ҚАЗАҚ ТІЛІН ДЕҢГЕЙЛІК ОҚЫТУ БАРЫСЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ

  • Жүктеулер: 6
  • Көрсетілім: 472
  • Баяндамалар
  • 31/Окт/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 19836


Өскемен қаласы әкімдігінің
«№ 32 орта мектебі» КММ
Касымканова Зилиха Нурдубаевна
Шестаева Гульшат Токеновна

Қазақ тілін деңгейлік оқыту барысында
оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту

2012 жылғы 27 қаңтардағы Елбасы Н. Назарбаевтың «Әлеуметтік – экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту мақсатында 5 жылдық ұлттық жоспарды қабылдау міндеті қойылған.
Сонымен бірге ҚР Үкіметінің 2012 жылы 25 маусымда №832 Қаулысымен оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған 5 жылдық Ұлттық іс-қимыл жоспары бекітілген.
Ұлттық жоспардың мақсаты - Қазақстанда білім сапасын жетілдірудегі, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі атқарылатын іс-шаралардың жүйелілігі мен тұтастығын қамтамасыз ету болып табылады.
Ұлттық жоспарда мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеу, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша шаралар жүйесін іске асырудың тетіктерін анықтау сияқты бірнеше міндеттер атап көрсетілді.
Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мәселесін негізге алудың өзектілігін арттырып отыр.
Функционалдық сауаттылық дегеніміз – өмір бойы білім алуына ықпал ететін, авторлық база жасау. Өмір бойы іздену, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыру.
Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру барысында мұғалім баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін, шығармашылық тұрғыда ойлауын қалыптастырумен қатар, баланың өз бетінше шешім қабылдауына дағдыландырады.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығы мектептен басталады. Мектеп - үйрететін орта, оның жүрегі - мұғалім. Оқушының бойына білім нәрін дарытуға көмек беретін функционалдық сауаттылық мұғалім бойында да болуы тиіс. Барлық елде балаға білім беру ерекше орын алып келеді. Балалардың ойлау қабілетін дамытуға, байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуге оқушыларды тәрбиелеу - мұғалімдердің басты борышы. Мұғалім сабақты түрлендіріп, өмірмен байланыстырып, пәндік білімдеріне, ептіліктеріне және сауаттылығына сүйене отырып, оқу пәндері арқылы, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруды жүзеге асырады. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың түпкі нәтижесі ретінде қатысымдық, ақпараттық және проблемалардың шешімін табу құзіреттіліктерін қалыптастыруға қол жеткізудің басты тетігі – оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Өйткені функционалдық сауаттылық оқушының белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауына пайдалы білім, білік, дағдылардың бірлігінен құралады.
Тек саналы білім ғана бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыра алады. Сондықтан да мұғалім сапалы білім, салиқалы ой - өрісі кең тұлғаны қалыптастыруы үшін 45 минуттық сабағын қазіргі заманғы білім берудің жаңа технологияларын қолдана отырып өту керек. Осы жерде орыс педагогы А.С.Макаренконың «45 жыл мұғалім болса да 45 минуттық сабағына дайындалып келу керек» деген нақыл сөзін еске алуға болады. Мұғалім оқушыны тек қана мектептің бағдарламасымен шектеліп қалдырмай, теориялық білімдерін практикалық жұмыстармен, өмірмен байланыстыра білуге үйрету керек. Әдіс - тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланған мұғалімнің шәкірттері өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді.
Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бері, елімізде көптеген өзгерістер болып жатыр. Білім мен ғылым саласының алдында жаңа талаптар пайда болды. Оның дәлелі - «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы». Бүгінгі күннің талабы - оқу материалдарын оқушылардың дайындық деңгейлеріне қарай сұрыптап ұсыну, сабақтың типі мен түрін оқытудың әдіс-тәсілдерін таңдау, мақсаттарды және күтілетін нәтижені анықтау, оқу біліктілігін жетілдіру.
Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыруда қатысымдық әдістің маңызы зор. Қатысымдық әдіс жеке тұлғаның рухани өсуін қалыптастырады, адамдарды түсіне білуіне көмектеседі. Сондықтан мұғалім алдына мақсат қоя білетін, анық та дұрыс сөйлей білетін, өз ойын жарыққа еркін шығара алатын, түсіне білетін, қызығушылықпен тыңдай алатын адамды өмір жолына аттандыра білуі керек.
Әдіскер - ғалым Ф.Ш. Оразбаева қатысымдық әдістің өзіндік белгілерін көрсете отырып, оған мынадай анықтама береді: «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым – қатынасы арқылы жүзеге асатын, белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын, тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым- қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі». Осылайша мұғалімнің оқудағы құзіреттілікке бағыт – бағдар беруі оқушылардың ой-қорытынды жасауына, өз ойын айта білуіне, оны күнделікті өмірде пайдалана білуіне көмегін тигізеді.
Ғалым Ф.Ш. Оразбаева сабақта тілдік қатынас үш түрлі жолмен немесе қалыппен іске асырылады деп, олардың түрлерін атап көрсеткен. Олар жұптық, топтық, ұжымдық. Жұптық жұмысқа түсу осы диалогтерден тұрады. Диалогтің өзі сабақ өту кезінде әр түрлі әдіс арқылы жүзеге асады. Мысалы : сұрақ — жауап, рөлдік, тапсырманы орындату, жұптық жұмыс, диалогтік мәтінді оқу.
1. Сұрақ — жауап әдісі — қазақ тілі сабағында оқушылардың ынтасын арттырады, қызығушылығын оятады. Әрбір жаңа сабақты бастамас бұрын жаңа тақырыпқа байланысты кіріспе сұрақ жауап дайындалады. Бастауыш сыныптарда ең қарапайым сұрақтар ұйымдастырылады.
2. Рөлдік ойындар - сабақ үдерісін жандандырып, тілді үйренуге деген қызығушылықты арттырады. Рөлдік ойындардың басты қызметі шынайы, дайындықсыз сөйлеуге қажетті ахуалды туғызу. Тіл үйренушілер сөйлеу жағдаятына ене отырып, тілді қатынас құралы ретінде пайдалануға ұмтылады. Ойынды өткізу үшін тіл үйренушілердің психологиялық дайындығын қалыптастыру маңызды компонент болып табылады. Оқушылар ситуацияны толық қабылдап, өзін еркін сезінуі қажет. Күнделікті сабақтарымызда оқушыларға рөлдік ойын тапсырмаларын дайындаймыз.
Диалогтік әдісті қолдана отырып, оқушылардың сұрақтарды, өтінішті, таңдануды, бұйыруды қолданып, бір – бірімен әңгімелесе білуге, мәліметтерді нақтылауды сұрауға, келіспеушілік, толықтыру, тілдік материал көлемінде өзара пікір алыса білуге дағдыландырамыз. Әртүрлі кішігірім типтегі диалогті құрастыруды тапсырамыз.
Оқушылардың өзара қатысымдық ортасын құруда кесте мазмұнының да алатын орны ерекше. Кестедегі түйін сөздердің көмегімен оқушы сұрақ қою арқылы қатысымдық іс – әрекетке енеді.
Мысалы: «Отбасы мүшелерінің сүйікті істері»
Кім? не істейді?
Атам домбыра тартады
Әкем шахмат үйретеді
Қарындасым би билейді
Ағам жаттығу жасайды

Қазақ тілі сабағында техникалық құралдарды пайдаланар болсақ оқушының сабаққа деген қызығушылығы артады. Қазіргі таңда интерактивті тақта – мұғалім үшін де, оқушы үшін де қолданыстағы үлкен жетістік деп айтуға әбден болады. Құрғақ сөзбен өткізілген сабаққа қарағанда аудио, бейне материалдарды көрсете отырып жүргізілген сабақтардың нәтижесі жоғары екені сөзсіз, себебі ол – ұстаз үшін жетістік, оқушы үшін есте қалар көрініс, ертеңгі сабаққа деген қызығушылықтың оянуы.
Орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілінің оқыту сапасын көтерудің басты шарты - оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру әрекеттік бағыт ұстанымына, оқушылардың коммуникативтік құзыреттерінің қалыптасуы ұстанымына, интерактивтік оқыту ұстанымына негізделуі қажет. Сонда ғана функционалдық сауаттылық оқушының қазақ тілін әлеуметтік сұранымға сай қолдану мүмкіндіктерін арттырады.
Бүгінгі күні қазақ тілін деңгейлік оқытудың түпкі мақсаты – оқушының қазақ тілін білу деңгейі мен сұранысын ескере отырып, бір – бірімен сабақтас , жүйелі, коммуникацияға құрылған білім мазмұны арқылы мемлекеттік тілде өз ойын ауызша және жазбаша түрде еркін, түсінікті, дұрыс жеткізе алатын, түрлі өмірлік жағдаяттарда тілдік қатынасқа түсе алатын дара тұлғаны даярлауға мүмкіндік туғызу. Тілдік деңгейлік үйрету жүйелі, өзара сабақтастықта жүргізілген жағдайда ғана оқушылар функционалды сауатты болмақ. Әр сыныпта әр деңгейдің мақсаты мен білім мазмұнына сәйкес оқытудың түрлі әдіс – тәсілдерін өз сабақтарымызда тиімді пайдалануға тырысамыз. Мысалы, «Броундық қозғалыс», «Ассоциаграмма», «Ой шақыру», «Жеке әңгіме», «Шаттық шеңбері», «Қос диаграмма», «Куб», «Ыстық алақан», «Ыстық орындық», «Жеңілдетілген анықтама», «Аквариум» сияқты әдіс – тәсілдер мен дидактикалық ойын түрлері оқушылардың қазақша сөйлеу, ойын дұрыс жеткізу сияқты коммуникативтік қабілеттерін дамытады. Әр сабақтың нәтижелілігі тілдесім әрекетіне құрылған әдіс – тәсілдермен бекітіліп отырылады.
Егеменді еліміздің ең басты мақсаты - өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке жетуде жан – жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Қазіргі білім берудің басты мақсаты да сол жан – жақты дамыған, рухани бай жеке тұлға қалыптастыру болып табылады.
Болашақтың бәсекесіне қабілетті функционалды сауатты шәкірттерді тәрбиелеу білім беру саласының еш назарынан тыс қалған емес. Соған сай ұстаз – ізденімпаз ғалым, нәзік психолог, тынымсыз еңбекқор, ортаның ұйытқысы, жан – жақты шебер, гуманист, белсенді патриот болғанда ғана қоғамның мықты да білікті, жоғары мәдениетті, жан – жақты дамыған, шығармашылығы жоғары жеке тұлғаны қалыптастырып тәрбиелейтінімізге нық сенімдіміз. Тәрбие.орг сайтынан ҚАЗАҚ ТІЛІН ДЕҢГЕЙЛІК ОҚЫТУ БАРЫСЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Шестаева Гульшат Токеновна

ШҚО Өскемен қаласы № 32 орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar