БАҚСЫ-БАС АДАМТАНУШЫ БОЛҒАН.

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 213
  • Баяндамалар
  • 16/Авг/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23049


Бақсы-бас адамтанушы болған
(Адамтану қазақ іліміне кіріспе)
Адамның жас ерекшелігі мен оның сипаттамалары туралы ұғымдар тым мол.Бір ақын қыз: «5 күшік, 10 ит,20 бөрі,30 арыстан, 40 қабылан,50 өгіз,60 арқан,70 тұсау,80 шідер,90 торғай, 100 жұмыртқа» деп адамның жас ерекшелігін,күш-қуатын жасырып жұмбақтаған. Сонда қарсылас ақын: «5 жаста адам мысалы күшік мінезді,10-да иттей,20-да бөрідей,30-да арыстандай,40-та қабыландай,50-де күші мол өгіздей,60-та аттай арқандалады,70-те оның үстіне тұсауланады,80-де арқан,тұсау үстіне шідер салынады.90-да торғайдай халі болады,100-де шертіп өқалсаң жарылатын жұмыртқадай қауқары қалады» деп шешкен.
«Адам өмірі» деген деген ертегіге зер салсақ, жаратушы адамға 30 жас беріп,былай деген екен: «Сен адам,жаралғандар ортасында түр-сипатың артық.Басқа мақұлықтар бәрі сенен төмен болып,сенің әміріңде болады,олардың баршасына сен үкім қыларсың.Саған сөйлеуге сөз,ойлауға ақыл бердім.Тепсең темір үзетін күш-қуатың бар,жұмыс жасарлық аяқ-қолың бар.Жарық дүниенің патшасы өзің боларсың!Алайда,адам азырқанып,алмай кеткен басқа жануарлардан жас қосып алған екен. Мәселен, есектің жиырма жасын,иттің 20 жылын,маймылдың 30 жасын жалынып сұрап алған адам 100 жасайтын болған.Адам 30-50 жас аралығында есектей ауыр жұмыс жасап көп мехнатпен ғұмыр кешеді.50-70 жасқа дейін адам,өзінің үй маңындағы оны-мұныларын қарап күзетуге,бас-көз болуға құмар. Кейде не болса соны кәдік көргіш келеді.Сол кезде кім болса соған айқай-лап,сүйекке таласудан таймайды.Бұл адамның иттен алған жасы болмақ.70-тен асқан соң адам аз-аздап ақылынан айрылады.Бала тәрізді болады.Ол уақытта белі бүкірейіп, денесі иіліп те кетеді.Балаларға әңгіме,ойын болады,бұл маймыл жасы екен.
Шалақын(1748-1819)толғауларында нәресте,бөбек, сәби, бозбала жан дүниесінің қалыптасу,даму ерекшеліктері хақында да салиқалы ой түйіндері кездеседі.
Үш-төртте талап еттім асық жинап,
Жүгірдім жалаң аяқ жанды қинап.
Бір жаста ,екі жаста бесіктемін,
Бес жаста тәңір берген несіптемін.
Алты жаста қайыңның тозындаймын,
Он жаста сүт емген қозыдайым,
Он бесте жарға ойнаған лақтаймын,-деген өлең жолдарынан бала сана-сезімінің даму дәрежесі,ішкі сыртқы әсердің оған ықпалы жалпы түрде болса да аңғарылып тұр.
Шернияз Жарылғасұлы(1807-1867) жігіттік кезеңді былай сипаттаған:«Шабатұғын қылыштай жылтың еткен 25,орда бұзған 35,қынсыз қылыш 45,емен шоқпар 55.»
Адамның жас ерекшелігі туралы Әйгілі Жетес бидің сөзін мағыналы тұжырым деуге тұрарлық. «Онға келдім ойнадым, қызығына тоймадым.Жиырмаға жеттім-бойладым,онда да балалықты қоймадым.Есейе келе жақсы сөзге сүйсіндім, жаман сөзге күйіндім,барымды бойға киіндім,сұлу-қыз келіншектерге шүйілдім,жауларыма түйілдім Отызға келдім-алтайы қызыл түлкі болдым;қыран бүркітке алдырмадым,құмай тазыға шалдырмадым,қатар құрбының көңілін қалдырмадым.Қырыққа келдім арғымақтай аңқылдадым,тау тасындай саңқылдадым,ақ алмастай жарқылдадым,құз қыранындай шаңқылдады, барымды жоқ деп сарқылмадым.Елуге келдім биік қырға шықтым,арғы жағының алыс-жақынын байқамадым,дәулетімді шайқамадым.Алпысқа келдім-алты тарау жолға түстім; қайсысының алыс-жақынын білмедім.Жетпіске келдім жеңіл-генімді білдім, бала мен келінге билігімді бердім, айтқанына көндім,айдауына жүрдім.Сексенге келдім-оң жағым от,сол жағым су,алдым жар,артым құз қалай қозғалсам да тірлік деп біле алмадым,-деген екен.
Осы және басқа дәйектерді ескерсек,әрбір он жасты адам ғұмырының бір белесіне балаған,қазақ адамтанушыларының сипаттамаларының негізгі мазмұны бір екенін аңғаруға болады. Олар ортақ ойды, әртүрлі теңеу, көркемдік әдіспен құлпыртып ұсынған.Адамзатқа ортақ,оның жандүниесін,ерекшелігін танып білетін әдіс-тәсілдердің,қағида-ережелердің бар екені белгілі.. Ал,қазақ халқында оған қоса тарихи-жағарафиялық ерекшелігіне және тіршілік тынысына сай келетін ережелер мен қағидалар, амал-тәсілдер бар екендігі айқын
Қазақ адамтанушылары-қауым ортасында сыншы (сынақшы дейді кей аймақтарда) деген атпен белгілі.Жалпы қазақ қауымында адам сыншысы,ат сыншысы,құс сыншысы, түс сыншысы(түс жорығыштар),жұлдыздамашы, жауырыншы, құмалақ- шы,санақшы, оташы,бақсы-бәлгер,тәуіп-көріпкел,көзбайлаушы,емші-домшы,сәуегей,әулие сияқты ерек- ше дарынды адамдар аз да болса болған еді, бар еді.Адамтану қазақ ілімін өмірге келтіріп,өсіріп дамытқан осылар еді.Бұл асыл мұра қордалана келе қомақты білім қорына айналған.Оларды жинақтап теріп, бірі-біріне үйретіп ұқтыратын,айла-амалдары да болған. Мысалы,түрік заманында,кәзіргі Саян-түркілерінде сақталған аңызға қарағанда екі жұма ғана оқытатын «бақсылар мектебі» болған.Д.Банзаров, Ш,Уәлиханов,Ә.Дибаев еңбектерінде,қазақ бақсыларын көзімен көріп,өнеріне тамсанған Г.Н.Потанин, П.П.Семенов-Тяньшанский сипаттамаларына сүйенсек,бақсы-талантты адамдардың ұзақ уақыт оқып жаттығу нәтижесінде игеріп меңгеретін,тым күрделі мамандық,асқақ өнер, тұқым қуалайтын,оқып үйренуден гөрі тоқып дағдылануы басым болған,жаратушыдан арнайы жіберілген, аруақ аян беріп,жын қонғандар игеретін ерекше өнер,арнайы кәсіп.Ш.Уәлихановтың сүреттеуінше,«...бақсы тылсым дарыған білгіш,оның ой-санасы өзгелерден ерекше тұрады,өзі ақын,өзі музыкант,өзі болашақты болжайды, әрі дәрігер болады.»Қазақ арасында әрбір кісі бақсы бола бермейді.Бірақ,үш атасынан жалғасқан бақсылар қазақ рулары арасында аз да болса болған.Қ.Жұбанов:«Ноғайларда бақсы музыкант,көркемөнерші мағынасында қолданылады.Түркімендерде бақсы аталатын музыкант жәй өнерші, жәй музыкант қана болып қоймайды.Осы күнгі түркімендер музыкантты, «бақшы» дейді.Осы күнгі сібір елдерінің көпшілігі-алтай, ойрат елінде музыканы көрінген кісі ұстамайды,ол елдерде музыкант тек шамандар ғана болады Қария сөз айтушысы, тарихи оқиғаларды жырлап беретін жыраулар оларда тұқым қуалап отырады.Бірден-бірге үйрену, белгілі школа болу, профессионализм күштірек». (Қ.Жұбанов. Шығ., А.,1970 19-б)-деп белгілеген.Тәңірімен,аталар рухымен «тілдесе» білетіні адамның жан күйін өзіне бағындырып,шешен толғайтыны, болашақты болжайтыны оларды ел басқару-шылар алдында қадірлі көрсеткен.Сондай ұлы бақсылардың бірі-керейлердің (урианқай) атақты жырауы Төбе тәңірі (шын атыКөкше тәңірі) Шыңғыс ханға кеңесші болған. Атақты бақсы жасырын сырды айыра білетін керемет иесі саналған,өзін «Мен тәңірінің өзімен тілдесемін, көкке шығып жүремін» деп дәріптеген.«Бақсы» болушыларды арнайы орындарда, яғни мектептерде дайындайтын болған деген тарихи деректер кездеседі. Бақсылық шәкірттерге, дәуперім бақсы өнерін жетік меңгерген ғұлама бақсылар сабақ беретін болған.Оған кейбір деректердегі:«Кезінде күллі көшпенділер әулетінің бақсыларын дайындайындайтын орыны,яғни оқу орыны-мекені Байкөл (Байкал) көлі маңайында, Амар (Жайсаң Тынық) өзені жағасындағы ну орман ортасында болғаны жайлы да жазба деректер баршылық.Бұл бақсыларды арнайы қажетті адамдар деп көрушіліктен туындаған қажеттілік болмақ. Орта ғасырдағы күллі көшпелілерге аты әйгілі Көкеші бақсыны осы мектептің түлегі деген де болжам айтылады» (Биқұмар Кәмалашұлы). Ол Шыңғыс ханның ордасында отырып, «сен дүние жүзін билейсің» деп сәуегейлік жасаған делінеді. Төбетәңірі қыстың суық айларында көтеріліп, Керулен өзенінің мұзына жап-жалаңаш жатқанда оның денесінің жылуына мұз еріп, буы бұрқырап аспанға көтеріліп жататын болған. Ханның өзіне қарсы келіп айтатынын айтып салатын, арынды, тура. бақсы болыпты Бір соғыста ол, жайдың көк тасын өз әскерінің төбесіне түсіргендіктен,хан оны өлімге бұйырады. Төбе тәңір-імен қатар шыққан ұлы бақсының бірі Есей Бұқа Оқтай заман-ына дейін жасады. Бұл ұлысқа тәрбие беруші-өзі ғалым, өзі ұстаз, жырау. ХІІІ ғасырдың отызыншы жылдары ол әбден қартайып,әржерге күймеге отырып барып жүрді.Оның туып өскен жері осы күнгі Алакөлдің төңірегі. (Ә.Марғұлан. Ежелгі жыр аңыздар,А., 1985 . 212-б.)
Бақсылар өз кереметтерінде өз қарнын өзі жарған. Басып жатқан албастысын қуып, қобызының үні арқылы босана алмай жатқан әйелдерді аман босан-дырған. Болжамдарды дәл айтқан. Қобызын тарта отырып, қылы-шын аузына кіргізген, қып-қызыл боп отта қызған темірді жала-ған, қызыл шоқтың үстінде жалаңаяқ жүретіндер де болған. Сондай-ақ бақсылар өздеріне ғайыптан келетін алып күш иесі екенін жұртқа таныту үшін үлкен ағаштарды, темірді бармағы-мен, қолымен иген әрі сындырған.Жұдырығымен тасты ұрып күл-талқанын шығарған. Қобызда ойнап отырып немесе кітабы бойынша дұға оқығанда киіз үйді тік көтерген.Өздері киіз үй төбесіне жәй ағаштың көмегіменшығып кеткен.Неше түрлі ғаламат үн, алапат жарқыл шығарып үй ішінде ойнақ салғанда, жұрт арасында осындай жойқын сиқырлық күш иелерінен сескену де пайда болған.Әйтсе де бақсылар халықтың ғаламат ғажайып өнер көрсететін ең құрметті адамы болды.Бақсы адамдар үшін табиғаттың тылсым күшін пайдаланып,ауыр сырқатына дауа іздеген сенімді дәрігері әрі құтқарушысы болды.Бұл ғылым дамымаған кезде халық денсаулығының сақшысы болған бақсылардың халқына көмегі еді.
Тәңірге табынушылардың сәуегейі, бақсылардың пірі Қорқыт ата болды. Қорқыт ата бақсылық өнерінің атасы әрі негізін қалаушы да.Өз заманында Қорқыт ата басына төнген қауіптен қорықпады.Ол өлмейтін, мәңгі жасайтын өмірді іздеп, өлімнен қашумен болды. Бұл бір адамдарға адасу тән болған, қоғамды надандық жайлаған жаһилет заманында Құдай заңына қарсы шығудың көрінісі іспетті еді. Ешкімнің де батылы бармас, көзсіз қайсарлықтың Қорқыт ата бойынан табылуы оның шынымен-ақ табиғаттың тылсым сиқырлы күшіне сенгендігі ме деген ойға қаласың.Қорқыт ата өзінің қобызының үнін зарлата, мұңдата, жер бетін тебіренте және адамдарды артынан ертіп жылата жүріп, өмірін өте ауыр тағдырмен өткізді. Ол уайымсыз, ұрыссыз, қайғысыз, тыныш, еркін өмірді іздеді. Соны аңсап жержаһанды шарлады.Ол өлімді бір зұлымдықтың басы деп түсінді Қысқасы, Қорқыт ата адамдарға өз қолынан мәңгілік өмір сыйлай алмаса да артына, дертке дауа іздеп адамның тұла бойын шымырлататын зарлы күйі мен қобызын қалдырды. Осы мұрасын пайдаланған бақсылар ауру алдында Қорқыт күйін қобызы арқылы тартып, көмекші "рухтары" арқылы дертке дауа іздеді. Бақсылар емшілікпен қатар, балгерлікпен де шұғылданған. Олардың келешекті болжайтынына,адамның тағдырын шешіп, оның ойын сезіп тұратынына, өткен өмірін де ашық айтып бере алатынына, табиғи құбылыстар тудыра алатынына, жын-шайтандарды қуатынына халықтың белгілі бір бөліктері бұрын да, кейін де сенді. Оған негіз де жоқ емес еді. Адамның өз табиғатындағы ғылым ашпаған жұмбақтар әлі толып жатыр.V ғасырдағы ғұн патшасы Еділдің айналасында көптеген даңқты Бақсылар болған. Олар әрбір күрделі оқиғаларды күні бұрын болжап, патшаға жеткізіп отырады екен. 451 жылғы Каталаун шайқасының тағдырын Бақсылар құмалақ ашып, бірнеше күн бұрын айтып берген. Болжам дәл келген.
Бақсылық тұқым қуалайды, ол адал, жаны таза, иманды адамдарға қонады, өз жолын дұрыс ұстай алмаса “қасиеті таяды” немесе“бақсылық буып” кемтар болып қалуы да мүмкін.Шынайы бақсылардың алдамшы, көзбояушы емес, психикалық жаратылысы ерекше жандар екендігі-ғылыми тұрғыда дәлелденген. Адамға бақсылық қонғаннан кейін тазалық сақтап, бойына қонған жындармен көмекші рухтарын үнемі риза қылып, «ренжіт-пеуі» талап етіледі. Олай істемеген жағдайда ол адамды «жын буып», ауруға душар етеді. Неғұрлым күшті бақсының жындары да көп әрі әлеуетті деп саналады.
Ел ішінде жауырыншы, тамыршы, есепші, алақан-саусақ қа қараушы секілді бал ашушылар кездеседі. Осыған қарамастан қарапайым жұрт көбінесе құмалақшы көмегіне жүгінеді. Қысқасы, қырық бір құмалаққа сенетіндер саны аз емес. Бұл көріпкелдік түрі тек бізге тән емес көрінеді.Құмалақ салу ісімен Орта Азия мен Кавказ, Үндістан мен Иран, Тибет пен Корея, Жапония мен Америкада болғандығын тарих беттерінен жақсы білеміз.(Қазіргі таңда оған елімізде мән беріліп келеді. Дегенмен, кейбір жағдайда оны тек пайда табудың көзіне айналдырып алғандар аз емес.)
Қысқасы, құмалақшы деген ұғымның пайда болғанына қаншама ғасырлардың жүзі болды.Ол ерекше қабілеттің бірі болғандықтан халқымызбен бірге жасасып, келеді. Ғалымдар бал ашуды негізінен астрономиялық және астрологиялық деген екі үлкен топқа бөліп қарастырады. Бал ашу іштей түр-түрге бөлінеді.Атап айтқанда, геомантия жердегі өзгеріс әрекетті, қимыл-қозғалыстарды бақылайды.Ал,хиромантия-алақан, саусақтарына қарап, болашақты болжайды деген ұғым бар. Сондай-ақ,.арифмантия-нақты есепті болжам жасайды.
Он сегіз мың ғаламды толық танып, біле алмай келеміз. Адамның ақыл-ойы қанша жерден дамып кетті десек те, аспан әлемінің қыр-сырына қанығу қолымыздан келер емес. Зеңгір көкте әзірге зердеміз жетпей жүрген жайлар баршылық. Бәлкім, ғылым мен технология қарыштап дамыған бір заманда бәрінің кілті табылып қалар.Қазақ халқында осы айтылған, балгерлік, көріпкелдік,адамтанушылық талпыныстың бәрі болған.Оның бір түрі бір дәуірде өршелене дамып кетсе,бір дәуірде құлдырап келіп жойылып та кеткен. Қазақ халқының даналығы табиғаттанудағы, адамтанудағы, өнер табудағы, ағартушы-лықты жетілдірудегі ойшылдықтан, талпыныстан құралды, тірлік пен рухқа сүйенерлік сенімде жалғасын тапты.
Қазақ адамтану ілімінің кейбір өзгешеліктерін атайық.
Бірінші.Тәнтану мен жантану арасындағы айырмашылық тым айқын емес,ауырудың негізгі белгілерін танып білу жорамалға жақын.Емдеу амалы дәрілік негізден гөрі жансезімдік әсерді басымдырақ таңдаған.Алайда,табиғи ем дәрілерді өздері жасап,әрі табиғаттан тікелей алып керектенгендіктен өте тиімді болған.
Екінші.Адамтануда,әсіресе,ұландар мен бүлдіршіндердің келешегін,олардың ықшам-ыңғайын,бейім-бағытын, жан-жақты бақылап,ұзақ сынау,терең талдау негізінде толық анықтай алған.
Үшіншіден.Қазақтың адамтану ілімі табиғаттанумен астарласып жатады.Анығырақ айтқанда малтану қазақ білімі күнделікті тіршілік жағдайында үнемі айқындалып отыратындықтан,жүйрік-жорға сайгүліктерді айырып білгіштер,қыран-құс алғыр тазы-ларды сынаушылар,емдік дәрілік шөп өсімдіктерді танушылар,аң-құс,жан-жануарлардың ағзалары мен мүшелерінін,коректік-тағамдық артықшылығын,емдік қасиетін танығыш-тардың жинақтаған білімі-адамтанығыштарға, емшілерге үнемі көмек болып отырған.
Төртіншіден.Қазақтың сал-серілері,би-шешендері,абыз-қариялары-өздері шынайы адамтанушылар болумен қатар,билік-кесімдерінде,еңбек-шығармаларында,іс-әректтерінде бақсы-балгер,көріпкел-диуана,емші-сынақшылардың адамтану жөніндегі білімдерін өте орынды пайдаланып отырған.
Бесінші.Адамтану қазақ ілімі екшеліп іріктеліп,бір жүйеге келтіріліп,толық танылып, қажет етуші адамдарға қолғабыс боларлық,көмегі тиерлік дәрежеге жетпей отыр.Ғылыми айналымға толық түсу үшін байсалды зерттеулерді қажет ететіні түсінікті.Бұлай жасаудың өзі көпжақты қиындықтар мен бөгет-тің,әлсіздіктер мен пәрменсіздіктің,шылауынан шыға қою оңай болмас.Біз осы кітапшаны жазуда,азды –көпті пайымдау жасауда,алға қойған негізгі мақсатымыз:адамтану қазақ іліміндегі жас ұрпақтың өмірлік жолын,мінез бітісін,жас ерекшелігін, икем-ыңғайын,тума-талантын бажайлау,бейімділігін пайымдау дағы ұлттық тәсілдер мен мінез-құлық,әдеп әдеттерін игертудегі сана-сезімдік бағдар-ларын бағамдау болып табылады.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы Орынбордан шыққан, «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығында «Қазақ халқы азбаған, табиғи таза халық. Оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сия алмайды: ой-пікірі еркін; оның келешегі үшін оған тек сана-сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр» деп жазған.«Бұрынғы уақытта – деп жазды Ж. Аймауытов пен М.Әуезов «Қазақтың өзгеше мінездері» деген мақаласында;-қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сауықшыл ел болған екен. Досымен достасып, жаумен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен » -дейді.Ал,Түрік жұртының бас адамтанушысының бірі-М.Қашғари,өзінің сөздігінде: "Түркілер көрікті, өңдері ұнамды, жүздері мейірімді, әдепті, үлкендерді құрметтей білетін кішіпейіл, уәделеріне берік түратын мәрт жөне сол сияқты көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашык-жарқын жандар".
Адамзат тарихында ғылыми ойдың үздіксіз даму барысында адамның өзін танымақтық жөніндегі ілімнің алғашқы қадамы көне грек философтарынан басталса да, оны өз заман-ында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған Фараби еңбегі ерекше.Анығырақ айтқанда,адамтану қазақ ілімінің түп-тамыры өте тереңде,әрі тым тұғырлы да,негізді. Айталық.Фараби бабабымыз: «Адамның кемелдігі неде?» деген сұраққа жауап іздейді. «Балық су үшін жаралған, құс ұшу үшін, ал, адам бақыт үшін жаралған» дейді. «Бақытқа қалай қол жеткізуге болады?» деген сұраққа «Білім мен мінез- құлық арқылы» дейді. «Ол білімнің мәні қандай? Бақытқа апаратын мінез- құлық қандай?» деген сұраққа «ізгілікті мінез-құлық, рухани білім» дейді. «Оған қалай қол жеткізуге болады?» деген сұраққа «Оған: ізденіс, тәрбиелеу өнері және оқу арқылы жетуге болады.» деп түйіндейді.Ол: «"Біз жақсы мінез-құлық пен ақыл-парасатқа ие болған кезде солардың арқасында міндетті түрде бақытқа жетеміз...Бұл екеуі бар кезде біздің өзіміз және іс-әрекеттеріміз үстем де кемел болады, осылардың арқасында біз шын мәнінде қастерлі, қайырымды, инабатты боламыз"-деп ашық көрсеткен.Олай болса,адамтану қазақ ілімінің ғылыми негізін салып, тұжырымдарын пайымдау,сол арқылы тәрбиелеу амал-тәсілдерін дұрыс таңдап алу қазақ педагогикасында ертеден тиянақталған байырғы әдіс-айла еді.Оны елеп-екшеп, замандық талап тілек,мүдде-мұратқа икемдеп игілікке жарату бүгінгі ұрпақ өсіріп тәрбие жүргізуші барлық адамдардың,оларға қол ұшын беріп,көмек көрсететін мамандар мен зиялы қауымның басты міндеті болып отыр.
(жалғасы бар)


Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы)
Күннұр Қайратқызы (Шет тіл мүғалімі) 08.08.2017 Тәрбие.орг сайтынан БАҚСЫ-БАС АДАМТАНУШЫ БОЛҒАН. Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қобдабай Қабдыразақұлы

Теміртау қаласы №8 мектеп Шет тіл мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar