«Өскелең ұрпақты діни экстремизм мен терроризм идеологиясынан сақтандыру жолдары».

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 3823
  • Баяндамалар
  • 30/Апр/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 18896


«Өскелең ұрпақты діни экстремизм мен терроризм идеологиясынан сақтандыру жолдары».

Қойшекен Светлана Жақсығұлқызы
Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау орта мектебі
Тарих пәнінің мұғалімі
Қазақстан аумағында ертеден тамырын терең жайған ислам діні тәуелсіздіктен соң қайта түлеп, қазір елдің коғамдық-саяси өміріндегі өз орны мен маңызын айшықтай түсуде. Ислам жергілікті халықтардың сенім жүйелерімен, құқықтық және адамгершілік заңдылықтарымен, философиясымен, мәдениетімен араласып әрі олардың әсеріне ұшырай отыра, өзі де ықпалын тигізді. Соның нәтижесінде ол өзі тараған аумақтардағы халықтардың салт-санасына етене кіріп, діни-рухани, мәдени құндылықтарының біріне айналды.
Ислам діні адамзатты бейбітшілікке, татулыққа, ынтымаққа, ізгілікке, әділдікке, тазалыққа, тура жолға үндейді. Осы дінді ұстанудың, бабалар дәстүрін жалғастырып, халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, өскелең ұрпақты оған тәрбиелеудің демократиялық негізгі бағыты мен маңызы Ата Заңымызда көрсетілгендіктен де біз зайырлы мемлекеттер санатына жатамыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп көрсетілген.
Діни экстремизмнің пайда болуы мен көріністері бұл күндері жан-жақты зерттеліп, оған қарсы тұрудың саяси-әлеуметтік, құқықтық тетіктері жасалды әрі олар жылдан-жылға жетілдірілуде. Соның нәтижесінде бірқатар кері ағымдар қызметі тоқтатылып, олардың теріс әрекеттері халық алдында әшкереленді. Экстремизм-латын тілінен енген термин, сөздік мәні «соңғы, шеткі» деген мағынаны білдіреді, саяси мағынасы экстремизм бойынша – бұл шектен шыққан көзқараспен және іс-әрекетімен ерекшеленетін күрделі әлеуметтік феномен. Сонымен қатар, бұл тікелей немесе жанама түрде зайырлы қоғамдағы демократияны жоққа шығаратын саяси қызмет түрі.
Діни экстремизм ұғымы - шынайы діннің негізгі қағидаларынан, қазіргі қолданыстағы ұлттық заңнамалардың және халықаралық құқықтық қағидаларынан тыс шектен шығу дегенді білдіреді. Арнайы сөздік бойынша –«діни экстремизм» - басқа діндерді ұстанушы адамдарға төзімсіздік танытып, соған сәйкес қоғамға қарсы, көбінесе құқыққа қайшы, соның ішінде азаматтарға қарсы күш қолдану әрекеттерге шақыру.
Діни экстремистік әрекеттердің Қазақстан жерінде бой көрсетуі әртүрлі жағдайлармен түсіндіріледі. Мәселен, ресейлік сарапшы А.Собяниннің пайымдауынша ислам радикализмін тарату- мұсылман емес елдердің арнайы қызмет орындарының мақсатты ісі. Ал ислам елдері ішінде радикалды исламды араб елдері мен Пәкстан қолдайды.
Сондай-ақ Қазақстандағы діни ахуалдың өрбуі оның ішкі жағдайымен ғана емес, Орталық Азия және алыс-жақын басқа елдердегі саяси-әлеуметтік ахуалмен де байланысты деген де пікірлер айтылады.
Исламды зерттеп жүрген ғалым-сарапшылар Қазақстандағы діндар жамағаттың ағымдарға бөліну себептерін, алдымен, әлеуметтік факторлармен байланыстырады, яғни өмірден орнын таппаған, тұрмыс-тіршілігі нашар адамдар көп жағдайда, көңіл жұбаныштарын діннен табуға тырысады. Осы оңтайлы жағдайларды өз мақсаттарына пайдалануға ұмтылған радикалды идеологияны таратушылар өз орнын таппай жүргендерге Құран сөздерін өздеріне қажетті мазмұнда түсіндіріп миларын улады, осылайша, «тығырықтан шығар жолды» көрсеткен болады.
Жалпы экстремизм деген терминге қазіргі әлем ғалымдары мен сарапшылары түрлі мағыналар берген. Бірақ ортақ бір шешімге келмеген. Бір анығы ол қоғамға, мемлекетке және жалпы қоғамға, мемлекетке, жалпы әлемге қауіп төндіретін құбылыс. Ал, соның ішіндегі діни экстремизм дегеніміз-дәстүрлі дінді бұрмалап, жат «идеяны» белсенді насихаттау, зайырлы жүйеге қарсы әрекет ету. Экстремизмнің негігі белгілері:
1.Мемлекетке диктатура орнатуды ашық жариялайды, яғни, бұл дегеніңіз елдегі азаматтардың елдегі азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын кемсіту;
2.Елдегі конституциялық құрылымды үзілді-кесілді мойындамайды, оны зорлық-зомбылық күшімен жоюға және билікті заңсыз басып алуға ашық түрде насихаттайды;
3.Заңсыз қарулы жасақтар құрады;
4.Елде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл және діни алауыздықты қоздырады, сонымен қатар, осы ерекшеліктер бойынша азаматтардың құқығын шектеуді мақсат етеді;
5.Елде белгілі бір ұлттың немесе діни конфессияның тоталитарлық режимін орнатуға мүмкіндік береді.
Діни экстремизмнің шығуының басты үш негізі бар. Біріншісі, діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып табылады. Екіншісі, діни сауатсыздықтың кесірінен теріс пиғылды ағымдардың өкілдерінің сөзіне еріп, надандықтан шыққан соқыр сенім. Бұл қазіргі қоғамда болып жатқан құбылыс. Ал, үшіншісі әлеуметтік мәселелер. Айналысатын ісі жоқ, жұмыссыз жастардың болашаққа сенімсіз жағдайын пайдаланып экстремистік идеологияны саналарына сіңіреді.
Секталар қоғамда діни және этникалық төзімсіздікті, отбасы ішінде араздықтардың пайда болуына жол ашады, сөйтіп, социумның негізі мен адамдардың арасында дәстүрлі этикалық және ішкі этникалық қарым-қатынастардың жойылуына ықпал етеді. Соңғы жылдары Қазақстанда әр түрлі дәстүрлі емес, экстремистік пиғылдағы «мұсылман секталары мен ағымдары» тарап кетті. Шығыс Азиядан, Батыс Еуропадан да келіп уағыз жүргізіп жатқан миссионерлердің де саны аз емес.
Діни экстремизмнің көріністері қазіргі заманда жастардың жат ағымның идеологиясына еліктеп, соқыр сенімнің жетегімен зайырлы қоғамға қарсы әрекет етуі. Діни экстремизмнің көрінісі ретінде ғаламтор кеңістігіндегі мұсылмандардың қысымға ұшырауы, әсіресе АҚШ, Еуропа, Израильдегі, Ресейдегі, Кавказ аймағындағы мұсылмандар туралы ақпараттарды қанға бөккен адамдардың суреттерді, бейне-материалдарды ашық көрсету арқылы күллі әлемді мұсылмандарға жау ретінде көрсетуғе ұмтылуы діни экстремистік идеялардың тарауын айтуға болады.
«Террор» және «терроризм» терминдері «қорқыту, үрейлендіру, шошыту, қаймықтыру» деген мағынаны білдіреді. Терроризм мен экстремизмнің ислам діні мен мемлекеттік ережелерге қатысты радикалды түрде терістеу арқылы әрекет жасайтын топтар мен жеке тұлғалардың теріс пиғылы. Терроризм дегеніміз – жеке тұлғалардың немесе ұйымдасқан топтардың, халықтың нақтылы топтарына немесе мемлекеттік органдарға заңды түрде шешілуге мүмкіндік болмаған жағдайда өз мақсаттарына жету үшін, саналы түрде қысым немесе күш көрсету. ХХІ ғасырда терроризмнің түрлері, бағыттары, мақсаттары, мәні өзгере бастады. Әр түрлі террористік ұйымдар діннің немесе бір ұлттық идеологияның атымен жамылып, өз мақсаттарына жету үшін әр түрлі террористік, тіпті экстремистік әрекеттерге барып жатыр. Терроризм мен экстремизмнің ислам діні немесе басқа да бір дінге ешқандай қатысы жоқ. Ислам сөзінің өзі араб тіліндегі «салам», «тыныштық», «бейбітшілік» деген ұғымдарды білдіреді. Ислам дінінде терроризм, экстремизм немесе қысым көрсету, зорлық жасау адам өміріне қарсы, қоғамға қауіп төндіретін әрекеттер мен түсініктер кездеспейді. Әрі мұсылман діні басқа да дәстүрлі әлемдік діндер сияқты адамдарды тек жақсылық жасауға шақыратын дін болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» атты кітабында «әлемдегі лаңкестіктің түпкі себебі-дамудың теңсіздігінде жатыр»
деп атап көрсетілген. Н.Ә.Назарбаев діннің бөлінуші, іріткі салушы емес, керісінше, елдің етегін жабар ұйытқы, мемлекетті дағдарыстан құтқарар, халықты рухани бірлікке шақыратын фактор екенін алға тартады. Соның ішінде, әсіресе, халқымыздың құндылықтарының бастауы болған ислам діні туралы елбасымыз: «Бәрінен бұрын, біз үшін Ислам - өзімізді-өзіміз таныта алудың мүмкіндігі. Қазақ халқының басқа діни тәубе етушілікке құрметпен қарауы, олар үшін діни экстремизмді жүзеге асыру былай тұрсын, ол туралы жұрт көзінше сөз етудің өзіне тыйым салатын тиімді тосқауыл болып табылады», - деп атап көрсетті. Расында, ислам діні басқа да дәстүрлі діндер сияқты ізгіліктің өзегі болғандықтан, имандылық адамзат баласына парасат пен пайымды, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рахымды, білім алу мен еңбек етуді насихаттайды. [1]
Н.Ә.Назарбаевтың «Біздің елдің мұсылман қауымы мен дін басылары мемлекет ұстанымдарын жоғары бағалайды және жұртшылықтың басым көпшілігі дәстүрлі исламдағы суннит жолын ұстанушылар»,- деп айтады. Сол себептен діннің атын жамылған жағымсыз құбылыстарға қарсы күрес ету тетіктерін қалыптастыру керек. Президенттің мәлімдеуінше бұл бітімгершілікке саяды. Яғни, экстремистер, радикалистер, террористер белсенділігін басу үшін белгілі – бір іс-шаралар ұйымдастыру керек. Бітімгершілік дегеніміз – шиеленісті мүлде болдыртпайтын немесе болу мүмкіндігін сейілтетін алдын алу шараларының тұтас жүйесі. Сонымен қатар республикамызға қауіп төндіретін жағымсыз құбылыстарға қарсы күресудің бірқатар жолдарын атап өтеді: Ең алдымен, ақпараттық саясат әлемдік діндерді бейбітшілік пен адалдықтың бастауы ретінде ұғым қалыптастыратын діни тәрбие элементтерін өз мазмұнына енгізуі тиіс. Екіншіден, «жағымсыз құбылыстарға қарсы континентаралық, мемлекетаралық бірлестік құрудың қажеттілігі мен мүмкіндігін атап өткен жөн». Үшіншіден, «Құранда жазылған ислам ілімі мен негізгі қағидаларының шынай мәніне бойлау және оны дінге сенушілердің жан-жүрегіне тиімді де әсерлі жеткізу исламның өзі және оның тарихы туралы айқын түсінігі бар, шығармашыл зиялылар мен дінбасылар жүзеге асыруға тиіс деп белгіледі.
Діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық, ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді.
Дін адамзаттың рухани мәдениетінің маңызды бөлшегінің біріне айналды. Дін арқылы адамдар арасындағы рухани байланыстан ұлтаралық келісім мен қоғамның беріктігі адами құндылықты, салт-дәстүрді сақтаудың ең жақсы мүмкіндігін көре білуіміз қажет.
Қазірде діни экстремизм мен терроризм ұғымы ислам дініне таңылған қауіпті қосымша екендігі өкінішті ақиқат болып отыр. Ғасыр басындағы қарулы қақтығыстар жиі орын алған Ауғанстан, Ирак, Израиль-Палестина аймақтарындағы терактілік актілерді ислам атын жамылған радикалды топтардың өз мойындарына алуы ориенталисттік бағыт ұстанушылардың «ислам терроризмі» теориясын іс жүзінде дәлелдеп бергендей болды. Бұл жағдай Қазақстандағы діни экстремизмнің табиғатын айқындай түседі. Өйткені, тәуелсіздік алғаннан кейінгі діни жаңару халықтың басым бөлігінің исламға бет бұруы ата дінімізге үлкен сұраныс туындатты.
Ислам – ең соңғы, таза дін. Өзге діннің бар қасиетін бойына сіңірген дін екенін өмір дәлелдеді. Бұл дін-бірліктің діні. Осы бірліктің дінін біз де әспеттеуіміз керек.
Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң, қасіретің болады. Қасиетін қадірлей алмаған ел қасіретке ұшырайды. Мұны тарихтан жақсы білеміз. Дін – рухани азық, білмегенге – от, оттан өрт шығады. Біз кеше тоталитарлық заманның сұмдықтарын көрдік., басымыздан кештік. Қазақпын деп те айта алмадық. Ана тілім – қазақтілі деуден жасқандық. Қазір тіліміз туралы да, еліміз жайлы да еркін айта аламыз. Жаңа заман келді. Тәуелсіздіктің арқасында осындай бақытқа бөленудеміз. Осы күнді әдебиетіміздің ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезов, академик Әлкей Марғұлан да, қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев та көре алмады.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезінде сөйлеген сөзінде: «Мыңдаған жылдар бойы дінге негізделген мәдениет тарихта өзінің жанды сөзін сақтап келді. Бір жағынан ойлап қарасақ, өзінің діни рухын сақтау тарихта тұтас бір халықтың сақталуының кепілі болып келді», - деп атап көрсетті. [1]
Мұсылмандық Шығыс мәдениетіне тарихи жақындасу Қазақстанда ғылым мен мәдениеттің дамуына барынша қозғау салды. Бір жағынан, көне діни танымдардың орнына келген ислам қазақ халқының адамгершілік жағынан өсуіне интеллектуалдық және мәдени дамуына ерекше ықпал етті. Екінші жағынан алғанда, мемлекеттіліктің, этностық және мәдени ерекшеліктердің сақталып қалуының шешуші факторларының бірі ислам болды.
Көптеген дәуірлердегі түркі дүниесі және қазақ ойшылдары элитасының ұлы өкілдері – Қожа Ахмет Яссауи және Асан Қайғыдан бастап, Абай мен Шәкәрімге дейін ислам рухани құндылықтарын таратушылар болды. Адам тумысынан кісілікті, адамгершілікті болып тумайды. Ислам діні адам баласын адамгершілікті, парасаттылықты дәріптеу үшін пайда болады. Ол жөнінде қасиетті Құран кәрім мен ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед хадистерінде кездеседі. Н.Ә.Назарбаев: «Тегіміз-түрік, дініміз-ислам, кітабымыз – Құран кәрім деп ислами құндылықтарымызды естен шығармауымыз керек және біздің әрбіреуіміздің жүрегімізде қасиетті Құран кәрім тұруы тиіс», - деп атап көрсетті.
Қазақстан - бейбітшілік пен берекенің алтын бесігіне айналған іргелі ел. Мұны әрбір азамат мақтанышпен айтады. Ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен ынтымағын нығайтуда ислам дінінің атқаратын ролі жоғары. Бейбіт заманды басты байлығы санаған сүйікті Отанымыз әлемге бітімгер, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды. Осы орайда, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың игі бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, береке мен бірліктің ұйытқысына айналды. Дін қайраткерлерінің басын қосып, барша халықты діни татулық пен тұрақтылыққа үндеген еңселі елордамыз – Астана рухани келісімнің ордасы екенін еліміздің әрбір азаматы мақтанышпен айтады. Бір шаңырақ астында бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан 100-ден астам ұлт өкілдері Қазақстанның қарыштап дамуына үлкен үлес қосуда. Ата Заңымызда айқындап жазылғандай, азаматтардың діни сеніміне еркіндік берілген. Достық пен ынтымақтың орталығы саналған Қазақстан ұлтаралық қарым-қатынас бағытында көш бастап келеді. Біз санаулы жылдарда осындай жетістіктерге қол жеткіздік. Халқымызда «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген нақыл сөз бар. Діннің мақсаты – ізгілік, береке мен бірлік. Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», - деген. Ортақ Отанымыз – Қазақстан халқының бүгінгі бірлігі мен татулығы болашақ заман үшін үлгі өнеге, өсиет болып қала бермек.
Жастардың терең біліммен қаруланып, рухани жан-дүниесінің де бай, инабатты да иманды жеке тұлға ретінде қалыптасуында ата дініміз, асыл-құндылығымыз – ислам дінінің алар орны мен атқарар ролі ерекше.
Данышпан Абай рухани тәуелсіздіктің кепілі – иман екенін айтқан болатын. Өзінің жиырма сегізінші сөзінде «Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз деген, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз», - деп жазды. Иман деген сөз сенімді деген түсінікті білдіреді. Абай иманға тәуелсіздіктің кепілі есебінде қарай отырып, иман адамгершіліктің, танымның көрінісі дейді. Бала тәрбиесінде діннің де маңызды орын алатыны, жеке тұлғаның қалыптасуына жан-жақты ықпал ететіні заңды құбылыс. Себебі біз дін арқылы жас ұрпақты имандылыққа, мейірімділікке баули аламыз. Иманды жастардың қатарын көбейту арқылы, иманды мемлекет боламыз.
Бүгінгі күндегі ислам атын жамылып, қоғамға жат әрекеттер жасап жүрген түрлі секталар мен діни ағымдардың тигізіп жатқан зардаптары да жетерлік. Біздің кейбір жастарымызды елімізге ентелей енген жат ағымдар мен секталар өз жетектеріне ертіп әкетуде. Сондықтан бізге ең алдымен рухани білім керек. Осы білім арқылы ғана біз ненің ақ, ненің қара екенін саналы түрде айыра аламыз. Қоғам болып жұмылып, рухани тәрбиенің бірден-бір көзі болып саналатын дінімізді сақтап, қорғап, мұсылманшылық пен имандылықтың өркен жайып, халыққа қызмет етуіне себепші болайық.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Назарбаев Н.Ә. «Сындарлы он жыл» - Алматы, 2003 ж. 100 бет
2. ҚР Конституциясы – Алматы, 2005 ж, 5 – бет
3. Ыбраев. Е.Е – «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастар. Практикалық құралдар», Атырау, 2014 ж
4. Мекежанов. Б. «Қазақстандағы ислам: мәселелер және шешу жолдары», «Егемен Қазақстан» 2013 ж 24 қазан
5. Муфтаят. Kz
6. Азак. Kz
7. Муслим. Kz
8. Ислам Атырау. Kz Тәрбие.орг сайтынан «Өскелең ұрпақты діни экстремизм мен терроризм идеологиясынан сақтандыру жолдары». Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қойшекен Светлана Жақсығұлқызы

Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау орта мектебі Тарих пәні мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar