М.Монтессори технологиясының тәжірибедегі ерекшеліктері

  • Жүктеулер: 10
  • Көрсетілім: 1408
  • Баяндамалар
  • 18/Авг/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 19352


«М.Монтессори технологиясын қолданудың тәжірибедегі ерекшеліктері»
«Бұл жеке тұлғаның алғашқы нақты пайда болу кезеңі,
өзін ұстаудың жеке тұлғалық дамуының кезеңі. Бала дамуының
мектепке дейінгі жылдарында бірінші түйіндер байланады,
алғашқы байланыстар мен қарым – қатынастар бекітіліп,
олар іс-әрекеттің жаңа, жоғарғы бірлігін түзеді, сонымен
бірге жаңа, жоғарғы субъект – жеке тұлғаның бірлігі
пайда болады»
Леонтьев А.Н.
ХХІ ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды , инновациялық – технологиялық бағытты дамыту мақсатымен атауымыз үлкен үміттің нышаны болып табылады. Жас ұрпаққа өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы екені бәрімізге белгілі. Баланың жеке тұлға ретінде дамуы, өзіндік көзқарасының қалыптасуы, ой-өрісінің кеңеюі балабақша қабырғасында басталары сөзсіз. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды.
Бала табиғатынан білуге құмар, тумысынан-ақ өсуге, жетілуге ұмтылысы басым. Сондықтан да мынадай өркениетті заманда балабақшадағы педагогтардың ұлттық қалпымыз бен мінезімізді сақтай отырып, бала тәрбиесінің әдістерін тынбай ізденіп, жиі жаңартып отыруы тиіс.
Көптеген балабақшаларда балалар белгіленген ережелер бойынша және ересектердің бақылауында ойнап, білім алады. Әрине, жақсы педагог ойын ұйымдастырып, не кітапша оқып баланы қызықтырады, балаға аппликация жасау мен қағаздан жасалған бейнелерді желімдеуге үйретеді. Бала сол нәрсені шынымен жасауға құлықты ма? Баланың өзімен – өзі жұмыс жасауы немесе біреуді тыңдау баланың ақыл – ойын дамыта ма?
Бұл сұраққа жауапты М.Монтессоридің педагогикалық жүйесінен табуға болады. М.Монтессоридің педагогикалық технологияларын балабақшамызға ендіру, Қазақстан Республикасы дамыған 30 елдердің қатарына бетбұрыс жасап отырған сәтте, ерікті, дербес, жауапкершілікпен шешім қабылдауға қабілетті адамдардың пайда болуын қажет етіп отыр. Мұндай адамды тәрбиелеп шығару үшін, қазіргі заманның сұранысына жоғарғы дәрежеде жауап беретін бағдарламаны, жеке тұлғаны тәрбиелейтін технологияны табуы керек. Осыған орай педагогтардың қызығушылығын туғызып отырған Монтессоридің тәрбиелеу мен оқыту жүйесі болып отыр.Өйткені ол баланың ойлау қабілетін суды өзіне сіңіретін жұмсақ сутартқышқа теңейді. Осыған байланысты баланы қоршаған заттық және әлеуметтік орта ерекше маңыз алады. Ересектер ортада бала дамуы үшін қажеттінің бәрін таба алатын әр түрлі және бай сенсорлық (сезімдік) әсерлер алатын, дұрыс сөздерді, позитивті әлеуметтік жүріс-тұрысын, заттармен рационалды жұмыс істеуді «сіңіретін» ортаны жасау керек.
М.Монтессори әдісі әрбір тәрбиеленушіге деген даралы тәсілдемеге негізделген. Бұған сәйкес балдырғандар мен бүлдіршіндер дидактикалық материалдар мен сабақ ұзақтығын әрдайым өздері таңдай отырып, өзіндік ағыммен дамиды. Баланың моторикасын және сенсорикасын дамыту арқылы жазу, оқу және санау жүйесін үйрету басты екенін анықтады. Қай кезеңде болмасын балабақшада Монтессори әдісі өз құнын жойған емес.М.Монтессори әдісі балаларға жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдай алуына, топта немесе жеке жұмыс жасай алуына, таңдау жасай алуына, өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сенімділікпен қарауына мүмкіндіктер береді. Бұл әдістің мақсаты – балалардың табиғи мінезін, қызығушылығын, қабілетін тәрбиешінің нұсқауымен емес, өз еркімен тәуелсіздік рухында тәрбиелеу. Педагог мұнда тек бақылаушы рөлін атқарады.
М.Монтессори үшін адамның рухани дамуы оның психофизикалық дамуымен тығыз байланысты. Монтессори үнемі интеллект, ойлаушылық қабілеттердің, жалпы дамуы үшін қабылдау және сезім мүшелерінің, қимылдық аумақтың дамуы маңызды рөл атқаратынын көрсетіп отырды. Бұл әдіс әрбір жеке баланың қажеттілігіне, қабілетіне, дарынына негізделеді. Балалар өзінің ритмі мен қарқынын анықтай алатын болса, бәрінен де жақсы оқып үйренеді.
Италяндық дәрігер және педагог Мария Монтессори (1870-1952) алғаш рет өзінің жүйесін ақылы кеміс мектепке дейінгі жастағы балаларға қолдануды 1907ж. бастады. Ол қиындығы бар кішкентай балаларға көп еңбек сіңірмей-ақ, білім мен дағдыларды жоғары деңгейде меңгеретіні соншалық, олар тіпті, дені сау құрдастарымен теңесіп, кейде асып түсетінін ерекше дамытатын ортаны жасай алды. Қазір Монтессоридің педагогикалық жүйесі – әлемнің көптеген елдерінде ең танымал жүйелердің бірі. Бұл жүйемен көптеген балабақшалар, дамыту орталықтары , тіпті, мектептер жұмыс атқарса, солардың ішінде Қазақстан Республикасы да бар.
М.Монтессори бұл әдістің негізін 100 жылдан астам уақыт бұрын салған. Соған қарамастан М.Монтессоридің педагогикалық жүйесі көпшіліктің есебі бойынша әлемдегі ең үздік 10 педагогиканың бірі болса, көптеген мемлекеттерде ең таңдаулы педагогика болып есептеледі. Бұл ортада жүйені бұрыннан пайдаланып келе жатқан Жапония, Қытай, Сингапур, Германия секілді мемлекеттерде интеллектуалды дамыған адамдардың көптігі осыған байланысты екендігіне біртіндеп көз жеткізіп келеміз. Қазақстан Республикасының көптеген аймақтарында М.Монтессоридің педагогикалық элементтерін енгізіп жатқан мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істейді.
Бала жас шыбық секілді, қалай исең, солай қисаяды. Жақсылап үйретсең, тез қабылдайды. Осы тұрғыдан алғанда Монтессори әдістемесінің еліміздің білім беру ұйымдарына енуі қуантарлық жағдай. «Анаммен бірге», «Мен өзім», «Ақылдылар» секілді орталықтар білікті, тәжірибелі педагогтар мен қызметкерлермен, дәрігер-педиатрмен, психологпен, логопедпен қамтамасыз етілген. Орталықтардың жұмысының негізгі бағыты – мектепте дейінгі балалардың еркін дамуы мен тәрбиесін қамтамасыз ету.
Бала мұнда «өзімнің жасауыма мүмкіндік бер» дейді. Балаларға дауыстап сойлеу бұл әдісте мүлдем жоқ. Педагог балаларға әр сала жайлы қызықтыра мағлұмат береді. Балалардың жас ерекшеліктері әр түрлі, 3 пен 6 жас бірге өз қалауларымен жұмыс істейді. Бұл жастың қабілетін ашуға, үлкеннің кішіге мейірім, қамқорлығын сезінуге мүмкіндік берері сөзсіз. Қай салада жұмыс жасау бала қалауында: зертханада, жаратылыстану, аспан әлемі, асхана, қолөнер, бейнелеу, сумен т.б. Еркін жұмыс істеу барысында жетістігін өзі көріп, қатесін де өзі жөндеуі – ішкі дүниесін тәртіпке баулып, жеке адамгершілік қасиеттерін дамытады. Пайдаланған заттардың ең басында қалай тұрғанын бақылаған бала жұмыс аяғында тап солай жинастырып, тазалап қояды. Мұндағы негізгі міндеттерге: балаға өз жұмысын басқаруға көмектесу, негізгі түстерді айыра білуге үйрету, ұсақ моториканы дамыту, математикалық, ғарыштық түсініктерді қалыптастыру, зейінін тұрақтандыру, тәртіпке баулу.
Монтессори материалы бес жолмен іске асады:
1. Тәжірибелік жолмен іске асатын жаттығулар – бұл баланың күнделікті өмірде өзі көріп жүрген заттарынан құралған. Қозғалыс жүйесін дамыту, қоршаған ортада тепе-теңдікті сақтауға үйрету, баланың қолын жазуға, қаламды дұрыс ұстауына үйретеді.
2. Сезім мүшесін дамытатын материалдар – (сенсорлық аймақ). Үлкен, кішкентай түсініктерін қалыптастыру. Моторикасын дамыту, заттардың көлемін, түсін, пішінін, дыбысын ажырата білуге үйрету.
3. Математикалық материалдар – баланы алғашқы математикалық ұғымдармен таныстыру, математикалық амалдарды үйрету.
4. Сөздік қорын дамыту материалдары – әріп пен дыбыс туралы түсініктерін қалыптастыру. Сөздік қорын молайту, оқуға, жазуға дағдыландыру.
5. Ғарыш орталығы – бала өсе келе қоршаған ортадағы заттармен қарым-қатынас жасай бастайды. Бұл аймақта астрономия, биология, география ғылымдарымен танысады.
М.Монтессори өз педагогикалық әдістемесін дидактикалық дайындалған ортадағы баланың өз бетінше даму жүйесі деп атаған. Монтессори материалдар бала үшін қоршаған ортаның кілті болып табылады, соның арқасында бала әлем туралы білімдерді санасына сіңіреді. Олардың көмегімен бала мәдениет пен заманауи өркениетке қосылады. Өзінің тәжірибесінде табиғатты түсініп, онда бағыт-бағдар алуға үйренеді. Монтессори бойынша жасалған «дайындалған ортада» бала өзінің барлық физикалық және рухани функцияларын жаттықтырады, өзінің жан – дүниесінің тұтастығын жасайды, жан – жақты дамиды.

Монтессори жүйесі мен дәстүрлі білім берудің салыстыру сипаттамасы
М.Монтессори жүйесі Дәстүрлі оқыту
Мақсаты Когнитивті құрылымның дамуы, баланың әлеуметтік-мәдени бейімделуі Білімнің белгілі бір шамасын жасау, баланы әлеуметтендіру.
Оқытушының рөлі Ойын әрекетінде керекті кезінде көмектесу Доминантты, белсенді әсер
Баланың рөлі Оқу үдерісіне белсенді қатысушы Оқу үдерісіне енжар қатысушы
Тәртіп Қоршаған дайындалған орта мен оқыту әдісі ішкі тәртіптілікті күшейтеді Оқытушы сыртқы тәртіптің көзі болып табылады
Топтағы балалардың жасы Әр түрлі Бірдей
Оқу бағдарламалары Баланың жеке қызығушылығы мен қабілеті ескеріледі Балалардың жеке қызығушылықтарын ескермейді
Білім базасын құру Оқыту материалдарының көмегімен бала өзінің тұжырымдамасын жасайды Баланы белгілі бір ұғымдарға педагог жетелейді
Материалдармен жұмыс істеу уақыты Бала өзі таңдап алған тақырыппен қанша қаласа, сонша айналысады Балаға педагог белгілеген шектелген уақыт береді
Жаңа ұғымдарды үйрену Жеке ерекшеліктеріне байланысты хабарды ұғынады Оқыту жылдамдығы «топтық нормалар» талаптарымен келісіледі
Қателіктерді түзеу Бала өз бетімен кері байланыс механизмінің көмегімен өзінің қателіктерін түзейді Көбіне жұмысты тексергенде педагог түзейді
Оқыту нәтижесін пысықтау Ішкі үдеріс: Өзі таңдап алған, өзін құрметтеу сезімдері болған кезде нақты әрекетті қайталау арқылы Сыртқы үдеріс: өтілген материалдарды механикалық түрде қайталау арқылы
Балалардың қимылдық белсенділігі Бала өзіне ыңғайлы жерде жұмыс істейді, бөлменің ішінде еркін қозғалады, басқаларға кедергі жасамас үшін қатты сойлемейді, топтық жұмыс балалардың қалауымен болады Шектелген. Бала негізінен өз орнына отырады, сабақ кезінде ол тыныш отырып, педагогтың айтқанын мұқият тыңдайды.
Ата-ананың қатысуы Оқыту үдерісіне белсенді қосылу үшін ата-аналарға арналған арнайы бағдарламалар бар Қалауы бойынша. Ата- аналар оқыту үдерісінің белсенді қатысушылары болмайды

Монтессори технологиясының мектепке дейінгі білім беру салаларында алар орнының орасан зор екендігін көрсетеді. Монтессори технологиясының әдіс-тәсілдерімен таныса келе, мен педагог ретінде өз тобыма күнделікті балаларды қызықтыру және жан-жақты дамыту мақсатында қолдануды енгізе бастадым. Балалармен Монтессоридің топта қолданылатын бірнеше материалдарын пайдаланудамын. Атап айтатын болсам, І сәбилер тобының тәрбиешісі болғандықтан, жас мөлшеріне сәйкес түймелері, сыдырмасы, жапсырмасы, бауы бар рамкаларды балалардың ұсақ қол моторикасының дамуы үшін және күнделікті өмірде кездесетін аяқ киімбауын байлауға, киімдерінің түймесін түймелеуге, сыдырмаларын өз еріктерімен қадай алуларына көп септігін тигізері анық. Сонымен қатар геометриялық денелерді көру және сипап сезу мүшелері арқылы ажыратуға тырысады. Манна жармасында сурет салуға арналған қақпағы бар қорапша, қыстырғыштарды түр-түсімен қадау т.б. қолданысқа енгізебастадым. Балалардың өз- өзімен болуына, өзі қалай қаласа солай жасауына кедергі келтірмеу керектігін де басты назарда ұстанудамын. Болашақта өз ісіне жауапты, шешім қабылдай алатын тұлға қалыптассын десек, тәрбие үдерісінде одан әрі бекітіліп, қолдауға ие болу керек.
Сөз соңында М.Монтессоридің кейбір өсиеттеріне тоқтала кеткенді жөн көрдім:
- Егер өзі қажет етпесе, ешқашан баланы мәжбүрлеме.
- Ешқашан бала туралы жаман сөз айтпа.
- Бала бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуға талпын, нәтижесінде оның бойындағы жаман қасиеттер азая бастайды.
- Баланың үндеуіне назар аудар, әрқашан сауалмен келген баланы мұқият тыңдап, жауап бер.
- Қателескен баланы сыйла, өйткені ол өз қатесін қазір немесе артынан түзей алады.
- Демалып не басқалардың жұмысын бақылап отырған баланы сыйла, ешқашан оның атын атап шақырып, белсенді іске мәжбүрлеме.
- Баламен қарым-қатынаста әдепті мінез-құлық үлгісін көрсет және балаға өзіңнің бойыңдағы барлық жақсы қасиеттеріңді ұсын.
Баланың қабілетін қаншалықты ерте ашып дамытса, оның нәтижесі де жемісті болмақ. М.Монтессори технологиясы бойынша «оқы, оқы» деп күштеп емес, ойын арқылы оқыту және баламен дербес тіл табысуға негізделген жаттығуларды таңдап алу қажет. Монтессори әдістемесінің балабақшаларымызға енгізіле бастауы жақсы бастама деп ойлаймын. Жоғарыдағы аталған өсиеттерді балалармен қарым-қатынаста қолданып, бала жан-дүниесіне үңіліп, оны түсінуге барынша тырысуымыз қажет. Бала өсіп келе жатқан жас өскін, оның бойындағы жақсы қасиеттерді ашып, оның қабілетін шыңдай түсу үшін, тек дұрыс ұйымдастырылған тәрбие мен білім беру қажет екенінестен шығармағанымыз абзал.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Монтессори М. Балалар үйі. Ғылыми педагогика әдісі. – Гомель, 1993. 332б.
2. Сорокова М.Г. Система М.Монтессори. Теория мен практика. Москва, 2005.
3. Венгер Л.А. 6 Пилюгина Э.Г. Воспитание сенсорной культуры ребенка.- 1988. 146ст.
4. Поддьяков Н.Н. Способы сенсорного воспитания в детском саду.
5. Курашова Р.А. Сенсорное развитие дошкольников, - М. Новое знание, 2006. Тәрбие.орг сайтынан М.Монтессори технологиясының тәжірибедегі ерекшеліктері Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Есенаманова Акмарал Нурлановна

Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы, "Мөлдір бұлақ" шағын орталығы тәрбиеші

Пікірлер: 0

avatar