Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
Баланың бас ұстазы – ата-анасы.
  • 17.05.2016
  • 402 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 19034

Баланың бас ұстазы – ата-анасы.

Халқымыз – балажан халық, мектептерде жүргізілетін тәрбие жұмыстарының қай түрі болса да сол балаға арналған. Тәрбие ісінде абыройлы, ұжданды болуды басты мақсат тұтқан, оны қадірлеген қазақ халқы «Өлімнен ұят күшті» дейді. Баланың тәрбиесі тек мектепке ғана емес, туып-өскен ортаға, ата-анаға, үлкенге, олардың үлгісіне байланысты. Бала тәрбиелеудегі ата-ананың ролі – өз алдына жеке күрделі мәселе.
Балаға үш алуан адамнан мәнез жұғады. 1-ші ата-анадан, 2-ші ұстазынан, 3-ші құрбысынан деген екен данышпан Абай.
Жас ұрпақтарды тәрбиелеу қоғам алдындағы ата-ананың парызы, қоғамдық борышы болып есептеледі. Тәулігіне 6-сағат қана қарауында болатын мектепке бала тәрбиесінің бар жауапкершілігін жүктеу дұрыс болмас еді.
Әрине, бұдан мектеп жауапкершілігін жеңілдеткендік деген пікір тумасын.
Ата-атаналар мектеппен байланыс жасай отырып өздерінің педагогикалық сауатын ашып, бала тәрбиесіндегі кемшіліктерін түзеуге тиіс.
Әрбір ата-ана балалары алдында өздерінің ұстаз, үлгі-өнеге екендіктерін терең түсініп, өздерін-өздері тәрбиелеу ісімен шұғылданатын дәрежеге жетуі тиіс.
Халықтың «Отбасы-өнеге» «Ұлда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Жігіттің тентек болмағы – биінен, баланың тентек болмағы үйінен», «Ұл ұлты-әкеге, қыз ұлты-шешеге», «Жібекті түте алмаған жүн етеді, баланы күте алмаған құл етеді» деген мақалдарының да мағынасы ата мен ананың баласының абырой ұжданына қаншалықты моральдық жауап беретінін дәл көрсетеді.
Сондықтан ата-ана балалары алдында өздерін бірқалыпты ұстап, әке мен ананың өзара татулығын, сыйластығын сақтауға тиіс. Бала жақсы тәрбиені жасынан алуға тиіс. «Баланы-жастан» деп халық бекер айтпаған.
Бала отбасында, ата-ана, туысқандарының арасында көргеніне, естігеніне еліктейді. Мысалы: әкесі не шешесі ішімдікке салынған отбасында бала үйінен естіген дөрекі сөздер мен іс-әрекетті құрбылары арасында айнытпай айтып отырады. Үй ішінде өтірік айту, ұрлық жасау, алдау т.б. жат қылықтар бала тәрбиесіне теріс ықпал болады. Мұндай отбасыларда өздерінің теріс ықпалдарына мән бермей баланың жағымсыз қылығын,кесек қылмыстарын сезгеннен кейін ғана кінәліні іздейді, өкінеді. Бірақ балаға тыйым сала алмай, ие бола алмай қалады.
«Қарды қылау өсіреді, баланы сылау өсіреді» деген. Қорқытып, ұрысып айтқан адамға дарымайды. Кейбіреулер балаларына ұрысып, ызғар көрсетіп, қорқытып, ықтырып тәрбиелеуге тырысса, ал екінші біреулер шектен тыс еркелетіп жібереді. Ондай тәрбиенің алды неге әкеліп тірелетіні өздеріңізге белгілі.
Шын мәнісіндегі адамгершілік сезімге тәрбиелесек, міне сол тәрбие арқылы баланың сыпайы болуына оның жақсы оқып, үлкен-кішіні сыйлауына жете аламыз.
Жақсы ұйымдасқан отбасында өмірдің белгілі бір ішкі тәртібі, яғни еңбек, демалу, тамақтану, сабаққа әзірлену, ойнау, қыдыруға шығу, мәдени көңіл күй көтеру, тағы сондай дұрыс күн тәртібі болады.
Отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынастары жақсы болса, оның ішкі өмірі тату-тәтті болса, оның әрбір мүшесі қуанышқа, бақытты сезімге бөленеді. Осындай жағдайда салмақты, байсалды, мейлінше жігерлі, көңіл шат, қиыншылықтарды оңай жеңетін адамдар өсіп шығады.
Ата-аналардың тәрбиелеу әдістерінде үйлеспеушілік болса: шешесі рұқсат етпегенді әкесі немесе әжесі рұқсат етсе, немесе керісінше, ата-аналардың әрқайсысы балаға әртүрлі тапсырма берсе, немесе оқуыңды оқы десе, ал әкесі қыдырып қайтуына рұқсат етсе, бұл зиянды нәрсе. Ата-аналардың әрқайсысының балаға көзқарасы осындай болғанда бала олар жөнінде, өзінің ерекше «тактикасын» ойлап шығарады, мұнда әрбір ретте қайсысынан оңай рұқсат алуға болатынын ескеріп тек содан рұқсат алуды көздейді.
Жастың әрбір кезеңінде балалардың дене қабілетінің, ақыл-ойының жетілу ерекшеліктерімен есептесіп отыруға тура келеді. Алға кету де, яғни балаға қолынан келмейтін талаптар қою, ол әлі кішкентай деген сылтаумен оның дамуын қолдан бөгеу де дұрыс емес. Ең қарапайым тазалық жағдайларын сақтаудың балалардың қалыпты дұрыс өсуі үшін зор маңызы бар. Тазалық жағдайларын сақтау тұрмыс мәдениетіне баулуға, таза болуға ықпал жасайды. Үй ішінде тәртіптің болуы, жиһаздың, шаруашылық және мәдениет тұрмысы бұйымдарының, өздерінің киімдерінің таза болуын қадағалайтындай етіп тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Тұратын үйдің астан-кестен болып, лас жатцы онда тұрушылардың берекесін кетіреді де, баланың мінез-құлқында салдыр-салақтық туғызады.
Қазіргі біздің заманымызда өрендеріміздің жан-жақты тәрбиелі, мақсатты, терең білімді, қолынан іс келетін азамат болып өсуіне барлық мүмкіншілік туғызылып отыр, сондықтан да ата-аналар сол мүмкіншіліктердің бәрін толық және орынды пайдалана білулері қажет, Міне, құрметті ата-аналар, өмірде қортылып, уақыт сынынан өткен кейбір «ережелерді» естеріңізге берік сақтасаңыз екен, олар мыналар:
1. Баласы оқитын мектеппен, сынып жетекшілермен, тәрбиешілермен үздіксіз байланыс жасап отыру, солар арқылы ата-ана баласының мектептегі мінез-құлқын, іс-әрекетін, тәртібін, сабақ үлгерімін, қандай пәнге қабілеті барын байқап отыру;
2. Баласымен бірге оқитын балалардың ата-аналарымен байланыс жасап, пікір алысып отыру;
3. Мектепте өткізілетін ата-аналар жиналысына, бала тәрбиесі мәселесіне байланысты (лекцияларға) дәрістерге үнемі қатысып, онда ортаға салынатын тәжірибелерден үлгі алып отыру;
4. Баланы отбасында еңбекке, қарапайымдылық пен кішіпейіл мінезге тәрбиелеу. Балаға еңбектің қасиетін сездіріп, еңбек арқылы ғана қадір-құрметке ие болатынын үнемі айтып отыру;
Балаға «Тауға шықсаң талабың зораяды», «Өнерді үйрен де, жирен» деген нақыл сөздердің мағынасында өмірге керектің бәріне үйретуге ұмтылдыру, соған тәрбиелеу керек.
5. Баланы өзіне лайықты киімнен қағажу жасауға болмайды. Ол ақыл тоқтатпағандықтан туатын кейбір мінездер мен істеріне кешірім жасап, бірақ мұндай істің дұрыс емес екенін, оны қайталамауын ескере отырып, ұстамды байсалдылықпен тәрбиелеу керек.
6. Баланың күнделікті оқудан кейінгі бос уақытында дұрыс демалуына, өзі жақсы көретін іспен шұғылдануына мүмкіндік туғызу керек.

Ұлы революцияшыл – демократ Чернышевский: «Баланың зейіні нашар, ақылы өткір емес деп ойлаймыз, жоқ олай емес, баланың тәжірибесі ғана жоқ, ал ақылы өткір, қиялы жүйрік, себебі үлкен кісілердің кез келгендеріне ұғындыра алмайтын алгебралық қиын есептерді 12 жасар бала оқып үйрене береді ғой»
Міне, осы көрегендікпен айтылған пікірлерге қарағанда, баланы әлі кішкене немесе түсінуі мен қабілеті шамалы деп қомсынбай, онымен ересек адамша сөйлесіп, оның ой-өрісін дамытып өрістету керек.
Қорыта айтқанда бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыпымызды, дінімізді, ата-аналарымыздан қалған насихат мұраларын балалардың санасына сіңіре білу ата-ананың басты міндеті дегіміз келеді. Сондықтан да бала тәрбиесінде ата-анананың алатын орны ерекше. Тәрбиенің көзі – ата-бабамыздан қалған дана сөздер десек, ата-ана – сол насихаттарды жүргізуші. Бұны ата-аналардың қоғам алдында үлкен міндеті десек те болады.
Баяндаманың соңында ата-аналарға сұрақтар қойып, сұхбат жүргіземін. Мысалы: «Балаңыз бос уақытында немен айналысады?», «Балаңызға қажетті қандай газет-журналдар жаздырып аласыз?», «Балаңыз күн тәртібіне бағынады ма?».


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақ отбасы.
Х. Арғынбаев. «Қайнар» баспасы 1996ж.
2. 4. Педагогика.
Ж. Әбиев, С. Бабаев, А. Құдиярова.
«Дарын» әлеуметтік –гуманитарлық университет 2004ж.
3. «Бастауыш мектеп» журналы 1996ж.

Дайындаған: Қалжанова Күлмайра Хамитовна Тәрбие.орг сайтынан Баланың бас ұстазы – ата-анасы. Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қалжанова Күлмайра Хамитовна

Ақтөбе қаласы №51 Гимназия Бастауыш сынып мұғалімі

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Баяндамалар | Логин: Күлмайра_Қалжанова
Көрсетілім: 402 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar