Эссе «Менің педагогикалық қызметім»

  • Жүктеулер: 9
  • Көрсетілім: 1131
  • Эссе
  • 31/Мар/2016

Жарияланған материалдың жеке номері: 18310


Тайпакова Светлана Максутовна
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Эссе «Менің педагогикалық қызметім»
Мұғаліммін...
Жұмыскер жай адаммын.
Жас өренге мейірі бай адаммын.
Елге әйгілі батыры болмағанмен,
Ұстаз деген атаққа сай адаммын...
Е.Нүсіпбеков
Иә... Жылдар, шіркін, құба жонның құланындай зымырап өте береді екен. Күні кеше өзімнің тәлім алған мектебіме жас маман болып келіп, өзіме дәріс берген аяулы ұстаздарымның қолдауымен ұстаздық еңбек жолымды бастап та кеткен едім. Енді, міне, оған да аттай 25 жыл өтіпті.
Осыдан 25 жыл бұрын мен өмірімдегі берік байлам мен таңдауымды танытып, ең батыл қадамымды жасадым. Баланы оқытуға бел байлап, тамаша шешім қабылдадым. Халқымыздың даналары: «Балапан қыран болу үшін, оны самғатып ұшыратын ата да қыран болу керек», — деген еді. Осынау қасиетті де ізгі мамандық жолына бағыттап, өздері де ұстаздықтың биік үлгісі бола білген алғашқы ұстазым Нұрғайша Махметқызына, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жексенғалиев Болат Өтеғалиұлына ерекше ризамын.
Мектеп мені арада 5 жыл өткен соң қайтадан құшақ жая қарсы алды. Бір кездері шәкірттік жаныма нұр құйған аяулы жандар ұстаздық жолымдағы алғашқы қадамымды қатайтты, шеберлігімді шыңдады. Сол ұстаздарымның кеудемде жаққан оты менің алдағы қиындық мен қызыққа толы еңбек жолыма жарық берді. Мен олардан оқытатын пәнімді, алдымдағы шәкірттерді сүюді үйрендім. Арада жылдар өтті. Сынаптай сырғып өткен уақыттың дегеніне ілесіп,мен де шәкірт тәрбиелеп, алдыңғы буын аға-апаларымның ізін басып келемін. Шәкірттерімнің жеткен жетістігі мені ерекше қуантады. Мен бақыттымын деп жар салғым келеді. Себебі мен қиындығы мен өзіндік қызығы қатар жүретін мамандықтың иесімін. Осы жолда талмай еңбек етіп жүрген әріптестерімнің еңбегін ерекше бағалаймын. Ұстаз болу-кез келген жанның қолынан келе бермейді қынжылтады.

Жылдар өте келе бұл мамандықтың өзімнен қажырлы еңбекті, барды жарқырата көрсетіп, көрген жанның қызығушылығын арттырар шебер әдіс-тәсілдерді, бала жанына білім нәрін бағбан ретінде егіп, кемелдендіріп отыруды талап ететіндігін білдім. Сондықтан да әуелі ұстаздық қызметіме бағдар берер өзіндік ұстанымдарымды белгіледім:
* Бала мен үшін емес, мен бала үшін жұмыс істеймін;
* Баға құнды емес, бала құнды;
* Сабақты ұстаз бен шәкірттің адами қарым-қатынасына құрамын;
* Сабағымның мақсаты – баланың басқаға ұқсамайтын қасиетін ашу;
* «Шәкірттің кемшілігін көрсең, ықыласын өлтіресің» қағидасын еске
ұстау;
* Импровизация – сабақтың жаны, ал әр бала – сабақтың негізгі кейіпкері;
* Әр бала – табиғаттың ғажайып құбылысы. Әр бала – Ханзада мен Ханша!
Иә, мен үшін басты құндылық – оқушым. Оларды өсіру үшін өзім де талмай ізденіп, рухани биіктей түсуім - қажеттілік. Сондықтан да болар, бүгінде оқыту тәжірибемді заман талабына сай өзгертуге талаптанып, сындарлы оқыту теориясына негізделген Кембридждік оқыту тәсіліне ерекше қызығушылық танытқандардың бірі болдым. Деңгей бағдарламасы бойынша курсты сәтті аяқтап, өз мектебімде өзгеріс енгізу үшін көшбасшылық бағыттағы алғашқы қадамымды бастап та кеттім.
Ұстаздық жолымда талай шәкірттердің талабын ұштап, қанатын қатайттым. Биіктерден көрінген шәкірттерімнің жеңісі менің де жаныма қуат беріп, жаңа бастамаларға ынталандырып отырды. Олардың өз пәніме деген қызығушылығын тудырып, сенімді қарым-қатынас орната алғаныма, олардың өмір жолына қажетті дағдыларды дарыта алғаныма қуаныштымын.
Бүгінгі күні алдымда отырған шәкірттерімнің көзіндегі қуанышы, сан-салада жүрген түлектерімнің сөзіндегі алғысы мен үшін үлкен бақыт.
Әңгімемнің соңында айта кетерім, мен өз жолымды таңдаған кезде, кейін мектептің есігін алғаш рет ұстаз болып ашқан сәттерде қателеспеген екенмін.. Ал енді, менің өмірімді мәнді, көңілімді әнді қылып, жүзімді сәнді етіп тұратын — менің Ұстазық жолым. Өзімді басқа қызмет иесі ретінде елестете де алмаймын, оны қаламаймын да.
Қазақстан Республикасының азаматы болып, Ұстаз екеніме, елімнің ертеңін тербетіп жүргеніме мақтанамын, соған қуанамын Себебі, ұстаздыққа деген ғашықтық біздің жүрегімізде және келер ұрпаққа да сол ғашықтықты мұра етіп қалдыру — парызымыз… Тәрбие.орг сайтынан Эссе «Менің педагогикалық қызметім» Эссе материалды тегін жүктеп сабақ барысында қолдануға рұқсат етіледі. Жарияланған материалға tarbie.org сайтының әкімшілігі жауапты емес

Авторы: Тайпакова Светлана Максутовна

БҚО Шыңғырлау ауданы А.Тихоненко атындағы орта жалпы білім беретін мектебі қазақ тілі мен әдебиетә пәні мұғалімі

Пікірлер: 0

avatar