Шәкәрім өлеңдеріндегі таза адам, таза ой категориялары.

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 757
  • Баяндамалар
  • 15/Май/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 22812


Шәкәрім өлеңдеріндегі таза адам, таза ой категориялары.

Осы жұмысым бойынша негізгі түйіндемелерге тоқталып отырмын. Көркемдік таным қаламгер өмір сүрген орта мен оның дүниеге көзқарасы негізінде қалыптасады. Шәкәрімнің өлеңдері оның терең философиялық ой-танымымен ұштасып, жалпы адамгершілік мәселелеріне байланысты шумақтарының өзі үлкен мағыналы болып келеді. Шәкәрімнің көркемдік ойлау, көркемдік сана мен адамгершілік бағыт-бағдарда таңдаған жолы Абай ұсынған имандылық, ар жолы. Шәкәрім өз өлеңдерінде Абайдың асқақ поэзиясына сүйенетінін әрқашан көрсетіп отырады. Мәселен, Шәкәрімнің «Жастарға» деген өлеңінде қазақ жастарының жалпы қазақ елінің болашағы дұрыс болуы үшін Абай атамыздың адамгершілік жолын ұсынады. Себебі, жастар халық болашағы, қараңғылықтан, надандықтан шығудың үміті екенін Шәкәрім анық біледі. Cондықтан Шәкәрімнің таңдаған жолы- таза адам тәрбиелеу. Ал, таза адам адамгершілікпен асқақ мақсаттарды алдыға қойғанда ғана шықпақ. Осы өлеңінде ақын жастарды арамдық, айлакершілік, зорлықсыз мал табудың жолын іздеуден бастайық!» -дейді
Ал енді олай болса кімді алалық?
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық
Шын іздесек табармыз шыны ғалым
Күнде күйлей бермелік бозбалалық
- деп қазақтың арасынан шын ғалым іздейді. Келесі шумақтарда осындай ғалым ретінде Абайды таңдап, Абайдың ақындық тұлғасына баға береді. Қазақ әдебиетінде алғаш рет Абайдың ақындық, ғалымдық болмыс-бітіміне баға берген де Шәкәрім болатын.
Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.
Тегін білсең - аласың, бос береді.
Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан
-деп, Абайды ақыл сатушысы ретінде көрсетеді. «Бұл оның шын ниетімен, адал жүрек, ақ көңілімен айтқан адамгершілік қағидасы, жай қызыл сөз, жалған ұран, даурықпа шақыру емес! Бұл Абайдың адамгершілік асыл идеясы, Абай гуманизмі» - деген, Қ.Мұхамедханов пікірі ойымызды дәлелдей түседі.
Құрбыласы қулық пен айла баққан,
Олардан алдамшы деп көңілі қайтқан.
Енді бізге ақылын көрсетіп тұр,
Алушы жоқ па екен деп жастар жақтан.
-деген жолдарында Абайдың «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да, алдамаған кім қалды тірі жанда» деп торыққан, үмітін жастардан іздеген өлеңімен үндесе келіп, жастар елдің болашағы ретінде бар тілегін, ниетін ендігі келер ұрпақтан іздегенін біпдіреді. Сондай-ақ, заманның өзгеріп келе жатқаны, бұрынғы тіршілікпен қазақтың алысқа ұзай алмайтыны, ендігі билік білімдінің қолында екеніне де мән беруге шақырады. Міне, түйіндей келе Шәкәрім өзінің шығармашылық өмір жолында таза, адал адам тәрбиелеуді мақсат еткен ақын. Оның барлық шығармаларында Абай салған сара жол, адалдық пен имандылық жолы өз өрнегін тапқан.
Жарасымды мінезді жатқа аларлық,
Жанға қас жаманжықтан сақтанарлық.
Арсыз, ғайбат, өтірік, ынсапсыздық,
Бұлардан бой тасалап ақталалық.
-дегенде, ол барлық мақсат-мүддені айқындайды. Ақын өмір жолында халқын надандықтан құтқаруды ойлап, Абайдан тәлім алуға шақырады. Шәкәрімді де, Абайды да өмір бойы толғандырған мәселелердің философиялық тегін ашады.
Шәкәрімнің «Насихат» деген өлеңіндегі надандық туралы айтқанын алсақ та, философ–ақынның надандық категориясының анықтамасын бергенін көреміз.
Шын наданға білгеніңді ұқтырам деп ойлама,
Қанша бидай шашсаң –дағы болмас егін тасты жер.

Тотыға тіл үйретілсе, сөзі – адам, өзі – құс,
Сол сықылды ол наданды ермек үшін сөйлетер.

Қара тасты қанға малсаң, о да маржан бола ма?!
Тесік ыдыс су құйылса, өзі қалар су кетер.

Шын надандар білмесе егер естілердің қадірін,
Оған ұрсып сөкпеңіздер, шын ғұзырлы пенде сол.
-деген жолдардағы надан бейнесі қарапайым да, нақтылы. Ал өлеңнің көркемдігіне келсек, Шәкәрім қаламына тән реалистік сипат анық байқалады. Ақын тасты жерге егілген дәннің өнбейтіні, тоты құстың қанша сайрағанымен адам сияқты өздігінен ойлы сөз айта алмайтыны, тесік ыдысқа құйылған судың далаға кететіні сияқты қарапайым нақтылықтар арқылы қатар алынған суретті сөздермен параллель өрілген надан адам бейнесін көз алдымызға әкеледі. Бір ерекшелігі Шәкәрім наданға өкпелеу, ренжудің керек еместігін, себебі оның болмысы солай жаратылған пенде екенін де таныған.
Сонымен, надандықпен күресу – халықты оқыту, білім беру, яғни, ағартушылық жолы екенін Абай да, Шәкәрім де, Мұхтар Әуезов те білген.
Надан үшін өмірде қиындық жоқ, ол адамзаттың басындағы проблемалар туралы еш ойланбайды. Сондықтан көңілі тоқ, бір күндік өміріне риза. Енді сол надандықтан құтылу жолы көкірек көзінің ашылуы, өмірге деген басқа, адами көзқарастың қалыптасуы. Абай дәстүрін жалғастырушы ретінде Шәкәрім де қазақ арасындағы рухани надандықпен күресіп, ағартушылықпен барлық өмір жолында айналысты, өз өмірлеріндегі қандай қиындыққа қарамастан алған бағыттарынан бас тартпай, Абай идеясына аса берілген адал шәкірттері болды. Сонымен қатар, Абайдың «Заман ақыр жастары» деген өлеңіндегі:
Заман ақыр жастары
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа ,
Қойнына тыққан тастары
-деген жолдардығы ойды дамыта түсіп:
Құмары - қулықпенен жығайын деп,
Айламен аяғыма бұғайын деп,
Бәрі ішінен қанжарын байланып жүр,
Көрінгеннің көзіне сұғайын деп
- дейді. Мұндағы негізгі ой заманының кері кеткенін әшкерелеп, адамдардың біріне бірі деген сенімдері жоғалғандығы туралы айтып өтеді. Абайда біріне бірі қастық істеу үшін қойындарына тас тықса, ал Шәкәрім өлеңінде қанжар байланып, реті келсе бірінің көзіне бірі сұғуға дайын, бір-біріне деген ешқандай сенімдері жоқ адамдар әрекетінен түңіледі. Шәкәрім адамдар арасындағы қарым-қатынас күрделігі туралы ойын «Ноль» деген өлеңінде жалғастыра түсіп, жанған шамнан пайда алып, су тиіп сөнген соң керексіз болып қалатын жалған достық туралы айтады. Сонымен, қатар бұл жалған достық дегеннің қоғамдық дертке айналып бар жатқанын ескертеді.
Қаламым, қарындашым – жан жолдасым!
Жау болды, жан аяспас сан жолдасым.
Қайырылып, мейірімденіп қарамайды,
Кеше аласа, бүгін зор, паң жолдасым...
Жарқырап нұрын шашып, жанады шам
Талайлар пайда алады жарығынан.
Су тамып, не жел тиіп сөне қалса,
Көрмей, басып, таптайды пайда алған жан..,
- дейді. Мұнда ақынның зарланайын деген ойы жоқ, бірақ ақ көңіл, адал жүрек, арлы істі серік еткен адамдардың сиректігіне іші қынжылады. Өзінің бұрынғы дос деп жүргендері бір сәтте маңайынан алыстап кеткендігін көріп, шын досты өмірде табу қиын екенін айтады. Сөйтіп, көңіл күйін осылай шертіп, ақын барша оқырман қауымына ой салады:
Демеймін мұңымды айтып зарланайын,
Жаралыс солай қылған адам жайын.
Жарық алып жалғанды тексерсең де,
Таза жүрек таппайсың, сол уайым.
Ақынның таза жүрек таппай уайымға түсуі жеке басының қайғысы емес, жалпы халық мұңын шертеді. Өзіне пайда келтірген адамның басына іс түскенде теріс айналып кету, қол ұшын бермек түгіл одан сайын басып-жаншу жалпы адам жаратылысында бар дүние екенін трагедиялық тұрғыда алған ақын мұңы да бір халық басындағы қайғы емес, қазіргі замандағы жалпы адамзаттық проблема. Сонымен қатар, Шәкәрім өлеңінің өміршеңдігі – ол көтерген мәселелердің бір қоғамдық-әлеуметтік ортада ғана болатынында емес, жалпылық сипатында.
«Мал жимақ» өлеңі Шәкәрімнің лирикалық тұлғасының ағартушылық көзқарасын айқындайтын өлеңдерінің бірі. Өлеңнің негізгі идеясы дүние, дәулетті біреудің алдында мақтану үшін емес, оқу – білім алып елінің қажетіне жарау үшін жинау керек деген ойдан шыққан. Дүние, мал туралы айтылған «малым жанымның садағасы» деген қазақ ой-танымының байламды тұсын Шәкәрім: «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи» - деп өзінше түйеді. Шәкәрім білімді, философ ақын болғандықтан әр нәрсенің байыбына терең үңіліп, әр сөзге мағына дарытып, әр шумақты философиялық байламға айналдыра білген. Ақын еріншектік, жалқаулық туралы, оны болдырмаудың жолдары туралы «Еріншек» өлеңінде «Еріншектіктен салақтық, салақтықтан надандық, жоғалар сөйтіп адамдық» - деп бір байлам айтса, «Мал жимақ» өлеңінде «жатып ішкен жан» тілі ой ойлауға ерінетінін айтады. Ал, ойламау, харакет етпеу, қозғалмау нағыз надандықтың бастауы екенін көрсетеді. Шәкәрім теолог ғалым ретінде де әр түрлі философиялық концепт категориялардың мағынасын өз шығармаларында үнемі ашып отырған.
Шәкәрім поэзиясынан таза адамның тұлғалық болмысын тануға болады. «Баста таза жаратты, сен таза бол, Ұқсаң, анық айттым ғой – бұл тура жол» - деген өлең тармақтары адал адамның өмірлік ұстанымы – қағидасы болуы керек екенін айтады. Қорыта айтқанда, Шәкәрімнің осы өлеңдерін «таза өмір сүрудің ережесі» деп білемін. Тәрбие.орг сайтынан Шәкәрім өлеңдеріндегі таза адам, таза ой категориялары. Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Ережеповова Динара Жугенбаевна

ШҚО Семей қаласы " № 39 жалпы орта білім беретін мектеп" КММ Қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar