ТЕКТІ ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗІ

  • Жүктеулер: 8
  • Көрсетілім: 394
  • Баяндамалар
  • 19/Сен/2017

Жарияланған материалдың жеке номері: 23106


Текті тұлға тәрбиелеудің ғылыми негізі
Қазақ әр нәрсенің "арғы тегін", "шыққан тегін" білуге үлкен мән берген-ді. Көшпелі үшін тұтас нәрсе-құдіретті күш, қастерлі құбылыс, құпиялы тылсым дүние, әсерлі де әдемі әлем.Осыдан арғы текке деген-Тәңірге,Ұмайға, Жер-Суға табынушылық (культтық өмір сүру), олардың арақатынасына ритуалдық (ғұрыптық) рәсім-салттар қалыптасты. Көшпелі жер кезіп, ел кезіп жүріп, бұрынғымен бүгінгінің бөгде мен жаңаның кәрімен жастың, көргенмен ойдағының арақатынасын білуге тәнті болған. Неге? Өйткені ол дүниені тұтас қабылдаған. Өмірге тура жолды іздеген. Адам болмысында оның жан дүниесі мен рухының ықпалын жоғары қойған. Адамның қабілет-қасиетін жетілдіруді ашық арна ретінде қарастырған. Аруақ пен адам рухын тіршіліктің мәңгі, лаулап тұрған қос қайнар көзіндей қабылдаған. Содан қазақ табиғатпен әр түрлі үндестікте болды.Осыдан "қазақтың ата-тегінің болмыс шындығына тікелей жақын болуы-олардың бақылайтын, қабылданатын, дүниеге сезімдік тұрғыдан жақын болуы, бұл болмыспен тамырластығы уақытты, кеңістікті, адамның ішкі дүниесі, тіршілік етудің басқа да жақтарын, болмыс мәнін, ар-ождан бастауларын түсінуінен өз көрінісін тапты. Мұның бәрінің нақты өмірде нақты түп тамыры бар, осыдан келіп басқа ешбір дүние түсінігімен шатыстыруға болмайтын дүниенің ұлттық образы, дүниетанымы пайда болады". (Т. Әбжанов, Ә. Нысанбаев, ) Ал,тектанудың пайда болуына,көне замандағы тайпа,топ,ата өз ішінен тұрмыс құрып,оның соңы олардың ұрпақтарының ортасында неше түрлі ауыру-сырқау,кем-кетік жандардың дүниеге келуі,тіптен кейбіреулерінің мүлдем құрып кетуге жетуі басты себеп болған.Тек – адамның түп нәсілін, арғы атасын білдіретін тарихи ұғым. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «текті» сөзіне келесідей анықтамалар берілген:
«1) шыққан тегі бір, тұқымдас, тектес; 2) тегі, шыққан жері жақсы. Текті жер – үлгілі, өнегелі ел, ауыл». Демек, қазақта тектің физиологиялық тұқым жалғаудан бөлек, адам ұрпағының сапалық белгілерін айқындайтын индикатор екендігін аңғаруға болады. Ежелден, ата-бабаларымыз тектіліктің деңгейлерін тұқым мен қан тектілігі, азаматтың өз басының тектілігі, халықтың тектілігі деп ажыратқан. Ұлан-байтақ жерде туған көшпелі қазақ текті халық:-мінезі кең, көреген, сезгіш, естігіш,ақылы терең,күш қуаты мығым,рухы асқақ,намысы зор да өткір әрі басқаға таптатып, мұқалтып,ұрлатып төменшіктеуді ешқашан қаламаған.,кңсесі биік жұрт.
Текті ғылыми тұрғыда, тірі ағзалардағы тұқымқуалаушылық пен өзгергіштік заңдылықтарын анықтайтын генетика ілімі зерттейді. Тұқым қуалаушылық дегеніміз организмдердің келесі ұрпақтарында ата-бабаларына ұқсас белгілердің сақталу қабілеті және осы қасиеттің негізінде түрдің біртектілігінің сақталынуы болса, ал, өзгергіштік – организмдердің өз аталық-аналықтарынан басқа, жаңа белгілерге немесе қасиеттерге ие болу қабілеттілігі.Тектің әлеуеті генетикада тұқым қуалаушылықты зерттеуде кеңінен қолданылады. Адамның бойындағы түрлі белгілер мен қасиеттердің тұқым қуалауын тегіне қарап анықтауға болатынын ғылым ХХ ғасырда ғана байқады.Белгілердің тұқым қуалаудағы әртүрлі типтері мен заңдылықтары анықталғаннан кейін, ғалымдар адамның ата тегін мұқият зерттеудің артықшылықтарын сезінді.Белгі ата-аналарында кездеспегенімен, ұрпақтарында көрінуі әбден мүмкін екендігі дәлелденді Ресейде, тектану ғылымымен айналысатын (родология) ғалымдардың айтуы бойынша, тіпті психологиялық-физиологиялық ерекшеліктер, әдет-қылықтар, дүниетаным мен ойлау жүйесі тұқым қуалау арқылы беріледі дегенді айтуда.Ағылшын ғалымдары бақытты сезіну адамның тегінен берілетіндігін зерттеп, нәтижесінде бақыттылық деңгейін адамның мінез-құлқы анықтайды, ал, ол көп жағдайда тектен беріледі деген тұжырымға келген
Тектану ұғымдары мен түйіндері,пайымдаулары,қорытындылары барлық ұлтта дерлік барЕвропада ол ғылыми жүйеге ерте айналған.Ал қазақ тұқымында белгілі бір дарын иелері болса, ол қан арқылы келесі ұрпаққа берілетінін ұзақ жылдар бойы бақылау,пайымдау арқылы танып білген.Қазақ халқында әр дәуірде әрқили қарқынмен дамып,адамтану қазақ ілімінің құрамдас бөлігі,айшықты бір саласы болып келген. Сонымен қатар назардан тыс,ұмыт болуға щақ қалған кезі де болған .Сондығынан болар,іргелі,тіректі шоқтықты ғылым болып қалыптаса алмай келеді. Алайда, қазақ жұрты,тектану амалын тереңдетіп, жетілдіріп күні бүгінге дейін тіршілігінде дұрыс пайдаланумен келедіТұқым тектілігінің организмдік-биологиялық түбір-түйіні барын ХІV-XV ғасырларда өмір сүрген ғұлама, шипагер Өтебойдақ Тілеуқабылұлы дәлелдеген. «Адам заты, тіршілігі, тоғалығы, мінсіз бітістігі әуелде ата-анада жаралмақ, одан туылған ұрпаққа жалғаспақ…Алланың адам затын жаратқандағы берген ең зор бағы, бақыты, дәулеті-тек қана мінсіз бітістік. Міне, бұл-тұлғалық, мүшелік мінсіздік. Мінсіздікте, тұлғалық тоғалық ніл-қан. Мінсіздікте, тұлғалық тоғалық ширама – арқау. Міне, бұлар – тұлғалық бітістік, мінсіздік толықтық. Олайы, тұлғалық бітісте кемістік болмаса, арқандай мүшелерінде сырқаттық зақым қалдырған зардап болмаса, науқастық бейнет тартпаса, одан артық бақ қайдан болмақ. Сондықтан бұрынғылар: Ауыз дәулет – мінсіз бітіс. Көз дәулет – жұптылық іс. Көз, мұрын дәулет – малдық толыс, – деп ғақлия-лық тұжырыммен түйіндеген» (Ө. Тілеуқабылұлы. Шипагерлік баян. Алматы, 1996.). . Адамның бойындағы түрлі белгілер мен қасиеттердің тұқым қуалауын тегіне қарап анықтауға болатынын,қазақтың ойшылдары мен ғұламалары,ақылмандары мен адамтанушылары халықтың талай ғасырлық тәжірибесіне негіздей отырып,тамаша тұжырым жасап, адамтанудың қарапйым ережелерін өмірге келтірген.
«Жақсыдан жаман ұл туар, бір аяқ асқа алғысыз, Жаманнан жақсы ұл туар, адам айтса нанғысыз» деген даналықтың ғылыми мәні тереңде жатыр «Жал құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз.Қалың малы арзан деп,Жаман қатын алмаңыз.Жабыдан айғыр салсаңыз,Жауға шабар ат тумас,Жаман қатын алсаңыз,Топқа кірер ұл тумас. Жақсыдан жаман туса да,Жаманнан жақсы туса да,Тартпай қоймас негізге!»– деп Бұқар жырау тектің әлеуметтің өміріне әсерін дәл айта білген.Тілі жоқтың тегі жоқ,
Тегі жоқтың елі жоқ.Тектен нәр алған тозбайдыКөргені жақсы көш бастарДөңгелектің шегі жоқКөргенсіздің тегі жоқ Өлгенді қадірлемесең де, жәбірлеме. Тексізді төрге шығарма Көп беріп көргендініңдің қызын алсаң,
Тік тұрып мейманыңа қызмет етер.
Аз беріп көргенсіздің қызын алсаң,
Қойныңа бір жатқанын міндет етер,-деген көптеген мақалдар арқылы ата-бабаларымыз: тектілік ұлы адамдық қасиет екенін өз перзенттеріне жан-жақты ұғындырып, басқа бақ қонса таситын, бақ тайса жаситын тексіз адам болмауды ерекше ескертіп отырған. ХV ғасыр¬лардың өзінде тектілік тұлғалық феноменге айналды, тұлғалық дәстүрдің негізі тек-тілікпен зерделеніп отырған:
Бай баласы байға ұқсар,
Байлаулы тұрған тайға ұқсар.
Би баласы биге ұқсар,
Алты қанат үйге ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Биік-биік шыңға ұқсар.
Құл баласы құлға ұқсар,
Мал таптаған гүлге ұқсар.
Ханның ұлы қарауыл,
Бидің ұлы шыңдауыл...
Тектілік тек рухы, ата тектен қан арқылы, тәрбие арқылы беріліп отыратын қасиет, сол қасиеттің тұлғаның тарихи қызметі ар¬қылы игілікке айналуы:
Құбыладан жылы жел есер,
Арқадан суық жел есер.
Анаға қарап қыз өсер,
Атаға қарап ұл өсер.
Тоқтамыстың уағында
Құлға билік тиген соң,
Жесір қатын, жетім ұл
Қайтіп қана күн кешер?..
Дала ғұламасы Майқы би: «Тұлпардан тұлпар туады, Сұңқардан сұңқар туады,Асылдан асыл туады, Сараңнан бермес туады, Соқырдан көрмес туады,Мылжыңнан езбе туады, Қыдырмадан кезбе туады» – деген екен.
ХV ғасырларда өмір сүрген Қазтуған жыраудың толғауларынан да қазақы тектіліктің мәнін ұғына аламыз:
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай,
Ақ шалмалы пірлердің,
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім,
Аузы түкті кәпірдің,
Күшті болған салдары-ай!
Кәпірден теңдік алуға,
Қайта келер деймісің.
Мұсылманның баяғы,
Шыңғыстан туған хандары-ай?!
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Атаңа нәлет кәпірдің,
Пайдасына қалмаса игі еді.
Ноғайлы, қазақ жұртымның
Кейінгі туған балдары-ай!
Қазақ ұғымында тек-ата-бабадан ұрпаққа берілетін физиологиялы.-психологиялық белгі-ерекше қасиет.Тектілік-осы қасиеттің ұрпақтан білінген көрінісі.Ал мұны дамытып,тәрбиелеп жеріне жеткізу ата-ана,ұстаздардың басты міндеті
Текпен берілетін қасиеттерге: өнеге-үлгі, инабаттылық, кішіпейілділікті жатқызуға болады. Себебі, баланың бойындағы бұл қасиеттер әке-шешеден бастау алады. Адамгершілік, азаматтық, қайраткерлік, қолбасшылық, зиялылық, діншілдік, әділеттілік те адам бойына текпен дарыса керек-ті. Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің, парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани азық береді. Тектілік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабалардан берілетін дүниетанымдық, психологиялық т.б. бейімділіктері болуға тістілігін көрсетеді. Тектілік гендік түрде берілетін биологиялық қасиет қана емемс. Нағыз тектілік сыпайылықтан, кешірімпаздықтан, мейірбандықтан көрініп, осы ізгі ниетпен ешкімді төмендетпей, шеттетпей биіктеуге мүмкіндік береді.
Тұлға — жеке адамның өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде жан-жақты сипаттайтын ұғым. Aдамның әлеуметтік қасиеттерінің жиынтығы, қоғамның даму жемісі және белсенді қызмет ету мен қарым-қатынас орнату арқылы жеке адамды әлеуметтік қатынастар жүйесіне енгізудің жемісі
Тұлға философиялық тұрғыда адамды “адам” ретінде тануға, яғни оның рухани-адамгершілік, ділдік, мәдени қырларына баса назар аударумен пайымдалады. Психология тұлғаның өзіне тән күш-жігерін, мінез-құлқын, психо-физиология ерекшеліктерін зерттейді. Социологияда тұлға қоғам мүшесі ретінде қарастырылып, оның әлеуметтік қырлары, саналы қоғамдық әрекеті жан-жақты зерттеледі. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласының қай-қайсында болсын адам орталық мәселе болғандықтан олар тұлға ұғымын ортақ қолданып, әрқайсысы әр қырынан зерттеп-таниды және осы ғылым салаларының зерттеу нәтижелерінің өзара ықпалдастығы мен бір-біріне әсері бар. Әр ғылым саласы тұлға сөзіне өзіне тән танымдық-ұғымдық мағына сыйғызады
Тұлға психологияда өзінің өмір жолын белгілей алатын, қайталанбас даралық ерекшелігін сезінетін субъект. Тұлға адам ұғымынан гөрі нақты мағынаға ие. Өйткені адам тұлғалық сипатты иелену үшін өз “менің” өзге “меннен” ажыратып, есейіп, өз бетінше дербес әрекет ету мүмкіндігін ашуы керек. Яғни, белгілі бір мәнді іспен айналысатын, азды-көпті білімі, өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы мен сенімі бар адамды тұлға деп атайды. Қазақ ұғымында бала мұндай азаматтық атқа бозбалалық шақта ие бола бастайтынын “Он үште отау иесі” деген мақалдан көруге болады. Халықта өзінің өнегелі істерімен, имандылығымен ерекшеленген адамды ерекше қастерлеп, кісілігі бар тұлға дейді. Тұлға бойындағы адамгершіліктің көрінісі ар-ұятқа кір келтірмеуінен, намысын жоғары ұстауынан байқалады. Атақты грек философтары Платон және Аристотель адамның дамуын, алдын-ала тағдыр белгілеген тұқым қуалаушылық табиғатынан деп дәлелдеді.Тұқым қуалаушылық теориясын қолданушы және уағыздаушылардың бірі тобы- преформистер. Преформизм - XVIII ғасырда биология саласында үстемдік еткен, адамның дамуы жайлы диалектикаға қарсы философиялық ағым. Преформистер ересек адамдардың барлық қасиеттері мен белгілері ана құрсағындағы сәбидің ағзасында пайла болады, сондықтан жеке адамның дамуын алғашқы рет ұрықта пайда болған қасиеттердің өрістеп күшеюі мен сан жағынан артуы деп қарастырады.
Жеке адамның бір-бірінен ажырағысыз және оған пәрменді түрде ықпал ететін биологиялық белгілері мен ерекшеліктері бір-бірімен байланысты.Анықтауыш қасиеттер- жеке адамның әлеуметтік сипаттамасы, оның себептері, мүдделері, мақсаттары.
Жеке адам болу үшін психикалық дамудық белгілі бір дәрежесіне өтіп, басқа адамдарға қарағанда ерекшелігі бар екенін білетіндей біртұтас тұлға болуы тиіс.
Өмір бойы даму мен тәрбиенің нәтижесінде жеке адамның орнығып, жетілуін тұлға қалыптасу деп атайды.Тұлғаның қалыптасуы-күрделі, ағзаның өсуі мен жетілуін, стихиялы әсерлерді( тектік және табиғи т.б.), мақсатты, ұйымдасқан тәрбиені қамтитын қарама-қайшылықты процесс.Тұлғаның қалыптасуы өмірге келген сәтінен басталады, жеткіншек және жасөспірім шақта жедел жүреді, ересек шақта өзінің біршама аяқталу кезеңіне жетеді.
Адам болып дүниеге келгеннен кейін адамға тән қасиеттер мен қабілеттерді игеріп қалыптастыру табиғи хаңдылық.Бұл - тәрбие ісі.Тәрбиелеуде,біз неге,баланың ата-бабадан ұласқан,ерекше белгілерін ескеріп-елемейміз, оның көрініс белгілерін анықтап білуге ұмтылмаймыз?Бұл бүгінгі дәуірде қолдан келмейтін, ұстаздарға, тәрбиешілерге, тәлімгерлерге,ата-анаға басы артық,қажеті жоқ шаруа ма?Ал, «ғылыми педагогикада» баланы жан-жақты тәрбиелегің келсе,оны толық таны дейтіні тек теориялық қиял ғана ма?Егер бала бойындағы текті сапалар мен дарын-қабылет ұшқындарын білсек, адами қасиет негіздерін анықтай алсақ оны арықарай дамытып тәрбиелеуге,оқытып білім беруге анағұрлым жеңілдік болар едіГенетикада тұқым қуалаушы мінез-құлық, ақыл-ой паймдылық,өнер-дарын негіздері 75-80 пайыз аумағында болады дейді. Ал,қалғаны тәрбиелеу,дамыту,толыстырудың үлесіне тиеді екен.Бүгінгі таңда ауыру-сырқау,дерт-дербез,ақыл-ойдың ауытқуы,сезімнің әлсіздігі,күш-қуаттың кемдігі,әр жаста білінетін оқыс мінез құлық,асқын-артық іс-әрекеттердің текке қатысты екені анықталып,олардың тектік жолмен таралып,жалғасын табу мүмкіндігіне тосқауыл қойылып жатқанын бәрімізде естіп біліп,кейбіреуіміз көріп те жүрміз Осы ойлардың негізінде текті тұлға тәрбиелеу теориясын ұсынған едім.Оның ғылыми негізін қысқа қайырғаным осы.Келесі сөз қалыптастыру туралы болмақ.Әділ төрешім өздерің болған соң ой-пікірлеріңізді сұрай тілеп отырғаным ғой.
Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы)
17 қыркүйек 2017 Тәрбие.орг сайтынан ТЕКТІ ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗІ Баяндамалар материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Қобдабай Қабдыразақұлы

зейнеткер ұстаз шет тілінің мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar