Тектану қазақ білімінен

  • Жүктеулер: 0
  • Көрсетілім: 519
  • Баяндамалар
  • 21/Авг/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23057


Тектану қазақ білімінен
. Қазақ әр нәрсенің "арғы тегін", "шыққан тегін" білуге үлкен мән берген-ді. Көшпелі үшін тұтас нәрсе-құдіретті күш, қастерлі құбылыс, құпиялы тылсым дүние, әсерлі де әдемі әлем.Осыдан арғы текке деген-Тәңірге,Ұмайға, Жер-Суға табынушылық (культтық өмір сүру), олардың арақатынасына ритуалдық (ғұрыптық) рәсім-салттар қалыптасты. Көшпелі жер кезіп, ел кезіп жүріп, бұрынғымен бүгінгінің бөгде мен жаңаның кәрімен жастың, көргенмен ойдағының арақатынасын білуге тәнті болған. Неге? Өйткені ол дүниені тұтас қабылдаған. Өмірге тура жолды іздеген. Адам болмысында оның жан дүниесі мен рухының ықпалын жоғары қойған. Адамның қабілет-қасиетін жетілдіруді ашық арна ретінде қарастырған. Аруақ пен адам рухын тіршіліктің мәңгі, лаулап тұрған қос қайнар көзіндей қабылдаған. Содан қазақ табиғатпен әр түрлі үндестікте болды.Осыдан "қазақтың ата-тегінің болмыс шындығына тікелей жақын болуы-олардың бақылайтын, қабылданатын, дүниеге сезімдік тұрғыдан жақын болуы, бұл болмыспен тамырластығы уақытты, кеңістікті, адамның ішкі дүниесі, тіршілік етудің басқа да жақтарын, болмыс мәнін, ар-ождан бастауларын түсінуінен өз көрінісін тапты. Мұның бәрінің нақты өмірде нақты түп тамыры бар, осыдан келіп басқа ешбір дүние түсінігімен шатыстыруға болмайтын дүниенің ұлттық образы, дүниетанымы пайда болады". (Т. Әбжанов, Ә. Нысанбаев, ) Ал,тектанудың пайда болуына,көне замандағы тайпа,топ,ата өз ішінен тұрмыс құрып,оның соңы олардың ұрпақтарының ортасында неше түрлі ауыру-сырқау,кем-кетік жандардың дүниеге келуі,тіптен кейбіреулерінің мүлдем құрып кетуге жетуі басты себеп болған. Қазақ жұрты,тектану амалын тереңдетіп,жетілдіріп күні бүгінге дейін дұрыс пайдаланып келеді.Бұл құбылыс үш жағдаймсен көрініс берді.
БіріншіҚазақтар «Адамның күні адаммен» деген қарапайым қағиданы тіршілікте шынайы басшылық еткен. «Сүйек сүйкеніп, жекжат жұғысып, туыс демесіп» күн көретіндіктен адамдар бірін-бірі жатсынбай,біріне-бірі арқа сүйеп, өмір сүру қажет екенін ұлы дала табиғаты, ауа-райы, өмір салты қазақтың сүйегіне сіңіріп ұқтырған екен. Сондықтан да, туыстық-қандастық жүйені тарата білу, саралай алу, тарихын талдау атам қазақ үшін өмір талабы болған. Осы негізде әулет мектебінде оқытылатын негізгі пәннің бірі-«Шежіре- тарих» еді. Бұл пәннің негізгі мақсаты;ата-бабасының кім екенін, олардың кімдермен достасып, кімдермен жауласып, кімдермен қатар көрші тұрып, қандай қатынас жасап, байланыста болғанын жас ұрпаққа ұқтыру еді. Өткен өмір - бәрі сабақ.Ұрпақ үшін тарих пен ата-баба шежіресі өте маңызды оқу. «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» дейтін қазақ туыстық барлық бағытын тәптіштеп түсіндіретін. Төрт құбыласын тең көрген қазақ,жастарға, өз жұртын, нағашы жұртын, жиендерін, өз ұрпақтарын толық білдіру үшін тамаша әдіс ойлап тапқан. Мысалы, адамның төс сүйегінен бастап,санағанда қолұшына дейін 7 буын болады.Осы жеті буынды әр атаға сәйкестіріп: иық буыны -әке; шынтақ буын - ата; білезік буынын – баба; алақанбуын– ұлы ата; саусақ буын–ұлы баба(еліката); саусақ орта буынын-әзата (құланат),саусақүшы буыны-әз баба(жуажат) кімдер болғанын, оны төрт жаққа таратып айтатын болған. Осы күнгі аға буынжас буын деу содан ұласқан. Ататек атулары:
*Әке,ата,баба,ұлы ата,ұлы баба,әз ата,әз баба:
*Әке,ата,баба,ұлы ата,елік ата,құланат, жуажат,жегжат:
*Әке;ата;баба;ұлы ата; ұлы баба;тек ата,(тектін);түп ата (тұқиян);(Кей этнографтар баланы атаға жатқызып жазып жүр.Ол-жаңсақтық.)Бұл ататек атаулары, әр өлкеде сәл бөлектеу болуы мүмкін. Қазақта,ататегімді бес саусағымдай жақсы білемін,олар алақанымда жазулы тұр деген мақтаныш сезімді білдіретін сөз тіркесі бар.Себебі ататектің көпшілігі алақан аумағында орналасқан.Ал,жеті атадан асқан соң,ағайының да жегжат болады,қыз алысып,қыз берісуге руқсат деген түсінік бар.Алайда,рулас қазақтар құда болысқан емес.Заузаттар атауы: *Бала,немере,шөбере,шөпшек,немене,туажат,жүрежат,жұрағат.
Бұл үрім бұтақ,ұрпақ жұрағат атаулары қазақтың барлық өлкесінде бірдей кездеседі. Қазақ,өзің мың жасамасаң да,ұрпақ жұрағаты-үрім бұтағың мың жасайды дейді.
Түп-тұқиянына дейін жатқа білетін қазақ атамыз, тегін таратқанда, олар кімдер болғанын ғана айтпаған. Әкесі ұлына кеудесін нүсқап; бұл - сен, оң қолын - өз жұртын, сол қолың - нағашы жұртың, сондықтан, әр буынға бір ата сәйкес келеді, баяндай бер дейтін. Баласына ата-бабасын айтып қана қоймай, олар қайда қоныстанғанын, нендей өнері, даңқы, атағы болғанын, дәулеті қалай болғанын, тіпті, немен шұғылданып, руына несімен қадірлі бол-ғанын айтып беретін және қайырып айтқызатын. Бұлардың шаңырағы қазір қайда, кімдер басып отыр, олардан тараған ұл мен қыздар кімдер, олардың алдында – сенің міндетің, борышың қандай?» - дегенді де айтатынды.Әке айтқандарын, бала жадында жаңылмай сақтау үшін ағайындар үш шеңбер аумағында талданатын. Мұнда:бірге туғандар-бір әке балалары; немере ағайындар (бір атаның балалары,); жамағайындар (үш атадан қосылғандар, баба -балалары); қалысағайындар (әз ата, әз баба балалары). Осыларды толық тоқып үйренген ұл мен қыз-жеті рудың қамын жейтін халге жеткен.Рулар шежіресі жинақталып, қорытындала келе тайпа, халық тарихы да жазылған. Мұндай тарих-шежірелердің қолжазба түрінде сақталғандары мен қоса тасқа басылған, матаға жазылған, ағашқа ойылған, көнге шабылған түрлері де бар.
Туысқандық мейірім,«Туысы бірге түтпейді,түбі бірге кетпейді»,«Ағайынның азары болса да безері болмайды», «Қанды қалпақ кисе де,қиыспайды туысқан» деп,қазақ, туыстың ешқашан қиыспайтын нәзік сезімін көрсетеді.Ағайын арасында қандық,тектік қатынастың сырлы байланысы бар екенін байқай білген.Қазақ болашақ ұрпағын,үрім-бүтағын байланыстырған сүйек-жекжатына үлкен мән беріп,бірін-бірі сыйлап адамдардың бір-біріне құштарлығынан қуат алатын, жүректен көмектесіп, әдеттенуге тәрбиелеген. Туысқандық мейрім-отбасындағы, әулеттегі ынтымақтың, береке бірліктің қайнар көзі. Туыстық мейрімнің негізі адамның қоршаған ортаның сұлулығын сүю,оны аялай білу сезімінің жемісі болумен қатар содан шыққан асқақ көңіл Дұшпандарымыздың осы бір қазақтың бауырмалдық. ағайындықтың, туысқандық қасиетін жою үшін, оған таптық рең беріп,қанаудың барлық түрі осының артында жасырылған деп жар салуы тегін емес. Қандастық қайырымның қандай болатындығы соңғы ширек ғасыр да дүние жүзіне жарқырап көрінгенде,пасық ойлы ондай антұрғандар аузына құм құйылды! «Өзіңдікі өзекке тепсең де кетпейді,басқаныкін басыңа көтерсең де оған жетпейді». «Қазақ сұраса келе,қарын бөле болып шығады», «Тегі бірдің-түбі бір», «еншісі бөлінбеген,барлығы-бір алаштың баласы», «Біріңді,қазақ,бірің дос,көрмесең істің бәрі бос»(Абай)Бар қазақтың бір ата баласы екенін,бір-бірін жатсынудың еш негізсіз екенін Шәкәрім де, шегіне жеткізіп айтқан
Қазақ бала бойындағы ерекше қабылетті,ата тегі арқылы қонған табиғи дарынды өте жоғары бағалаған. «Атасына тартып ақын болыпты,нағашысына тартып әнші, әкесіне \тартып күйші, анасына тартып биші болыпты» деп,баланың икемі мен талабына сүйсіне қараған. «Ата өнері-балаға мұра,ата кәсібі-бала нәсібі».Жас ұрпақтың тәлім алып,үлгі-өнеге үйреніп,өнер ұғатын-ұстаздық ортасын,ағайын туысын қадірлеп құрметтеу,олардың мейірім шапағатына бөлену бала үшін таптырмас табыс.М.Шаханов: «Өз туған жеріңе деген сүйіспеншілігіңді ең алдымен отбасыңа, ауылдастарыңа арнамай тұрып,барша әлемді сүю мүмкін емес». «Туған өкпеге қиса да,өлімге қимайды». «Тұрман құйысқандай болмайды,тумаң туысқандай болмайды». «Жеті атасын білген ер,жеті жұрттың қамын жер» Біздің текті әже,арлы,айбарлы да,ақылман әжелеріміз бен аналарымыз Жан иесі жатырда пайда болысысымен,оны аялау, ананы құрметтеу үшін өте ауқымды шаралар мен әрекеттер жасаған.Осының нәтижесінде құрсақтағы жан иесін шарана шағында тани білген.Бұл іс-әрекеттер:ырым-тыйым, рәсім-ұлағат аясында жүзеге асырылған. А.Байтұрсынов: «Ырым етсең адал ет, жамандықтан аман ет»-деген.Адал ниетпен жасалған ырымдар бізге жетті. «Аптасына бір рет монша көрмесең,тәнің кірлер.Күніне бір рет адаммен сөйлеспесең көңілді кір басар»-деген ұлағатты сөз бар.Адам көңілін жадыратып,сезіміне сыр ұялатып, шалқытып отырса ол адамда өмірге деген құлшыныс, тірлікке деген талпыныс туындайды. Әжелеріміз,аналарымыз осыны жақсы сезінгендіктен өмірге келе қоймаған шаранаға тумақ жерінің хош иісін, әсем үнін,таңғажайып тұлғасын таныта білген. Мына ырымдар соның айғағы.Жүкті жас келінге ақ биенің кешкі саумалын ішкізіп, көбігін жалатады.Жас ананың «Көңілін көтеру» ырымын жасайды.Жастар келінге, салмақты, байсалды, ырғақты ән айтып,күй тартып береді.Майда құм не тұз үстімен жалаң аяқ жүргізеді.Айлы түнде суық суға шомылдырады.Бала ширақ болады.Жүкті келініне көлделең жатқан жіп,арқан,бауды аттатқызбаған.Баласының кіндігі мойнына оралып қалар деп ойлаған.Жүкті әйел шашын кеспейді.Бақ таяды,баласының бағы сөнеді,кемтар болып туады, ғұмыры қысқа болып туады дегенге сенген.Екі қабат әйел хайуанды теппейді,баласының арқасына жүн өседі,өзінің белі ауырады. Бала өмірге келісімен жылы суға тұз салып шомылдырған. Жусан салған жылы суға денесін батырып,хош иісті шөптермен сылап-сипап,денесін созып, шынықтырып отырған.Келіннің ұйықтайтын отауын, төсегін, сәбидің бесігін, құндағын арша түтінімен аластап тазалаған. Жусан мен аршаның иісі оның туған жерінің иісі,оның жадында,көңілінде мәңгілік сақталады. (Шетте жүргендер, сапардағылар туған жерінің топырағы мен арша,жусан ала кететін рәсім осы ырымның көрінісі.) Емшектегі баласы бар әйел жалаңбас отырып бала емізбейді, орамал салып алу керек.Жалаңбас болса, қайызғағын шайтан баланың аузына салып жібереді. Бала есейгенде мәңгүрт болады,анадан безеді, басына шығып-кемітіп сыйламайды,сөзін тыңдамайды,қиянат жасайды.Қазақ анасы омырауын ашып бөгде тұрғой ата-енесіне көрсетіп бала емізбеген.Бірге тұрғандар баласын шымылдық аржағында емізген.Бұл ырымдар жас ана мен баланы мәпелеу, қадірлеу, тәрбиелеудің мейрімді жолы. Бала есейе бастағанда туған жеріне апарып аунату, кіндік қаны тамған жерін көрсету,кіндік кескен жұртын таныту ырымы-оның туған жеріне деген сүйіспеншілігін ояту үшін жасалған.. Ертеден келе жатқан ырым бойынша белгілі батырлар мен билерге, ақын-дарға,әнші–күйшілерге,атақты адамдарға баласын ертіп апарып аузына түкіртіп алатын болған. Ондағы ойы баласының сондай болсын дегені.Осындай ниетпен солардың аттарын қоятын.Бұл ырым бүгін де кең етек алған Қазақ өте ырымшыл, нанымшыл болғандықтан. «Көз тиеді», «ібіліс-шайтан іліп әкетеді», «түсік тастап қояды» деп жүкті келінді жұрт көзінен қағаберіс, жасырын ұстауға тырысқан. «Бесікті үй берекелі» демекші, баласынан немере сүйіп, ұрпағын өсіруді армандаған аналар келіндері көп кешікпей екіқабат болса,оны ерекше қамқорлыққа алып аялайды. Келіннің жүкті кезінде мезгілімен дұрыс тамақтануына, үсті-басын таза ұстауына, дұрыс демалуына, бойжазуына, ерекше көңіл бөліп, осылардың орындалуына енесі, абысындары мұқият болатын-ды.Дәлірек айтқанда, екіқабат келіннің тамақтану, демалу, жүріп-тұру, ережесі болған,оны бұлжытпай орындату әулет мектебі ұстаздарының негізгі міндеті болған. Екіқабат әйелдің ішкен асын сіңірмей лоқсу, шамалы құсу сияқты ағзасындағы өзгерістен болатын ерекше құбылысты жерік болу немесе жүрек айну дейді.
Адамзат тарихынан белгілі болғандай, пайғампарлардың, сахабалардың,даңқты патша-лардың аналарының жеріктігі туралы аңыз әңгімелер тым мол.Қазақ ұғымы бойынша, ол айтылғандардың барлығы рас, шүбәсіз сенімді.Сондықтан да, апа-енелер,абысындар келіншектің неге жерік екенін,қашан оның нышаны байқалғанын дер кезінде білуге міндетті болған. Әйелдің жеріктігі әркімде әр кездерде әрқалай көрініс береді.Мәселен көруге жеріктік, естуге жеріктік, иіске жеріктік, ұйқыға жеріктік, асқа жеріктік.Осының ішінде асқа жеріктік барша халыққа тән.Асқа жерік болған келіншектің көңілі қалаған, тәбеті тартып тұрған нәрсесін зарықтырмай, барынша тез таттыру абзал.Сонда ғана ол қалағанынша жеп,«қанып» қанағат алады.Сонымен бірге әйелдер бойында үнемі тықыршытып маза бермейтін:белгілі бір табиғат суретін немесе оқыс оқиғаны бөлекшелеп көргісі келетін; құйқылжыған бір музыканы немесе найзағайдың сатыр-күтірін естігісі келетін; ыс пен түтіннің немесе гүлдің жұпар иісін жұтқысы келетін,жеріктіктер бар.Қана-
ғат тілеп тұрған әйел бойындағы мұндай жеріктік толық қанып,ішкі құмары толық басыл-ғанда ғана оның денсаулығы күшейеді. Сөйтіп өзімен бірге баланың «тұғыры бекініп» денсаулығы оңалады.Алайда бір жерігі қанса да,екінші жерігі ашылып, жеріктің жаңалап ауысып отыратын да жағдай болады. Мұны айнымалы немесе ит жерік деп жатады. Жеріктіктің қанғаны дұрыс,нәресте нышанға оның кері әсері тимеуі керек..Қазақтар жүкті келіннің көңіл күйіне де мән берген. Халықта, «анасы жыласа бала жасық болып туады» деген түсінік бар. Сүттен жасалған тағамдарды көп тұтыну керек. Алайда, ақ ірімшік, суық сүтті шамалы керектену дұрыс. Жанында жұбайы жоқ болса базар араламайды, серуенге шықпайдыЖүкті келінді сыйлау, құрметтеу әдебі қазақта тым асқақ. Мәселен, оның алдын басқа тұр ғой,ата-енесі кеспейді. Ананың алтын құрсағында қандай дана қазақтың жатқанын кім білсін!Аяғы ауыр келінді, ешуақытта жұмсамайды, кім болсада оның алдында құрақ ұшып тұрады.Ертеде, аяғы ауыр келіншек, сырттан келе жатқан кісіге: «кім болсаң да, итаяқты ала келіңіз»-деп дауыстағанда ол адам,итаяқты үйге алып кіреді.«Ата,Сіз екенсіз ғой, кешіріңіз, қайтадан апарып тастаңыз»- деген ғой.Атасын, жұмсауық келін,демде екі рет жұмсаған. Әзіл ғой! Қазақ жүкті әйелдің көп қозғалғанын жақсы көреді. Жол ашу деген ғұрып соны көздеп жасалған.Аз қозғалған әйелдің нәрестесі тым етейіп кетеді деп ойлаған.Сол үшін де, оның босану мерзімі таянған сайын жақсы көріп, жаны ашитын әрбір үй келер ұрпаққа тезірек жол ашып,нәрестемен тезірек дидарласқысы келеді. Соған әр үй арнайы қазан көтеріп, оған жеңіл желпі тамақ пісіреді. Оған, мүмкіндігінше,ең алдымен босанатын келіншекті ерімен бірге шақырып ауыз тигізеді.Бір үйден кейін, келесі үйде болып,дәм тата жүріп,бата тілектерді алумен қатар іште жатқан-дүниеге келетін нәрестеге жол ашқаны еді.Қазақ ғұрпында келін тәрбиесіне өте тиянақты болатындықтан өткен шақта, қазақта ажырасу болмаған еді.Бүгіндері келін тәрбиесіне тек ене ғана емес, абысын-ажын,қайын апа,сіңлілер тым селсоқ қарайтын болған. Кей ажырасу солардың кесірінен болады.Құрсақ шашу салтында, ақыл-кеңес ағыл-тегіл айтылып, тіптен ән де естіліп,қыз-келіншектер бір желпініп қалатын.Әйелдер әкелген шашуларын ортаға қойып, барлыгы ауыз тиетін,келін бірнеше шаңырақтың дәмін өз отауында тататын. отауды қуаныш күлкіге,әнге бөлеп, жүкті келін,сергіп,тыңайып, көптеген жақсы ақыл-кеңес алатын, «Адамды сыйлау»- аталатын дәрістің «Келінді құрметтеу, сыйлау» деген тарауының жуан бел ортасына жаңа жеткендігін көрсетуші еді.Осы тараудың бірер білімін жіпке тізіп көрелік. Жүкті келін ең әуелі Аллаh Тағаланың бергелі тұрған ырысы мен бақытына, дәулетіне шүкіршілік етіп, оған тұрақты түрде сыйынып, тәубе етуі тиіс.Үйге кірерде, шығарда оң аяғымен кіріп-шығып,істі-қимылды бисмилламен бастап, осы мезгілдерде оқылатын дұғаларды мүлт жібермей оқып, жатарда,тұрарда және көшеге шығарда сақтандыру аяттарын айтып жүру абзал. Аллаh Тағаладан өзіне иман, баласына ұзақ ғұмыр тілеу қажет. Әсіресе, жын-шайтандардың жүруі ықтимал жерлерде,олардың азғыруына түсіп қалмау үшін Аллаh атымен сыйынып жүру дұрыс. Біз қазақ халқының баланы өмірге дайындаудағы бір үзік амалын сөз етіп отырмыз. Ал,пелагогика ғылымы үшін, осы білімдерді кім? қашан? қайда? оқытып үйретті дегенге жауап беру маңызды. Пүшәй Тайғожақызы(1884-1963)әжейдің әңгімесі осы сауалдың жауабын табуға көмектесер деп ойлаймын.«Біз он үш, он төрт жасқа толысымен бастаң-ғылар мен шілдехана күзеттерінде,ақшам думанында, ойын тойлардың сәтті мезгілінде өзімізден сәл ересек қыздардан, асыл жеңгелерімізден бесік жырынан бастап тұрмыстық салт өлеңдерін, сыңсу, жар-жар, тойбастар т.б.әңдерін үйрендік.Мен, ауылдық шет мекенде өстім. Біздің ауылда мешіт-медресе, тіптен ауыл молдасы да болмады. Құран дұғаларын, мұсылмандық әдептерді апамнан үйрендім.Ол кісі мені жеті жасымнан қолымнан жетектеп ертіп жүріп, өзі қандай құлшылық жасаса соған баулыды, мұсылманшылыққа үйретті.Он жеті жасымда тұрмысқа шыққанда апамның ірге жағынан тұрып,төсек тойына барғанмын.Мұсылмандық білімді, енем мен абысындарымнан тереңдетіп үйреніп кәзіргі дәрежеге жеттім.Бір арманым қажыға бара алмадым...» Қазақ келіні,қарашаңыраққа босаға аттарда оң аяғымен кіріп, иіліп, бір тізелеп салем салып, шығарда шегініп шығатынҮйге кіргенде:«Бисмилләhи,уәләджнәә,уәби-хараджнә әуә-аләә Рабби-нәә тәуә-кәлнәә, сумма лиусаллим әләә әhлил». Үйден шығарда; «Бис-миллаh, тәуәккәлту алә лләh,уә ләә хауләуә ләә қу-уатаиләәЛләhи.» (Аллаhтың атымен кірдік және Аллаhтың атымен шықтық және Жаратушы Иемізге тәуекел еттік.)Осыны айтқан соң үйдегілерге сәлем беру керек .(Аллаhтың атымен, мен Аллаhқа тәуекел етемін.) деген дұғаларды айтуы тиіс.Аяғы ауыр әйелдер, шайтанның адамға баратын жолдарын біліп, олардан үнемі сақтанатын шараларды қолдануы қажет.Үнемі дәретпен жүріп, Фәлах және Нас сүрелерін оқыған абзал. Төрт анаға сыйыну,жалбарыну тәсілін білу керек.Жатарда Бақара сүресінің соңғы екі аятын оқу дұрыс. Ішіп-жеген ас сусынның адалдығына/халал/ өзі мұхият болғаны дұрыс. Қазақ танымы, ұғымы негізінде жүкті әйелдердің ішіп-жеуіне тыйым салынған, рұқсат етілген тағамдарды алдын-ала білген жөн.Мәселен;түйе етін жемеу /баланы ұзақ көтеруі мүм-кін/,қоян етін жемеу/баланы қоянжырық тууы мүмкін/,балық етін жемеу /баланы үндемес тууы мүмкін/, халал құстардың етін жесе бала қырағы болады, желке жесе асқазан тазарып, бала шымыр болады. Тобық немесе жіліктің басын шайнаса тіс бекіп, ширақ болады. Асықты мұжымайды, жанбас ойық етін жемейді, жұлынды суырып сормайды, т.б. Түнге қарай күл шығармайды, кір жумайды, суға бармайды, үй сыпырмайды, даңғаза, у-шу болып жатқан жерге бармайды, қараңғы, көлеңке, ала-көлеңке орынға баспайды, шошырлық дыбыс айғай,от-жалын, жарық шыққан орынға беттемейді.Жолсыз немесе ойпыл-тойпыл жермен жалғыз жүрмейді.Басына қиындық түссе ең әуелі ерімен бөлісуі тиіс.Қонаққа ерімен ғана бару керек, ондай жерде біреу қадалып қараса, көз сұқтан сақтану дұғасын оқиды.Ата-енесін құрметтеп, пайғампардай сыйлайды. Жолында жатқан жіп, үлкен-кішінің киім-кешегін, ат әбзелдерін алып тастайды,ағаш бұтағы,құрал жабдық-тарды жинап қойып жүреді.Оларды баспайды, аттамайды, аластап өтпейді.Өзі кездік, пышақ, қайшы балта, балға құралдарды алып жүрмейді,асынбайды.Өзбасын таза ұстайды.Аталмыш ырымдар мен тыйымдарды жүзеге асырып, ұлттық ұстанымдарды басшылық еткен аналар әркез сапалы да,саналы ұрпақ өмірге әкелген.Ал,кейбір дана аналар Жан иесін жатыр да танып білген. Мысалы,Тобықтының анасы Айпараның былай деп танымпаздық танытқан.Шынжыр балақ, шұбартөс Ырғызбайым,Тоқпақжалды, торайғыр Көтiбағым,Әрi де кетпес, берi де кетпес Топайым,Сiрә да оңбас Торғайым...,-деген сөздерiн осы күнгi ұрпақтары үнемi таңырқай еске алып отырады,»-екен. Анасының осы айтқанындай, төрт ұлынан тараған ұрпақтарының сипаттары тура келетін көрінеді.Осы тектес мысал, қыпшақ анасының айтқанынан да байқалады.Анай шешей Қыпшақтың зайыбы болыпты. Қыпшақтың-Бұлт, Торы, Ұзын,Көлделең, Қарабалақ, Қоңыр деген алты баласы болған екен..Анай шешей:.
«1) Бұлтың бiттi бойыма, ұрлық кiрдi ойыма;
2) Торы бiттi бойыма, билiк кiрдi ойыма;
3) Ұзын бiттi бойыма, ерлiк кiрдi ойыма;
4) Көлденең бiттi бойыма, сауда кiрдi ойыма;
5) Қарабалық біттi бойыма, байлық кiрдi ойыма,
6)Қоңырың бітті бойыма,момындық кірді ойыма»- деп толғанады екен.
Тектану тәрбиесі мен өнегесі осылай шаранадан шайқалып,танымдық бесігінде тербеліп,жүрекке рух болып қонақтауы,ананың құрсағындағы шақтан басталатынын текті аналарымыз тым ерте аңғарған.Сондықтан,осы кезден бастап,сырттай әсер етіп,ықпал жасау үшін сан түрлі амалдарды қолданған,әдіс тәсілдерді керектенген
Мұның бәрі қазақтың тектану амалын тереңдетіп,түсінігін ұлғайтып,адамтану іліміне жаңа сала пайда болуына әсерін тигізді.Сондай-ақ қазақтардың этникалық ерекшелігін танытатын әрі оның қиын-қыстау кезеңдерінде тегінен көз жазып қалмауына және басқа халықтармен ассимиляцияға түсіп кетпеуіне себепші болған.Жеті ата мен ру шежіресін білу көшпелі қоғамда өмір сүрген қазақтар үшін өмірлік қажеттілік болды.Жетіатадан үш жүзге дейінгі біртұтас туысқандық білім бірнеше ғасырлар бойы «қазақ халқы-бір атаның баласы,бір тамырдан тараған» деген ұстанымды қалыптастырған.Жеті атасын тарата білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын білген,сөйтіп бүкіл хазақың біте қайнсқан туыстығына көз жеткізген.Осылай,жетіаталық ұстаным қазақ халқының этнобиологиялық,этномәдени,жалпы рухани тұтастығын табиғи түрде қамтамасыз еткекн.Жетіаталық ұстанымға негіздел-ген,туыстық байланыс адамтану білімі,оның ұласпалы қоры әрбір қазақтың тегін білсем,танысам деген ынтасын оятқан.Ата тегін,жүзін саралай білген қазақтың әр азаматы,атамекенінің кез келген шалғайында өзін туысқанждарының ортасында шалқып жүрген алып бір отбасында ғана емес әулеттің еркін мүшесі ретінде сезінген.Нәтижесінде бір әлеттік ғана емес ұлттық біртұтас зерде қалыптасып,жер басып жүргендер ғана емес,,баяғы ата бабалар да тірілер санасында тірлігін жалдғастырған.Халықтың мұндай зердесі әрбір қатардағы далалықтың тарихты айқын елестетіп,жан-жүрегімен сезінуіне себепші болған.Тектану амалы әрбір қазақтың,бүкіл халықтың құлағына күн сайын бабалдары туралы тек жақсылықты құйып,рухани тектілікті дәріптеп,ұлттық сенімін орнықтырған.Ата-бабамыздың «Тектіден текті туады,тектілік тұқым қуады»,-деген ұлағатты сөзі текке айтылмаса керекті.Сөйтіп,тектану ілімі қазақ халқының өткенінен болашаққа деген сенімін мың сан ұрпақтар арқылы сабақтастырып отыратын тетік ретінде танылған.Жетаталық ұстаным бабалар рухы алдында әрбір қазақ пен бүкіл халықтың іштей жауапкершілік сезімін оятқанТіпті,қылышынан қан тамған қызыл кеңестік заманда,қазақтар ата-бабасына бағыштап Құран оқытты,ас берді,садақа тараттып,аруақ сыйлап,руластар жеті атаға толмай құдаласпады,басқа дінді ұлтқа қызын тұрмысқа шығармады.Осы ұстаным аясында қазақ өмірінің моральдық кодексі,салт-дәстүрі мен тыйым–жораларының негізі қаланған. Сөйтіп,туыстық қарым-қатынас қалыптары күнделікті моральдық санаттан бірте-бірте заңдық мәртебеге ұласқан.Мұндай құқықтар мен міндеттер жүйесі бір тұтас әдеп деңгейінде көрініс тапқан.Әдепті бұзғандар қатал жазаланып, ең ақыры туған жерінен қуылған яғни гипер отбасынан аластатылған.Жеті ата ұстанымы барша халық бойында еш мәжбүрлеусіз мейлінше тегеуірінді рухани бірлік сезімін терең сіңірді.Ол этникалық түтастықтың қуатта арқауы.темір қазығы болды.


Қобдабай Қабдыразақұлы (жазушы).
Күннұр Қайратқызы (№8 мектеп мұғалімі)
14. Тамыз 2017 Тәрбие.орг сайтынан Тектану қазақ білімінен Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Күннұр Қайратқызы

Теміртау қаласы №8 мектеп шет тілі мұғалімі Шет тілі мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar