Неліктен мен және менің мектебім өзгеруі керек?

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 629
  • Баяндамалар
  • 27/Июн/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 19252


Алматы облысы
Қарасай ауданы
Ж.Бәрібаев атындағы ОМ
І деңгей мұғалімі, Г.Мерказиева

Неліктен мен және менің мектебім өзгеруі керек?
Қай мемлекеттің де болашағының жарқын болуы білімге байланысты екені даусыз. Жыл сайын Халықаралық PISA, TIMSS зерттеулері әлем елдері мектептерінің білім сапасының рейтингін жасайды. Зерттеу нәтижесінен алдыңғы жиырмалықтың қатарын дамыған мемлекеттердің құрайтынын көреміз. Неге? Неліктен әлем елдері білім беру жүйесінде реформалар жүргізіп жатыр деген сұрақтың жауабы «мен мұндалап» тұрғандай. Себебі, бұл мемлекеттер білім саласын ретке келтірмей, ешқандай оң нәтижеге қол жеткізу мүмкін еместігін мойындаған. Сондықтан да олар ХХ ғасырдың 80 жылдарынан бастап білім саласында кең көлемде реформалар жүргізді. Ғылыми-техникалық прогресс зор қарқынмен қарыштап алға кетті. Әлем өзгеруде. Ал, біздің оқушыларымыз теориялық білімі болғанымен де, оны өмірде шешім қабылдау мен іс-әрекет таңдауда қолдана алмайтындығын көрсетті. Сол себепті, ТМД аумағындағы мемлекеттер де, соның ішінде Қазақстан да дамыған мемлекеттердің білім беру жүйесіндегі ұтымды жақтарын зерделей отырып, білім саласында реформалар жүргізіп, өзгерістер енгізуде. Осыдан келіп, жаңа білім технологияларын енгізу арқылы «дәстүрлі» оқытуды ығыстырып, оқушылардың танымдық белсенділігі мен сын тұрғысынан ойлауын қамтамасыз ететін сындарлы білім беру моделіне көшу қажеттігі туындады. Ол үшін оқытуды әлеуметтендіре отырып, оқушылардың бойында көшбасшылықты қалыптастыру және осыны үйлестіретін мұғалімдердің көзқарастары мен ұстанымын өзгерту керек. Себебі, Пажарес (1992) оқыту стилін таңдағанда мұғалімнің білімділігінен гөрі, ұстанымға негізделген ой тоқтамдарының ықпалы күштірек екенін дәлелдеген. Демек, қазіргі таңда «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?», « Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» мәселелері ең басты назарда тұруы маңызды.
Дамыған мемлекеттердің қазіргі өмір салтын зерделей келе, олардың экономикалық қуаты, халықтың әл-ауқаты мен халықаралық қауымдастықтағы орны мен салмағы жаңа технологиялардың сапасына тікелей байланысты деуге болады. Сондықтан да әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген мемлекеттердің мектептерінде сындарлы оқыту теориясы негізінде білім беру қолға алынған. Бұл тәсілдің басты ерекшелігі, оқушылардың білімді жәй меңгеріп қана қоймай, оны орынды жерінде қолдана білуін көздейді. Ғаламтордан алынған ақпаратта дүниежүзінің аса дамыған елдерінің ішінде ең үздік білім жүйелері Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Ұлыбритания, Германия, АҚШ т.б. қалыптасқаны және де зерттеушілердің пікірінше, бұл елдердің оқытушылар дәрежесі жоғары екендігі айтылған.
Мысалы, Оңтүстік Кореяда бастауыш мектептің өзі 8-14 жас аралығын қамтиды. Онда негізінен нақты ғылымдар мен тілге, математикаға, бейнелеу өнеріне назар аударылады. Әрбір келесі сатыға өту емтихан балымен емес, оқушының жасымен анықталады екен. 12-15 жас аралығындағы балалар орта мектепке қабылданады. Мұнда талап жоғары: 6 негізгі пәннен басқа мамандыққа баулитын жетінші пән оқытылады. Және ол пәндер жыл сайын өзгертіліп отырады. Әлемдегі білімнің сапасы жайлы өзінің жылдық баяндамасында ЮНЕСКО Кореяның білім жүйесін «ең үздік» деп таныды. Ұлыбритания еліндегідей Оңтүстік Кореяда мұғалімдердің жылдық жалақы мөлшері 32 мың долларды құрайды екен. Сонымен қатар, тәжірибе жинақтаған сайын жалақы екі есе, тіпті одан да көп мөлшерде өседі. Жоғары сапалы мамандар дайындайды. Корея Республикасы мысалы, Филиппинға қарағанда, білім саласындағы мәселелерін екі есе тезірек шешкен екен. Білім жүйесіндегі қолайлы жағдай елдің экономикасының дамуына тікелей әсерін тигізген көрінеді. АҚШ-тың білім министрі Арни Данканның өзі Корея Республикасын америкалық білімдегі жағдайды реттеуде үлгі болатынын атап өтті. Себебі, Америкада ЖОО түлектері, білім деңгейі төмендігіне қарамастан, оқытушылар құрамына алынады, ал Кореяда ол тек «үздік» түлектердің 5 пайызынан ғана құралады. Және олардың сіңірген еңбегі тиісті дәрежесінде бағаланады екен. Бұл елдегі басты мақсат - техниканың жаңа түрлерін ашу, оны білім саласына енгізу арқылы жастардың сол техникаға әуестігін білім алумен алмастырып, жоғары жетістіктерге қол жеткізу, бұның бәрі SMART оқыту негізінде жүзеге асырылады. Яғни, адам өмір бойы оқып, жаңа білім мен технологияны меңгере отырып, инновациялық мүмкіндіктерін дамытады. SMART оқыту – бұл SMART құрылғыларды пайдаланып, креативтілікті қалыптастыру, қабілетіне қарай дербес болуын қамтамасыз ететін бейімделген білім беру болып табылады. Сондықтан компьютерлік техника, түрлі дәрежедегі ұялы телефондар оқушылардың айнымас серігіне айналған көрінеді. Корея мектептерінде көбіне, математика мен ағылшын тіліне басымдық берілген. Баға маңызды емес. Тағы да бір елең еткізген және бұл елдің адамгершілік қырын көрсеткен жайт, мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше назар аударуы болды. Арнайы мектептерде әр түрлі факультатив, үйірмелер арқылы олардың жан-жақты дамуына, қоғамда бейімделе алуына көңіл бөлінген.
Финляндияның білім беру жүйесінде мектепке дейінгі білімге аса көңіл бөлінеді, және білім беру жүйесі үздіксіз жүзеге асырылады, және өзара сенімге негізделген. Финляндия мектептерінде оқушылар ұлттық емтихан тапсырмайды, оқушы екінші жылға қалдырылмайды. Ең басты қалыптасатын бейімділік – оқушылардың еркін ойлауы, өз іс-әрекеттерінің нәтижелерін талдап, бағалай алуы. Оқушылар қызығушылығына қарай өзі ұнатқан нәрсемен айналысады. Олар өз ойын толық жеткізуге, талдап, сын айтуға үйренеді. Оқыту үрдісінде ойындар ойнатылып, драма, қойылымдар қойылады. Бұның барлығы ойлауды дамытуға, оқушылардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған. Финдік білім беру жүйесінің бір ерекшелігі, бұнда жоғары сатыға жылжу «үздіксіз білім» принципімен жүзеге асады. Сондықтан да тізбектелген үздіксіз білімнің арқасында оқушы бір сатыдан екінші сатыға ауысқанда еш қиындықты сезбей қалады. Яғни, баланың қалыпты дамуына еш кедергі жоқ. Мектептерге рейтинг жасалмайды, оқыту теңқұқылы білім принципіне негізделген. Мектептің негізгі сатысында барлығы бірдей жоғары деңгейді көрсетуі керек деген талап қойылады екен. Финляндияда, әсіресе, мұғалімге деген құрмет ерекше. Олардың жалақысы да жоғары. Мемлекет өз тарапынан педагогикалық кадрлар құрамының жасарып отыруына үлкен мән береді. Сондықтан да шығар, фин елінде бұл мамандыққа ұмтылған жастар көп. Финляндия Европа елдері арасында сауаттылығы жағынан алдыңғы қатардағы мемлекет болып саналады.
Сингапур алғашында, Англияның коллониясында бола отырып, білім жүйесін британдық үлгіде құрған. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін табиғи ресурстары болмағандықтан, елге шетелдік инвесторларды тарту және экспорттауға бағытталған экономикаға көшу үшін интеллектуалды модернизация жолына түскен. Елді сауатты және техникалық білімі бар мамандармен қамтамасыз ете отырып, 45 жылдың ішінде білім жүйесі бойынша Ұлыбританияны басып озды деуге болады. Он жылдық білім жүйесі бар. Балаларға алты жастан бастап, сан түрлі оқу бағдарламалары аясында білім беріледі. Сыныпта 40 балаға дейін болады, сондықтан сабақ топтық жұмысқа құрылады. Сингапурда білім екі тілде беріледі: ағылшын тілі – халықаралық қарым-қатынас пен білім, сауда саясатын жүзеге асыру үшін, ал қытай тілі Азиялық бизнесті жүргізуге тиімді деп саналады. Оқушылардың біліміне талап өте қатаң. Қабілетті, дарынды мамандар мен көшбасшыларды тәрбиелеу үшін сингапурлықтар өмір бойы оқып, жаңа технологияларды игеріп, өзіне жауапкершілік пен міндеттерді алып отыратын ынталандыру ортасын құра білген бірден бір ел екендігін байқауға болады.
Дамыған мемлекеттердің ішінде Жапонияның бала тәрбиесіндегі мәселелерде біздің ментолитетімізге келетін кейбір тұстарын көрдім. Мысалы, «балаңды бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, 14 жасқа дейін құлыңдай жұмса, 14-тен соң досыңдай сырлас» деген ұстаным біздің қазақ халқында да бар. Жапондықтар қыздарын болашақ жар, ана деп есептеп, сол бағытта тәрбие береді. Баласының тәрбиесі мен оқуына анасы жауапты, ал әкесі табыс табушы. Бала 5 жасқа келгенше емін-еркін өседі. Балаға дауыс көтеру жапондықтар үшін жат нәрсе екен. Біздің халқымызда бұл ұстаным болғанымен де, көбінде баланы тыйыммен тәрбиелейміз. Тыйым сөздеріміз де көп. Одан жаман болып жатырмыз демеймін, бірақ баланың «бала кездегі ойынын тыямыз деп, өскендегі даналығын тыйып жатқан жоқпыз ба» деген ой туындайды. Жапонияда бәсекелестік ерте жастан орын алады, себебі жақсы білім алған балалар ғана мемлекеттік жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, мемлекеттік қызметке қабылданады. Бұларға мүмкіндік бір-ақ рет беріледі, сондықтан жапон жастарының бар қиындығы оқуда. Сонау 1870 жылдан бастау алған Lesson Study оқыту әдісі сол мемлекеттің білім жүйесіне өзгерістер енгізіп, инновация мен экономика саласына жаңа серпін әкелгені рас. АҚШ-тан бастап, дамыған мемлекеттердің бәрінде дерлік осы оқыту әдісі білім саласына енгізілген, нәтижесін барлық әлем мойындап отыр. Бұл әдістің басты идеясы - балалардың ойлау еркіндігі, әр нәрсенің шешімін баланың өзіне тапқызу, дарындылықты қолдау мен көшбасшыларды тәрбиелеу.
Еліміздің білім беру жүйесін дамыған мемлекеттермен салыстырар болсам, өзіндік ерекшеліктерін көруге болады. Бізде де мектепке дейінгі білім беру қолға алынған. Біздің елімізде бір ғана мектеп жүйесі қалыптасқан. Орта білім беру жүйесінде мемлекеттік үлгідегі бір ғана құжат беріледі және жалпы орта білімді 11 жыл көлемінде алу міндеттеледі. Осы орта білім туралы аттестат алу үшін тест тапсырады. Бұның да өзіндік кемшіліктері бар деп ойлаймын, себебі «бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, осындай шешуші сәтте жақсы оқыған оқушыларымыз өз білімдерін дәлелдей алмай жатады. Себебі, мектептерде осы уақытқа дейін «жаттанды» білім беріліп келді. Сыныптан тыс жерде, өмірде бұл білімдерін қолдана да алмайды. Осылайша, қолданыстағы білім мазмұны, оқыту әдістері білім сапасын сын көтермейтіндей дәрежеге төмендетті. Сондықтан да елімізде білімді әдіснамалық және мазмұндық жағынан түгелдей қайта қарау ұсынылды. Бастама ретінде «Болашақ» бағдарламасы негізінде жастарымыздың шетелдің озық жоғары оқу орындарында білім алуына жол ашылды. Мектептерде «үш тілдің тұғырлылығы» айқындалуда. Назарбаев зияткерлік мектептері ашылып, сындарлы оқыту бағдарламасы негізінде білім беру қолға алынуда. Бірақ бұл мектептерде оқу барлық оқушыға қолжетімді емес. Сондықтан оқыту технологиясын таңдап, оны жүзеге асыратын мұғалім қауымының ұстанымын өзгертіп, кәсіби шыңдау үшін Республика көлемінде 3 айлық деңгейлік курстар ұйымдастырылды.
Деңгейлік бағдарламамен оқыған мұғалімдер мектептерге тың серпін, жаңа леп әкелді. Қазір мектепте сабақтар оқушылардың топтық жұмысы түрінде өтеді. Мектептің оқыту тәжірибесіне педагогикалық қуатты құралдарды біртіндеп енгізу оқушылардың оқу сапасын арттырып, мектептің білім сапасына да оңтайлы әсер етуде. Жаңа форматтағы бағалау түрлері мен әдіс-тәсілдері, мұғалімдер мен оқушылардың көшбасшылығы, сын тұрғысынан ойлауы, жас ерекшеліктеріне сәйкес әлеуметтік қарым-қатынасты дамыту – мектептің жан-жақты алға қарай жылжуына септігін тигізеді деп білемін. «Заманына қарай - адамы». Жас буын «компьютердің құлағында ойнайды», ал мұғалім оны меңгермесе, оқушының алдында қандай беделі болмақ. Сондықтан да мұғалім қауымына өзгеру керек, өзінің ұстанымын өзгертуге талпынуы керек. Тәрбие.орг сайтынан Неліктен мен және менің мектебім өзгеруі керек? Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Гулмира Кенесовна Мерказиева

Алмта мектепаты облысы Қарасай ауданы Көлашы ауылы Ж.Бәрібаев атындағы ор химия пәні мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar