінен
Жалын тілі тұрды сүйіп…
Қорыта айтқанда, Абдолланың отқа жанып тұрған шағын да зор ақындық қуатпен ғажайып суретке айналдырған:
Шұғыла шашқан кешкі бұлттай,
Толқын шашта оттар ойнап.
Өрт топанып кешіп Нұхтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап - бұл – екінің бірі айта алмайтын жыр, екінің бірі көрсете алмайтын сурет. Өртеніп, жалынға айналып барып, күрт құлаған Абдолла бейнесінен иілмейтін, шарт сынатын қайсар мінез танылады. Ол әсер жауын мазақтап, өлім қойнына өлеңдете кіреді. Ақын кейіпкерін өрт ұстаған Прометейге ұқсата отырып, оның өлімін романтикалық аңызға айналдырады. Оқиға да, адам сезімі де қысталаң шақтағы қозғалысқа негізделіп, оның бойындағы рухтың әр күшін өткір бейнелейді. Ақтық минуттағы соңғы сөзін батыр Отанына, еліне арнайды. Бұл – трагедиялық ақын өлімінің өзінде де үлкен өмір сүйгіштік күш барын танытады. Соғыстың қызып тұрған кезінде жазылған (1943) бұл поэма сол кездің өзінде-ақ, жұртшылық назарын бірден өзіне аударды. Ол жөнінде алғашқы пікір айтқан Ғабит Мүсірепов: «Қасым ақын жанының бар толғауын, кек күшін, сезім тереңін түгел бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сезімімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін, жүрегін тербей шыққан. Қасым поэмасы майданнан соққан жаңа леп сияқты», – деп жазды.

Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ахметова Алтынай Жаңабайқызы Тәрбие.орг сайтынан Өз аймағыңыздағы Ұлы Отан соғысы жауынгерінің бейнесі Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы батыр бейнесіне пара-пар келетіні Авторлық бағдарлама материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Ахметова Алтынай Жаңабайқызы

Пікірлер: 0

avatar