Бұқаралық ақпарат құралдарындағы журналист тұлғасы

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 569
  • Баяндамалар
  • 10/Ноя/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 19965


Бұқаралық ақпарат құралдарындағы журналист тұлғасы
Журналист тұлғасы – лингвоэкологиядағы іргелі ұғымдардың бірі. Журналист ана тілін тұтынушылардың әлеуметтік сипаты, олардың саны мен сапасы, әдеби тілдің ауызша, жазбаша түрлерін меңгеру деңгейінің жоғары болуы тілдік ортаның бекем болуына, дамуына қолайлы факторлардың бірі ретінде әсер етеді.
Журналист тұлғасы – ұлттық әдеби тілді, оның функционалдық салаларын, әр саланың тармақ, әр саланың жанрларын өз қарекетінде, өз тәжірибесінде қолдана білу дағдысы, білімі, біліктілігі тәрізді сапалардың жиынтығы.
Қазіргі кезде, қоғамдық, адамзаттық құндылықтар қайта бағаланып жатқан кезде, журналистік тұлғасы ерекше мән алып отыр. Сөз саптауы тілдік ортаға үлгі болатын, сөз өнеріне машықтанған жазушы, мәдениет, өнер қайраткерлері, ғалымдар, жоғары мектеп оқытушылары мен мектеп мұғалім-дері, журналист т.б. қалам ұстап, шаршы топта сөйлейтін сөз шеберлерінен жұртшылық парасатты, мәдениетті, мазмұнды сөз естігісі келеді. Алайда шаршы топтағы, баспасөз беттеріндегі пікірталас мәдениеті, сөз мәдениеті ойдағыдай деңгейде болмай, төмендеп барады. Сөз таластырып отырған, пікір жарыстырып отырған жақ оппоненттерін, оқырмандары мен тыңдаушыларын уәжді сөзбен, қисынды логикамен, нақты деректермен көзін жеткізіп сендірудің орнына оларды «естен тандыра» бұқтырып тастау тәсілін қолданады. Әсіресе тыңдаушылардың, оқырманның эмоциялық сезімін қоздыра отырып, оппонентін түкке тұрғысыз бейшара етіп көрсету тілдік ортаның сөз мәдениетіне, этикалық нормаларына, тілдік қарым-қатынас ережелеріне (максималарына) мүлде қайшы келеді. Оппонентін жол бойы үрген бұралқы ит, мүңкіген, борсыған бірдеңкелер, жертезек болып жеңілді, айтаққа ерген, пысықай біреу, жағымпаздық т.б. сөздермен «сыбағасын» беру журналистің тілдік тұлғасын көрсетпейді [1].
Жікшілдік, рушылдық, сатқындық, қызылкөз, белсенді, беті бүлк етпей, қызыл белсенді, жағымпаздар, т.б. сөздерді қарсы жаққа қарата айту тілдік қарым-қатынас ережесіне, этикалық нормаларға қайшы, тілдік ортаның мәдениетін көтеретін тәсілдер емес.
Әдетте айтысушы, сөз жарыстырушы жақ өз жағын дабырата мақтап, ал қарсылас болып отырған өз «кейіпкерін» дабырайта даттап жатады, сөйтіп, Мырзан Кенжебайдың «терминімен» айтқанда, «мақтауизм» де, «даттауизм» де этикалық дозадан асып төгіледі. Бұл – тіл экологиясындағы жағымсыз құбылыс.
Тілдік таңбаларды, стильдік құралдарды, риторикалық тәсілдерді дұрыс, орынды қолдану арқылы ой, сезімін дәл, өткір етіп жеткізу журналистің сөз қолдану дағдысына, дәстүрлі біліміне, оқып-үйренген біліктілігіне, өмірден алған тағылымы мен тәжірибесіне байланысты. Бұлар жеке тұлғаның тілдік санасын қалыптастыратын факторлар болып саналады.
Тілдік тұлға тілде бейнеленген ақиқатты қолданып қоймайды, тіл арқылы ақиқаттың өзін рационалды, эмоционалды мақсатта қайта бейне-лейді, сондықтан журналист өз санасында сананы ақиқатты бейнелеуші (модельдеуші) ғана емес, оны санада қайтара жасаушы қасиетке ие белсенді харакет иесі. Осымен байланысты журналист тілдегі барды қолданумен бірге жаңа сөздерді, абстракті синтаксистік модельдерді де жасайды [2].
Тілдік ортада мәдени-тілдік дәстүрдің, оның нормаларының қалыпта-суына қоғамдық санаға әсер етеді. Этнотілдік мәдени нормаларды ойлау харекетінде, сөз харекетінде қолданады, этнотілдік ұжымның әлеуметтік, психологиялық ерекшеліктерін игеріп, сөз қолданыста пайдаланады.
