Меню
Артқа » » » » Материал жариялау
"Тарих сабағындағы зерттеушілік жұмыс - оқушылардың ғылыми көзқарасын қалыптастыру негізі "
  • 23.06.2016
  • 509 Көрсетілім
  • Талқылау
  • Жарияланған материалдың жеке номері: 19244

«Сенің елдігің тарихыңды зерттеуден басталады»
Қ.Мырзалиев
Бүгінгі ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры екені дау тудырмайтыны анық. Қазіргі таңда қай ел, қай мемлекет болмасын, оның дамуы білім деңгейімен өлшенеді. Білім, ғылымы дамыған ел ғана әлемдік ең озық инновацияларды терең меңгеріп, өркениет биігіне қол соза алатыны айдан анық. Сондықтан біздің еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап білім мен ғылым саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Осы жылдар ішінде саланы дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылды. Қазақстан – бүгінде әлемдік білім кеңістігіне, халықаралық білім стандарттарына ұмтылып отырған мемлекет.
Білім - ел қазынасы, халқымыздың білімділігі еліміздің байлығының ең маңызды бөлігі десек, білімнің негізі мектепте, яғни бар ғылымның бастауы - мектеп, "Елдің келешегі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры-ұзтаздың қолында" деп Елбасы бізге үлкен міндет артып отыр.
Оқыту үрдісі екі жақты үрдіс болғандықтан оқушының өзіндік жұмысы, дербес іс-әрекеті мұғалімнің басшылығымен қатар, олардың ізденімпаздылығын, белсенділігін, өз ықыласымен жасайтын әрекетін де керек етеді. Өз бетінше ізденімпаздықпен жұмыс жасай білу, яғни оқу материалын таңдау, жаңаны қабылдау мен меңгеру, алған білімін іс жүзінде қолдана білу, оңтайлы әдістерді таңдап алу белгілі бір нәтижеге жетуге ұмтылу оқушылардың шығармашылық дербестігін қалыптастырудың алғы шарты. Елбасымыз тарихтың маңызы туралы «Өркениетті алға бастырар ғылым десек, соның бірден-бір саласы жас ұрпақты дәл тарихтай отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, әділдікке тәрбиелей алмайды» дейді. Тарих туралы ақиқат сөз, шындық қана ұрпақтың дұрыс қалыптасуына ықпал етеді. А.Байтұрсынов: «Біздің заманымыз-өткен заманның баласы, келер заманның атасы», - деген екен. Өлкетану – бұл туған өлкенің тарихы, табиғаты мен экологиясы, экономикалық, әлеуметтік-құқықтық дамуы, рухани шыққан тегі, әдебиеті және көркемөнері. Ресейлік өлкетанушы ғалым, тарихшы, академик С.О.Шмидт «өлкетанушылық білім-кешенді білім: географиялық, экологиялық, тарихи және кең түрде – тарихи-мәдени, өлкетану әдісі пәнаралық ғылыми байланыстарға сүйенеді және ғылыми теориялар мен қарапайым күнделікті тұрмыс тәжірибесінің қорытындыларын есепке алады, өлкетану ғылыми, ғылыми-ағартушылық және қоғамдық іс-әрекетті біріктіреді, онымен ғылыми-мамандар да, жергілікті халық та қатынаса алады» деп атап көрсеткені мәлім.
Ғылыми жоба жұмыстарына дайындауда төмендегі мәселелерге ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын:
- Тақырыпты қабілетіне қарай таңдау
- Аталған тақырыпты ашудағы шәкірт еңбегінің сипаты, қосқан үлесі
- Шешендік сөз саптауы, сөйлеу мәнері, ойын ұтымды жағымды жеткізе алуы, өзін ұстауы, аудиторияны тартуы
- Көрнекілігі мен ұсынылған материалдың сапалығы
- Жұмыстың көркем безендірілуі
Өлке тарихын зерттеу Отан тарихының мазмұнын байытады, тарихи санамызды қалыптастырады. Ғылыми жобаны өлке тарихынан ала отырып алдыма мынадай мақсат қойдым: өлкетану материалдарын оқыту арқылы оқушылардың бойына елдің тарихын оқып меңгерген тарихи сананы қалыптастыру, өлке тарихы туралы материалдарды жинақтай отырып, оны ғылыми тұрғыда зерттеп, шығармашылықпен қолдана білу іскерліктерін дамыту, мемлекетімізді іргелі ел етіп, айбынын асқақтатудың және оны әлемге паш етудің бірден-бір жолы өлке тарихын зерттеп, ата-бабаларымыздың ерлік істерін паш етіп отыру екендігін түсіндіру.
2015 жылы 8-сынып оқушысы Қаржауова Жадыра «Махмиден Шұғайыпұлының рухани – адамгершілік қағидалары » деген тақырыпта ғылыми жоба байқауына қатысып, ауданнан жүлделі ІІІ орын иеленді. Бұл жоба жұмысында оқушы халықтың замандар бойында екшелген, саф алтындай таза, өміршең дана көркемсөз қазынасын жетілдіруде, ұлы мұра-жырды дәріптеп, әлеумет тілегіне орай насихаттауда майда қоңыр даусымен, туа біткен қабілетімен, жігерімен, айтулы ақын-жыраулардың асыл сөздерін қажымай-талмай жинастырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізуде игілікті қызметімен танылған, Атырау өңірінде ислам діні қайта жаңғырған күндерден-ақ дінге бет бұрған, өз парасат ықыласымен дінге қызмет еткен азаматтардың бірі-Махмиден Шұғайыпұлының өмір жолы, ұрпақтары туралы зерттеу жұмыстарын жүргізді. «Отанды сүю - иманнан» деген хазірет Мұхаммед пайғамбарымыздың мағынасы терең хадисі бар, өйткені иманды адам Отанның қадір-қасиетін біледі, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетеді, ата-ананы сыйлау, жабыққан мен зарыққанның қасынан табылу, елге, жерге деген құрмет сезімдері имандылыққа бет бұрған ізгі ниетті мұсылманның адамгершілік қасиеті болып табылады. Махмиден Шұғайыпұлының өткен өмір жолы – біздің баға жетпес асылымыз. Оған дақ түсірмей, болашақ ұрпаққа жеткізу абзал борышымыз. Осындай жұмыстар оқушылардың ғылыми жұмысқа, ғылыми жоба жұмыстарына қатысуларына жиналған материалдар септігін тигізеді.
2014 жылы 10 – сынып оқушысы Қамалова Парасат «Гурьев-Астрахань теміржолын салудағы тыл еңбеккерлерінің тағылымды еңбегін насихаттау» деген тақырыпта ғылыми жоба жұмысын қорғады. Зерттеу мақсаты Ұлы Отан соғысы жылдарында Гурьев-Астрахань темір жолын салуға қатысқан, маңдай терін аямай төккен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектері мен көрген қиыншылықтарын, теміржол саласында еңбек еткен теміржолшылардың еңбегін насихаттау болды. Зерттеу міндеттері Ұлы Отан соғысы кезіндегі Гурьев-Астрахань темір жолын салу кезіндегі Еділ-Жайық тұрғындарының бастан кешкен қиындықтары мен ерен еңбектерінің жанқиярлық көріністерін айта отырып, достары мен замандастарын адами қасиеттерге, өзін-өзі тануға тәрбиелеу; аудан еңбекшілерінің, теміржолшылардың өнегелі еңбек жолын, ел экономикасын өркендетуге қосқан үлестерін дәріптеу, баяндау; тарихи мұраны сақтауға шақыра отырып, тарих беттерінде жазылған бабалар ерлігі
мен еңбегін бағалау мақсатында кітапша құрастыру, замандастарын патриотизмге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақыру. Ғылыми жобаны жазу барысында үш кезеңге бөлді. Бірінші кезеңде аудандық кітапханадан,
аудандық мұражайдан теміржолды салуға қатысқан тыл еңбеккерлері туралы мәліметтерді жинау арқылы зерттеудің алғышарттары, негізгі мақсаты мен міндеттері анықтады. Екінші кезеңде аудан көлемінде теміржол саласында еңбек еткен тыл еңбеккерлерінен сұхбат алу арқылы естеліктер, қосымша тарихи мәліметтер, шежіре суреттер жинақтады. Үшінші кезеңде Атырау-Астрахан темір жолының ширек ғасырлық тарихын зерттеуде аудандық, облыстық мұражайдан алынған тарихи дереккөздерін, архив материалдарын негізге ала отырып, ғылыми тұжырымдама жасады, аға буынның ерлік істері мен ерен еңбегін есте сақтау, бағалау, насихаттау мақсатында естелік кітапша жинақталып құрастырылды. Бұл жұмыс Астана қаласы «ZIAT» Ғылыми-әдістемелік орталығымен ұйымдастырылған оқушылар мен студенттердің арасында өткізілген Халықаралық «Сократ» атты ғылыми жобалар сайысында жүлделі І орын алса, аудандық, облыстық ғылыми жобалар сайысынан жүлделі І орын иеленіп, республикалық ғылыми жобалар сайысында ерекше жетістіктері үшін "Дарын" грамотасымен марапатталды. 2015 жылы Парасат осы ғылыми жобаны одан әрі толықтырып «Новобогат ауданы еңбекшілерінің Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлестері» деген тақырыпта қорғап облыс көлемінде жүлделі ІІІ орын алды. Парасат ғылыми жобаны жазу барысында алдына қойған мақсаты Ұлы Отан соғысы сияқты орасан зор оқиғаның бір көрінісін бейнелеу арқылы сол ұлы дүбірден хабар бере білу, оның ауыр шындығына елдің көзін жеткізу, майданға араласқан азаматтармен тылдағы өмірдің арақатынасын айқындау, Исатайлық тыл еңбеккерлерінің өнегелі еңбек жолын, Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлкен үлесі мен өшпес өнегесін дәріптеу, кейінгі ұрпаққа жан-жақты насихаттау, Ұлы Жеңіс күнін жақындатқан, қара түнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Тірілерге құрмет көрсетіп, қаза болғандарды риясыз еске ала отырып, олардың тарих бетінде жазылмаған ерліктерін жұртшылыққа жариялау, майдан даласынан оралмаған боздақтардың бірі Ш.Тажиденовтің ерлігін дәріптеу міндетін қойды.
Тарих сабағында жергілікті материалдарды тиімді пайдалану жас ұрпақтың бойында туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді арттырады. «Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ»- деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, баланы туған өлке тарихымен сусындату тарих пәнінің негізгі міндеті. Осыны басшылыққа ала отырып, ұрпақты ел тарихын білуге, құрметтеуге тәрбиелеймін. Ол жүйелі зерттеу нәтижесінде ықпалдырақ болады. Мұражайлар, мұрағаттар, бспасөз материалдары, кітапханалармен жұмыс жас жеткіншекті аға ұрпақтың ерлік істерінен хабардар етіп, сол арқылы азаматтық рухты бойына сіңіртеді деп ойлаймын.
Елімізде көп тілді меңгеріп, осы заманғы ақпараттық технологияны еркін игерген жас ұрпақ өсіп келеді. Ал олардың ертеңгі күні төл тарихын білмейтін, ата-бабасын танымайтын, өздерінің ұлы мәдениет мұрагерлері екенін түсінбейтін, жаны жалаң ұрпақ болмауына біздер жауаптымыз деп ойлаймын. Сондықтан да әлем сахнасына рухы күшті, дені сау, білімді, өз ұлтын, тілін, тарихын құрметтейтін ұрпақ шығару біздің парызымыз деп білемін.
Өз ойымды ұлы Абай атамыздың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген қанатты сөзімен қорытындылай отырып төмендегідей ұсыныс-пікірімді айтқым келеді.
- Оқушының алған білімін өмір сүруге пайдалануға дайындау.
- Оқушыларды өз бетінше танып білу іс-әрекетін жүргізу үшін білім жиынтығы болуы тиіс екенін ескеру.
- Оқушылардың зерттеу қызметін пайдалана білу дағдысын: ақпаратты жинақтау, оның қажеттісін пайдалану, әртүрлі болжам жасау, қорытынды мен шешім қабылдау қабілетін дамыту.
- Зерттеу не шығармашылық бағыттағы мәні бар проблемаларды табуға үйрету.
- Жобалау – зерттеу жұмысының мақсатына жетуіне көңіл бөлу.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиясында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» және «Болашаққа біздің қадам енді басталды, оның қандай болуы сіз бен бізге байланысты» деген сөзін есте сақтай отырып, оны күнделікті қызметіміз арқылы жүзеге асыруға атсалысу басты міндетіміз дегім келеді.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. КР балалардың дарындылығын айқындау және дамыту концепциясы Дарын № 3, 1999 ж
2. «Дарынды балалармен деңгейлі жұмыс жасау» Дарын № 3, 1999 ж
3. Ақмағанбетова. Г. «Жобалау –зерттеу қызметіне жетелейтін жол» . –«Қазақстан мектебі» № 7, 2013 ж
4. Шмидт.С.О. «Краеведение и документальные памятники» - Тверь, 1992
5. Ашық сабақ факультативті сабақтар № 2, 2013
6. Ашық сабақ. Факультативтік сабақтар. № 3, 2012
7. «Оқу-инновациялық технологиялар» № 3, 2015
8. «Білім беру мекемесі басшыларының анықтамалығы» № 11, 2013
9. «Білім беру мекемесі басшыларының анықтамалығы» № 11, 2014 Тәрбие.орг сайтынан "Тарих сабағындағы зерттеушілік жұмыс - оқушылардың ғылыми көзқарасын қалыптастыру негізі " Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қойшекен Светлана Жақсығұлқызы

Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау орта мектебі nарих пәні мұғалімі

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс. Қалаған әлеуметтік желінің үстін бас

Бөлімі: Баяндамалар
Көрсетілім: 509 | Жүктеулер: 0
Барлық пікірлер: 0
avatar