ТӘУЕЛСІЗДІК: БІРЛІК ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚ

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 179
  • Баяндамалар
  • 20/Дек/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23550


ТӘУЕЛСІЗДІК: БІРЛІК ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚ
Шампиева Г.А.
Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Атакент кенті Мақтарал Аграрлақ колледжі

Тәуелсіздік-көгілдір түс екенсің.
Көкбөрінің оралған сарынымен,
Тәуелсіздік – сен бақыт құсы екенсің.
Басқа қонған Алланың әмірімен!
Алақанда баптаймын сол құсымды,
Аңдаусызда ұшырып алмасын деп.
Серік Тұрғынбекұлы.

Осыдан 26 жыл бұрын 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, қазақ халқының ең асыл мұраты орындалды.
Бұл мереке – шын мәніндегі ұлы мереке. Ежелден еркіндік аңсаған әр қазақтың арманы еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ақындарымыз «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас деп» жырлап, батырларымыз айлап ат үстінде ұйықтап, ауыздықпен су ішіп, жерін қорғауы тегін бе? Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт – азаттық көтерілістерге шыққаны осының дәлелі.
ХI ғ. өмір сүрген Жүсіп Баласағұн «Икемді де, ойлы саясат және билеушінің мемлекетті басқарудағы сан қилы әдістерді игеруі, алуан мінезді қоғамды біріктіре алуы мемлекеттің гүлденуіне жағдай жасайды» деген екен. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі аумалы - төкпелі кезеңде біздің президентіміздің ойлы саясатты пайымды парасатқа үйлестіріп, халқымыздың басын біріктіріп, мемлекетімізді шынайы тәуелсіздікке жетудің тар жол, тайғақ кешуінен сүріндірмей аман алып шықты.
«Тәуелсіздіктің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шыңдап түсуіміз керек. Әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең – байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Тарих көші ұзақ, асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым!» деп тебіренген еді Елбасы тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш сөзінде.
Тәуелсіздік! Аты ұрандай, ұранға айналғандай. Тәу еткізіп, таңдай қақтыратын, жарқын жолға бастап, жақсылыққа жолықтыратын ажырағанды қауыштырып, бауырды табыстыратын, жүрекке қуаныш нұрын құйып, шаттыққа толтырып шомылдыратын қастерлі сөздің қатпарында қандай құдірет – күш бүгіп жатыр. Аңсатып атқан ақ таңы таңдайдан кетпес тәтті дәмі, шырқап салар әсем әні өзегіңде оның бәрі - бәрі сайрап жатыр.
Талайлы тарих қойнауына бойлаған сайын өткенімізді ойлаймыз. Өткеніміз жұмақ емес, тұмақ еді. Ендеше, қазақ елі тарам- тарам тарих алдында қарыздар емес, керісінше тарих парыздар еді. Мың өліп, мың тіріліп бостандыққа жеттік. Тұлпардың тұяғы, қыранның қияғы тозып, қиылды. Тозған – туған топырақты тулақ етпеу, қиылғаны – асылды аяқ етпеу еді. Тағдыршешті қилы кезден жығылмай – сүрінбей мамыражай мезгілге бейберекет келмеді. Қасиетті аты мен затын сақтап бұрынғылардың сарқыты салынған ақ сандық пен көк сандықты бұлдыр – бұлдыр дәуірде бақыт көшіне артып, таулары бұлт өңгеріп самал ескен ұшы – қиырсыз ұлы дала көшінде көшіп қонып жүрді.
Сонау ғасырлар қойнауының қатпар – қатпар белесінен келген тарихтан – өз жерін табанына бастырмау, ұлын құл, қызын күң етуге жол бермеу, батырлық ержүректік, жауына қаталдық, досына адалдық, ұлтымыздың жуынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен. Дегенмен, әлемнің тоғызыншы территориясын сақтап қалып отырған қазақтың бойындағы қандай күш? Әр кезеңде орын алған қиын қыстаудан жол тауып шығуға қанат бітірген қандай құдірет деген сұрақтар туындайды.
Ең алдымен, осының бәрі ұлттың асқақ рухының арқасы! Рухы биік халық қиынға қайыспады, ауырға мойымады.
Қазақ халқы үшін ежелден «Азаттық», «Бостандық» ұғымдарының маңызы тіптен бөлек. Талай соғыс, зұлмат, нәубәт кезеңдер болды. Жүз жылға созылған жоңғар шапқыншылығы кезінде Жәңгір, Тәуке, Абылай хандардың басшылығымен ат үстінде ұйықтауға мәжбүр болған қазақ батырлары соңғы демі қалғанша жаумен жұлқысты. Халқымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманындада мойымады, болашаққа деген үмітін жоғалтпады.
Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымының тері кеппеді. Бертін келе атасы Абылайдан қалған Ақ туды қолына алған қазақтың соңғы ханы Кенесары халқын бодандық қамытынан құтқару үшін атқа қонды. Бостан күндер бастан ауып, бодан күндер басқа түскен кер замандада еркіндік пен ерліктен еш уақытта үмітін үзбеді. Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді. Ондаған жылдар бойы жау қолынан қаза тапқанша рухы асқақ ел арыстандай арпалысты.
«Ер қонысынан айырылса, ол ырысынан айырылады » дейді дана халқымыз. Өткен ғасыр барысында Ресейдің боданына түсіп, санасы сарсылған, ерік жігері жаншылған қазақ халқын дербес ел етуге ұмтылған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары басын бәйгеге тікті. Қазақтың басын біріктіріп, ерікті ел болуын көксеп, бойларындағы бар қасиетін, ақыл – ойын, өнер – білімін, жігер – қайратын, бүкіл саналы өмірін қазақ халқы мен алашқа арнаған халқымыздың нар тұлғалары ақтық демі қалғанша тәуелсіздік үшін күресті, өздерінің жандарын ұлы күреске құрбан қылып, бүгінгі егемен елдің негізін қалауға өз үлестерін қосты. Олар келер ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндік отын өшпестей тұтатып кетті.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Алаштың басты мақсаты – қазақ қоғамын бірте – бірте өзгертіп заманға бейімдеу болды. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді...
Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті... Алаштың асыл аманаты бізге тарихи- мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбіршілігімізді күшейтуге шақырады» - деген сөзі Алаш арыстары атқарып кеткен еңбектің мән мазмұнын айқын көрсетіп отыр.
Халқын, өз ұлтын жан – тәнімен сүйген, елді еркіндікке жеткізем деп арпалысқан Алаш көсемдерінің саналы ғұмыры бүгінгі ұрпаққа үлгі – өнеге.
Қызыл тоталитаризм, ұлтсыздандыру саясатының халыққа қаншалықты қауіп – қатер төндіргені белгілі. Қазақстанда қазақтардың саны 39,7% - ға дейін құлдырауы соның нақты дәлелі. Осы кезеңді «Бұл расындада біз үшін ажал алдындағы аяқ серпу кезеңі еді» - деп сипатталды. Содан бері халқымыздың пайызы өсті. Бұл орайда дүниенің төрт бұрышынан оралған отандастардың орны бөлек.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың ержүрек батырлары жауынгер бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Олар қазақтың қайсар мінезді, рухы биік батыр халық екенін дүниежүзіне дәлелдеп берді. Арын – байрақ, намысын – найза еткен Нүркен, Талғат, Бауыржан, Әлия, Мәншүк сынды батырлар қазақ елінің қаһармандығын аңызға айналдырды. Қазақ оғландары Ұлы Жеңіске зор үлес қосты.
Кеңес одағы тарауға жақындаған кезде оның экономикасында сапа емес, сан қуалаушылық болғаны байқалған еді. Қаржы шығыстарына алып келетін, үнемі дотация бөлуді қажет ететін салалар өте көп болды. Сол кездегі қиындықтарды айтпауға болмайды. Халықтың тұрмысы нашар, көңілі алаңдаулы, жаны жүдеу еді. Осындай күрделі кезеңде елді тығырықтан алып шығудың жолдары жедел қарастырылды. Жаңа кезеңге көшу үшін Қазақстанда барлық салада реформа жасау қажет болды. Экономикалық қатынастар түбегейлі өзгерді. Алып Кеңес одағы тарағаннан кейін оның орнында пайда болған мемлекеттердің барлығы ортақ дағдарысты басынан кешірді. Қалыптасқан орталықтандырылған жүйе ыдырады, зауыт - фабрикалар күйреді, балабақшалармен мектептер, спорт ғимараттары мен мәдениет орталықтары жабылды. Экономика күрделі жағдайға тап болып, халық күйзеліске ұшырады. Жұрт бойында ертеңгі күнге деген сенімсіздік пайда болып, үрей биледі. Ел аумағында халық арасында бүлік салуға тырысқан түрлі ұйымдар бас көтере бастады. Осының бәрі Алматыда жастардың бас көтеруіне алып келді.
Бабалардың бостандық аңсап атқа қонған ұлы ерлігін Алматыда Алаштың өр мінезді ұл-қыздары Желтоқсан көтерілісінде жаңғыртып, жаңа сатыға көтерді. Желтоқсан көтерілісі Кеңестік империяның шаңырағын шайқалтып, керегесін күйретті.