Тілдік тұлғалардың әдеби тілді игеру, пайдалану деңгейі бірдей емесі белгілі. Осы негізді журналист әрдайым бағамдап отыруы қажет. Осымен байланысты журналист:
- әдеби тілді шығармашылық деңгейде тұтынатын тілдік тұлғалар. Бұлар элитарлық тілдік тұлғаларды;
- әдеби тілдің ауызша, жазбаша нормаларын сақтай білетін, ара-тұра кодификацияланған нормадан елеусіздеу қате жіберетін, сөйлеу тілі мен кітаби тіл элементтерін, кей тұста болмаса, айқын аңғара алатын мәдени-тілдік орташа тип. Сан жағынан басымы да осы орташа типті;
- негізінен әдеби сөйлеу тілін қолданатын, арасында қарапайым сөйлеу тіліне тән элементтерді қосып сөйлейтін мәдени тілдік тип. Сан жағынан, шамамен, орташа типтен кейінгі орында тұратындарды;
- қарапайым сөйлеу тілімен сөйлейтін, бейәдеби элементтер мен диалектизмдерді қолдана беретін, күнделікті қалам-қағаз ұстай бермейтін мәдени тілдік типтер бар екенін естен шығармауы тиіс.
Қазақ тілінің лингвоэкологиясы тілдік тұлғаның санасында ана тіліне деген табиғи сүйіспеншілік сезімін ояту үшін де күреседі. Сондықтан журналист аталған қоғамдық сана түрлерін ескере отырып сөйлеуі қажет.
Журналисттің тұлғасы 3 негізгі құзіреттілікке бағынуды талап етеді. Олар: стилистикалық, тілдік және прагматикалық құзіреттіліктер.
Журналист маманның стилистикалық құзіреттілігі сөздің мағынасын дұрыс түсінуімен байланысты. Жалпы тілдегі денотаттық және коннотаттық мағына түрлерін, сөздің реңктік сипатын аңғара білуі керек. Журналист тілдік құралдардың, тілдік бірліктердің дұрыс әрі көркем жұмсалуын негізге ала отырып, сөз қолданыстық норманың аражігін ажырата алу принциптік мәселе.
Тілде денотативтік мағына мәннің ұғымдық ядросы, яғни стилистикалық, грамматикалық, модальдық, эмоциональдық, субъективті, коммуникативті т.с.с. нышандардан ада мағынаның «объективті» («номи-нативті», «жағдайдан тыс», «когнитивті», «репрезентативті», «фактілі») компоненті дегенді білдіреді. Журналист біріншілік және екіншілік денотат-тық мағынаның құрылымын түсіне отырып, оны мәтінде ұтымды пайда-лануы тиіс. Сонымен қатар тілдегі коннотациялық элементтерді (К1, К2, К3) де ажыратуы керек.
Жалпы стилистикалық құзіреттілік деген белгілі қолданыс аясында функционалдық стильдерде, оның барлық жанрларында стилистикалық ресурстардың мәнерлі әсем өрнегімен орынды қолдануын айтамыз. Яғни стилистиканың норманы журналист қарым-қатынас ситуацияларында ком-муникативтік қарым-қатынас жетістіктерін қамтамасыз ету үшін тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, тәртіпті әрі жүйелі қолдану дегенге саяды.
Сонымен журналистің стилистикалық құзіреттілігі белгілі бір стильге тән сөздерді ажырата отырып, кітаби, бейтарап, көтеріңкі, төмен стиль түр-лерін ұтымды пайдалана алуымен байланысты.
Журналистің тілдік құзіреттілігі тілдегі қалыптанған нормалар жүйесін өз орнымен қолдану дегенге саяды. Яғни журналист маман тілдегі орфогра-фиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық нормаларды білу керек. Тілдегі сөздердің (оқылу/жазылу) нормасын, интонациялық конструкция-лардың орны мен оның межесін дұрыс қолдана отырып, тілдегі сөздердің лексикалық мағынасын, грамматикалық мағынасын ажырата алуы тиіс. Грамматикалық норма «тілдің грамматикалық элементтерін білу және оларды сөйлеуде қолдана білу» болып табылады. Формальды түрде нақты бір тілдің грамматикасын элементтердің ретке келтірілген тізбегін құруға, яғни сөйлемдер құрастыруға мүмкіндік беретін ережелер жиынтығы ретінде қарастыруға болады.
Тілдік белгілер адамдарға жағымды, жағымсыз немесе бейтарап әсер қалдыра отырып, түрлі реакциялар тудыруы мүмкін. Оқырманға немесе тыңдарманға прагматикалық бағыт тұрғысынан кез келген айтылым және кез келген мәтін эмоциялық әсер береді. Осындай мазмұндағы әсер ету 3 негізгі фактор арқылы анықталады. Біріншіден, бұл – айтылымның мазмұны (қайғылы немесе қуанышты оқиға туралы хабарларға байланысты адамдар-дың оны қабылдау реакциялары әртүрлі болатыны сөзсіз). Екіншіден, хабарды қабылдау айтылымды құрайтын белгілердің өзгешелігіне байла-нысты. Бірдей хабарлар әртүрлі жеткізілуі мүмкін. Мәтіннің (айтылымның) прагматикалық әсерін мазмұн, белгілі бір тілдік құралдармен рәсімдеу, қабылдаушының типі сияқты факторлар анықтайды. Үшіншіден, айтылымға прагматикалық әсер ету адресаттың қабылдауына байланысты. Мысалы, бір адамның қайтыс болғандығы хабарды оның туысқандары, кездейсоқ таныстары немесе мүлде бөтен адамдардың бәрі бірдей қабылдамайды. Бұл фактіден шығатын қорытынды, айтылымның формасымен және мазмұнымен айқындалатын прагматикалық әсер ету жартылай жүзеге асуы мүмкін. Мәтін мазмұны мен формасын талдау бұл әлеуетті анықтауға мүмкіндік туғызады, бірақ мәтіннің әртүрлі қабылдаушыға әсер етуінің шынайы мазмұнын алдын-ала болжауға болмайды. Сондықтан журналист маман әртүрлі айтылым белгілі бір коммуникативтік әсер алу мақсатында құрылатынын біле отырып, прагматикалық әлеует айтылым мазмұнының маңызды бөлігін құрайтынын түсінуі тиіс. Қабылдаушыға мәтіннің прагматикалық әлеуетін жеткізу немесе өзгерту арқылы әсер етуді көздеуі керек. Бұл – журналистің прагматикалық құзіреттілігі.
Прагматика шеңберінде журналистің қатысымдық құзіреттілігіне тоқталу абзал. Журналист тілдің ауызша және жазба тілдің нормаларын тіл-дік ортада дұрыс қолдана отырып, қатысымдық міндеттерді шешуі керек. Журналист өз көзқарасын, дәйегін, пайымдауын жүйелі түрде білдіре отырып, қатысымға түсуі тиіс.
Журналистің қарым-қатынас (ауызша) стратегиясына мыналар кіреді:
1) әңгімелесуші назарын сақтау;
2) өзінің әңгімелесушімен түсінуін қамтамасыз ету;
3) әңгімелесушіні түсінуді қамтамасыз ету (көру байланысы және т.б.);
4) сөз жетіспеушілігі мәселесін өзгертіп айту, түсіндіру, жақынырақ мағынамен ауыстыру, ана тілінен сөзбе-сөз аудару, көмекке жүгіну, мимика арқылы шешу;
5) жетіспейтін грамматика мәселесін құрылымды қарапайымдандыру немесе ауыстыру, ана тілі грамматикасын көшіру, фразаны құрамдас бөліктері арқылы құру, қатеге көңіл бөлмеу арқылы шешу;
6) қате жіберілген жағдайда өзін-өзі түзету;
7) әңгімені сөйлесу тақырыбын өзгерту арқылы қолдау.
Қарым-қатынас құзыреттілігінің маңызды құрамдас бөлігі болып қарым-қатынас-ойлау қызметіне дайындықты білдіретін когнитивті құзыреттілікпен байланысты.
Қорыта келгенде, журналистің тілдік тұлғасы оның сөз шеберлігіне, лингвистикалық құзіреттіліктерді бойына сіңірген тұлға болуымен байла-нысты қарастырылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Н.Уәли Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Филология ғыл. док. Ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның автореф. –А.,2007.24-бет.
2. Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы (кодификациясы) Астана: Елорда, 2001. –230 бет.
3. Кислицына Н. Эколингвистика – новое направление в языкозаннии [Электронный ресурс] / Н.Кислицына. http://www.nbuv.gov.ua Тәрбие.орг сайтынан Бұқаралық ақпарат құралдарындағы журналист тұлғасы Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Мамадиярова Назира Батырханқызы

Алматы қаласы, Нұр- Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы

Пікірлер: 0

avatar