Ғылымда «Дәстүрлер сабақтастығы» деген ұғым қалыптасқан. 1986 ж. көтеріліс кезінде көк түріктің қара шаңырағы болған қазақ жерінде Алаш жастарының бойынан буырқанып шыққан бұл күш, бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс ең алдымен, ер жігіттің бойына ананың ақ сүтімен таралған ерлік дәстүрінің арқасында жүзеге асты. Жүсіп Баласағұн бабамыздың «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде» деген сөзін басшылыққа алған Алаш жастары Кеңестік санаға төңкеріліс жасады.
Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың өлместігін жарқын түрде дәлелдеді.
1986 жылғы желтоқсанда елде жария етілген қайта құрудың 20-шы айы өтіп жатқанды. Құқықтық мемлекет құрамыз дегенге сеніп, Горбачевтік «сәуір тезистерінің» тың идеяларымен жігерленген Қазақ жастары орталықтың бұрынғыша өктемдігіне келіспеушілігін білдіруге митингілер, шерулер өткізіп алаңға шықты. Қылышынан қаны тамып, жарты әлемді билеп тұрған қызыл империя кеңестік коммунистік партия кезеңінде Қазақ жастарының ұлттық намысын ту етіп, отаршылдыққа қарсы алғаш жойқын бұлқыныс танытуы Мәскеудегі өктемшіл шовинистердің төбесіне жай түсіргендей әсер етті. Өйткені, уысындағы қол бала іспеттес көптеген ел бұдан «үлгі-өнеге» алып, ол өрт қаулай түссе, халдерінің мүшкілденетінінен қауіптенді. Әділдіктің салтанат құруын сұраған жалаң қолды бейбіт жандардың тілектеріне құлақ асқысы келмеген озбыр орталық жүйесі жүректері тітіркенбестен мұздай қаруланған әскермен шеруге шыққандарды аяусыз жаншыды, итке талатты, бас-көз жоқ ұрып соқты. Кремльден кесепатты бұйрықтың пәрмені солай аласапыран құбылды.
Қазақ жастары Алматыда, Талдықорғанда, Ақмолада, Орталық Қазақстанның бірнеше елді мекендерінде тоталитарлық билік жүйесіне қарсы көтеріліп, өкіметке саяси талаптар қойды. Желтоқсан көтерілісі сол кездегі кеңес одағының керегесін шайқалтып, КСРО-дағы ашық демократиялық үрдісінің негізін қалаушы оқиғалардың бірі болды. Белгілі ән-өлеңінде айтылғандай, «желтоқсан гүлді солдырып, нұрды оңдырып, көңілде мұңды із қалдырып» қана қойған жоқ, сонымен бірге және ең маңыздысы – халқымыздың ең алдымен жас буынның ұлттық санасын оятумен, ұлттық намысын көтеруінде болды. Ол еліміздіңтәуелсіздік алуының алғышарттарын дайындауға қызмет етті. Қатыгездігі мың батпан солақай саясат орын алған соң, жүздеген еркіндік аңсаған ақ ниетті жас азаматтар алаштың арманын асқақтатып, кеудемсоқтықты көксегендерге ойсырата соққы жасады. Мұндай тегеурінді қарсылықтың болуы тиіс емес деп есептейтін кеудесіне нан піскен КОКП төбе шашы тік тұрып, «бұл нағыз Қазақ ұлтшылдығы» деп апыл-ғұпыл баға беріп тастады. Олар үшін, әрине, бұл оп-оңай шаруа. Ал, сонда халық намысын қайда қоймақпыз? Орталық партия комитетіндегілер Қазақ жастарының Республика алаңына шығуын нашақорлардың, маскүнемдердің әрекеті деп жалпақ жұртқа жария етті. Уақыт өте өздері ушықтырып, күш қолданғандықтарын бүркемелегісі де келді. Бұл үлкен оқиғаны тентектік әрекетке балауы көрсоқырлық еді. Көп ұзамай шындықтың бет пердесі ашылды. Оған көзі жеткен кеңес одағының тізгінін ұстаған серкелер «қазақ ұлтшылдығы» деген КОКП шығарған қаулының, яғни, Қазақ халқына жабылған жаланың күшін жоюға мәжбүр болғаны белгілі. Жазықсыз, қиянатпен жоғары оқу орындарынан шығарылған, сотталған сан мыңдаған қыз-жігіттер кейін ресми ақталды. Бірақ, олардың жүректерінде қалған қаяу, сызат дақ кете қойды ма екен?! Талайы зардабын шегіп, қасіретін тартты. Қаншама өрімдей жасөспірімдер қанаты қайырылса да намысын жерге таптатпай, еңселерін биік ұстады. Бірақ, сырын сыртқа шығармай, шерін тарқата алмай іштен тынды. Заман райы солай болды.
Желтоқсанның зары санамызға өкініш, көңілімізге қаяу ұялатқанымен, бастысы тәуелсіздік, елдік мұратын мәңгі мұра етіп қалдырған, бодандықтың өзегіне шабылған соңғы соққы болды.
Ерлік пен Елдік қасиетіміздің өзара тығыз бірлігі ұрпаққа-ұран, ұлтымызға ұйытқы бола берері анық. Бізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар-ел мен жер үшін соғыстар ұлт-азаттық көтерілістер, ерлеріміздің қандайда болмасын ауыртпашылықты көтере білген, жасымайтын асқақ жігерлі рухы, қайтпайтын табандылығы-бүгінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс.
Елдің тұтастығы мен батырлардың өлшеусіз ерлігінің, асқақ рухының арқасында келді.
Бұл қасиетті ерлік шежіресі – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу-бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы.
Тарихта ұлы тұлғалар аса маңызды оқиғалар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрінетіні белгілі. Өйткені, олар белгілі бір тарихи дамулардағы ірі өзгерістерге белсене қатынаса отырып, оқиғалардың даму барысының жетегінде кетпейді, керісінше, өзгерістердің оң бағытта дамуына бақылау жасап, оқиғалар барысына өрбу бағытына өзіндік жеке, шешуші роль қосады. Олардың қоғам дамуына қосқан үлесі неғұрлым ауқымды, неғұрлым терең болса, соғұрлым олардың есімдері халықтың тарихи санасында өшпестей болып сіңіп, уақыт өте ұрпақтар алдында биікке көтеріле береді. Қазақ тарихында маңызды рөл атқарған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолының» ізімен жаңа жолдың негізі қаланды. Бұл жол – ең алдымен қоғамдық тұрақтылыққа бағытталған жол. Бұл жол – азаматтар арасындағы ынтымақ пен татулыққа негізделген өнегелі бастау.
Аллаға шүкір ата-баба арманы орындалды! Еліміз бағытын түзеді, бірлігін, ынтымағын арттырды, абыройын көтерді. «Қазақстан» атты алып кемені шайқалтпай басқарып, оны әлем төсімен нұрлы болашаққа, кемел келешекке, жарқын көкжиекке жетелеген Елбасы мен Тәуелсіздік егіз ұғымға айналды.
Бүгін Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды роль атқаратын елге айналды. Басты бақытымыз – Тәуелсіздігіміз «Арман кеткен арыстардың асыл мұратына біз мыңжылдықтар тоғысында қол жеткіздік. Алаштың айбыны асып, күн сөнгенше азат болды» деген еді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыстың бірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол асыл мұратқа жеткелі бергі 25 жылда жүріп өткен жолымыз тарих беделінде болмашы уақыт саналады. Халқымызда «Елу жылда – ел жаңа» деген сөз бар. Ал, біз елдің жаңаруына, адам танымастай түлеп өркендеуіне небәрі 25 жыл ішінде қол жеткіздік. Біздің Отанымыз – әлемнің дуалы ауыз саясаткерлері, өркениет төріндегі мемлекеттердің басшылары, көрнекті қоғам қайраткерлері жиі- жиі бас қосатын сыйлы да беделді шаңыраққа айналды.
Жиырма бес жыл мерзім ішінде елімізде кең ауқымды мемлекеттік түбегейлі өзгерістер орын алды. Жаңа мемлекеттік жүйе қалыптасып қуатты қарулы күштер пайда болды. Ұлы державалармен шекарамыз бекітілді. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мерзім ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Дүниежүзінде бірінші болып атомнан бас тарту, Арқа төсінде айшықты жаңа Елорда салу, Еуропадағы қауіпсіздікпен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, ғаламда басы бірікпей келе жатқан әр түрлі дін өкілдерінің бас қосуын ұйымдастыру, қысқы Азия ойындарын өткізу және күллі Ислам ұйымы конференциясына төраға болу сынды белестер бүгінде әлемге елімізді танытты.
Тәуелсіз ел болып өткізген 26 жылда – қазақ жұртының ержеткендігінің, бейбітшілік бесігін тербеткендігінің айғағы. Бұл 26 жыл – Кеңестік жүйенің ыдыраған дәуірінің аласапыранды аумалы - төкпелі кезеңінде нартәуекел үмітпен, тарихтың аса қысқа мерзімінде Қазақ елінің экономикасы қуатты, әлуеті жоғары әлемнің дамыған өркениетті елдерінің қатарына қосылды, еліміздің кемелдігі мен кемеңгерлігінің, халықтың ерлігімен өрлігінің жемісі.
Бұл жиырма алты жыл – ХХ ғасырдың тауқіметі мен қасіретінде, түрлі зардабы мен нәубәтін тартқан, сан- асулардан өткен, ХХІ ғасырдың жаңа дәуіріне қадам басқан қазақ елінің арманы.
Бұл жиырма алты жыл – Тәуелсіздік іргетасын халық өз қолымен қалап, шаңырағын өзі көтеріп, қазақ деген елдің қолынан бәрі де келетіндігін дүниежұрты білсін деп, жаһандық қауіп пен қатерден адамзатты сақтандырып, асқар биіктің шыңына шыққан шағымыз.
Бұл жиырма алты – еліміздің болашаққа ұмтылысы, алынған асуларымен шыққан биіктері, жемісті жеңістерімен әлем алдындағы абыройлы белестері.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бейнелі сөзбен келтірсек, тәуелсіздік – киелі ұғым. Оны өмірдің соншалықты қымбат екенін түсінбеген, жығылып қайта тұрмаған, өкпесі тарылып жазира даласының жұпар ауасын аңсамаған, самал желге сағынышпен бетін тоспаған қазақ қана терең түсініп, қымбат бағалай алмайды. Олай болса, тәуелсіздігіміздің мерекесі қарсаңында атқарылар игі істер жас ұрпаққа төл тарихымызды таныта отырып тәрбиелеу болмақ», деп нақты айтқан болатын. Осыған орай, Ассамблеяның маңызды бағыттарының бірі, азаматтардың отансүйгіштік қасиеттерін дамытуға үлес қосатын негізгі фактордың бірі- мемлекеттік тіл болып табылады. Қазақстанда тұрып жатқан этностардың арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі бүгінде еш күмән келтірмес негізгі қағида ретінде мойындалды. Қазіргі таңда, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос жастарының саны артып, қазақ тілді мектепке баласын оқытуға ниеттенген ата-аналар көбейіп отыр. Өзбек, ұйғыр, тәжік мектептерінің оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін қазақ мектебінің бағдарламасымен оқып жатыр.
Тәуелсіздіктің жиырма алты жылдығы қарсаңында артқа көз тастасақ, көптеген жетістіктерге жеткенімізді байқаймыз. Алайда, ел азаматтарына, әсіресе жастарға айтылар ой – біз ұлт ретінде оянып, интеллектуалдық серпіліс жасауымыз керек! Бұл – ұлттың алға қарыштап қадам басуының, серпіліп жаңа көкжиектерге ұмтылуының негізі мен кепілі.
Тек қана жаһандық деңгейдегі ұлы міндеттер мен мақсаттарға ұмтылған ұлттар ғана жеңіске жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілеттілікке бет түзеу ұлт рухының ең маңызды міндетіне айналуы шарт. Қазақстанның әрбір азаматы мұны жақсылыққа, байлыққа, ақылдылыққа ұмтылыс деп танып, туған елінің гүлденуіне қолдан келгенін бәрін істеу қажет деп сезінуі керек. Әрбір адам өз бойындағы осы қасиеттерді дамытуы шарт, олар жеңіс рухының өз ғұмырының, қоғам мен мемлекет өмірінің бір бөлшегіне айналуына бар күш-жігірін сарп етуі тиіс. Ия, бізге болашағымызды дұрыс болжап, әлеуетті елге айналу үшін тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең бастысы – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен ауызбіршілік керек.
Әлем тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Махатма Гандидің: «Дүниені өзгерту үшін өзіміз өзгеруіміз қажет», деген ойлы сөзі бар. Өркениетті, көшбасшы елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатындағы іс-қимылды әр азамат өзінен бастауы қажет. Егер әрбір азамат мүддесі мемлекет мүддесімен ұштасып, ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етсе, Қазақстанның алмайтын асуы, бағындармас биігі болмайтынына сенімдімін.

Әдебиеттер:

1. «Егемен Қазақстан» газеті 2014.
2. «Ел» газеті 2011.
3. «Тәуелсіз Қазақстан шежіресі 2010.
4. «Жас Алаш» газеті 2012.
5. «Ақтөбе» газеті 2014.
6. «Елбасы» кітабы. Тәрбие.орг сайтынан ТӘУЕЛСІЗДІК: БІРЛІК ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚ Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Шампиева Гүлнар .Айдаровна.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Атакент кенті Мақтарал Аграрлық колледжі тарих пәнінің оқытушысы

Пікірлер: 0

avatar